Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Қоғам 9722 0 пікір 10 Маусым, 2016 сағат 09:45

ҰЛТ ҚАЛАЙ МӘҢГҮРТТЕНЕДІ?

Қазақстанның бүгінгі билік басында отырғандар елімізде 25 жыл бойы жасап келе жатқан өрескелдіктерді, оған қазақтан өзге ұлттың шыдай қоюы екіталай екенін айтсаң ел ішінде алауыздық туғызу, ұлттар араздығын қоздырып тыныштықтың шырқын бұзу деп басыңды бәлеге қалдырады. Және олардың осы сұмдық саясатты жеріне жеткізе меңгеріп алғаны сондай сол айтқандарының дұрыс екенін қазақтың миына шегелеп, санасына сіңіріп тастаған. Қарапайым халық әлі де билікке сенеді. Аллаһ кешірсін, бүгінде қазақ ұлты түп-түгел мәңгүрт, түп-түгел ұлттық санасынан айрылған деуге аузымыз бармайды. Бірақ биліктің дәл бүгін жоспарлы түрде жүргізіп отырған қазақты мәңгүрттендіру, ұлттық санасынан айыру, кемсіту және бөлшектеу тәсілдерін аңғармай елімізде тыныштық деп осылайша отыра берсек ұлт ретінде жойылып кетуімізге енді көп уақыттың керегі де жоқ. Орыстар бұны «медленная смерть», яғни, баяу, байқаусыз келетін ажал дейді. Ол әсіресе, бәріне көнген, бәріне төзе беретін (бүгінгі биліктің айтуынша толерантты) ұлтқа әуес ажал. Яғни, бәріне көнген ұлт – өлген ұлт. Қай ұлттың да не жер бетінен жойылып, не барынан айрылып басқа бір ұлтқа сіңіп кетуінің бірнеше алғышарттары бар. Бүгінгі Қазақстан билігі қазақ ұлтын жоятын сол шарттарды түгел дерлік орындауға әлдеқашан кіріскен. Ол өте сақтықпен, баяу және білдірмей, ретті жерінде ашықтан-ашық та жүргізіліп келеді. Олар былайша жүзеге асырылуда.

1. Қазақтың арасына іріткі салу, жүзге, руға бөлу арқылы бөлшектеу әуелі үш жүздің үш биінің суретін салудан басталды. Бұл үш сурет не тарихи, не ауызекі суреттеуге сүйенбей, яғни, ешқандай негізсіз салынды. Сосын  қазақ халқының ықылым заманнан келе жатқан ұлағатты, қанатты нақыл сөздері, мақал-мәтелдері сол үшеуіне үлестіріліп беріле бастады.

Бұл суретті салған адамның да, оған бұл тапсырманы берген биліктегілердің де ақыл-ойы, парық-парасаты тайыз, өресі аласа, рухани кемтар адамдар екенін Ұлы Жүз биі –Төленің сақалын үлкен, Орта Жүз биі –Қазбектің сақалын орташа, Кіші Жүз биі –Әйтекенің сақалын кішкентай ғана  қып салғанынан-ақ көруге болады. Қазақ тарихында қазақтар бір-бірімен жүз-жүз, ру-ру болып бірін-бірі қырып-жойғаны туралы бір ауыз дерек жоқ. Бұл әрекет Қазақстанда коммунистік партия басқарып тұрған кезде әсіресе, Қазақстан коммунистік партиясын Динмухаммед Менлиахмедұлы Қонаев ширек ғасыр басқарып тұрған, Республикада 700-ден астам қазақ мектебі жабылып жатқан кезде қатты өршіді. Реті келгенде айта кетейік, сол кезде Қазақстанда сонша қазақ мектебі жабылып жатқанда Өзбекстанда сонша қазақ мектебі жұмыс істеп тұрды. Ал Рашидов сол заманда-ақ Ташкент Мемлекеттік университетінен Лениннің атын алып тастап оған Ұлықбектің атын берді. Ал біз ол заман түгіл күні бүгінге шейін Павлодар мен Петропавлдың атын өзгертуге, қауқарымыз жетпей жүр. Ал қазір ұсынылып отырған үштілділік қазақты үбдірім жоқ қылудың тура тәсілі.

2. Жер-жерде бұрын аты-жөні беймағлұм, бет-әлпеті бір-бірінен айнымайтын батырлардың ат үстінде отырған ескерткіштері жарыса салынды. Бұл да рушылдықты, бәсекелестікті қоздатудың өте бір жымысқы саясаты.

3. Қазақ орыстілді қазақ, қазақтілді қазақ, шалақазақ, нағыз қазақ деп бөлінеді деген зымиян сөзді баспасөз беттерінде қазақтардың өздеріне айтқызып қояды.  Бұл сөздер биліктегілердің, арнаулы құпия қызметтегілердің арандатушылығы екенін түсінбегендіктен қазақтар  «Біз-жүзшіл, рушыл халықпыз» деп өздерін-өздері кінәлайды. Министр қызметіне, облыс әкімі болуға тек орысша білмейтіндер алынбайды.

4. Қазақтың басын біріктірмеу үшін билік басындағылар мен олардың  жәдігөйлері «қазақтың жауы – қазақ» деген азғындық мақалды ойлап тапты.

5. Қазақты кемсітудің де алуан түрлі жолдары бар. Мысалы Парламенттегі, министрліктегі орыстілділер бір-біріне «Пәленше Түгеншеевич», «Пәленгүл Түгеншеевна»  және көбіне «Здравствуйте!» деп орысшалап амандасу үрдіске (дәстүрге) айналған. Соның бәрі аз болғандай Нұрлан Нығматуллин Парламент жетекшісі (өздері спикер дейді) боп тұрғанда депутаттардың бір-біріне қазақша ықылым заманнан келе жатқан Мәке, Бәке, Сәке, Нұреке деуіне тыйым салу керек деп соқты. Сол Нығматуллин егер қасында қазіргі премьер-министр тұрса бір ұйғырға Кәрім-ака, Мәсім-ака деуге болмайды дей алар ма еді! Қазақты кемсітудің тағы бір түрі қазақта не мемлекет, не астана, не шекара болған емес деген сөз таратылды. Ұлтының тарихын не мектепте, не университетте жарытып оқымаған, оқыса бар айтары қазақты адам еткен орыс дегенге кеп тірелетін тарихты оқыған жастар лағнет атқандар ойлап тапқан осы сөзге сенеді.

6. Қазақты, оның жас ұрпағын мәңгүрттендіру ең оңай да зымияндық жолы оның тарихын бұрмалап оқыту. Яғни, ғасырлар бойы ата-бабасының қанын судай төккен қай ұлт, қай мемлекет екенін айтпау. Сондықтан да Қазақстан тарихының мектептерге, университеттерге арналған оқулықтарын оқыған жас ұрпақ қазақта жоңғар деген жалғыз жау болған екен деп ойлайды. Ол жоңғарларды жер бетінен қытайлар жоқ қып жібергені, ол қазақты әуелі патшалық Ресей, сосын кеңестік Ресей орыстары миллиондап шыбындай қырғаны туралы көп айтыла бермейді. Айтылса бәленің бәрі Голощекин және Сталин деген екі адамға ғана жабылады.

7. Қазақты мәңгүрттендіру және бөлшектеу үшін қазақтар атамзаманнан ұстанып келе жатқан ең киелі де қасиетті Ислам дінінен айыру қолға алынды. Ол үшін қазақтардың бір бөлігін -уахабшыларға, енді біразын хизбут-тахриршылар, салафилерге бөлді. Ал бұл секталардың бәрін исламға дұшпан елдер әдейі ұйымдастырғаны айтыла бермейді. Бұған қоса қазақтарды тәңір діні дегенге қайта оралуға үгіттейтін әдебиетшілерден, өздерін мәдениеттанушымыз, философпыз, әрі ақын-жазушымыз деп атайтындардан құралған едәуір үлкен топ бар. Олар тәңір діні деген дін жоқ екенін, ол ерте заман адамдарының наным-сенімі ғана екенін біле тұра айтпайды. Мысалы, орыстар 988 жылға, яғни, 10-шы ғасырдың аяғына шейін «язычество» деп аталатын сондай наным-сенімде болып, христиан дінін біз 8-ші ғасырда ислам дінін қабылдағаннан 200 жылдан кейін барып қабылдаған. Бірақ олардың дінбасылары қазақ тәңіршілдері (тенгристер) сияқты «язычествоға» қайтып барайық дегенді айтқызбайды. Қазақстан мұсылмандар басқармасының басшысы яғни, муфтидің бас киімі орыс архиепископының бас киімінің көшірмесі сияқты.  Тек түсі ақ. Айтпақшы, тәңір діні деген немесе басқа бір наным-сенімді дін деп атау үшін оның Құран не Библия сияқты кітабы, Мұхаммед не Иисус Христос сияқты пайғамбары болуы шарт.

8. Қазақты мәңгүрттендіру үшін  әдебиет, өнер саласында  алып бара жатқан таланты, дарыны жоқ, ақындық, жазушылық, өнерпаздық деңгейі орташалау (ортаңқолдай деген басқа) не одан да төмен адамдарға Мемлекеттік сыйлық деп аталатын немесе одан өзге сыйлықтар мен атақтар үлестіріледі. Мерекелерде оларға Елбасының атынан құттықтаулар жөнелтіледі. Яғни, қолдан жалған тұлғалар жасалады. Соған сенген аңқау жұрт сол жалған сыйлықтар мен жалған атақтарға ие болғандардың бәрі керемет талантты адамдар деп ойлайды. Қайран қазақ мұны «Бәйгеде есек озған заман болды» дейтін еді. Өздері сол ақынның бір өлеңін жатқа білмесе де, әлгі ғалымның ашқан бірде-бір жаңалығынан бейхабар болса да жастар жағы  үлкен ақын, үлкен ғалым ретінде соларды бетке ұстап жүретін болады. Бұл ұрпақты әрі  мәңгүрттендіру, әрі рухани азғындатудың оңай тәсілінің бірі.

9. Ал қазақ ұлтын жоюдың біз білетін ең соңғы тәсілі – қазақты үштілді ұлтқа айналдыру. Бұл орайда қазіргі Қазақстан басшылары «екі жеп биге шыққалы» отыр. Біріншіден, көзін ашқаннан бірнеше тілде сөйлеп өскен бала кейін  таза өз ұлтының азаматы емес, алакөңіл, ұлтсыз бір тіршілік иесі болып шығады. Екіншіден, басқа республикалардағыдай орыс тілін қолданыстан алып тастап, тек ана тілі мен ағылшын тілін қалдыруға Қазақстан басшылығы Ресейден де, еліміздегі орыстан да қорқады. Үштілділік деген залымдық сондықтан ойлап табылды. Қазақтың  бірлігінен, ауызбіршілігінен қорқатындар өздері жасап отырған осы саясатсымағын қазаққа білдірмеу үшін «Бірлік болмай, тірлік болмайды», «Жүзге бөлгеннің жүзі күйсін» деген мақалдарды жер-жерге іліп қойған. Адамнан, әсіресе билік басындағылардан қулық артылған ба?!

Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1512
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3283
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5825