Сенбі, 23 Қараша 2024
Талқы 5521 0 пікір 1 Маусым, 2016 сағат 15:54

ЕАЭО КЕҢЕСІ: ПУТИН ОРТАҚ АҚПАРАТТЫҚ КЕҢІСТІК ҚҰРУ ИДЕЯСЫН ҰСЫНДЫ

Елордада өткен Еузариялық экономикалық одақ басшыларының кезекті кеңесі аяқталып, бес елдің президенттері ЕАЭО-ның қазіргі беталысына баға берді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының ресми сайты хабарлады.

Сонымен, Астанада өткен жиынға одаққа мүше бес елдің басшылары: Нұрсұлтан Назарбаев, Серж Саргсян, Александр Лукашенко, Алмазбек Атамбаев және Владимир Путин қатысты. Астанадағы алқа-қотан жиында Еуразиялық экономикалық одақты дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары қарастырылған.

Сонымен, алыс-жақыннан жиылған ескі әм жаңа одаққа мүше ел басшылары ЕАЭО-ның алғашқы 2 жылдық жұмысы туралы ойларын ортаға салды. Біреулері ЕАЭО-ның келешегіне үміт білдірсе, енді біреулері «ЕАЭО-ға мүше болғаннан тапқан пайдамыз жоқ» деді.

Кеңесті өткізуші мемлекеттің басшысы ретінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы ЕАЭО туралы келісімнің жасалғанына екі жыл толуымен құттықтай келе, бүкіл әлем бойынша экономикалық бірлестікке мүдделілік артып, ЕАЭО-ның халықаралық байланыстары барған сайын қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

«Бұл құжатқа 2014 жылғы 29 мамырда Қазақстан, Ресей Федерациясы және Беларусь елдері осында, Астанада, қол қойды. Қысқа уақыт ішінде біздің қатарымыз Армения және Қырғызстанмен толықты. Құрылғанына аз ғана мерзім өткенімен және бастапқыдағы экономикалық қиындықтарға қарамастан, бүгінде ЕАЭО толыққанды интеграциялық бірлестік ретінде қалыптасты деп сеніммен айтуға болады. Экономикаларымызды жақындастыру ісі енді  ЕАЭО туралы келісімде белгілеген жоспарлар мен мерзімдерге сәйкес жүзеге асырылуда. Үкіметтер және бизнес қауымы бір-бірімен ынтымақтасудың қажетті тәжірибесін жинақтап жатыр. Өзара іс-қимылдың ішкі мәселелері негізінен  регламенттелді. Қойылған міндеттер мен одақ қызметі қағидаттарының жүзеге асырылуы мемлекеттеріміздің экономикасына қуатты серпін беретініне сенімдімін», – деді Мемлекет басшысы.

Ал Беларусь Президенті Александр Лукашенко ЕАЭО-ның жұмысына көңілі толмайтынын жеткізіпті.

«Өкінішке орай, біз әуелде жоспарлағандай одақтас мемлекеттердің бәрі бірдей дамып кеткен жоқ. Кейбірінің экономикасында өсім көрсеткіші әлі күнге дейін тұралап тұр. Проблема шешілмеген күйі тұр. Осындай өзекті мәселелердің бірсыпырасын бүгін талқыладық. Ең әуелі біздің қол жеткізген теориялық жетістіктерімізді іс жүзінде жүзеге асыру қажет»,-дейді Александр Григориевич.

Сондай-ақ, Лукашенко ЕАЭО-ның жұмысының ілгері баспауының нақты себебі мыналар деп көрсетіпті:

  1. Одаққа мүше ел басшылары қағаз жүзінде келісімдерге келгенімен, осы жобаларды жүзеге асыру мәселесі сол қалпы қалып отыр.

  2. ЕАЭО кеңістігіндегі қойылып отырған шектеулер өзгерусіз, қалпында қалды. ЕАЭО-ға мүше елдерге ортақ теңдей құқықтық жағдай әлі жасалған жоқ.

  3. Оның үтіне келісімге қол қойғаннан кейін, еліміздегі тауар айналымы құлдырауға ұшырады. 2012-2013 жылдары Беларусияның жылдық тауар айналымы 65 млрд доллар болса, 2015 жылдың қорытындысы бойынша, бұл көрсеткіш 45 млрд долларға дейін кеміген. Демек, ЕАЭО келісімдерінің көп тетіктері біздің еркін жұмыс жүргізуімізге кедергі келтіруде. Ұтқан кім, ұтылған кім?

Ал экономикалық интеграцияға соңынан қосылған Қырғызстанның Президенті Алмазбек Атамбаев ЕАЭО аясында қолдан жасалған қиындықтар бар екенін айтты.

«Қырғызстанның Еуразиялық интергацияны қолдап, ЕАЭО-ға кіру жөнінде келісімге қол қойғанына тура бір жыл өтті. Интеграцияның қырғыз-қазақ шекарасынан кедендік бақылаудың алынып тасталуы, Ресейде және ЕАЭО-ның өзге елдерінде мигранттардың жағдайы жақсарғаны секілді оң нәтижелерге қарамастан, бірнеше проблемаларды атап өткім келеді. Бұлар теміржол тарифін біріңғай сәйкестендіру, қырғыз картобын Қазақстанға әкелуге шектеу қою, қырғыз-қазақ шекарасында ветеринарлық бақылауды және Ресей және өзге аймақтарға тауар транзитін алып тастау», - деді Атамбаев.

Ал Ресей Президенті Владимир Путин Еуразиялық одақ аясында ортақ ақпараттық кеңістік құру идеясын  ұсынған.

«Одақ аясында біртұтас ақпараттық кеңістік құрудың болашағы зор. Бұл үшін Еуразиялық комиссия арнайы тұжырымдама дайындап, тиімді жоба ұсынуы тиіс. Сонымен қатар 2019 жылға қарай ортақ ақпараттық нарықты қалыптастыруымыз қажет», - дейді Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин.

Жақында қоғам белсенділері мен зиялы қауым өкілдері, әлеуметтік желі қолданушылары Қазақстандағы кейбір ресейлік арналардың хабар таратуын шектеуді ұсынғаны белгілі. 

Нұрзат Тоғжан

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5369