«АЛТЫН АДАМ» ӨТТІ ДҮНИЕДЕН...
Кеше Есіктегі «Алтын адамды» тауып, бүкіл әлемге танытқан қазақтың белгілі археологы Бекмұханбет Нұрмұханбетов 81 жасында дүниеден озды.
Бекмұханбет Нұрмұханбетовті көпшілік Бекен ата дейтін еді. Бекен ата өмір бойы Есіктегі сақ обаларының шырақшысы болып, ұрпақ санасына сақ дәуіріндегі бабалардың рухын сіңіруге өлшеусіз үлес қосты.
Қазіргі қазақ мемлекетінің басты рухани құндылығына айналған «Алтын адамды» ең алғаш қабірден аршып алып, әлемге таныту бағы Кемел Ақышев пен Бекмұханбет Нұрмұханбетовтің маңдайына бұйырғаны тегін болмаса керек.
Бекен ата 1962-1993 жылдар аралығында Қазақ КСР-і ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында лоборант, аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі болып қызмет етті. 1993 – 1998 жылдары Алматы облысы Есік қаласында ашылған облыстық өлкетану мұражайының директоры, 1998 жылдан Қазақ Ұлттық ғылым академиясының Ә.Марғұлан атындағы Археологиялық институтында ғылыми кеңесші, осындағы археологиялық мұражайдың қор сақтаушысы қызметтерін атқарды. Ол Қазақстан аумағында академик Ә.Марғұлан мен К.Ақышев басқарған ғылыми экспедицияларға қатысып, қазақ археологиясында өзінің өшпес ізін қалдырды. Жетісу археологиялық экспедицииясын басқарды. Зерттеушілік жолы қола дәуірінен (б.з.б. 14 ғ.) ортағасырлық (б.з. 10 – 12 ғ-лар) кезеңдерге дейінгі аралықты қамтиды. Қаңлы заманын (б.з. 2 – 4 ғ-лар), көне түркі дәуірін (б.з. 4 – 8 ғ-лар) тұрақты зерттеді. Атап айтқанда, Отырар өңірінің Көкмардан, Күйікмардан қалаларының жұрттарындағы зираттарда, Арыс өзені бойындағы Бөріжар, Қарааспан, Бөген обаларында қазба жұмыстарын жүргізді. Көне мұраларды қорғау және пайдалану жұмыстарын жолға қою мақсатымен 1980 жылы жедел көмек тобын құрды. Бұл шағын топ кейін Қазақстан аумағын түгел қамтып, сақ қорғандарын, атап айтқанда Шұбарт, Молалы, Қырғауылды, Боралдай, Есік, Түрген обаларын қамқорлыққа алды.
1999 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында “Алтын адам” Ұрпақтар сабақтастығы ассоциациясын құрды. Ассоциацияның басты мақсаты – “Алтын адам” табылған Есік обаларын ашық аспан астындағы мұражай-қорыққа айналдыру еді. Бекмұханбет Нұрмұханбетов осы обалардың қоғамдық негіздегі шырақшысы міндетін атқарып келді.
Бекен ата ашық аспан астындағы мұражай-қорыққа айналдырған осы бір қасиетті мекенге кейін «Есік» тарихи-мәдени қорық-мұражайы салынды.
Қазір бұл орда еліміздегі белгілі мұражайлардың бірі.
Біздің ойымызша, осы мұражайды қазақ археологиясына өлшеусіз еңбек еткен Бекмұханбет Нұрмұханбетовтің атымен атау қажет.
Өйткені Бекен ата осы уақытқа дейін мұражайдың «тірі жәдігері» болды. Олимпиада жүлдегерлеріне шетінен спорт кешендерінің атын беріп жатқан кезде бұл анау айтқандай қиын іс болмаса керек.
Abai.kz