ҰСЫНЫС: КУЛАГИННЕН БАСТАП, ЖОЛДАСБЕКОВКЕ ДЕЙІН...
(Жер реформасы жөніндегі республикалық комиссияның төрағасы Б.Сағынтаевтың және комиссия мүшелері Дос Көшімнің, Жанұзақ Әкімнің, Айдос Сарымның, Мұхтар Тайжанның назарына!)
Ең алдымен айтып қояйын, өз басым жерді шетелдік компанияларға жалға жеруге де, қазақстандықтарға сатуға да түбегейлі қарсымын!
Жер реформасы жөніндегі республикалық комиссияның Көкшетау қаласында өткен кезекті отырысында Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннен комиссияның мүшесi Мұхтар Тайжан нақты қанша жері бар екенiн айтуды өтiндi. «Барлығы бүгiнде 80 мың гектар егiстiк жер бар», - дедi Сергей Кулагин.
Ал, "DalaNews.кз" сайыты "Кейбір деректерде Кулагиннің жері миллион гектарға таяу екені айтылады" -деп жазыпты.
Комиссияның тағы бір мүшесі Мырзатай Жолдасбеков ақсақал Жерді шетелдік компанияларға жалға беру және қазақстандықтарға сату туралы: «Мен ойлаймын, басымызға соншама не күн туды өзі? Осы жер қазақтың жері ғой. Жігіттер айтып жатыр ғой, қалада тұратындарға 10 сотық жер берсе, анау ауылда тұратындарға 25 сотық жер өзіне берсе. Мына қарапайым халық заңнан қорқып тұрған жоқ, заңсыздықтан қорқып отыр. Әбден запы жеп қалған, опық жеп қалған бұлар… Біледі кімнің алатынын. Баяғы байығандар алады, сосын билік басындағылар деген сияқты» -деп, емешегі езіле отырып, өз алаңдаушылығын білдіріпті.
Ал, енді сол Мызекеңнің 2004 жылы 27 қыркүйекте жазған күнделігінен мына бір үзіндіні оқып көрелік.
«Ауылда алты күн жатып, 21 гектар шабындықты қоршаттым. Әрбір 3.5м. сайын металл труба тіктедік. Бас-аяғы үш шақырымнан артық ұзындыққа ұя қазып, трубаны бетонға орнату, белінен үш қабат сым орап, оны бекіту оңайға түскен жоқ. Екі күнде-ақ бітіремін гой деп қаладан төрт жігіт жалдап, жеткілікті болсын деп 4 тонна цемент, әрбір бұрылысқа мықты болсын деп орнату үшін 16 жуан труба алып келдім. Жер қатты, ұясын қазу оңайға түспеді. Сөйтіп, таңның атысы, күннің батысы алты күн жүрдік» (Мырзатай Жолдасбеков, «Күндерімнің куәсі» кітабы, 261-бет. «Күлтегін» баспасы, 2007 жыл).
Демек, көріп отырсыздар, ақсақалдар, байығандар мен билік басындағылар 80 мың гектардан бастап, 21 гектарға дейінгі жер телімдерін әлдеқашан алып, ұшқан шыбын кірместей етіп қоршап қойған.
Дүиені астаң-кестең етіп бүлдіретін, мемлекеттің іргесін шайқалтатын, адамдар арасына ала мысық жүгіртетін - осындай жойқын ТЕҢСІЗДІКТЕР!
Сол үшін енді не істеу керек?!
Міндетті түрде мемлекет көлемінде Сергей Кулагиннен бастап, Мырзатай Жолдасбековке дейін түбегейлі ЖЕР РЕФОРМАСЫН жүргізіп, «ЖЕР ТУРАЛЫ» Заңды қайта қараған дұрыс!!
Ол үшін ең алдымен Жер реформасы жөніндегі республикалық комиссияның ендігі отырысында комиссияның төрағасы, Қазақстан Респубиликасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мырзадан бастап, Жанарбек Әшімжанға дейінгі комиссияның 75 мүшесі өздерінің меншігінде нақты қанша гектардан жеррі бар екендігін халық алдында ашық жариялауы тиіс!
Сосын 10 гектардан артық жері бар бүкіл қазақстандықтар анықталуы тиіс! Содан кейін барып, «Жер туралы» Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізсе кіріске әбзал.
Енді «Жер туралы» Заңға байланысты нақты ұсынысымды айтайын.
1. Жер мемлекеттің меншігінде болу керек;
2. Жерді тек бір ғана мекеме – Ауыл шаруашылығы министрлігі немесе Ұлттық экономика министрлігі басқарсын;
3. Аудандар мен ауылдарға өзіне қарасты жерді өзі басқаратын құқық берілсін;
4. Жерді тек әр аудан мен ауылдың тұрақты тіркеуде тұрған тұрғындары ғана ұзақ мерзімге жалға ала алатын болсын;
5. Аудандар мен ауылдар өз жағдайларына, жер көлеміне қарай отырып, азаматтарға берілетін шаруашылық және жайылымдық жер көлемінің ең төменгі және ең жоғарғы көлемін, мемлекет белгілеген өлшемді негізге ала отырып, өздері белгілесін;
6. Барлық ауылдар мен аудандардың шаруашылық және жайылымдық жер көлемінің ең кемінде 10 пайызы шеттен көшіп келетін оралмандарға қорға қалдырылсын;
7. Жер отандық компанияларға жалға берілген жағдайда, ол компания мемлекет белгілеп берген өлшемге сай етіп сол жерге иелік ететін ауылдың инфрақұрылымын дамытуға міндеттелсін; 8. Егістіктің ауылдан алыстығы, аз болғанда, 50 км.-ден кем болмасын;
9. Жерді қазақстандықтарға ұзақ мерзімге жалға алға берілген соң, ол отбасының сол мерзім біткенге дейінгі аралықта туған баласына жер берілмесін, қайтыс болған адамының жері қайтарылып алынбасын, ұзатылған қыздың жері төркінінде қалсын!
10. Қазақстан Республикасының азаматтығын беру туралы Заң, міндетті түрде, қайта қаралып, этникалық қазақтардан өзге ұлттарға азаматтық беру тәртібі қатаңдатылсын!
Ескерту: Ұсыныс тағы екі тармақпен толықтырылды.
Ауыт Мұқибек
04.06.2016
Астана
Abai.kz