Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Жаңалықтар 7789 0 пікір 20 Мамыр, 2016 сағат 10:24

Дүкенбай Досжан атындағы ОҚУ ЗАЛ – МҰРАЖАЙ ашылды

Қазақ көркемсөзінің шебері, заманымыздың заңғар жазушысы Дүкенбай Досжанның қаламынан 11 роман, 24 хикаят, 100-ден астам әңгіме 7,7 млн тиражбен жарыққа шыққан екен.

Жазушының бұл еңбектері қолдан-қолға тимей оқылып, қаламгерге «ең көп оқылатын жазушы» деген халықтың өз атағын алып бергені белгілі. Бүгінде қазақ атты ұлы дала иесінің тамыры терең тарихын қалам қуатымен әлемге танытып, туған халқының болмыс-бітіміне көркем көрме құрған дара да сара қаламгердің жарқын бейнесіне, артына қалдырған шығармашылық бай мұрасына деген құрмет уақыт өткен сайын арта түсуде.

Жазушы рухына деген елінің осынау махаббаты, өзгеше ілтипаты өткен сенбіде елордадағы ұлттың рухын көтерер ұлағатты істердің ордасына айналған Ұлттық академиялық кітапханадағы тағы бір тағылымды басқосуға бай мазмұн беріп, өресі жоғары тағылымды әңгімеге өзек болған еді. Онда Дүкенбай Досжанның өмірі мен шығармашылығына арналған «Дәстүр» баспасынан шыққан «Тарланбоз» кітабы мен қаламгердің жан серігі, жазушы-ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, осы игілікті шараның ұйтқысы Сәуле Досжанованың «Менің жалғыз серігім» атты дүниесінің тұсаукесері және Ұлттық академиялық кітапханадаға жазушының оқу залы-мұражайының ашылу салтанаты өтті. 

Басқосуға жиылған Парламент депутаттары, ақын, жазушылар, қоғам қайраткерлері, замандас достары көзінің тірісінде-ақ шығармашылығы халқының ыстық ілтипатына, сүйіспеншілігіне бөленіп, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және Әуезов атындағы Ұлттық сыйлықтың лауреаты атанған дара тұлғаның шығармашылық деңгейі, азаматтық қыры, ерекше болмысы, тылсым жандүниесі хақында естеліктерін, сыр-сағыныштарын ортаға салды. Сәуле Досжанованың сөзіне жазылған Қайрат Темірғалидың «Сағыныш» атты жазушы рухына арналған әнді тағы бір тыңдап, сүйікті қаламгерлерін толғана еске алды.

Мұражайға жазушының өзі жұмыс жасаған кабинеті түгелдей оқу залына көшіріліп әкелінді. Жұмыс үстелі, орынтағы, компьютері, ұстаған заттары мен киімдері және марапаттары қойылған. Өмір бойы жинаған кітаптары мен картина, сувенирлері бәрі өзінің пайдаланған жиһаздарымен отбасынан халықтың пайдалануына сыйға тартылған.

Иә, үндемей жүріп қаламынан үлкен іс жасаған, небір асыл дүниелерді тудырған қаламгер «терең өзеннің тынып ағатынының» бірден-бір үлгісі еді. Сонысымен күрделі, жұмбақ әрі асқақ жазушының өмірі мен шығармашылығы алда талай сындарлы зерттеуге өзек болары хақ. Ең бастысы, дара тұлғаның қаламынан туған мол мұрасы, оның азаматтық, жазушылық ой-өрісін, ұстанымын шыңдаған дүниелері ұлттың рухани ордасы арқылы оқырман қауыммен табысты, өзін сүйген, ардақ тұтқан замандастарының қастерлеп тұтынар қасиетті бұйымына айналды. Ұлы қаламгерге серік болған бұл құндылықтардың сөз киесін, ұлт рухын қадір тұтқан қауым үшін бағасы еш уақытта төмендемейтіні хақ.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1231
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2945
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3292