Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 5641 0 пікір 17 Тамыз, 2010 сағат 09:34

Ислам ЖЕМЕНЕЙ. ТАРИХ СҮРЛЕУІНДЕГІ СОҒЫС. СОҒЫС ТАБИҒАТЫ ҺӘМ БЕЙБІТ КҮНДЕР

«Бөлшектенген атом әлемді бөлшектеп жүрмесін»

Нұрсұлтан Назарбаев

 

Соғыс - адам психикасының туындысы болғандықтан, оның бағыты мен мұратын өзіне тән генетикасы һәм өскен ортасы арқылы қалыптастырып, жетілдіріп отырады. Адам психикасы жалпы адамзаттың  саяси, қоғамдық, творчестволық, тұрмыстық, тағы басқа бағыттардағы дүниетанымын айқындап береді.

Соғыстың салдарынан ең үлкен өзгеріске ұшырайтын да адам психикасы. Соғыс майданында адамның атқан оғының нысанасы да адам баласы болғандықтан, соғыс құбылысын жүйелі һәм ғылыми тұрғыдан зерттеп, ұғынған жөн. Әйтпесе адамзат соғыстың зардабынан құтыла алмайды. Соғыста шаңырақтар құлап, әйелдер жесір, балалар жетім жандарға айналып, эономиканың қалыпты жүйесі бұзылып, елдің әлеуметтік жағдайы күрт төмендейді. Есесіне базар қожайындары мен делдалдардың қалтасы қалыңдай түседі. Қоғамда жұмыссыздық жайлап, бұзақы топтар қоғамның шырқын бұза бастайды. Қоғамдағы бейбірекетсіздіктен адамдар келешекке сенімсіздікпен қарайды, ал, ол өз кезегінде қоғамдық  үрейдің өрши түсуіне себеп болады.

«Бөлшектенген атом әлемді бөлшектеп жүрмесін»

Нұрсұлтан Назарбаев

 

Соғыс - адам психикасының туындысы болғандықтан, оның бағыты мен мұратын өзіне тән генетикасы һәм өскен ортасы арқылы қалыптастырып, жетілдіріп отырады. Адам психикасы жалпы адамзаттың  саяси, қоғамдық, творчестволық, тұрмыстық, тағы басқа бағыттардағы дүниетанымын айқындап береді.

Соғыстың салдарынан ең үлкен өзгеріске ұшырайтын да адам психикасы. Соғыс майданында адамның атқан оғының нысанасы да адам баласы болғандықтан, соғыс құбылысын жүйелі һәм ғылыми тұрғыдан зерттеп, ұғынған жөн. Әйтпесе адамзат соғыстың зардабынан құтыла алмайды. Соғыста шаңырақтар құлап, әйелдер жесір, балалар жетім жандарға айналып, эономиканың қалыпты жүйесі бұзылып, елдің әлеуметтік жағдайы күрт төмендейді. Есесіне базар қожайындары мен делдалдардың қалтасы қалыңдай түседі. Қоғамда жұмыссыздық жайлап, бұзақы топтар қоғамның шырқын бұза бастайды. Қоғамдағы бейбірекетсіздіктен адамдар келешекке сенімсіздікпен қарайды, ал, ол өз кезегінде қоғамдық  үрейдің өрши түсуіне себеп болады.

Соғысты қоғамның қандай топтары туғызып отырады? Ол саяси элитаның тақталастық пейілінен туа ма, әлде ірі алпауыттардың жеке мүдделерінен бастау ала ма, әйтпесе қоғамдағы қайшылықтардан туындаған шиеленістер соңғы мәресіне жеткенде соғыс өрті болмашы бір себептен лаулай түсе ме? Адамзат тарихына көз жүгіртсек, шындығында соғыс адам қоғамының бөлінбес бөлшегіндей оның бүкіл саяси және азаматтық тарихымен қатар жасасып, байланыста өмір сүріп келе жатқанын көрер едік.

Соғысқа тарих терезесінен қарағанда, оның адам ұрпағын орны толмас қасіретке ұрындырып, көптеген өркениетті елдердің тарих бетінен біржолата жойылып кетуіне, көптеген ұлт-ұлыстардың  жаугершіл елге жұтылып, ассимиляцияға ұшырауына, талай ұлы империялардың күйреп құлдырауына себеп болғанын көруге болады. Соғыс салдарынан жас өркениеттердің, басқа мемлекеттердің, сондай-ақ жаңа билік әулеттерінің пайда болуына жол ашқанын да байқаймыз. Екінші жағынан, майданда өліммен жекпе-жек келген адам баласының ерлік рухы, адамдық қасиеті, төзімділігі, шығармашылық қабілеті, кешірімділік, даналық пен көсемдік сипаттары да көрініс тауып жатады. Соғыстан кейін осындай нәтижелердің көрінуіне тарихта болып өткен шайқастардан кейін өркендеген мемлекеттің өрлеуі айғақ  бола алады.  Бұның бәрі соғыс құбылысын таразылауды қиындатып жібереді. Адам болмысы құбылмалы да күрделі болғандықтан адамның жаратылыс психологиясынан бастау алып отырған соғыс құбылысы да соншалықты күрделі болып келеді. Сол үшін соғыс психологиялық, қоғамдық аса күрделі тақырып екендігін көрсетеді. Майданның алдыңғы шебінде болған соғыс жауынгері  шайқастың ең қорқынышты аяусыз зұлымдығымен бетпе-бет келіп, небір адам жаны мен жүйкесінің қиналысына  куә болғандықтан олардың зердесінде  соғыстан туындаған  құбыжық бейне ешқашан өшпейді. Сондықтан соғыс адамзат үшін қасірет екенін  оны көзбен көрген адамдар жақсы біледі.

Тарихта жауласқан елдер арасында болған соғыстарда бірлігі мен ынтымағынан айырылған ел жеңіліске ұшырап, бір жолата жойылып  кетіп отырған. Мәселен, ежелгі дәуірде қазіргі Ирак жеріндегі ұлы өркениеттердің көшбасшысы болған Ассирия мен Бабыл (Вавилон) империяларын Иран мемлекетінде құрылған Мад және Ахамени империялары құлатқан. Әуелі Мад әулетінің соңғы патшасы Һовәхшәтре б.з.д. 606 жылы Ассирия империясының астанасы Нейнәваны жаулап, тас-талқанын шығарып, өздерін жер бетінен құртып тынды. Одан кейін Ахамени әулетінен шыққан Иранның ұлы патшасы Кир алауыз, қауқарсыз Бабыл патшалығын б.з.д. 539 жылы Дижле мен Фрат өзендері аралығында болған шайқаста ойсырата жеңіп, мәдени-экономикалық дамудың биік шыңына жеткен Бабыл өркениетін замана сахнасынан алып тастады. Бабыл империясы сол кезде Бейн әл-нәрейн, қазіргі Ирак, Сирия, Сина сахарасы, Арабия, Иордания және батыста Ақ теңіз бен Қызыл теңізге дейінгі  аралықтағы ұлан-байтақ  аумақты иемденіп, билік жүргізіп тұрған болатын.

Ұлы Рим империяларының жойылып кетуіне негізгі себептерінің бірі болған  Ғұндардың Батыс Рим империясына жорықтарын айтуға болады. Аттиланың 533 жылдан бастап  451 жылдар аралығында Батыс елдеріне жасаған жорықтарының нәтижесінде Батыс Рим империясы әбден әлсіреп, өздеріне ұзақ жылдар шапқыншылық жорықтар жасап келе жатқан солтүстік көршілері - Гот, Франк, Гол, Изугот, Герман, Вандал, Саксон тайпаларының жорықтарынан әбден қажырап,  476 жылы біржола күйрейді. Оның күлге айналған орнына ондаған жаңа мемлекеттер бой көтерді. 395 жылы ұлы Рим империясынан бөлініп, тәуелсіз ел болған Шығыс Рим империясының астанасы Константинополь, бүгінгі Истамбул шаһары - Осман әулетінен шыққан Сұлтан Мұхаммед Фатиһтың (Жеңімпаз) қалың қолымен жауланып, дәуір сахнасымен қоштасты. Оның орнына енді айбындырақ, айбарлырақ Осман халифаты деген түрік текті мемлекет келеді.

Соғыс адамның ішкі табиғатынан туған құбылыс болғандықтан адамзат тарихының ажырамас бір бөлігіндей  бірі оны қаласа, тағы бірі оны қаламаса да адамзатпен бірге өмір сүріп келе жатыр. Сондықтан соғысты терең біліп, тану үшін адам болмыс-бітімін терең зерделеп, зерттеу керек болатыны ақиқат.

Ислам тарихы басталғанда соғыс бұрынғыша адам баласымен жол серік болып, ілесіп жүре берді. Бірақ бұл ретте соғыс басқаша ұғыммен, соғысты саналы түрде тоқтатуға соғысып келе жатқандай болып көрінді. Бұл мақсатты түсіну үшін адамзат тарихында мыңдаған жыл бойы жиналып қалған кертарпа наным-сенімдер мен отарлық пиғылдан арылу керек-ақ. Бұл бүкіл адамзаттың оның ішінде жетекші тұлғалар мен топтардың міндеті болып табылады. Ислам дінінің хабаршысы, Алла тағаланың соңғы елшісі әзірет Мұхаммед (с.ғ.с) Мұстафа тарапынан соғыс жаңаша үстемемен қоғамдық топтар мен елдердің екеу ара келіспеушілігіндегі түйінді шешетін және игі мұраттарды көздейтін соңғы құрал ретінде қабылданып, бекітілді. Өйткені,  Жаратқанның адамзатқа тарту еткен соңғы діні - Ислам сөзі «бейбітшілік» деген мағынаны білдіреді. Сондықтан ол адамзат қоғамында пайда болған қайшылықтарды бейбіт жолмен шешудің абзал екендігін меңзейді. Ислам діні Алла үшін, Отан үшін болатын хақ жолындағы қанды майдан соғысын «Кіші жиһад» деп таныды. Ал, нағыз ұлылық пен ерлік адам өзінің айуандық нәпсісімен күресу екенін көрсетіп, бұл майданның соғысын «Ұлы жиһад» деп атады. Өйткені, соғыстың қайнар көзі - адам болмысындағы тойымсыздық, менменшілдік, қызғаныш, дүниеқорлық пен шенқұмарлық  болып табылады. Бұл факторлар өз кезегінде қоғамның ішіндегі қайшылықтарды арттыра түседі. Қайшылықтары шиеленіскен кез-келген толысқан қоғам соғысқа бейім келетіні баршаға түсінікті. Осы кезде  соғыс психологиялық құбылыстан асып идеологиялық  көзқарас кейпіндегі қоғамдық құбылысқа айналады. Сондықтан ұлы державалық елдер өздерінің отарлау саясатынан, шағын, аз, әлсіз ұлттарды боданда ұстап отыру пиғылынан бас тартпайынша соғыс өрті еш қашан өше қоймайды, қайта үнемі өршіп  үрей туғызып отырады.

Мұхаммедке (с.ғ.с) Алла тағала тарапынан елшілік міндеті жүктелген соң араб даласының тұрғындарын ислам дініне шақыра бастайды. Пайғамбардың бұл әрекеті қайшылықтарға толы сол замандағы қоғамның ірі байларының көзқарасымен қайшы келеді. Себебі, ислам діні «адам баласы адамның құлы емес, өзін жаратқан Алланың құлы» екендігін жариялаған. Ислам адам баласының ешкімге тәуелді емес еркін тұлға екендігін ұқтырды. Адамның адамнан артықшылығы - оның билігімен яки  байлығымен өлшенбейді, оның өлшемі - адамдық пәк рухы, таза жанымен өлшенеді деп түсіндіреді. Адамзаттың тіршілік жолында жаңадан пайда болған ұғымдар, адамның санасын соғысқа деген терезесін бұрынғы көр сипаттан айдын мұраттарға қараттырды. Адамның әрбір сөзі, іс-қимылы, ойы мен тілегі оның бүгінгі тіршілігі мен ертеңгі өмірінің негіздерін қалайтынын ұқтырды. Тіпті адам өмірінің өткені, бүгіні мен ертеңі біртұтас болмыс екендігін айтты. Адамның титтей де жасаған жақсылығы мен жамандығы бүкіл жаратылысқа, яғни адам мен табиғатқа болымды не болымсыз әсері бар екендігін анық айтып берді. Ислам діні анықтап берген жаңа таным пайғамбар арқылы бүкіл адам баласына жария болды. Соның арқасында адамзат қоғамы жаңа сатыға көтерілді. Енді бұған дейін қалыптасқан соғыс мақсаты елдерді жаулап алып, қанаудан өзге, түбегейлі тың бағытқа бұрылып,  адам еркіндігін көздеді.

Мұхаммед (с.ғ.с) Мекке қаласындағы бастапқы елшілік жылдарын аса сабырлылық, байсалдылық, мейірімділік, кешірімділік, сыпайылық, асқан парасаттылық жағдайда өткізді. Адамдарды Аллаға иман келтіруге шақырумен қатар олардың адамдық қасиеттерін танытуға күш жұмсады, әділетті қоғамның сыр-сипатын түсіндіріп жүрді. Құлдық пен надандыққа бой алдырған қоғам, адамдарды қанап жүрген жаулармен бірге қосарланып алдында тұрған кедергілерге қарамастан имандылық пен өмір шындығын халыққа түсіндіру жұмысын нық сеніммен жалғастыра берді. Осы жолда есепсіз қорлық көрсе де өзіне деген асқан сеніммен ешқандай соғыссыз бейбіт түрде Аллаға елшілік міндетін атқаруға тырысты. Өзі барша ауыртпалықты мойнына алып, Алла жолына бойұсынған мүміндерді имансыздардың қастандық қатерінен сақтандыру үшін оларды Эфиопияға көшіп, сол елді паналауға бұйрық берді. Эфиопияға жол тартқандардың бірінші легі он бір еркек, төрт әйел  болды. Олардың арасында Осман ибн Аффан мен оның зайыбы, пайғамбардың қызы Рұқияда бар-ды. Тарих оларды Мұһажыр, яғни «көшуші» деген атпен бізге жеткізді.

Мұхаммед (с.ғ.с)  пайғамбарлық міндетін қаншама тауқыметі мол болса да он бір жыл бойы шыдамдылық һәм шынайы ризашылықпен атқарып шықты. Өкінішке орай, кәпірлер Алла елшісінің қарапайым да биік рухына төзе алмай, оны өлтіруге үкім шығарады. Сонда  кәпірлер Алланың жолында жан берген адам «шейіт» (шәһид) болатынын түсінбеді. Олар тіпті «Алла жолында шейіт болу - жаратушының ұжмағында төрден орын алу» дегенді түйсіне де, түсіне де алмады. Пайғамбарымыз кәпірлердің өзін түнде өлтіруді жоспарлағанынан алдын-ала хабардар еді. Сол үшін түнде өз төсегіне Әлиді (ғ.с) жатқызып, өзі Әбубәкірмен (ғ.с) Мәдина қаласына қарай бет алады. Жол бойында қуғыншының көзі түспеу үшін бір үңгірге кіріп жасырынды. Қуғыншылар үңгірдің алдына келгенде өрмекшінің қалың торын көріп, мұнда адамның кіруі мүмкін емес деп жолдарын әрі қарай жалғастырып кете береді. Сол оқиғадан кейін Әбубәкір пайғамбардың «Үңгір досы» деген атағына ие болады. Өрмекші «әзіз» жәндікке айналады. Мәдина қаласында Мұхаммед (c.ғ.с) пайғамбарға қол ұшын беріп, жәрдемдескен жамағат тарихта Әнсар, яғни «дос-жарандар» деген атаумен танылды.

Мұхаммед (с.ғ.с) ұзақ жылдар хақ жолын бейбіт түрде насихаттай жүріп, қарсыластарының көрсеткен қисапсыз азабына шыдады. Бірақ  кәпірлерден көрген қорлық олардың нақұрыстық істері төзгісіз жағдайға жетті. Кәпірлер пайғамбардың ғана емес, сахабаларының өміріне де қауіп төндіре бастады. Сондықтан Алланың елшісі жауларының шабуылынан өмірін қорғау үшін амалсыздан, тұйыққа тірелгендіктен соңғы шара, яғни кәпірлермен дін жолында соғысу амалын таңдады.

Мұхаммед (с.ғ.с) Мәдина қаласында орналасқанына жеті ай толғанда кәпірлерге қарсы соғысын бастайды. Пайғамбардың соғыс жорықтары екі топқа бөлінеді. Біріншісі - Сәрие, пайғамбардың соғыс тізгінін сахабаларының біріне тапсырған шайқастары. Олардың саны қырық жетіден елу алтыға дейін болғаны айтылады. Екіншісі - пайғамбардың тікелей өзі басқарған соғыс жорықтары, бұл соғыс «ғазауат» делінеді. Оның саны жиырма жетіге жетеді. Айтулы ғазауат соғыстары деп  Бәдр, Оһод, Мәрисиһ, Хәндәқ, Бәни құрейзе, Хейбәр, Мекке, Һәнин, Таиеф соғыстарын атауға болады. Бәдр соғысында мұсылман әскерлерінің жалпы саны 300-313 адам, ал Құрайыш жауынгерлері 950 адам болған. Әбу Жәһл қолбасшылық еткен Құрайыш әскерінен жетпіс адам өліп, сол шамадағысы тұтқындалды. Мұсылмандардан он төрт адамы шейіт (шәһид) болды. Мұсылмандар соғысқа жетпіс екі түйе, үш ат, жеті семсер, алты сауытпен кіріскен еді. Мұсылмандардың ең үлкен жеңісі - Мекке соғысы болды, онда пайғамбар (с.ғ.с) он мың әскерімен қалаға жақын маңдағы Хәндеме мекенінде кәпірлермен шайқасып жеңіске жетті. Соғыста жаудың жиырма үш адамы өлді, мұсылмандардан үш адамы шейіт болды. Мекке мұсылмандардың қолына өтті.

Мұхаммед (с.ғ.с) заманынан басталып кеткен хақ жолындағы шайқастар кейін пайғамбардың орынбасары болған ең жақын сахабалары Әбубәкір(ғ.с) (632-634), Омар (ғ.с) (634-644), Осман (ғ.с) (644-656), Әли (ғ.с) (656-661) халифалық таққа отырған заманда өз жалғасын тауып жатты. Төрт ұлы халифа дәуірінде мұсылмандар аса ірі жеңістерге қол жеткізді. Оның бірі- сол заманның үлкен мемлекеті Иранның Сасани патшалығы толықтай күйреп, саяси билік мұсылмандардың қолына өткен еді. Сол дәуірді жан-жақты терең зерттеген доктор Аһмет Һами: «Арабтар мен Сасани әскерлерінің арасында болған шайқас, арабтардың жеңісі емес, ирандықтардың да жеңілісі емес. Ол соғыс жапа шеккен, қорлық көрген Иран халқы мен мұсылмандардың иманының жеңісі еді. Иран жауынгерлері соғысқан жоқ, өйткені соғысып қорғап қалатындай ештеңесі болмады. Олар жеңілуді тіледі, Өйткені жеңілістің арқасында Сасанидердің әділетсіз таптық қоғамының азабынан құтылғысы келді», - деп жазды. Ал, екіншісі- мұсылмандар Шығыс Рим империясын күйзеліске ұшыратып, олардың билігін Азия мен Африка құрлығынан жойды. Мұсылман әскерлерінің бұндай ұлы жеңістері бар-жоғы он шақты жыл ішінде, яғни 633-641 жылдар аралығында іске асып, өміршең болғандығы - ислам дінінің адамзат үшін мәңгі рухани қайнар көзі екендігін дәлелдей түсті. Шығыс Рим империясы Азия мен Африкадағы көптеген өлкелерден айырылып қалса да Кіші Азия, яғни Византияның астанасы - Константинополь, бүгінгі Истамбул қаласы мың жыл бойы азиялықтарды Еуропаға кіргізбейтін бөгет болып қала берді. Шын мәнінде, халифат әскерлері бірнеше дүркін шабуыл жасағандарымен аталған қаланы жаулап ала алмады. Сондықтан арабтар Еуропаға кіру үшін амалсыз басқа жол іздеп, соңында 711 жылы Тарық ибн Зийад Испанияның оңтүстік жағындағы бір шатқалдан Еуропа топырағына 7000 әскерімен аяқ басты. Содан бастап, мұсылман арабтар үш жүз жыл Испанияны билеп тұрды. Сол үшін аталған шатқал Тарық есімімен аталып, күні бүгінге дейін тарих керуеніне ілесіп келе жатыр. Сондықтан  Шығыс Рим империясының құлауы мен Константинополь қаласының жаулануы 1453 жылы Осман әулетінен шыққан түркі жауынгерлерінің қолымен іске асты.

Адамзат тарихында қоғамның саяси-мәдени бағытын түбегейлі жаңа арнаға салып, өзгеріске ұшыратқан соғыстар аз болған жоқ. Солардың бірі- 751 жылғы Шу бойындағы Атлақ мекенінде түркілер мен араб халифатының біріккен әскерінің Қытайдың әскери қуатына қарсы соғысып, үлкен жеңіске қол жеткізген шайқасы еді. Оның айқын нәтижесі ретінде ислам дінінің түркілер арасында емін-еркін әрі жедел түрде таралып, өркендеуі еді. Түркілердің мұсылман болуы ислам дінінің өркендеп, нығаюына үлкен септігін тигізді. Соның айғағы Орталық Азияның тұтастай ислам дінін қабылдауымен бірге селжұқтардың Сыр бойынан кетіп, Кіші Азияда Ислам халифатын құруға негіз қалағаны еді. Түркілердің ислам дініне қызметін Еуропаның 1095 жылдан бастап 1270 жылға дейінгі сегіз рет жасаған крест жорықтары да тоқтата алмады. Тіпті  түркілер ислам дінін Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан елдеріне дейінгі жерлерге қанат жаюына себеп болды. Сонымен қатар әлемдік деңгейде ислам дінінің саяси-идеологиялық ролі артып, ислам қағидалары қоғамдық өмірде қолданылып, одан әрі нығая түсуіне өлшеусіз үлес қосты. Түркілер бұл тарихи істерін қазіргі уақытқа дейін жалғастырып келе жатыр.

Қазақ халқының тарихи тағдырын шешетін соғыстар да аз болған жоқ. Солардың бірі - 1729 жылғы Балхаш маңындағы Аңырақай мекенінде қазақтардың жоңғарларға қарсы  кескілескен соғысы еді. Қазақтар сол шайқаста жеңіске жетіп, ел бірлігінің негізін қалай отырып, келешек азат елінің алғы шартын жасады.

Адамзат тарихында бүкіл әлемді дүр сілкіндірген екі соғыс болды. Олар жаһан тарихында I және II дүниежүзі соғысы деген атаулармен жазылды. I дүниежүзі соғысына себеп болған  1914 жылдың 28 шілде күні Австрияның тақ мұрагері Франц Фердинандтың Сарайева қаласында Градило Прензип атты студенттің оғынан қаза тапқан оқиғасы себеп болды. Аталған  оқиғаны Австрия мемлекеті сылтауратып Сербия еліне соғыс ашқан жағдайда патшалық Ресей ол елді қорғайтынын жария етті. Өйткені Ресей Шығыс Европа елдеріне өз бақылауын жүргізіп отыруға мүдделі еді. Осы орайда Германия Австрияны қолдайтынын айтты. Германия мен Австрияны  қолдап Мажарстан мен Осман халифаты, кейін Болгария қосылып одақтасты. Ресей патшасына Британия мен Франция қолдау көрсетті. Оларға кейін Белгия, Жапония, Италия, Румыния, Греция, Португалия, Америка, тағы басқа елдер бірікті. Бұл соғыстың оты Балкандарда маздап тұрса да Еуропада жалындай бастады. Германия Францияның шабуылының алдын алу үшін 19 тамызда өз шабуылын бастап кетті. Сонымен Германия соғыстың басты кейіпкеріне айналды. 1917 жылдың сәуір айында Америка біріккен елдер қатарына қосылғанда соғыстың тағдыры көпке созылмай шешіле бастады. Одақтастар жеңіліс тауып, 1918  жылдың 11 қараша күні біріккен елдердің барлық талаптарын орындауды қабылдады. Соғысқа 65.600.000 әскер қатысып, 10 миллионға жуық адам қаза тауып, 20 миллион адам жарақаттанып, ондаған қала, елді мекендер жермен жексен болды. Бұның бәрі сандық көрсеткіш. Ал, соғыстың салдарынан адам жаны мен табиғат әлемі қанша зардап шекті? Оның күні бүгінге дейінгі зардабын кім есептеді екен? Бұл соғыста Османия мен Германия ең көп шығынға ұшыраған елдер болды. Әсіресе Османия елі мемлекет ретінде оның болу не болмау тағдыры сынға түскен кезеңге тап болды. Біріккен елдердің көздеген мақсаттарының бірі - Османия мемлекетін жойып, оның иелігіндегі өлкелерді өзара бөлісу еді. Сол үшін әуелі Османия үкіметін 1918 жылдың 30 наурызында Лимни аралы, Мондрос портында жасалған келісім шартқа қол қоюға мәжбүр етті. Аталмыш келісімнің шарттары бойынша: біріншіден - Османия армиясы тез арада таратылсын. Екіншіден- Османияның теңіз бен әуе күштері жеңімпаз елдердің билігіне өтсін. Үшіншіден - Чанакале мен Истамбул бұғаздары азат болсын. Төртіншіден - жеңімпаз елдер Осман елінің қалаған бөлігін өз иелігіне ала алатын болсын деген талаптар қойылды. Бұл келісімнің мазмұнынан Осман елін бір жолата жойып жіберуді көздегені көрінеді. Өйткені содан екі жыл өткен соң  Осман ұрпағы, Осман халифатының 36-шы, яғни соңғы патшасы Вәһдеддин паша мен үкімет мүшелері біріккен елдердің дайындаған келісім шарттарын мойындады. Тек қана генерал Ферик Риза паша аталған келісімнің шарттары мемлекетінің мүддесіне сәйкес еместігін айтып, оны қабылдаудан бас тартты. Османия үкіметі келіскен шартнама 1920 жылдың 10 тамызында Севрде екі жақтың хұзырына ұсынылып, қол қойылды. Османия тарапынан Бағдатлы Һамди паша басқарып барған топ қол қойды. Оған  сол заманның танымал ақын, философы Риза Тевфикте қатысты. Келісім бойынша: Біріншіден - Измир мен оның төңірегі, Тракия Герецияға берілді. Екіншіден - Адана, Мараш, Ұрфа, Антеп, Мардин мен аталған қалалардың қамтыған аймақтарын Францияға тапсырды. Үшіншіден- Мұсыл қаласы және оған қарасты аймақтары Англия меншігіне өтті. Төртіншіден - Капиталасион шартына орай шетелдіктер өз құқықын артыру үшін Осман үкіметінің сот, экономика, қоғамдық, мәдениет пен саяси салаларда құқықтарын мейлінше шектеді. Бесіншіден - мемлекеттің шығыс бөлігінің аумағында Армения үкіметі құрылады. Оның шекара сызығын Американың президенті Томас Вилсон (1856-1924) қалаған жерлерді армяндарға беріп, белгілейді. Бұл баптар келісім шарттың әрбір бөлімінде егжей-тегжейлі  анықталған. Осылайша Осман халифатының аты қалып, соңғы патшасы құр тағында отырғанына мәз болып күнін өткізіп жатты. Сондай жағдайда аталары мыңдаған жыл бойы тарих сахнасында өзіне тиесілі міндетті атқарып келген түркі ұрпақтарының елдік санасы бір сәтке де тоқтамай келді. Түрік елінің тар жол, тайғақ кешуден өтіп бара жатқанын алдын-ала жүрегі сезген ақын Зия Көкалып 1911 жылы «Түріктер үшін Отан Түркия не болмаса Түркістан, Отан ұлы және махаббатқа оранған бір өлке: Тұран» деген жолдарымен басталатын өлеңімен халқының түркілік рухын оятпақ болды. Елін қоршаған он екі жау елдердің ықпалынан бостандыққа шығару үшін Мұстафа Кемал бастаған қайраткерлер ақынның асқақ түркілік түйсігін мемлекеттің саяси ұстанымына ұштастырып, елдің азаттық жаңа жолын бастады.

Әр істің бағы мен соры бірге жүреді. Алла қаласа әрбір қиын шаруа өз шешімін оңай табады. Содан болар,  бәлшібектердің 1917 жылғы Қазан төңкерісі Ленинді 1918 жылдың  наурыз айының 3-інде Германиямен бейбіт келісімге қол қоюға алып келді. Ленин бұрынғы Ресей патшалығының Осман халифатын әлсіретіп, жоюды көздегенін біле тұра,  коммунистердің жеңісі капиталист елдер үшін қуанышты хабар бола алмайтынын анық сезіп, жаңа саяси күш ретінде жалғыз қалатынын түсінді. Екінші жағынан,  алты жүз жыл бойы ұлы держава болған қуатты елді жаулау оңайлықпен іске аса қоймайтын шаруа екенін сезген қалың бұқараның көсемі онымен достық мәмілені екі жаққа да тиімді деп пайымдаған. Ленин Мұстафа Кемалдың Түркияны сыртқы жаулардан қорғап, тәуелсіздік жолындағы азаттық күресін қуаттап қолдады.  М.Кемал 1923 жылы маусым айының 29 күні бұрынғы Осман халифатының қирандыларының орнына жаңа Түркия республикасы атты мемлекеттің құрылғанын жария етті. Бірінші дүниежүзілік соғыс  пен коммунистердің патшалық Ресейдегі билікті құлатып, жаңа саяси билігін құруы Қазақ халқының тағдырына елеулі әсер етті. Аталған тарихи екі оқиғаның әсерін анығырақ түсіну үшін қазақ халқының 1916 жылғы Ресей патшалығының отарлық саясатына  қарсы жасаған ұлт-азаттық көтерілісін тереңдеу зерттеп, зерделеу қажет.

Екінші дүниежүзілік соғыс алдыңғы жаһан соғысынан жиырма бір жыл өткен соң басталды. Бұл соғыс бірінші дүниежүзілік соғыстың заңды жалғасы. Өйткені Германияның сол кездегі көсемі Адольф Гитлер (1889-1945) фашисттік көзқарасымен өткен дүниежүзілік соғыстың нәтижелеріне риза емес-ті. Ол өзінің неміс ұлты әлемді билей алатын, жаһанды басқаруға лайық жалғыз ұлт екендігі туралы докторинасын жасаған. Гитлер  жоспарларын іске асыру үшін «Ұлттық социализм» атты партиясын құрды. Партияның аты қысқартылған түрде «нази» деп аталып кетті. Ол мемлекеттің ішкі саясатында социалистерді, коммунисттерді қудалап, иаһудилер, яғни еврейлерді жек көргендіктен оларды  тірідей арнайы жасалған тандырларда денелерін отқа салып өртеуге бұйрық берген.

Гитлердің фашистік көзқарасы оның туған және өскен ортасына да байланысты болды. Ол Австрияның бір ауылында дүниеге келіп, балалық шағында архитектура саласында оқып жүргенде бірінші дүниежүзілік соғыс басталып, ол ефрейтор шенінде соғысқа қатысты. Одақтастар жеңіліп, Германия саяси, әскери үлкен шығынға ұшырап, иелігіндегі көптеген аймақтарынан айырылып қалды. Соғыстың нәтижелерінен көңілі қалған қарапайым жауынгер Гитлер 1919 жылы Баварияның орталық қаласы Мюнхеньге барып,  сурет өнерімен айналысқысы келді. Кейін Германияның «Жұмысшылар» партиясына мүше болып жүріп, өзіне пікірлес достар тапты. Оларға мемлекетті басқаратын орталықтандырған күшті бір үкіметтің болуын қалайтынын айтып, өз партиясын құрды.  1923 жылы Баварияда коммунистерге қарсы көтеріліс жасағаны үшін тұтқындалып, сегіз ай түрмеде отырғанда өзінің саяси қағидаларын айқындайтын «Менің күресім» атты еңбегін жазып шығады. Адольф Гитлердің неміс қоғамындағы беделінің  артуына байланысты Германия президенті Хинденбург (1847-1934) оны 1933 жылы қаңтар айында елдің премьер-министрі етіп тағайындайды.

Хинденбург 1916 жылдан соғыс аяқталғанша одақтас елдер әскерінің қолбасшысы қызметін атқарған белгілі тұлға еді. Ол патшалық үкіметті жақтайтын болса да, 1925 жылы Германияның президенті болып тағайындалды. Екінші рет 1932 жылы А.Гитлермен қатар президенттік сайлауға түсіп, онда жеңіске жетті де, елдің ресми президенті атанды. 1934 жылы Хинденбург қайтыс болғаннан кейін оның орнына Гитлер президент болады. Сол кезден  бастап Гитлер бір мезгілде Германияның президенті әрі премьер-министрі тізгінін қоса ұстап, өзін Германияның көсемі деп жариялады.

Гитлер 1939 жылдың бастапқы кезінде Австрия мен Чехияны жаулап алып, Германияға қосты. Бұл әрекетімен өзін бірінші дүниежүзілік соғыста жеңіліске ұшыраған Герман елінің құтқарушы тұлғасы етіп көрсетті. Екінші жағынан,  Францияға қыр көрсеткен болды. Бұл оқиғалар Еуропадағы үлкен бір алапаттың бастауы тәріздес көрінді. Өйткені Гитлер Польшаны жаулау үшін оның Данциг не Гданск деген қаласын алуға іс-қимыл жасай бастағанда оған Британия мен Франция үкіметі шұғыл түрде өздерінің қарсы екендігін білдіріп, Германия Польшаға шабуыл жасаған жағдайда онымен соғысатынын мәлімдеді. Бірақ екі миллион жауынгері бар армиясына арқа сүйенген Гитлер, олардың ескертуіне мән бере қойған жоқ. Сөйтіп, неміс әскері сол жылдың бірінші қыркүйегінде Польшаға шабуылын бастады. Британия мен Франция болса, отыз бес миллион халқы бар, қағаз жүзінде бір миллион әскері бар Польшаны немістермен ұзақ мерзімге қарсы тұрып, соғыса алады ғой деп ойлады. Бірақ Польша армиясы қаншама жанқиярлықпен соғысса да, немістер айласын асырып кетіп  отырды. Өйткені неміс армиясы «қарсы жақтың қол-аяғы қимылдамай жатқанда, матап тастады» дегенді басшылыққа алып, соғыстың «найзағай» атанған тәсілін пайдаланып, қапелімде мың бес жүз соғыс ұшақтарымен Польшаның тозығы жеткен тоғыз жүз соғыс ұшағын қимылдауға мұрша берместен күлін аспанға ұшырды. Польшаны  қорғаған мыңдаған батыр жауынгерлер қапыда қаза тапты. Сөйтіп, неміс әскері екі апта ішінде Польшаны тізе бүктіріп, толықтай бір ай көлемінде оны бағындырды. Поляк жеріндегі ұлы шайқас нәтижесінде адам сенгісіздей жағдай анықталды: Польшаның 300 мың адамы қазаға ұшыраған болса, немістерден өлгендердің саны 14 мың адам болды. Бұл жеңістен масаттанған Гитлер әскері шабуылдарын Голландия мен Бельгияға бағыттап, екі елді көпке созбай жаулады. Одан кейін Францияның екі миллион, Британияның үш жүз мың әскерімен бетпе-бет келді. Оларды да ойламаған жерден жасаған шабуылдарымен тас талқан етті. Қырық екі күннің ішінде 45 мың әскерінен айырылған неміс армиясы Франция, Голландия, Бельгия және Британиядан көмекке келген әскерлерді қоса есептегенде екі жарым миллион одақтас сарбаздарын күйретті. Бұл кезге дейін  бүкіл әлем Францияны Еуропаның  ең бірінші қуатты мемлекеті деп санайтын. Өйткені француздарда Жиро, Доголь, Гамлен, Виган, Петан сынды әйгілі қолбасшы генералдары бартұғын. Францияның табан астында жеңіліске ұшырап, күйрей жеңілуі - қасиетті Париж шаһарын бейбіт түрде жау қолына тапсырғаны жаһанның бейбітшілік сүйгіш жұртшылығын қатты таңдандырды. Бүкіл Еуропада 1940 жылдың 22 шілдесінен бастап 1943 жылға дейін Гитлерлік Германияға қарсы шыға алатын күш жоқ еді.  Бұл уақытқа дейін Германиямен Италия, Жапония, одан соң  Венгерия, Румыния, Болгария  және тағы басқа елдер одақтасып үлгерді.

Сол кезде Италияның көсемі диктатор Бенито Муссолини (1883-1943) еді. Ол Пре-даппио мекенінде туды. Жастық шағында социалист болып жүрді. Кейін өзінің фашистік партиясын құрды. Муссолинидің басшылығында  табыссыз аяқталған талай шайқастар оның талантсыз, ұраншыл, жауапсыз адам екенін көрсетеді. Ол Италия халқын иландыру үшін мен «ұлы Рим империясын» Италияға қайтарамын деген жалған ұлтшылдық ұранымен елін сендірді. Ал Италия армиясының жақын тарихына қарағанда 1896 жылғы соғыста Эфиопияның партизандық жауынгерлерінен қатты жеңіліске ұшырағаны, соның салдарынан солтүстік Африканы тастап кеткендері Италияның ұлы держава қатарына кірі алмайтынының айғағы еді. 1918 жылы бірінші дүниежүзлік соғысы өз мәресіне жеткенде Италия біріккен елдер қатарында қатысып жүрген болса да соғыстың олжасынан құр алақан қалды. Оның өзі Италия соғыс кезінде қаншалықты ерлік көрсете алғанын, әрі қаншалықты ұлы державалар арасында беделі бар екенін көрсетті. Италияның осындай өткеніне қарамастан Муссолини жалған уәдемен  «Римнің тарихи империясын» қайта құрамын деп халықты алдап, 1922 жылы Италияның толықтай билігін қолына алды. Ол ұлы империя құру жолындағы қиялмен Британия және Францияның оң қабағын күтіп, 1935 жылдың ақпан айында Италия армиясының екі дивизиясын толықтай жасақтап Эфиопияның шығысында Сомалида орнықтырып, шабуылға шығудың сәтті уақытын күтеді. Сол жылдың қазан айының үші күні Муссолини армиясына Эфиопияға шабуыл жасауға бұйрық береді. Италиялықтар шабуылды он сегіз қолмен екі бағытта бастайды. Бірі- Эфиопияның солтүстік батысы Ливия жақтан, екіншісі- шығыстағы Сомали жақтан жоспарланды. Муссолини әскерлерінің алға жылжуына көңілі толмаған соң армия қолбасшысы генерал Питро Бадоглионың өтінішін қабылдап, майданға жаңа әскерлерін жібереді. Сөйтіп сол жылдың соңына таман Италия қосыны Эфиопияның астанасы Адисабабаға жақындай түсті. Бірақ 1896 жылғы сәтсіздік естеріне түсіп, сескен алады. Жыл өтіп, 1936-шы жаңа жыл басталады. Осы жылдың басында Ливия майданының жеңімпазы, Ливияның күрескері Мұхтар Омарды тізе бүктірген маршал Градзияни оңтүстіктен Эфиопияның әскерін қысымға алып, оларды әлсіреткен соң Бадоглионың әскерлері Адисабабаға сол жылдың мамырында кіруге мүмкіндік алады. Соның өзінде халықаралық заңдарға қайшы улы газдарды пайдаланған. Өйткені  Эфиопияның тұтқындалған көптеген әскері улы газдың әсерінен қайтыс болып, Муссолинидің оңбағандығы әшкереленді. Сол жылдың шілде айында Эфиопияның императоры Һайле Саласи елден қуылады. Бірақ  астанада халық тыным таппай Италия әскеріне үш жыл бойы қарсы шайқасуды тоқтатпайды. Олардың қаһрамандық күресінің құрбандарының саны бес жүз мың шейітен асып түседі. Бәрі бір Муссолинидің басқыншы әскері бес жылдан артық астанада төзе алмайды, соңында Һайле Саласи өз билігіне қайта оралып, 1975 жылға дейін елді басқарады. Италия армиясы осындай өткенімен фашисттік идеясына ұрынып, Эфиопияның бейбіт халқын қанға бояп жалған даңқ іздеп сахараның тыныштығын бұзды. Осыдан кейін Гитлерге одақтас болып қосылды. Одақтас армиялар қатарында 1940 жылы біріккен армиясына «сахара шайқасында» бірінші бетпе-бет келгеннің өзінде қарсы тұра алмай Эфиопиядан қашып шықты. Одан кейінде 1941 жылы Грецияның екінші дәрежелі армиясымен бетпе бет келгенде оған қары төтеп бере алған жоқ. Нәтижесінде оның бос уәделеріне алданып қалған халық біріккен елдердің армиясы 1943 жылы Италияны басып алғанда, оны елдің солтүстігіне барып жаңа үкімет құрғысы келіп жүрген жерінен тұтқындап өлтіре салды.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басында Ресейдегі коммунистік партияның құрушысы әрі басшысы В.И.Ленин (1870-1924) болды. Оның саяси қызметі  Кеңес одағының негізін қалаушы әрі көсемі ретінде адамзат тарихына зерделенетін, зерттелетін күрделі оқиғаларға себеп болды.

Иосиф Жоугашовили Сталин (1879-1953) Лениннің оң қолы, коммунист партиясының төрағасы, екінші дүниежүзілік соғыстың бас кейіпкерлерінің бірі. Грузияда туған, саяси жолы Ленинмен тоғысып, оның өлімінен кейін коммунистік партияның басшысы ретінде Кеңес одағының көсемі болып, соңғы деміне дейін одақты диктаторлық жүйемен басқарған. Сталин ұстанған саясат нағыз жауыздықтың үлгісі болды. Оған мысал - 1929-1933 жылдары Қазақ халқының басты күн көріс кәсібі - мал шаруашылығын әдейілеп жойып жіберуі. Ол үш миллион қазақтың аштықтан қырылып қалуына алып барды. Екіншіден,  қазақтардың Қазан төңкерісіне дейін оқыған зиялы қауымы өкілдерін,  рухани көсемдерін 1936-1938 жылдары қазақтың қаймағы болып саналатын мыңдаған оқымысты қайраткерін, яғни біртуар тұлғаларын қудалап, шейіт етті. Одан кейінгі жылдар психологиялық үрей және кемсіту тәсілдер арқылы Қазақтың ұттық санасын төмендетіп жіберді. Оның зардабын қазақ халқы қазірге дейін шегіп келеді. Қазақ өз ұлттық болмысына күдікпен қарайтыны содан. Міне, Гитлер, Муссолини, Сталин ХХ ғасырдағы ұлы қырғынның ең басты себепкерлері қатарында бір-бірінен асқан жауыз зұлымдық символы ретінде тарих жадында қалды.

Осы тұста соғыстың барысын қалай өрбігеніне көз жүгіртсек соғыс оты не себептеп одан әрі өрши түскен ақиқатына бір табан жақындай түсеміз. Гитлер Голландия, Бельгия, Франция елдерін жаулап алған соң, соғысты одан әрі жалғастыруға құлқы болмады. Сол себепті маусым айында Британиямен бейбіт келісімге келуді ұйғарды. Бірақ Британияның премьер-министрі Винстон Черчил (1874-1965) оның ұсынысымен үзілді-кесілді қарсы болды. Гитлер Черчилдің болымсыз жауабына ашуланып, Британия топырағына ауа шабуылдарын бастап жіберіп, оңды нәтижеге қол жеткізе алмаған соң   жеңімпаз 200 дивизияда топтасқан әскерімен Францияның Дұнкерк портынан Манш теңізі арқылы Англияға шабуыл жасаудан басқа амалы қалмағанын сезді. Гитлер әскері бірінші жорықта Дұнкерк портын жаулап алып, соңғы шешуші шабуылын  1940 жылдың 17-ші қыркүйегінде жоспарлады. Бірақ оны сол жылдың қазан айына дейін кешіктіріп, артынан 1941 жылдың  маусым айы, сосын шілде айына кешеуілдетіп келді. Ең соңында Британияға шабуыл жасаудан  бас тартты. Неге? Өйткені, Гитлер соғыс басталмастан бұрын Кеңес одағымен жасырын түрде келісім жасаған еді. Онда Германия Батыс Еуропада, ал орыстар болса Шығыс Еуропада қалаған жерлерге қол сұғуға ерікті болды. Бірақ қызылдардың әскері 1939 жылдың қыркүйегінде Финляндия, Румыияның шығысы мен Литва, Латвия және Эстония елдеріне шабуыл жасап жаулап алып, 1940 жылдың көктемі мен жаз айларында жорықтарын үдете түсіп, Германияның шығыс шекарасына жақындап қалған еді. Бұл жорықтар Польшаның шығысын жаулаудың алғашқы қадамдары  деп түсінген Гитлер кеңес әскерінің бұндай жедел қимылынан секем алып, Англияға бағытталған шабуылдарын тоқтатып, кенеттен 1941 жылы  Кеңес одағына қарай жорықтарын бастап, бүкіл әлемді таң қалдырды. Тарихи деректер екінші дүниежүзілік соғыстың басты себепкерлері: Гитлер, Муссолини, Сталиннің жауыздықтары бір-бірінен өткен агрессияшыл, қаныпезер болғанын көрсетеді. Олардың соқыр санасынан лаулаған өрт 1939-1945 жылдар аралығында яғни алты жыл бойы әлемнің жүздеген қалаларын, ауылдар мен елді мекендерін күйретті. Елу екі миллион адамның жанын қиды. Оның ішінде төрт жүз мыңға жуық Қазақ халқының қаһарман перзенттері асқан ерлікпен шейіт болды. Алайда , екінші дүниежүзілік соғыс ұлт пен ұлттар арасында болған соғыс емес-ті. Бұл соғыс адам болмысындағы жауыздық пен шапағат күштерінің айқасы еді. Ол соғыс келешекте өмірге келетін адамзатқа жауыздық пейілінің қорқынышты бейнесін көрсете алатын айнасы іспеттес еді. Сол соғыстың нәтижесі ретінде адам баласы жаратылысындағы соқыр саналы жауыздық пейілін терең тани алмаса ел билігін қанішер басшыларға тапсырып жатса өз таңдауының зардабын өткен соғыстардан да ауырлау көретінін тарих бойында болған соғыстардың нәтижелерінен көре алады. Себебі адам баласының жауыздық пиғылы, зұлымдық әрекеті тізгінделмесе адамзат өмірін жоятын қарулары да күшейіп бара жатыр. Ондай жойқын қарулар қатарына химиялық және ядролық қарулар жатады. Аталған қарулар адамзаттың жауыздық шайтаны оянған кезде қара не ақ демей бүкіл тіршілік атауын жойып жібере алатыны анық.

Адамзат тарихындағы тарихи оқиғалар тікелей адам баласының тағдырымен ұштасып көрініс тауып отырады. Ленин тарих сахнасына шығып, мемлекеттердің одағын құрды. Сол одақ өз кезегінде  бірінші және екінші дүниежүзілік соғыста қайшылықтарға толы нәтижелердің туындауына себеп болды. Біріншісі - Ленин жаңадан құрылған Кеңес одағын Біріккен елдер қатарынан шығарып, Османлы халифатының орнына Түркия республикасының құрылуына негізгі себептердің бірі болды. Екіншісі- Гитлер бастаған жойқын күштің толқынына төтеп бере алатын одақтың құрылуына себеп болды. Үшіншісі - Орталық Азияда жеке мемлекеттердің пайда болуына негіз қалады. Төртіншіден - адам баласының ішкі қайшылықтары оның қоғамдық өміріне айналып, қанқұйлы шайқастарға жол ашатынын көрсетті. Бесіншіден - тарихта  болған соғыстар адамның пиғылынан туып, санасымен жоспарланып, қолымен іске асатынын байқатты. Сондықтан адам тағдырының мәйегі адамның болмысында жатыр, сол себепті оның жойқын күшін ауыздықтау да адамның қолынан келеді деген ұғымға саяды. Яғни адамзат өмір сүруге қандай қоғам таңдайды, сондай қоғамның жемісімен қоректеніп тіршілік етеді. Себебі Алла тағала адамды адамға мұқтаж етіп жаратты, сол үшін де адамда қоғамның тағдырына бей-жай қарап өмір сүру мүмкіндігі жоқ. Адамзат тағдыры отбасылық қоғамынан әлемдік қоғамына дейін біртұтас тағдырды құрайды. Ал қоғамдық тіршіліктің де өзіне тән заңдылығы бар.

Жалпы алғанда екінші дүниежүзілік соғыс адамзаттың көптеген саяси, экономикалық, психологиялық, қоғамдық қырларының сырын жайып салды. Мәселен, Америка 1941 жылдың желтоқсан айында ресми түрде біріккен елдерді қолдайтынын жария етті, ал 1942 жылдың қараша айында іс жүзінде соғысқа белсене кірісті. Бұл оқиға әлемнің саяси сахнасында жаңа саяси  көшбасшының пайда болғанын жария етті. Өйткені  Жапония Шығыс Азиядағы елдерді өзіне бағындыру үшін XIX ғасырдың соңына таман Американың сол атырапта бой көрсетіп жүргенін бақылып отырған. Американың соғысқа араласуын сылтауратқан Жапония 1941 жылы желтоқсан айының 7-нде Гаваи маңында Американың ең қуатты әскери базасы орналасқан Перл Харберге тұтқиылдан ауадан шабуылдап судағы кемелерімен қоса 188 соғыс ұшақтарын жойып жіберді. Бірақ соған қарамастан Америка Жапонияға шабуыл жасаудың жаңа әзірлігіне кірісіп кетті. Бұл оқиға Американың экономикалық зор қуаты бар, жаңа ұлы держава екенін байқатып үлгерді, сондай-ақ бұл елдің асқан байлығы мен дамыған технологиясы олардың әлемді басқарудағы саяси психологиясына елеулі әсері болды. Соның бір айғағы - 1942 жылдың 11-ші наурызында Филипин аралдарын бомбалаған Жапонияның әуе күштерінің Америка армиясы орналасқан аралын тастап кетуге мәжбүр болуы. Сол кезде Американың жеңіліске ұшыраған әскери күштерін басқарған қолбасшы генерал Мак Артур Дуглас (1880-1964) еді. Ол өз елінің байлығы мен жасампаздығына сенгендіктен Жапониядан жеңілгеніне намыстанып, тәкаппарлана: «Тәрк еткен аралды тез арада Жапониядан тартып алам, жапондықтарды  ендігәрі соғысты бастауға арман етпейтін етіп өлтіре беремін, сөйтіп олардан кек аламын», - деп ант еткен. Осы жеңілістен он жыл өткенде генерал президент Д. Айзенховерден (1890-1969) Қытайды атом зымырындарымен бомбалап, жермен жексен етуге бұйрық беруін өтінген еді. Әскери қолбасшының бұндай ойы менменшілдік пиғыл адам баласын асқан қаталдыққа алып бара алатынын көрсетеді. Соғыс адам психологиясын асқан жанкештілікке де тәрбиелей алады. Оған мысал ретінде, 1944 жылдың шілде айында америкалық әскер тасымалдау кемелерінің Филипин аралында суға кетуін алуға болады. Майдангерлерін қолдауға бара жатқан жолында жапондықтардың әуе шабуылына тап болған американдықтар басында жапондықтарға қарсы оқ жаудырып, ұшақтарының бетін қайтара аламыз ба деп ойлады, бірақ жапон ұшқыштары борандай жауған оққа қарамай кемелердің мұржаларын нысанаға алып, кемелерге соқтығып құлап жатты. Соның салдарынан мыңдаған американдық теңіз әскерлері өлім құшты. Жапондықтардың бұндай көзсіз батырлығы  «камикадзе» атаумен тарих жадында қалды. Жапон елінің тарихында «камикадзе» (киелі дауыл) деген ұғымды білдіреді. Жапондықтардың арасында аталған терминнің пайда болуы Шыңғыс ханның ұрпағы Құбылай ханның 1257 жылы хан тағына отырып, Қытай, Корея, Индонезия, Үндістан елдерін жаулап алғаннан кейін  Жапон аралын да жауламақ болып, мыңдаған соғыс қайықтар мен кемелерді дайындатып, Жапон еліне қарай жорыққа шығады. Бұл хабарды естіген жапондықтар қатты үрейленді, бірақ сол кезде теңізде дүлей дауыл тұрып Құбылай ханның соғыс кемелерін тас құздарға соқтықтырып мұхит тұңғыйығына батырып жіберді деген  хабар жапон халқын қатты қуантады. Сол оқиғадан кейін жапондықтар «камикадзе» дүлей дауылды өздерін жаудың шабуылынан құтқарушы деп кие тұтады. Ғасырлар өте аталмыш атау жапон жауынгерінің көзсіз батырлығын көрсететін бейнелі сөзге айналған. Екінші  дүниежүзілік соғыстың маңызды оқиғаларының бірі - Американың Жапонияны атом зымырандармен бомбалауы еді. 1945 жылы тамыз айының 6-нда сағат сегіз он үш минутта ұшқыш Пол Тибецз B29 ұшағымен Хирасима қаласына атом бомбасын тастағанда, бомба жер бетінен  600 метр биіктікте жарылып, 1200 шақырым жылдамдықпен лаулаған отты шар қаланы жермен жексен етті. Онда жиырма мың әскер, жетпіс сегіз мың бұқара халық қаза тапты, он төрт адам із-түзсіз жоғалып кетті.  Кеңес одағы бұл оқиғаны пайдаланып, тамыздың 8-нде Жапонияға қарсы соғыс ашып, Сахалин аралдарын жаулап алды. Бір күннен кейін Америка жапондардың Нагасаки қаласына екінші атом бомбасын тастап, қырық мың бейбіт халықты жер жастандырды. Сөйтіп, АҚШ Жапонияның Һуншо, Һукайдо, Киошо атты  аралдарын да атом бомбаларымен күл талқанын шығарды. Осылайша генерал Мак Артурдың кегі алынды. Бұл оқиғалардан кейін кеңестік қызыл әскерлер әлсіреген Жапонияның солтүстігіне қарай бет алды. Жапон үкіметі өтіп жатқан оқиғалардан жағдайды одан әрі ушықтырмау мақсатында тамыздың 15-нде жеңілгенін толық мойындап, қол қоюға мәжбүр болды. Тынық мұхиттағы соғыс төрт жылға созылып, миллиондаған адамның өліміне, жүздеген қаланың күйреуіне алып барды.  Бұл оқиғалар  әскери тұрғыдан алғанда XIX ғасырдың соңғы кезінен бастап ұлы державаға айналған Жапония мен кәрі империя Англияны  да Америкадан кейінгі екінші қатардағы елдер санатына төмендетіп жіберді. Америка мен Жапония соғысынан кейін АҚШ бүкіл әлемге атом қаруымен ерекшеленетін ең күшті мемлекет екенін байқатты. Америка түптің түбінде Жапонияны жеңе алатынын біле тұра ол елді аяусыз бомбалағаны әлем жұртшылығын таң қалдырды. Екінші жағынан,  жаһанның жаңа жойқын қарудың дүниеге келгенін хабарлағандай сыңай танытты. Үшіншіден, Америка өзінің мемлекеттік мүддесіне келгенде ешқандай қарудан  бас тартпайтынын дәлелдеді.

Екінші дүниежүзілік соғысқа белсене қатысқан Германия, Англия, Ресей, Жапония, Америка өздерінен әлсіз елдерді жаулап алып, өз бодандарына айналдыру үшін өзара бәсекеге түсіп жатқаны анық көрініс тапты. Жалпы алғанда, соғыс адам болмысының биологиялық және рухани сұранысынан туындағандықтан оның рухани және материалдық екі себепке негізделеді.  Руханиятты ту еткен соғыстар жеңісінен кейін ол әскердің қорғауын қажет етпейтініне ислам жолындағы ғазауаттар дәлел болады. Өйткені мұсылмандардың жеңісі тек қана әскери күшке сүйенер болса, саны  шектеулі мұсылман жауынгерлері Иран, Рим, Түркі сынды үлкен империялық күштерді әскери күшпен ұстап тұра алмас еді. Сондықтан ислам дінінің рухани күшін күні бүгінге дейін адамзат өзіне керек етіп, одан пана іздеп, оны қорғап келе жатыр. Ал әскери-жаугершілік күшке негізделген соғыстардың жеңісі ұзаққа бармай күйреп кете береді. Оған аз уақыт аралығында Кеңес империясының құрылып, сондай мезгілде шаңырағы ортасына түсіп күйреуі және гитлершіл Германияның Еуропаны тез арада ойсырата жаулап алуы мен  найзағай жарқылындай дыбысы ғана қалып жоғалуы сөзімізге дәлел бола алады.

Қорыта келгенде, біз соғыстың шығу салдарын тани алатын болсақ, соғыстың болу қаупінен тезірек құтыла аламыз. Қазіргі заманда көңіл бөлуге зәру мәселенің  бірі - соғыстың жеңімпазы болмайды деген қағиданы басшылыққа алу. Екіншіден - соғыстың болдырмау философиясын түсінгенімізше адамзат тіршілігін тұтастай жоя алатын химиялық және ядролық қарудан бас тарту болып табылады. Сондықтан  еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2010 жылы 13 сәуірде АҚШ-тың астанасы Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте сөйлеген сөзінде: «Орталық Азия аймағы аясында Қазақстан ядролық қауісіздікті нығайту, ядролық материалдардың таралауына жол бермеу және ядролық ланкестікпен күрес жөнінде өңірлік іс-қимыл жоспарын әзірлеуге бастамашы болды. Осы тәжірибені әлемнің басқа өңірлеріне де тарату орынды болар еді», - дей келе «Бүгінде баршаға ортақ ядролық қарусыз әлем деклаларациясын болашақта қабылдау туралы мәселені талқылауды бастайтын уақыт жетті. Біздің саммит шешімдерін өрістету мемлекеттер көшбасшыларының қолында тұр және біздің әрқайсымыз бөлшектенген атом әлемді бөлшектеп жүрмеуі үшін жауапкершіліктің өз үлесін мойнына алады» - дегені   бейбітшілік сүйгіш Қазақстан халқының ой-арманын, қазіргі заманғы дүниетаным-қөзқарасын айқындайтын және   әлем жұртшылығын бейбітшілікке шақырған зор азаматтық үн болды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.Бділәзим Резаи, Иранның мың жылдық тарихы, II томдық. - Теһран: Иқбал, 1388.

2. Мұхаммед Мүйін, Фәрһәнг Фарси. VI томдық. - Теһран: Әмир Кәбир, 1371.

3. Әли Ғәфури, Тарихтың жүз ұлы соғысы. - Иран: Һирмәнд. 1388. - 723 б.

4. Игнасио Улагоие, Испаниядағы жеті ғасыр сүрлеуіндегі Ислам өркениеті, -Иран: Шәбавиз, 1365. - 444 б.

5. Қазақстан ұлттық энциколопедиясы. X томдық, - Алматы. 2000-2007.

6.Әли Кемал Мерам. Түрік - Орыс байланыстарының тарихы. Истанбул, 1969. - 470 б.

7. Раһим Реисния, Иран мен Османлылар XX ғасыр табалдырығында, II томдық. -Теһран: Мәбна. 1385.

8. Егемен Қазақстан. 2010. 13-14 сәуір.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321