Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 5130 0 пікір 22 Қыркүйек, 2016 сағат 15:52

«СВИДАНИЕ»

«СВИДАНИЕ»

 

Ілбіп әлі жүріп келем. Жол таусылар емес.  Екі қолымда ауыр сумкалар.  Алматы –Қапшағай бағытындағы автобустан түсіп, трассаның оң жағындағы  көл жағасында орналасқан  ауылға бет алғаныма бір сағаттан асты.  Күздің базары таусылып, қыс қаһарына ене бастаған шақ.  Ауа дымқыл, қара суық, жел қойын-қонышыма кіріп, сумаңдаған, ызғарымен тәнімді тітіркендіріп өтеді.  Аяғымдағы жұқа, күздік етіктен өткен ызғар төбемнен бір-ақ шыққалы қашан?  Жел өңменімнен итеріп, әрбір қадамымды қиындатқанымен тұрмай, қатты өріп, түйіп тастаған шашымды тарқатуға әлі жетпегеніне ызаланғандай, бұйралаған кекілімді жұла тартып, ызғар маңдайымды жарып барады.  Ара-тұра тісім тісіме тимей, сақ-сақ етем,  бірақ, суықты онша сезбеймін. «Сыпайы тоңбайды, қалтырайдының» кебін кигеніме күйіп кетем. Жұқа болса да, бар әдемі киімдерімді киіп шыққанмын, свиданиеге бара жатыр емеспін бе? Тәнімді жаным жылытып келеді.  Ал менің жанымда, жүрегімде, қанымда, әйтеуір шашымнан башпайларыма дейін тараған мөп-мөлдір сезім бар.  Бұрқырап, ақ көбігін шашып, үлкенді-кішілі қойтастарды  таранып, көбігі шашырап, бұлқына аққан тау бұлағындай сағыныш бар.  Себебі мен бүгін түрмедегі Досыммен кездесуге келемін.  Ол менің жаңадан қосылған күйеуім ғана емес, мен үшін дүниеде бар жалғыз еркек.  Мен сүйген, мен пір тұтып өтетін жалғыз адам.  Менің тек жүрегім ғана емес, бойымдағы бар клеткам «Досым, Досым»-деп соғатындай.  Оны үш жылға соттады. Бұзақылық бабы бойынша, дейді,  ал қылмыстық істе бар дерегі милицияны итеріп жібергені  үшін. Досымға  трамвайда кездескен милицияның үстінде арнаулы киімі де болмаған, куәлігін де көрсетпеген, аялдамасына келіп түспекші болған Досымның алдын кес-кестегенде оны  итеріп жібергені шын.  Бірақ, «қарға қарғаның көзін шұқушы ма еді»,  сот милицияның «мен милиция қызметкерімін деп ескерткенмін, сонда да ол маған қол қөтерді» дегеніне сеніпті.  Ал, Досым болса, ол айтқан жоқ,  мені неге ұстамақ болғанына түсінбей, итеріп жібергенім шын дейді.   Үш жыл түрмеге кететінімді білгенде «ұру деген былай болады»-деп, мұрнының быт-шытын шығарар ем дейді. Заңнан алыс, 23- ке жаңа толған мен үшін Досымның не үшін аяқ астынан 3-жылға сотталып кете барғаны түсініксіз күйінде қалды.  Әйтеуір Досымның кінәсіз екенін білемін.  Ол керек десе шыбынды да өлтірмейді.  «Олар да құдай жаратқан тіршілік иесі»-деп, үйден ұстап алған шыбынды өлтірмей, сыртқа ұшырып жіберетін.  Сөйтетін Досымым түрмеде отыр, тағдыр басқа салса амалың жоқ екен.  Басында «15- күнге қамайды, шашын алып тастайды» дегенде, «тақырбас күйінде көршілерге, пәтер иесі татарка апайымызға қалай көрінесің, ұят-ай!» - деп, ағыл-тегіл жылап едім.

Қасымнан бір жеңіл машина өте шықты, тоқтаған жоқ. Адамгершілік деген жоқ қой осы күнгі адамдарда, тоқтап ала кетсе қайтеді екен? Мына байғұс келіншек, ауыр сумкалармен келе жатыр екен,  жолай ала кетейін, көл жағасындағы ауылға дейін әлі 5-6 шақырым бар  деп, жанашырлық танытса, тағынан түсіп қалатындай. Бірақ, бұл ауылдың адамдарының трассадан түсіп қалып, жалпы режимді зонаға ағылған адамдарға еттері үйреніп кеткен шығар? Әрине, жақын жердегілер машиналарымен, ақшасы барлар такси жалдап шұбырып жатады.  Бұл жерде отырғандардың ішінде  Қазақстанның қай түкпірінен сотталғандар жоқ дейсің. Әрине мен машинаны қол көтеріп тоқтатқан жоқпын, ақша сұраса қайтем.  Менің қайтар жолға, автобусқа ғана төлейтін ақшам бар. Бұл свидание 3-күндік, жұмыстан үш күнге ақысыз демалыс алғанмын.  Себебі, бұл свидание үш ай сайын ғана беріледі. Қызық, сотталған жақын-адамдарымен кездесетін бұл кездесуді ауылдан келген кемпір шалдарға дейін «свидание» -дейді. Мен бірінші рет осында отырған күйеуіммен кездесуге келдім десем, онша түсінікті емес секілді. Бір шал «краткосрочныйға ма, үш күндікке ме?»-дейді.   Бұл жерде көбіне орыс халқы жұмыс істейді екен, жиі араласқан халық бір-бірінің сөз байлығын байытады деуші еді, сол шығар деймін.  Менің де аузыма «свидание» сөзі тез түсетін болды. Жақындары түрмеде отырмағандар «свидание» сөзін қыз бен жігіт арасындағы кездесу деп түсінетіні анық.  Көкшетаудағы ата енем «бізде барайық, жақындағанда айт -деп еді, оларға «сіздер әйнек арқылы телефонмен сөйлесетін екі сағаттық свиданиеге келерсіздер,  бұған өзім барайын» - деп едім, үнсіз келісті. Бұл кездесуге менің оңаша келуім керек екенін түсінбейді ме, өздері жас болмағандай деп ойладым. 

Пәтер иесінен қарызға ақша сұрап алдым. Мына сумкалардың іші толған дәмді тамақтар.  Досым екеумізге үш күнге жетеді.  Аяулы жаныма осы мүмкіншілікті пайдаланып, үш күн қолымнан келгенше жұмақ орнатпақшымын. Сол үш күннің жылуы, шуағы, қалдырған ізі біздің сағынышымызды басып, сол үш күнде сүйіктіммен татқан дәмім, алған ләззатымның қуаты, шырыны, күші, жарығы бәрі-бәрі бізге көп уақытқа жетеді. Біздің бір-бірімізге деген сөнбес сезімімізді дәлелдейді, осы қиыншылық уақытты тезірек өткізіп артқа тастауға көмектеседі, алдағы күндерге деген сенімімізді нығайтады.  Досымды, оның құшағын аңсаған кезде оның ыстық құшағын сағынып, төсекте өз  жан-тәніммен арпалысқан сәттерде  жанға қуат, көңілге медеу болады. Олар «бірге болайық», «не үйленейік», не әр түрлі айла-шарғымен «коллекция» үшін бірге болғысы келетін еркектерге тойтарыс беріп, бір-екі күндік қызық іздеп, денемді көздерімен «ішіп-жеген» еркектердің қастарынан тәкаппарлана басып өте шығуға көмектеседі.

 Мына жол әлі бітер емес.

Ой, қандай қуаныш, қандай бақыт еді. Мен бүгін мен сүйетін, мені сүйген еркекпен кездесем. Жаурағаным ештеңе етпейді. Құжаттарымызды тексеріп, бір-екі сағат өткен соң, кішкене ғана бөлмеге кіріп, от құшаққа енем.  Содан соң жаңалықтарды айта жүріп шешіне бастаймын. Досым шешінуді менен соң бастаса да, бұрын бітіп, маған бас салады.  Осы шалт қимылының өзінде ақ керемет бір үйлесім бар. Мені бір хрустальдан жасалған қымбат нәрседей, бір жерін ауыртып, сындырып алмайын дегендей,  нәзік аймалай бастайды да , сезімнің селін ағытып келіп жібереді.  Төменгі жағы, іш киімін жыртардай, тырсылдап алас ұрып, өзінің барып тоқтайтын, пана табатын, аялдайтын орнын іздеп, одан тараған бар қызудың күші екеумізді де өртеп бара жатады.  Досым мені тұншықтыра аймалап, өртеніп, от шашқан жерін мендегі өзіне арналған орнына апарғанша тағатсыздана қимылдайды. 25 пен 20-ның қызығы да осы шығар. Менің үнім өшеді, жаңалықтарды ұмытып қалмасам сосын айтам ғой, оның қимылына ыңғайлана берем, сөйте тұра..  «менің де алатын үлесім бар» дегендей,  керегімді қимылмен білдіремін, тек бір-бірімізді  сөздерсіз-ақ, көзқарассыз-ақ,  ұғысатын әрекеттерге кірісеміз.  Бір көзімді ашқанда ол үстімде жатады, бірде мен оның үстіндемін, бірде аяқтарымыз айқасып аймаласып отырамыз. Жанымыз да, тәніміз де, қимылымыз да тек екеумізге ортақ, тек екеуміз ғана білетін, екеуміз ғана түсінетін, екеуміз ғана сезіне білетін ерекше бір күйге енеміз. Біз секілді бақытты, ерлі-зайыптылардың барлығы осындай тәтті, ләзатты сәттерді басынан кешіретін шығар? Мен «тезірек екі қабат болғым келеді» деймін. Досым екеуіміз үйленгеннен кейін  төрт айдан соң, оны институттан кейін 2-айға әскери жаттығуға алып кеткен, оның алдында Досымның оқу бітіруі, той деп жүрдік,  былайша айтқанда «ыстық-суығымыз басылмақ түгел»,  бал айымыз да дұрыс өткен жоқ.

Содан кейін секундтар ма, минуттар ма, сағаттар ма өтеді.  Тек әйтеуір тәп-тәтті бір дүние.  Арасында  демалғанда ол  «саған қандай қимыл жасағанда толық ләззат аласың»-дейді, мен «өз ыңғайыңа қара, саған қандай ұнайды?»- деймін, бұл жағынан оның білімі көптеу екенін әйелдік бір сұңғылалықпен сезіп. Екеуіміз бір-бірімізді сыйлап, қандай жағынан болсын бір-бірімізге  жақсылықтар мен жағдай жасағымыз келеді, алғашқы танысқан күннен бастап осындаймыз, сөйтетін адамның қалайша қылмыскер атанып түрмеде үш жыл отыратынына таңым бар.  Досымның осындағы туысқандары араға біреулерді салып, сотпен сөйлесіп көрген екен, көзі бақырайып, өзінше ділмарсыған, ет-жеңді қара қатын «3-мың доллар әкелсеңдер, условный срок берем» депті. Арадағы кісі ата-енеме айтқан, «3—мың долларға шамамыз келмейді, кредит алып, қарыз алып 1-1,5 мың доллар жинап берейік» десе, ол әйел, «сендер не базарда отырсыңдар ма, менің де жоғарыда беретін адамдарым бар, одан төмен болмайды»-депті. Бұл соңынан ғой, білгеніміз.  Ал сот бітпестен бұрын, Досымға жолығуға рұқсат сұрап, өтінішімізге қол қойдыра, енем екеуіміз ол әйелдің қабылдауына кіргенбіз.  Сонда сол сот әйел «ертемен бауырсақ пісіріп әкелгенмін, ауыз тиіңіздер, бүгін жұма ғой» дегенде , енем  «кішіпейіл, құдайға қараған жан екен»-деп жылышырай танытқан.  Ал мен үлкен адамға жасқаншақтана қарап, «мама, қандай жан екенін көздері айтып тұрған жоқ па?»-дегем. Сөзінің өзінен жалғандық пен өтірік сезіліп тұрғандай көрінген.  Әрине, ол кезде сұраған ақшасын бере алмайтынымызды білген жоқ еді.  Сол бір алғашқы көрген сәттен-ақ ұнамаған.  Жүрегім сезген екен, біреудің бақытсыздығынан ақша, байлық жинамақшы. 3 – мың доллар!  Менің жалақыммен  ішпей-жемей, оны жинау үшін 8-10 жыл жұмыс істеу керек, ал ол болса бір істі қарағанда алмақшы. Істі екі жұмада екі рет тағайындап, қарап бітірді де, Досымды 3- жылға бас бостандығынан айырды.

Досымның отырғанына бір жыл болды, оның  6 айы Алматыдағы, Сейфуллин даңғылындағы  түрмеде өтті.  Мен Досым сотталғалы осымен екінші рет 3 күндік «свиданиеге» келе жатырмын.  Қанша тыпырлағаныңмен тағдыр басқа салса  көнбейтін шараң жоқ екен. Досымның қылмыскер емес екенін мен білемін ғой.    «Тоқсан қызға бағалаған Қамажайдай», тоқсан еркек жиылып тырнағына татымайтын Досым, мен үшін тоқсан еркек жиналса да орнын баса алмайтын Досым, екі көздері жәудіреп түрмеде отыр.  Осы бір жылдың ішінде мен не көрмедім, жердің үстінде дем алып жүріп, жердің астында өмір сүрдім ғой. 

Ту, не ойлап кеттім. Мынау ауылға жақындаған сайын шаршағаным сезіліп, жүрісім өнер емес.  Енді өте ауыр сумкамды құмырамен су тасыған үнді қыздарындай иығыма салмақшы болдым, бірақ, одан ештеңе шықпады.  Әрі көлемді, әрі ауыр сумка - іші әр түрлі тамақтарға толы  банклер мен қалбырлар -ыңғайсыздық жасады.  Ішімнен  өзіме ұнайтын жақсы нәрселерді ойлайыншы, ол жақсы ойлар мені елітіп, қанат бітіргендей болып, тезірек жетермін. Сағат түскі 12-ге дейін жетуім керек, сол кезде бір прапорщик шығып, свидание кімдерге берілетінін, оларға кімдер келгенін түгендеп, келгендердің өтініштері мен құжаттарын алып кетеді.  12- ге дейін жетуім керек, асығып жүріп сағатымды да ұмытып кетіппін. Көз ұшында айқындалып, анық көрініп келе жатқан  ауылдан басқа маңайда ешкім жоқ.

Мен сүйретіліп, жеткен кезде «прапорщик» - деп атайтын кіші бастық 2-сағаттық свиданиеге келгендердің құжаттарын алып кетті.  Оларды құжаттары бойынша сотталғандарға жақындығын тексереді, айтуларынша өтініштеріне дәу бастыққа қол қойдырады. Содан кейін кездесуге келгендерді жинап әкетеді.  Кейбіреулерге сотталғандардың бұзақылық жасап, оларға жаза ретінде свиданиелерінің алынып тасталғаны айтылады, басқа ештеңе түсіндірмейді, сол кезде свиданиеден қағылғандардың түрін көрсеңіз? Ұлдарымен, күйеулерімен, бауырларымен кездесуге кең байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірінен артынып-тартынып, бірнеше күн жол азабын тартып келгенде, бар еңбектері далаға кеткендерін көргенде, не істерлерін білмей, күрсініп, көздеріне жас толып, өздерін кінәлі адамдай сезініп теріс айналады. Ал, кейбіреулер, айқайласып, ұрысып, кеңірдек жыртысып жатады, бірақ, ондайлар некен-саяқ. Енді оларды «короткий свиданиеге» кіргізіп, 2- сағат сөйлестіріп шығарғанша бірталай уақыт өтеді.  Ол берілген екі сағаттың бір сағаты кіргендердің  құжаттарын тексеріп тоқсан есіктен  өткізгенше өтіп кетеді.

  Бір рет мен бұндай свиданиеде болғанмын, жүгіріп барып Досымның мойнына асыла кетіп, шашынан, көзінен бас салып сүйе берсем ғой деп ойлағам. Мендегі сезім мен сағыныштың құдіреті түрменің тас қабырғаларын ерітіп, анау далиып жатқан зона дарбазасының жоғарғы жағынан керілген, ток жүргізілген сымдарды бырт-бырт үзетіндей еді.  Бізді әкеліп кіргізгенде, әйнектің арғы жағында отырған «тюремщиктердің» ішінен қараңғы, ала көлеңке жерге көзім бір дегеннен үйренбегендіктен бе, қапелімде Досымды бір дегеннен байқай алмадым.  Тюремщиктердің барлығы қара киімді, жақтары суалған, көздері іштеріне кіріп шүңірейіп кеткен. Әрине, олар курортта отырған жоқ, ол кезде Алматыдағы түрмеден жаңадан ауыстырған кездер еді.  Екі иығы шөгіп, ұзын бойы пәсейіп, ұнжырғасы түсіп кетіпті.  Қалың бұйра шашы ешқашан болмағандай, тақырбас. Бір-бірімізді байқап, көздеріміз түйісіп, бір-бірімізге қарсы ұшар құстардай болып, қанаттарымызды қомдағанмен, патша көңіліңді езіп жіберердей болған айналаға қарап тез сабамызға түскенбіз. 

Өзі шегірткенің айғырындай бір тұтам, шыңылтыр дауысты сары еркек свиданиенің тәртібін тағы қысқаша түсіндіруге кіріскен. Біз шарасыздықты түсінгендей,  екеуіміз әйнектің екі жағынан телефон трубкасын бірдей қолға алдық.  Оның бұндай аянышты түрін көргенде-ақ, көзім жасқа толған.  Ол шарасынан төгілгелі тұрғандай болған соң, «жоқ, жоқ, босамауым керек, мықты болуым керек»-деп ішімнен өзімді-өзім қайрап тұрғам.  Бостандықта, денім сау мен жыласам, адамның қоры болып түрмеде отырған ол не істейді деп.  Телефон трубкасын қолына алғанмен, тамағына бір нәрсе тұрып қалғандай, бір дегеннен сөйлеп кете алмады.  Мен де неден бастарымды білмегем, бар ойым көз жасымды төкпеу.  Ұзақ, үнсіз тұрған ол, тамағына келген бір нәрсені ұзақ жұтынып, жұтынып «Ж-а-ным»-деді. Осы ақ екен, менің жанарымда тұрып қалған моншақтар фонтанша атқылап кете берді, бода-бодам шығып жылап, өзімді тоқтата алар емеспін.  Оның осы бір ауыз сөзінде мен тілмен жеткізіп бере алмас, тек екі адамға ғана түсінікті бір-бірін көзбен ұғар сезімдер тасқыны да, сарғайтып, аңсатқан сағыныштар, күзгі жапырақтай қалтыраған ертеңгі күнге үміт те, қор болып темір тор ішінде өтіп жатқан қайран жиырма бесінің күндеріне нала да, қолынан ештеңе келмес шарасыз адамның өкініші де,  бәрі-бәрі сыйып кеткендей еді. Оның көздерінен «Жаным, көкем, шыда, мықты едің ғой, бұл кез әлі ақ өте шығады, күт мені, сені әлі бақытты етемін»-деп айтып тұрғандай.

Мен бе мықтысы, айтады- ау! Үш жыл ауызбен айтуға ғана оңай.

Бір жылдың 365 күні мен түні бар, менің аяулы адамымсыз өтіп жатқан жағымсыз күндер мен қызықсыз түндер ғой ол.  Өшімді көз жасымнан алғандай  біраз жылап алып, солқылдап барып әрең басылдым. Ішімнен   «бір құшақтап, мауқымды басып сүйе алмаған бұндай «свиданиесі» құрысын» - дедім.

...Ойым бөлініп кетті.  Қасыма келген ақ жаулықты әйел сағат сұрады. Жоқ екенін айттым. Қызық, өзі жап-жас, ал өзі ақ жаулық тартып алған.  «Свиданиеге » келгендердің жиналып отыратын жеріміз осы бір бөлмелі үйшік, онша үлкен емес. Осы жерде әркім өз шаруаларын бітіріп кеткенше бір кіріп, бір шығып жүріп алады. Жағалай ағаштан жасалған үлкен сәкілер қойылған.  Әлгі әйел қасымнан кете қоймады.

-Сіңлім, сен бұрын свиданиеде болып па едің?          

-Иә.

-Айтып берші, айтып берші-деп , қасыма отыра қалды.

-Не айтам бірнеше бөлме, біреулерге ата-аналары, біреулерге әйелдері, тіпті балаларымен келеді. Бөлек тамақ істейтін ас үйі бар, онда неше түрлі ыдыс- аяқ, нан жазатын оқтауы мен  тақтайына дейін бар дедім. Бұрын кездесуге келмеген оған қарағанда бір рет болса да болған мен тәжірибелілеу екенмін.  Өткен жолы ыдыстардан да не алу, не алмау керек екенін шамалағам.  Менің әңгімеге жоқ екенімді байқады ма, әлгі әйел сыртқа шығып кетті.

...Иә ол жолы свиданиеге келгенімде 7-8 бөлменің біреуі бізге бұйырған.  Ішке кіре сала қауышқан құшақтарымыз 2-3 сағаттан кейін әрең жазылды. Досымға әкелген тамақтар мен киімдер    бір жақта қалды.

Мен Досымға «Сен жақсы көретін түшпара жасап әкелдім, мен тамақ пісірейін»-деймін.  Ол «Сенен басқа ештеңе керек емес, ешқайда жібермеймін»-дейді, солай құшақтасып, аймаласқан күйі отыра берер ме едік, біреу есік түртті.  Есіктері кілттенбейді, тұруға тура келді. Қазақ кемпірі екен.

-Қызым, аздап чеснок, ащы қиярың бар ма, балам сондайлар жегісі келеді екен. Ал, біздің ауылда ет пен майдан басқа не болушы еді – деді, қапаланған түрмен  ақталғандай болып

-Алыңыз, апа, алыңыз-деп, сумканың ішін ақтарып тастадым. Риза болған кемпір айналсоқтап, «Үйленгенсіңдер ме, ту жап-жассыңдар ғой, балам маңдайыңның бағы бар екен, мынадай періште түрмеге артыңнан іздеп келіп жүрген. Менің келінім «Түрме адамды бұзбаса түземейді»- деп, баламның келісімінсіз ажырасып, екі немеремді алып  кетіп қалған» - деп, рахметін жаудырған кемпір кемсеңдеген күйі шығып кетті.  Қайран ана! Ол кеткен соң ол ананың мұңы да бізге ауысқандай, бір түрлі күйде отырып қалдық. Досымды құшақтап: «Жаным, мен сенімен ешқашан ажыраспаймын, 3-жыл емес, отыз жыл болса да күтем, Сезімімізге селкеу түсірмей күтемін, көкем»   -дедім.

Темір торлы терезе әйнегінің   бір шеті сынған екен. Досым оны бітеп, одеяломен жауып келді, бөлме іші суық екен, азынап тұр, жаңа байқадым.  Мен ыстық тамақ дайындамақ болып едім, ол «кейін, кейін»-деп бас шайқады.  Өзі дәретханаға кетті. Мен қызарып, бетімнің ыси бастағанын сездім.  Неге ол мені құшағына алып, аялап, сонша ұзақ отырды деп ойладым.  Мен тіпті маужырап ұйықтап кете жаздадым ғой, жаңа кемпір келмегенде, әлде түнімен тамақтар әзірлеп,  ұйықтамағандықтан ба екен? Досым келісімен кроваттағы төсекті жерге салды. Николай  (патша) заманынан қалған ба,  темір кроваттың сеткасы ішіне түсіп кететінін, қозғалған сайын «шиқ-шиқ» етіп, ойбайлап қоя беретінін мен де келісімен байқағам.   Қазы, сыр тағы басқа тамақтарды тіліп, әзірлеп жатқан маған қарап, «келші жаным, келші»-деп төсекке шақырды.  Жаңа ғана тәй-тәй басып жүрген сәбиін шақырғандай, қуана, қиыла шақырды.  Мен қасына келгенде, аймалап тұрып, шешіндіре бастады.

 Көңілім ояу болғанмен, көздерім жұмылып, буындарымнан әл кетіп барады. Ол менің шашымның әр талынан бастап, асықпай аймалап, кеудемді жалаңаштады. Өртеніп бара жатсам, «маған бойың үйренді ме?»-деді. Менің балқып бара жатқан денем мен тұмандана бастаған санама жеткені-оның бағанадан бері маған бас салмай күткені, бойы үйренсін деген екен ғой.    Үйленгеннен кейін оңаша қалса болды «тез шешінші» дегенінен неге жаңылды десем, мені жатырқап қалды деген екен ғой. Әрине мен күйеуге шыққан Досым мен қазіргі көріп отырған Досымым –екеуі екі түрлі адамдай.  Жағы суалып, қара торы жүзі қап-қара болып түтігіп кеткен, салқында, аязда жұмыс істегендіктен шығар.  Көздерінің аласы үлкейіп, өткірленіп, адамға қатаң, қадала қарайтынды шығарыпты.  Иә, мен осында келгелі мұрным бір жағымсыз күлімсі иісті сезген, түтінге ысталған бөлмеден бе, ондағы төсек орыннан ба, керек десең ол иіс Досымның киімдерінен де, керек десең оның денесінен де шығатын секілді.  Әйтеуір көзге көрінбейтін бір нәрселер адамды тартындырады, мына жерге жүз пайыз араласып кете алмай тұрғанымды ол сезген екен.  Жаным менің, пірім менің!  Жасы менен көп үлкен болмаса да, әйелді еркектің мысы басып тұрғаны қандай жақсы.  Тізерлеп алдыма тұрып, «кеше баняға түскенбіз»-деп қарулы қолдары төменгі жақтағы киімдерімді шеше бастады.  Мүйізденіп кеткен қолдарымен денемнен ұстауға да именгендей, сүйіп жатыр, сүйіп жатыр.  Басында не істесе де өзі білсін деп тұрған мен әлі ұялып, әрі қытығым келіп, әрі тезірек оның құшағына тезірек ену үшін (сүйген әйелі еркектің  бауырында ақ сазандай болып шоршып, жаншылып жатса, еркекте арман бар ма екен) мен де тізерлеп отыра кетіп, төсімді оның төсіне басуым мұң екен, таныс сезім екеуімізді иіріміне үйіріп әкетті.  Мынау құлын денемнің сонша іңкәрлікпен күткен тойы басталды. Азынаған бөлме, астымызда бұдыр-бұдыр матрас емес, тек құс жастықта жатқандаймын, айнала жып-жылы, мөп-мөлдір, тап-таза көгілдір дүниеде бір біріне асыға аққан бұлақтай, жан-тәніміз мидай араласып, екеуіміз бір адамға айналып кеткендейміз. Сиқырлы абат бақта жүргендейміз, әлде ауада ұшып жүрміз бе, солай шығар ау, айналамызда қоршаған жұлдыздар... Осылай уақыт деген шіркін созыла берсе екен, созыла берсе екен...

Бірақ, бәрі кенеттен үзілді.  Досым кінәлі адамдай «шығып кетті, шыдай алмадым»-деп төмен қарады.

-Бәрі тамаша, тамақ ішеміз, қарның ашқан шығар, менің де қарным ашып кетті-дедім.  Оным өтірік, бірақ, оны ыңғайсыз жағдайдан тезірек шығарып алғым келді.

-Тағы жарты сағаттай жата тұрайықшы деп, бар тәнімді аймалап шықты. Ауылда тұрғандықтан ба, әлде бөлмеміз кілттенбейтіндіктен бе бұндайы жоқ секілді еді. Үйренбеген басым, қытығым келіп балаша мәз боламын.  Осы әдемі кезді ол кенеттен бұзып, «тамақ ішіп алайық, әлденіп»-деген ұсынысына  қуана келіскен мен , оның «біздерге укол салады ғой» сөзін естісем де түсінген де, мән де берген де жоқпын.

...Ақ жаулықты әйел қайта кіріп, тәтті ойымды қайта бұзды. «Анау прәпіршік келе жатыр, енді біздерді апарады» - дегенін естігенде ұшып тұрдым.  Фамилияларымызды атап жатыр, менікін қашан атайды деп тағатсызданамын. Өткенде бірінші рет келгенде, фамилиямды естігенде «мен» деп қуана айқайлап,  жерден жік шыққандай жасап, жұрттың бәрін шошытып, олар мені ала көздерімен атып, бір ыңғайсыз күйге түскем. Енді фамилиям естілгенде жай ғана «мен» деймін...

- Абзалова, саған свидание берілмейді - деген сөзді естігенде біреу маңдайымнан періп жібергендей болды. «Қалайша берілмейді?» - деймін, заң бойынша деп кезекке қояды, оны екі жақтан  жақын адамдар сарғайып күтеді, артынып-тартынып, жол азабын көріп, жұбайлары, иә  ата-аналары, иә жақын туыстары келеді.  Еріккеннен емес,  жұмысынан сұранып, кейбіреулер мал-жандарын  көршілеріне не туыстарына  тапсырып, түрмеде отырғандар өмірден, тума-туыстарынан алыстап кетпесін, қоғамнан жырақтамасын, қандары қарайып өмірден түңілмесін, оларды іздейтін, сағынатын, күтетін адамдар барын білсін- деп келеді. Сонда оларға дөрекі әзілдегендей, мазақ қылғандай болып «свиданиеден алып тастаған»-дейді.

- Неге ағай, неге?  Үш күн болмаса бір күн болса да, жарты күн болса да беріңізші-деймін көз жасымды әрең тоқтатып.

- Мен кішкентай адаммын, неге екенін білмеймін. «Не положено»-деп өтінішіңізге қол қоймады - деп арызым мен құжаттарымды қайтып берді. Басқалары мүсіркей, аяп қарағанмен «енді біздің кезегіміз»-дегенді білдірді.  Көз жасымды көрсетіп, өзімнің әлсіздігімді мойындағым келмейді, бірақ, көз жасым сатқындық жасап, моншақтап қоя берді.  Кіші бастық бір топ адамдарды жинап, 3-күндік свиданиеге алып кетті.  Менде олармен ілесіп зона есігіне келдім. Күзетіп тұрған солдаттарға қарамай, аула ішінде жұмыс істейтін «туремщіктер» ашық тұрған есіктің арғы жағынан жылт-жылт етіп қарап, әрі бері өтіп жүреді. Әсіресе, свиданиесінің уақыты келген, бірақ,  жақындары еш іздемейтін, не келуге жағдайы жоқ туыстарын күткен  туремщиктер әлде бір үміт етегінде жүріп, ең соңына дейін күтеді –дегенді естігенмін.

Кейде күзетте жақсы  солдаттар болғанда, мына жақтағы адамдар өздерінің жақын адамдарының аты-жөндерін айтып,  отряд пен бригадаларының санын көрсетіп шақыртып жататын. Қазір мына кішкене бастық свиданиеге келгендерді ортадағы темір торлы есікке бір-бірлеп кіргізеді,  күзетшілер олардың құжаттарына бір, беттеріне бір реттен бажырая қарап, төрт адамнан екінші есікке өткізеді.  Одан кейін оң жақтағы кішкене дәлізден өтіп, кішкене бөлмеге апарып, киімдерін, тамақтарын тексереді, арақ тағы басқа беруге, өткізуге болмайтын нәрселердің тізімін айтады, тәртіп бұзған жағдайда шығарып жіберетіндерін ескертеді.  Содан 5-6 есіктен өткеннен кейін ғана кездесетін бөлмелерге жетеді. Соңғы топ кіріп бара жатқанда «олар өздерінің бақытты екенін біледі ме екен»-деп ойлап көзбен ұзатып шығарып салдым.

Не істеу керек? Досымнан екі күн бұрын хат алғанда, мені асығып күтетінін, сағынғанын және өзіне қандай жылы киімдер керек екенін жазып жіберген еді. Қалайда не болғанын білуім керек, аяқ астынан не болып қалды?-деп ойладым.  Осынша жерден, жұмыстан сұранып келген соң бір көріп, екі-үш сағат болса да кездесіп, киімдерін беріп кетуге бекіндім. Жылағандыкі ме,  басым көтертпей, екі шекем дыңылдап тұр.  Қайда көз салсам да, темір тор, темір есік, темір торлы терезе, солар ойларымды шырмап тастағандай ешбір ақыл басыма келер емес. Оның үстіне мына ақ жаулықты әйел де маған жабысып қалған біреу екен.

-А-а, не дейсіз?-дедім мен жақтырмағанымды жасырмай.

-Бізге свиданиені ертең  беретін болды,  бөлмелер жетіспейді екен. Ол әйелдің әңгімесінен түйгенім, мұнда інісі отыр, анау сақалды кісі күйеуі екен.  Енді түсінікті дедім, жап-жас болып ақ жаулық тартып алғаны –күйеуі шал екен ғой. Бүгін олар анау үйшікке қонбақшы, ауыл түгіл аудан орталықтарында да қонақ үйлер бола бермейді бізде.

Ол әңгімесін бітіргенде, мен де бұдан әрі не істейтінімді шешіп болып едім. Ішкі жақтан  екі-үш туремщиктердің жүздері жылт-жылт еткенде, мен де «7-ші отрядтан Досым деген жігітті шақырып беріңдерші, фамилиясы Абзалов» дедім айқайлап.  Олар бастықтар көрінсе, иә күзеттегі солдаттар шықса жоқ болып кетеді. Маған да бір туремщик «маған свиданиеге иә әйелім, иә ата-анам келуі керек еді, Қарағандыдан, іздеп көріңізші»-деді күйіне айқайлап. Дауысында әлі де келіп қалар деген үміт те жоқ емес.  Ол да мен сияқты байғұс екен, тек керісінше. Оның тапсырмасын тез орындап келгенменен, ол жігіт ағасы көріне қоймады.  Күзеттегі солдаттар болса, оларды әрі, бізді бері қуған.  Мен «түрме бастығына жолығуым керек» -деп тұрып алдым. Бұрынғы күзеттегілер жайлы солдаттар еді, ал жаңадан ауысқандары өздерінше кісімсіп қалған,  5-6 метр жерден, ашық тұрған есіктің екі жағынан «анау свиданиеге келді ме, мүмкін кешігіп келген шығар?», «осындай адамды шақырып берші »-дегенге шала бүлініп, боқтап, ауыздарына ақ ит кіріп, қара ит шығады.  Ал бір екі ауыз сөйлесе қойса, кімнің несі кетеді, ол да қылмыс па деймін, біз бір мемлекеттік құпияларды айтып жатқандай.

«Бастықта не жұмысың бар?» - деген сықсық көз, әйел мықын бір күзетші солдаттың сұрағын жауапсыз қалдырып ем, ақ жаулықты әйел «күйеуімен свидание бермеді, соған рұқсат сұрайды» - деп, мен үшін жауап беріп үлгерді.  Екіншісі, төртбақ, талпақ танау, жалпақ әйел бетті солдат  «Е, қышып бара ма, біз қандырып берейік»- деп, дарақылана күлді.  Жасы үлкен әйелден де ұялған жоқ, ақ жаулықты да сыйламады.  Мен төмен қарадым, тістерім шықырлағанын сездім. Нақұрыс деп осыларды айтатын шығар. Ішімнен «Құдай-ау, құдайдың көзі қайда, мынадай солдатсымақтар неге отырмайды екен?»-деп ойладым.  Бағанағы жігіт ағасының жылт еткен басы көрінген, мен ұмтылғанша, солдаттар оларды қайырып тастаған  мал секілді қуып жібергені өз алдына, аналарынан бастап сыпыра боқтағандарына шыдамай кеттім.

- Оларда сендердей адам ғой, әкелеріңдей адамды неге табалап боқтайсыңдар, ұятсызсыздар - деп едім, екеуі қабырғаға жапсарлас дүңгіршіктерінен шығып қасымызға жетіп келді.

- Біз бе ұятсыз, ұятсыз мына сендер, заңды сақтамайсыңдар.  Мына жерге пісте шағып, қанша қоқыс шашқансыңдар, кәне тазалаңдар, сендер үшін біз сөз естуіміз керек пе? Тазаламасаңдар қазір күйеулеріңді әкеліп, бұл жерді тілмен жалағандай етеміз - деді төртбағы. Сықсық көз де қалып жатқан жоқ, ол да әкіреңдеп сөйлеп екеуі кішкене жерді базар жасап жіберді. Ойпырмай, солдаттар да осындай болады екен-ау деп таңданудамын. Мен солдаттар туралы тым жақсы ойлап келіппін. Бірақ, кішкене дәліз шынымен де  қатты қоқып жатқан болатын. Пісте қабықтары да, умаждалған қағаз да, әйнек те, қиыршық тас та, темекінің қораптары да  бәрі бар, бірнеше күн тазартылмағандай.  Шағын дәліздің екі жағында бір-біріне қарсы орналасқан екі есікте ашық тұр.  Бір жағында біздер, екінші есіктен туремщіктер көрінеді.  Бағанағы жігіт ағасы тағы бір көрініп, екі солдатты көріп, жасқана ештеңе айта алмай қайтадан көрінбей кетті.  Мына төртбақ, талпақ танау солдаттың қалшылдаған түріне қарап, жүйкесі сау емес қой –деп ойладым. Көп жерде әскерге шақырылғандарды тексергенде бастықтардың тепсе темір үзетін, қол аяғы балғадай балаларын алып қалып, олардың орнына жоспарды толтырамыз деп, ауруларды да «денсаулықтарын шамаға келтіріп» жібереді деп еститінмін.   Әлде, осы жерге келіп, осындай өмірден  бұзылды ма екен? Бұлардың қан-сөлсіз беттеріне, қатулы қабақтары мен жыбырлап тұрған шықшыттарына қарап, психтар ғой деп үндемеуге бекіндім. 

Екі солдат есік алдынан  өтіп бара жатқан туремщиктерді шақырып алды. Олар бас киімдерін алып, қолдарына умаждай ұстап, бейне бір кінәлі адамдардай қипақтап, бастарын салбыратып,  жасқана басып келді. Менің маңдайымнан суық тер бұрқ ете қалып, денем ысып бара жатты.  Иә, бұл солдаттардың менің күйеуімнің аты-жөнін сұрап жатқанын сездім. Досымды шақыртып, менің көз алдымда оның абыройын төгіп, үстемдігін жүргізбекші ғой, менің көзімше қорламақшы. Жоқ, жоқ, оған жол беруге болмайды.  Менің азаматым емес пе?  Ол мен пір тұтқан еркек қой. Ол әрқашан менен биік тұруы керек.  Жаным менің, ол менің күткен, мен көргім келетін биікте бола берсін.  Мен оны басқалардың қорлағанын көргім келмейді.  Түрмеде отырғандардың барлығы  жамандығынан отырған жоқ.  Ондайды, «тағдырдың ісі, маңдайына жазылған шығар» -  деп жатады «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деп жатады, сонда да мен Досымның кінәлі емес екенін білемін ғой.  Түрмеде отырғандардың барлығы қылмыскер деп кім айтты? Ал түрмеге отырмай жер басып жүргендердің бәрі таза жанды, өмірі қылмыс жасамағандар деп кім айтты?  Әр түрлі қылмыстар жасап,  неше түрлі құйтырқылықпен қолындағы биліктің, арам ақшасының, жүн білек  ағалары мен крыша көкелерінің арқасында алшаң басып жүргендер аз ба?  Түйені түгімен жұтып, ел үстінен күн көріп, адамдардың бойындағы асқақ та, асыл қасиеттерін былғап, өмірге, ертеңгі күнге, одан қалса заңдылықтың жеңіп, әділеттіліктің салтанат құратынына деген сенімін тартып алып, саудалап, айырбастап жіберіп жатқандар қылмыскерлер емес пе ?  Досымның менің көзімше мына жерді сыпырып жатқанын, оған мына солдат күзетшілердің  қанден иттерше шәуілдеп жатқанын көргім келмеді, тез сыпырып алу керек деп ойладым. 

Бір солдат екіншісіне белгі беріп еді, ол дереу біз жақтағы есікті жапты.  Адам аяғы басылған, сағат кешкі алтыға таяу, жұрт жұмыстан шыққанша ешнәрсе шешілмейтін секілді.  Неге есікті жапқандарын да түсінгендей болғанмен, өз ойыма өзім сенгім келмеді.  Солдаттың біреуі «сенің көзіңше тілмен жалап алғандай жасаймын»-деген еді ғой.  Иә, олар Досымды шақыртып жіберді, қазір мына жерді менің көзімше оған тазалатады. Мына жерде қазірше осылар бастық екенін түсіндім.  Сол себепті, мені кетіп қалмасын деп, есікті жаптырды.   Өзімнің не болғанымды білмей кеттім.  Мұп-мұздай қиыршық тас, сынған әйнек, балшық, темекі тұқылдары, балшық-бәрін жалма-жан алақаныммен жинай бастадым.  Алақандарым арқылы денемді қалтыратқан салқындыққа да қараған жоқпын. Біреулер сөйлеп, біреулер айқайлап жатқан секілді, олардың еш қайсысына қарап жатқан жоқпын. Көз алдымда тек қоқыстар ғана, қоқыстар, оларды Досымды алып келгенше жинап бітуім керек. Көзімнен жас моншақтап үзіліп, түсіп жатыр, түсіп жатыр. Мына дәліз шағын секілді еді, алақаныңмен сыпырғанда үлкейіп кеткендей, қоқыстар таусылар емес, алақанымды әйнек кесіп кетті,  ештеңе етпес, өлмеспін, тек  тез тазалап тастау керек,  Досымды әкелгенше бітуім керек, тез, тезірек. Қолыма жабысқан ақ жаулықты әйелді итеріп тастадым. Бар ойым,  Досым келгенше оған тазалайтын ештеңе қалдырмауым керек.   Екі шекемнің шыңылдағаны өз алдына, басымда  бір нәрсе дүңк-дүңк етеді. Досымды желкелеп, мына жерді тілімен жалап алуға әкеле жатқандай.  Мен пір тұтатын азаматты қорлағысы келеді.  Сол дәліз еденінде  аз көз жасым қалған жоқ, басымды тұқыртып алып, тыйылмаған көз жасымды ешкімге көрсеткім келмейді. Ол көз жаста Досымға деген  әппақ-әппақ сезім мен сағыныштың да, мына өмір мен  қоғамның,  әлде мына күзетші солдаттардың  әділетсіздігіне қарсы пайда болған сезім-ызаның да қосындылары бар еді. Біреулер мені жұлқылап, мына жерді тез тазартуыма кедергі келтіргісі келетіндей, бағанағы күзетші солдаттар шығар, маған емес, Досымға жинатпақшы ғой, жоқ мен оған жол бермеймін. Көргенім тек қоқыстар ғана, алақандарыммен жанұшырып сыпырып жатырмын, сыпырып жатырмын...

 Алдымда прапорщик ағай тұр.  Айналамызда адамдар жиналып қалыпты.  Маңдайымдағы терді сүртіп, бетімді жапқан шашымды жинайын деп, қолымды көтерсем, қолдарым лас-лас, бір алақанымды қан жуып кеткен.

-Жинамаңыз, күйеуіңіз бәрібір карцерде - деген  дауыс естілді.  Басымды бұрып, туремщиктер жақтағы есікке қарасам бағанағы жігіт ағасы екен. Япыр-ай, мына кісінің сұңғыласын-ай, менің қатпар-қатпар миымның ішінде жатқан, тек өзім ғана білетін сырды қайдан білген?

-Шапалағыма кешір айналайын,  айтқанға да, жұлқылап түсіндіргеніме де қарамадың,  сені чувстваға келтірудің басқа жолын таппадым—деді прапорщик ағай.

Күзетші солдаттар  бөлмелеріне кіріп, кішкене темір тор терезенің арғы жағынан концерт тамашалағандай, мысқылдай қарап тұр.  Прапорщик ағай мені ол жерден шығарып үйшікке әкелді. Ақ жаулықты әйел екеуі қасымда бәйек болып жатыр, бір жақтан мақта мен иод алып келіпті. Прапорщик ағай, бүгін енді  менің мәселемді шешетін  үлкен бастықтардан ешкім болмайтынын, свиданиеге ертең кіретін мына кісілермен бірге қонып шығуым керек екенін, ешнәрсеге уәде бере алмайтынын, ертең бір әрекетін істеп көретінін, ал біз қонатын үйшік суып кетпес үшін туремшиктердің мол етіп отын әкелгенін, тек оны түнімен аз-аздан, үзбей отқа салып отыруымыз керек екенін айтты.

- Ағай, «карцер» деген не, оған не үшін отырғызады - дедім, ол сырт айналып үйшіктен шығуға айналғанда. Оның  бағана «бастықтар шешеді, білмеймін» дегенімен, Досымның карцерде отырғанын маған айтқысы келмегенін түсіндім.

- Жақсы емес -деп, ол айтайын ба , айтпаймын ба дегендей ойланып қалды.

- Ол оңаша, қараңғы, суық, тар, тас бөлме - деп, ақ жаулықты әйелдің күйеуі шошқа сақал шал білгішсініп, одан сұрап тұрғандай арадан килікті. Прапорщиктің там-тұмдап айтқанынан ұққаным, Досымның свиданиеден алынып, карцерге отырған себебі мынадай екен. Өзіне асханада «қатынсың» деген  түрме  қызметкерінің басына  ішуге алып келе жатқан қанжылым сорпасын ыдысымен аудара салыпты.  Свиданиеден алып тастағанына қынжылсам да, ішімнен «өзіне де сол керек»-деп, Досымның ісін іштей құптадым. Алақандарым ісіп кеткен, ашып ауырып тұр. Ештеңе ұстай алмаймын. Ертеңгі күннен  үміт күткен үш әйел, екі еркек ұзын етіп қолдан жасалған ағаш орындықтарда ұйқылы-ояу дем алған болдық. Шошқа сақал шал екі-үш рет тұрып отқа көмір салды. Көзім ілінсе болды шым-шытырық түс көремін.Түсімде біресе Досым қолын бұлғап кетіп бара жатады, біресе мені құшақтап аймалап жатады, біресе көп солдаттар Досым екеумізді қуалап жүреді...

Ертеңіне түске дейін бос сандалыс болды.  Түс қайта прапорщик ағай сөзінде тұрып, арыз жазғызып түрменің бастығына кіргізді.  Бірақ, ол кісінің жауабы қысқа болды. Қазаққа ұқсағанмен орысшалап: «Не положено, дисциплина есть дисциплина,  закон есть закон»-деді.  Мен меңіреуленіп тұра бердім.  Сөздерін естіп тұрсам да мағынасы санама жетер емес. Көз жасым кеше таусылып, әлі жиналмағанға ұқсайды. Жанымның әппақ гүлдері солып қалған.  Қан тамырларымда қан жүрмей, ұйып қалғандай сұп-суықпын.  Бастық «сенімен ісім бітті» дегендей, қол астындағы телефон тұтқасына жабысты.  Мен көздеріммен бәрін көріп тұрмын, бірақ, нені күтіп тұрғанымды өзім де білмеймін, Досыммен кездесудің, ең болмағанда мына арқалап әкелген тамақтарым мен сұратқан киімдерін беріп кетуім керек. Не десем екен.  Жаңа байқадым, терезе алдында тырбық мұртты бір ұзын сары тұр екен,  сол менің қасыма келіп шынтағымнан ұстап, итергендей сыртқа қарай беттеді. Қазақ екен. «Шығыңыз, қарындас, шығыңыз, бұл кісі бір айтады, болды, жұмысы көп»-деген сөзді естіп, ең соңғы вагонның артынан жүгірген адамдай: 

- Ағай, ағатай, көмектесіңізші, құлыңыз болайын, мен күйеуімді көрмегенге үш ай болды - деп шырылдадым. Құлыңыз болайын деген сөздің аузымнан қалай шыққанын өзім де байқамай қалдым. Жолықтырса да құлы болайын деп тұрғаным жоқ еді, сөз реті солай болды, жақсылығын жерге тастамайтынымды сездіргім келген.

-Тс...с...с !  

Кабинеттен дәлізге шыққан соң ,

- Үйшікте бол, ешкімге ештеңе айтпа, өзім шақырып алам - деп, сыбыр етті. Өз құлағыма өзім сенбедім. Ол менің естіп тұрғандарымның шын екенін қуаттағысы келгендей, білегімнен қысып-қысып, коридор есігінен шығарып жіберді.

Үйшікке қайта оралғаныммен байыз тауып отыра алмадым.   Не сенерімді, не сенбесімді білмеймін. Бүгін қайта алмайтыным белгілі болды. Бұл жерде қараңғы ерте түседі.  Кешке қарай жолға шығу ойымда жоқ, автобустар қатынайтын трассаға дейін үш шақырым жер. Жаяу адамға, оның үстіне екі адамға үш күнге жетерлік азық-түлік, ыдыстар, Досымның жылы киімдері - біршама ауыр жүктерім бар.  Мына адам ең болмағанда тамақтар мен киімдерін беруге көмектессе  ғой деймін. Жылт еткен үміт отын сөндіріп алғым келмеді.  Бір кезде бір адам келіп, мені бастық шақырып жатыр деді. Жүрегім өрекпіп барғым келмейді.  Свидание алуға шынымен көмектессе ше?  Свиданиелері бүгін де шешілмей, ертеңге қалған ақ жаулықты әйелге бірге барайық –деп  жалындым. Шалы осы ауылдағы дүкенге нан-пан алуға кеткен.  Ол сөзге келместен маған ерді. Әлгі адам мені ішке кіргізіп, өзі есік алдында ақ жаулықты әйел екеуі қалды. Ол да менімен бірге кіргісі келіп еді, орысша бір түсініксіз сөздерді тез-тез айтып, кіргізбеді.

Ұзын сарының  кабинеті үлкен бастықтың кабинетінің жартысындай екен. Столында электр лампасын жағып қойыпты. Кабинет іші жып-жылы.  Ұзын сары мен кіргенде орнынан ұшып тұрып, қасыма келіп, базарда мал сатып алайын деп жатқандай, мені бір айналып шықты.  Содан соң оның ішіп-жеп қарағанынан ыңғайсызданып, төмен қараған мені иегімнен ұстап өзіне қаратты.

- Атың кім?

- Самал.

- Ия, Самал, бір дегеннен іске көшелік, менің жұмысым көп. Мен сені күйеуіңмен жолықтыра алам, заңсыз, аз уақытқа ғана. Кездескің келеді ме, күйеуіңмен?

- Әрине ағай,  әрине, өтінем көмектесіңізші.

- Өте кездескің келеді ме?

- Иә, ағай, өте кездескім келеді.

- Бағана құлың болып кетейін дедің. Демек, күйеуіңмен кездесу үшін бәріне дайынсың ғой.  Сол сөзіңде тұрасың ба?  Маған құл болудың қажеті жоқ. Әрине мен үш күн емес, тек бірнеше сағатқа, мысалы,  жарты тәулікке дейін кездестіре алам.

Бұл деген үлкен бақыт қой, мейлі жарты күн болса да.  Мен қолымды құлағымдағы сырғама апарып шеше бастадым.   Тұрмысқа шығып, үйден кетерде анамның берген сыйлығы. Мына кісіге беретін ақшам жоқ, маған заңды бұзып әншейін жақсылық жасамайды. Досымды бір көруге зар болып тұрғанда аяп нем бар.

-Ха-ха-ха! Сырғаңды бермекшің бе, оны қайтем?  Менің әйелім түгіл любовницам да тек қана бриллиант тағады. Жоқ, ха-ха, жоқ. Сен ничегосың, фигураң күшті екен. Беретін ақшам жоқ дейді, ха-ха, өзің тұрған ақша екеніңді түсінбейсің бе?  Сөздің қысқасы былай көжегім.  Күйеуіңмен  5-6 сағатқа кездескің келсе, алдымен  қазірден бастап, менімен екі-үш сағат бірге боласың, сосын күйеуіңмен кездестірем, ертеңгі тоғызға дейін бәрін бітіреміз, осыған келісесің бе ? Ол темекі түтіні сасыған демімен шарпып, мені  көздерімен ішіп-жеп тесіліп қарап қалған.

Үстімнен біреу  мұздай су құйып жібергендей болғанмен білдірмеуге тырыстым. Суық су өртке шашқан судай болып, жаным мен тәнімді  аз уақытқа болса да  бөлеген қуаныш пен үмітті  өшіріп, ал сумен араласқан үшкір мұздар басым мен жүрегімді тескілеп жатқандай.  Кейде адам бір күйге жеткенде оған бәрібір болады екен,  ештеңеден қорықпайды екенсің, ештеңеден ұялмайды екенсің, тек сол күй, сол қалыптың құлы болып, ойыңа келгенді айтасың, ойыңа келгенді істейсің. Маған да бәрі бір еді.  Мына адам аты бар мақұлық мені боқтай ма, ұра ма, өлтіре ме бәрібір еді. Қасыма келіп «Ну, аппитетная ты, женщина! »-деді. Мен бар күшімді жинап «идиот »-дедім.

Ол не айтқан сөзімді естімеді ме, не естігеніне сенбеді ме ,

-Не?

-Сіз ид-ио-т-т сыз!

Есіктен атып шығып, қасындағы еркек пен сөйлесіп тұрған ақ жаулықты әйелдің қолынан ұстап, сыртқа сүйрелей «кеттік, кеттік»-дедім. Артымнан - Кейбір адамдар жақсылықты білмейді -деген қазақи дауыс естілді.  Түнімен  үйшікте көз ілмей отырып шықтым. Бұл жолы бір-бір ұзын столдан имендене алған жоқпыз. Ертеңгі болатын свиданиеге алыстан көп адамдар  алдын-ала келген екен. 

... Ертеңіне сумкаларымды  сүйретіп жолға шықтым.  Досымға алып келген бар жылы жұмсақ тамақтарды ақ жаулықты әйелге беріп кеттім. Ыңғайсызданып алғысы келмеген, «үлкен үш адамсыңдар, оның үстіне бұндай тамақтар бұл жердің дүкенінде жоқ»-деп, сервелат колбаса, піскен қазы, иісі аңқыған жас тұздалған қияр тағы басқаларын сумкасына салып бердім, екеуміз бір-бірімізді бұрыннан білетін жандардай жылы қоштастық. Кетерде мені құшақтап, «Басың жас қой сіңлім, жасыма»-деді. Сумкам жеңілдегенмен әлі Досымға тамақ салып берем деген әдемі  ыдыстарым мен Досымның жылы киімдері бар.   Мені жолға жинасқан дос қызым «бір шұңғыл кесе алсаң жарайды, түрмеде әдемілікті қайтесің, жолда жүк жасама, ақ қағаздың үстіне тіліп берсең сол қазыны жейді, кәмпиттерді дастарханға шашсаң да жейді» дегенін тыңдамағам.  Әйел жүрген жердің бәрі әдемі, сұлу болу керек деп ойлағанмын. Енді оны тыңдамағаныма өкініп келемін. Қолдарым әлі ашып тұр, ісігі қайтқан жоқ. Жүрісім өнер емес.  Трассаға мына жүрісіммен қашан жетерім белгісіз. Әйтеуір кешке дейін жетсем, арғы жағы Алматыға дейін ағылған автобустар. Сумкаларымды қойып, үстіне отырып дем алып отыр едім, қасыма бір машина келіп тоқтады. Домаланған қара жігіт машинасынан түспей:

- Қарындас қайда барасың?-деп дауыстады.  Алматыға дейін  ала кетейін , отырыңыз.

- Рахмет, төлейтін ақшам жоқ, бара беріңіз.

- Ақшаның қажеті жоқ, жақсылық істеген адам иә алладан қайтсын, иә балаларымның алдынан шықсын –деп жасайды, кел, отыр.

- Аллаға, одан қалса сізге рахмет. Мен жеңіл машинаның  артқы орнына отырып алдым, іші жып-жылы екен.

- Свиданиеге келіп жолыңыз болмаған ау шамасы, ашулысыз ғой.  Мен үндемедім.  Ол әңгімесін әрі жалғастырды.

- Мен де інімді шығарып алуға әрекет жасап жүрмін. Жарты срогын отырды. Керемет жігіт, не қыласың, авария жасап алды. Қазір блатсыз ештеңе шешілмейтін болды ғой. Соттан бастап  түрмеге дейінгі жолда кездескен қолында билігі барларды жемдеумен келемін. Тіпті ақша мен сыйлықтарға да қарамайды, содан бір адамдар арқылы жоғарыға шығып, ЦК- дан звонок жасатып, інімнің ісін осындағы басшылармен  пісіріп келе жатырмын. Құдай қаласа жақында шығады.  Еліміздің тарихында осы кезді «блаттар заманы жайлаған уақыт»-деп атайтын болады. Заңды болса да таныстықсыз ештеңе шешілмейді. Әркім отырған орнын пұлдап қалғысы келеді...  Ол ағай сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр,  өзі әңгімешіл екен. Бір әңгімесін естісем, бірін естімеймін. Бойым жылынып, ұйқым келгендей, арасында көзім ілініп кетеді.

... Осы кезді ... Мына кісінің сөзіне күлкім келді. Жиырмасыншы ғасырдың сексенінші жылдарының басын «еліміздегі блаттар заманы»  туындаған кез дей ме? Мүмкін ол ерте басталған шығар? Қаншаға созылар екен?  Досымның қамын жейтін осындай ағасы болса ғой. .. Енді свиданиеге үш айдан кейін келем, үйге келісімен хат жазам...

-       Қарындасым, мен сені  қай жерден түсірейін?

Мен селк ете түстім. Алматының шетіне келіппіз.

- Қарындасым, үйіңе дейін апарып тастар едім, қаланы дұрыс білмеймін, қай аялдамадан түсірейін?-деді ол үйіме дейін жеткізіп тастамағанына өкінгендей.

- Аға маған бәрі бір, өзіміздің Алматы ғой, аға , рахмет сізге ағатай,  ініңіз тез шықсын. Бала –шағаңыздың қызығын көріңіз, Аға!

Үйге трамвайға отырып келе жатып,   бейтаныс бір адамның арқасында Алматыға  бір сағаттай  уақытта жеткеніме өзім де сенбегендей, «өмірде жақсы адамдар да бар ғой»-деп,ойладым. Жақсы адамның ең болмағанда атын сұрап қалмағаныма өкіндім.  Соңғы екі-үш күнгі оқиғаларды есіме алып, сезім тазалығы, тән тазалығы, жан мен ар тазалығы үшін күрестің басталғанын  және бұл күрестің оңайға түспейтінін түсіндім.

Көз алдымда Алматыдан 60-шақырымдай жердегі , қазақшасы «өзен жағасындағы ауыл»-деген мағананы білдіретін, өзгеше тұрғындары бар шағын ауыл да, ақ жаулықты әйел менмен «Идиот» атаған түрме басшысы орынбасары да , мені Алматыға ала келген белгісіз ағай да, оның «блаттар заманы»-деп атаған 20-ғасырдың 80-жылдары да көз алдымда кино ленталарындай өтіп жатты.

Р. Қамидуллақызы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434