Алматыда «Aragosta» дәмханасы өртенді
Алматыда Розыбақиев көшесі 72 Б мекенжайында орналасқан «Aragosta» дәмханасы түгі қалмай жанып кетті, - деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Дәмханадан өрт шыққанын көрген куәгер таңғы сағат 05:25-те «101» нөміріне хабарласады.
«Дәмхананың шатыры отқа оранған. Қызыл жалынның дәмхана іргесіндегі ғимараттарға таралу қаупі туған. Тілсіз жауды сөндіру барысында 3 газ (50л) және 2 көмірқышқыл баллоны қауіпсіз жерге шығарылды. Жалын 1200 шаршы метрді шарпыған. Тілсіз жау 06:43-те ауыздықталды», - деп мәлімдеді Алматы ТЖД-дан.+
Ведомстводан мәлімдегендей, оқиға орнына келген өрт сөндірушілер сол маңнан бірнеше өрт сөндіргіш тауып алған. Белгілі болғандай, таңғы 04:45-те күзетші дәмхананың өртеніп жатқанын байқап, өз бетінше сөндіруге тырысыпты. Өрт сөндірушілер келгенге дейін жалын үлкен аумаққа таралып кеткен.
Полиция қызметкерлері жақын маңдағы 9 қабатты тұрғын үйден 40 адамды эвакуациялады. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Өртті сөндіруге ТЖД «ӨСҚ және АҚЖ» ММ жеке құрамының 80 адамы мен 19 дана техника жұмылдырылды.
Абай-ақпарат