Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 4650 0 пікір 20 Мамыр, 2016 сағат 19:14

БІЗ НЕГЕ УАТСАПҚА СЕНЕМІЗ?

Яков Перельманның «Қызықты физикасында» мынадай дерек бар: 50 мыңдық тұрғыны бар қалада қауесет 2-2,5 сағатта тарайды. Бұл ебірей ол қайтыс болғаннан кейін 34 жылдан кейін Киевте туатын келесі ебірейдің жаңалық ашарын, әрине білмеген. Ян Кумды айтамын, Уатсапты ойлап тапқан... Себебі, Уатсап – бүгінде еліміздің басты БАҚ-ы. Онымен тараған ақпарат республиканы ары кетсе бір сағатта айналып шығады.

Сонымен, біз Уатсапқа неге сенеміз?

Біріншіден, интим факторы. Өткенде Әбдісамат Әбдіш бауырым айтқандай, «смартфон – адамның он үшінші мүшесіне айналғанына» келісетін шығарсыз. Оны жастанып ұйықтаймыз, жүрек тұсына алып жүреміз, әжетханаға алып кіреміз. Мүше болған соң, ол интимді. Интим болған соң оған ешкімді жолатпайсыз, қолына бермейсіз, құпиясөзіңізд жасырасыз. Енді сол он үшінші мүшеңіздің адресін тауып Уатсаптан сізге хабар келгенде, ол бірден сіздің толық махаббатыңызды жаулап алады. Қауесет болсын, шыңдық болсын, «міне, бұл менің телефоныма келген жазба, дәл маған арналып жазылған, дәл мені ескертіп отыр, тек маған келді» деген өзімшіл импульс мидың басқа қызметтерін жауып қалады. Сенесіз, қысқасы.

Екіншіден, персонификация факторы. Қазір Ресейдің БАҚ-тары «Саха феноменін» жарыса жазып жатыр. Сонда Саха республикасында 300 мыңдай адам тұрады десек, солардың ересектерінің 90 пайызы Уатсапқа байланған, оның ішінде әрқайсысы орташа 13 топқа, ең көбі 79 топқа жазылған екен. Бүкіл ақпарат Уатсаппен тарайтын болғандықтан, амал жоқ, депутаттары Уатсап-қабылдауларын ашқан, саха газеттері Уатсаптан жаңалықтар тізбесін жариялайды, банктер мен қоғамдық ұйымдар өз чаттарын ашып алған. Бұны неге айтып отырмын дейсіз ғой, бізде сол Сахадан кем соқпай тұрмыз. Әрқайсымызда «Отбасы», «Әріптестер», «Кластастар 79», «Ауылдастар Жымпиты», «Қыздарики Ух Ты», «Жігіттер» деген секілді кемі он топ бар. Бәрімен әйтеуір бір туыстық, әріптестік, достық, құрбылық байланыс жалғап тұр. Сондықтан, ол жақтан келген қандай ақпарат болса да, сіздің оған «Егемен Қазақстан» мен «Ақордадан» гөрі сену пайызыңыз өте жоғары. Себебі, оны сізге танысыңыз, досыңыз жібергендіктен, ақпаратты тексеру, сабырға келу, суық ойлау дегеннің бәрін эмоциялық деңгейдегі таныстық бұғаттап тастайды. Сенесіз, қысқасы.

Сондықтан да, уатсап арқылы таралатын қауесет, үндеудің қаупі өте зор. Ол тура жүрегіне қадалған улы жебе секілді, бір оқыдың, бітті, сендің, енді сені райыңнан қайтару қиын. Мұның бәрін неге созып отырмын десей, ертең алаңға шығайық деп «қиыла» сұраған үндеуден Уатсап толып кетті. «Мынау рас па?», «Ал мынау жазба ше, жігіттер жиылып отырмыз, тоқтамға не айтасыз?» деп әр жерден намысты жігіттер де жазып жатыр. Сонымен, менің жауабым мынадай.

Ең көп таралып жүрген үндеудің бірі Қуаныш Мұқтай ағамыздікі. Сөлін сыққанда мынадай, Ақмола облысында әкім Кулагин Шэньси провинциясының басшыларына жерді жалға беруге көніпті. Көнгені былай тұрсын, Қытай сол жердегі жұмысшылардың 80 пайызы қытайлық болсын деп талап етіпті. Осы бары. Келіскен-келіспегені белгісіз. Заңға қарасақ, жүмысшылардың ары кетсе 10 пайызы ғана келімсек болса, рұқсат. Оның өзі квота бойынша бір жылдан кейін елден кетуі тиіс. Енді қызығы, сол Қытайдың жұмысшылар туралы талабын жеткізген «Астанадағы бір адам» (источник), хабарлаған Мұхтар Әбіләзовтың жемсауындағы «Республика» газеті. Шыны керек, жеткізген-мыс, хабарлаған-мыс адамдарға деген сенімім нөлден төмен. Бірақ, оны қарап жатқан біз бар ма, «қытай қаптайды, 80 пайыз, билік соған жол берді» деген тезистерді жұтып қойдық.

Адамдарда эмоция ұрып тұр. Жалпы, жалған ақпараттың ең бірінші мақсаты – сізді ойландыру емес, сізде ашу-ыза туғызу. Қолыңыз қалтырап отырып, сол жазбаны келесіге жіберу, асханада мәжіліс шақыру, ауыл «шарайнасында» тақырыпқа көтеру, сөйтіп сәл шырпы тастаса, жанып кететіндей бапқа жеткізу....

Енді мына жазба ҰҚК, әскер, полиция, ОМОНдағы барша азаматтарға арналыпты. «Сіздер ең бастысы, ҚАЗАҚСЫЗДАР! Сіздер 21-інде халық жағына біртұтас өтсеңіздер, билікті қорғайтын адам қалмайды... Билік дегеніміз кім? Бас-аяғы 500-100дай ғана адам билік басында. Халыққа қарсы оқ атпаңдар. Бізді ұлт ретінде жою БИЛІКТІҢ бас политикасы... Ал қара қытайға құл болып қалатын мына сіз бен біз... Егер осы биліктің осы қу политикасына берілмесек, бүкіл әлемге ҚАЗАҚ екенімізді дәлелдеп шығамыз! Өз үкімет билігімізді құрамыз! 21-інен бастап Қазақстанның ҚАЙТА ӨРЛЕУ ДӘУІРІ басталады. Бірге болайық» дейді өте қысқа мағынасында алсақ.
Алты-арты өлшенбеген, дәлел емес, долбарға құрылған, авторы жасырылған жазбаны қараңызшы – сауатыңыз ашылды ма, жоқ, агрессияңыз артты ма, иә! Бұл бүгін еліміздің Бас прокуроры Жақып Асанов айтқандай, қолдан саясиландырудан басқа ештеңе емес. Себебі, осы жазба ештеңеге алаңдамай жұмысын істеп жүрген шопанның не егіншінің Уатсабына түссе, не болады? Біз секілді күн сайын жалған ақпараттан аузы күйіп, басы пісіп, Фэйсбукта қыжылдасып отырған адам емес, сенуі оңай. Жұмысы жайында қалып, баласын уатпай, әйелімен әзілдеспей, қараптан-қарап саясиланып шыға келеді. Кезінде Нұрлан Ерімбетовтың АйтPark клубына келген қырғыздың бір партия басшысы жыларман болғанн көзім көріп еді: «Бізде халық тіптен саясиланып кетті. Менің балама дейін балабақшада Конституцияны жаттайды...» Сол тақылеттес шаруа.

Уатсаптағы жазбаның авторын таппайсыз – ертең сіздің басыңыз жарылса, ешкімнің жауапкершілігі жоқ. Мына сөздерді бір шолып өтейінші - «Сіздер ең бастысы, ҚАЗАҚСЫЗДАР! (сонда біздің билікте қытай отыр ма екен, әлде маори?) Сіздер 21-інде халық жағына біртұтас өтсеңіздер, билікті қорғайтын адам қалмайды (Тағы да сол әдемі тәсіл – билік пен бұқараны бөліп тастау). Халыққа қарсы оқ атпаңдар. (Халық деп алып, оның ішіне үйде отырған, тыныштықты қалайтын адамдардың құқын алып қою да, рас арандатушы болса, оны да сол халықтың қалқанына жасыру да кіріп кетеді) Бізді ұлт ретінде жою БИЛІКТІҢ бас политикасы (Мынау енді сапсем күлкілі) Егер осы биліктің осы қу политикасына берілмесек, бүкіл әлемге ҚАЗАҚ екенімізді дәлелдеп шығамыз! (Қазақ екенін дәлелдеу үшін алаңға шығып, билігінді төңкер деген қисынға Шнобель сыйлығын ұсынамын) 21-інен бастап Қазақстанның ҚАЙТА ӨРЛЕУ ДӘУІРІ басталады (Бәлкім, автор «Ақтабан шұбырындыны» меңзеген шығар). Сауат-санаңыз бар адам ғой, мұндай жүрегіңізді орнынан қозғап жіберіп, ақылыңызды тоқтатып қоятын ілмек сөздерге түсіп қалмаңызшы! Байқасаңыз, ұранның бәрі ең надан адамға түсінікті болатындай қарапайым, ойланудың барынша алдын алатындай етіп барынша қайралған.

Бұған ерсек, еріп те жатырмыз, әлгі құздан секіріп жатқан бір отар сияқты боламыз. Артындағылар қызық бар деп итере береді. Алдындағыларға құзды көріп тоқтауға кеш. 
Білгенім, мемлекет бір күнде құрылмайды. Бары жүз мың әскермен, әскерге шақырылған 10 жігіттің төрт-бесеуі жарамсыз әлімізбен әскери суверенитетіміз түгел ме ,әй, қайдам. «Кеше мен Еуразияның апайтөс даласында үзеңгіме шіреніп жүргенмін» деген күмпілдек мақтан экономикаңа көмектеспейді екен, экономикалық суверенитетіміз де шамалы. Тәттімбетті қайдам, Тимберлейкті сүйетін жастарың тұрғанда мәдени суверенитетке әлі де ие емеспіз. Әлі жасайтын жұмыс өте көп. Ал мемлекетті бір күнде құлатып алуға болады. Бір митингімен....

Бір қазақ басқа қазақты жалғызым деп сүймейінше (Сабыр ақын), бірін-бірін дос тұтпайынша (Абай) бір қадам алға, екі қадам артқа жүргеніміз – жүрген. Әйтеуір, арандап қалып, бар жиғанымыздан айрылып, ертең ала дорбамызды арқалап, Алтайға өзіміз асып кетпейікші, құрсын....

Өркен Кенжебектің "Фейсбуктегі" жеке парақшасынан алынды

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434