КОММУНИЗМГЕ "ЖЕТТІК", КӨРДІК ТЕ...
...Иә, иә, 20 жыл бұрын ғана "Алматыкілем" дүркіреп тұрған! Жұмысшысына жатақхана, жұмысының ауыр-жеңілдігіне қарай бір стақан сүт пен бір корждан бастап, бір айға жеткенді қойып артылып қалатын өзінің ішіндегі асханадан қалағаныңша, әрі қарның жарылғанша ішетін түстік пен ауысымға орай кешкі ыстық ас берілетін. Тегін!
Сенбі күні жұмысқа шықсаң, дүйсенбі сол күнгі ақшаңды алатының тағы бар! Айлық уақтылы. Шипажайға барам десең, жолдамасының жарты құнын да фабрика төлейді, жолың ашық. Ауыра қалсаң, медпункті ішінде, ауруханаға жатсаң - жылына бір берілетін материалдық көмегің бар. Жоспарыңды асыра орындасаң, онсыз да кейбір мемқызметкердің түсіне кірмейтін айлығыңның үстіне қосылар үстеме ақың және бар. Балаң бар ма, фабриканың өзінің ведмостволық балабақшасы бар. Ақысы қалалық балабақшадан төмен, ас мәзіріне дейін өзгеше. Кітапханаға барғың келе ме, ол да ішінде - күнделікті мерзімді басылымнан бастап, "Абай жолы"-ымен жүріп, "Тар жол, тайғақ кешу"-ден өт те, "Мөлдір махаббат"-ыңды жолықтыр. "Ақиқат пен аңыз", "Махаббат мейрамы" да - сонда. Соншама бай құндылық сол фабриканың ішінде еді, бұны жазып отырған пақырыңыз кітапханадан шықпайтын...
Айтпақшы, жұмыста киер киімге де бас қатпайтын, жылына екі рет халат, басқа тартатын орамал мен фартук береді. Бірдей халат кигенді өзімізше менсінбей, ақша жетеді, әдемісін сатып ап киіп әлгі халатты ауылдағыларға жіберетінбіз. Ол - ол ма, жатақханадағы төсек-орынымыз жұқа-қалың көрпесімен берілгені аздай, сейсеп пен көрпе-жастықтың тысын екі аптада бір ауыстыратынбыз! Оны да біз үшін біреу жуып беретін! Бастысы, жастар баспаналы болудан үмітті болатын! Коммунизм бе? Коммунизм!
Бұл сөзді Кеңес одағының октябрят, пионер, комсомол, коммунист болған кісілері түсінбесе, "нұрланған" жастар ұқпайды. Коммунизм деген - оларға түсінікті тілде жеткізсем, ертегі, қиял-ғажайып ертегі десеңдер тағы өздерің біліңдер. Әлгі мен "жақсы" көретін қысқа балақ, қара жамылғандар көксейтін жаннат сол ма деп ойлаймын кейде. Тіршілігіңде сонша жағдай жасалған соң, салыстырмалы түрде айтсам, бұл жаннат емей не?! Жоқ, өткенді көксеп те, аңсап та отырғам жоқ, бірақ ол кезеңді жамандамаймын да. Базбір зиялы жазушылардың КО кезінде алмаған атағы жоқ, қаламақыны да күреп тапқан, шипажайда демалған, сөйте тұра бүгінде өзін далаға тастамаған сол кезеңді "қызыл империя" деп жаратпай, қиянат қана көргендей сөйлейді. Ал мен тек сағынып, әрі бүгінгі жұмысшыға да осы жақсылық жасалса деп армандап жүрем! Өйткені ӨТКЕНГЕ ТАС АТСАҢ, БОЛАШАҚ САҒАН ОҚ АТАДЫ.
Иә, иә, алматылық жұмысшы жастардың 70-80 пайызы осылай өмір сүрген, осыны көрген, сөйтіп жүріп сырттай ЖОО-ларда оқыған да! Неге сонша көп пайыз дерсіз, саусағыңызды бүгіңіз де санаңыз: "Алматыкілемнен" бөлек, Поршень", "Ауыр машина жасау" (АЗТМ) зауыттары, "Жетісу" (аяқкиім) мен атақты "Тұскиіз" фабрикалары, "Қарғалы" шұға комбинаты... "Алматы мақта-мата комбинаты" (АХБК) аймағын білесіздер, қожайыны кім екені де жеңгейлердің "Ауыз" атты радиосынан белгілі. Керек десеңіздер сол АХБК-ның жеке Мәдениет сарайы да болған! Әлгі мен айтып отырған 70-80 пайыз осыдан шықты!
Иә, иә, болған бізде! Бәрі болған!
(жалғасы бар).
Айгүл Болатханқызы
Facebook-тегі парақшасынан