Сейсенбі, 25 Қараша 2025
Ғибырат 327 0 пікір 25 Қараша, 2025 сағат 14:49

Ән сұлтаны – Әбілахат

Сурет: egemen.kz сайтынан алынды.

Бүкiл ғұмырымызды әнмен әлдилеп келе жатқан аяулы композитор Әбілахат Еспаевтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр.

Жүрек пернесін дөп басқан талант

Бәрiмiз де бала болдық. Анамыздың алақанынан айрылғымыз келмей, қызылды-жасылды бояуы жарқ-жұрқ еткен мектептiң табалдырығынан жүрексiне, именшектей аттағанымыз әлі есте. Өзiмiз құралпы балалардың көптiгiнен бе, әлде «келе ғой...» деп жымия қарсы алған мұғалiмдердiң жылы көзқарасынан ба, жүрек лүпiлiмiз басылып, тез үйренiсiп кеттiк. Кейiннен ән сабағында немесе мерекелiк думанды кештерде:

– Кел, балалар, ойнайық,

Ойнайық та күлейiк... – деп ән шырқадық, қол ұстасып биледiк. Бiрақ «Ойлан, тап!» деп аталатын ол әннiң авторының кiм екенiнде шаруамыз болған жоқ. Қайтесiз, ойын баласы-дағы.

...Араға бiрер жыл салып пионер атандық. Мойнымызға алқызыл галстук тағып, өзiмiздi үлкен азамат сезiндiк. Сол сәнiмiзге қарай айтар әнiмiз де өзгердi. Ендi мектеп хорының алдыңғы қатарында қасқайып тұрып:

– Батыр бала, батыр бала Болатбек,

Батыр бала советтiк жас пионер! – деп саңқылдайтын болдық. Ол кезде «Батыр бала Болатбек» әнiн кiм жазды – сұрамаппыз да. Сұрай қоятын да жаста емеспiз, түсiнiктi ғой.

...Бiздiң кезiмiзде кiшкентай құлыншақтың өсе келе мiндеттi түрде тай, құнан, сосын дөнен шығатыны секiлдi пионер болған бала түптiң түбiнде комсомол болмай қоймайтын. Сол бұлжымас дәстүр бойынша алқызыл галстукпен бiрiмiз қимай, бiрiмiз қуана қоштасып, комсомол қатарына өттiк. Жауапкершiлiгiмiз арта түстi, шырқар әнiмiздiң де шырайы өзгерiп сала бердi. Ендi баяғыдай балаң дауыспен емес, ересек жiгiттерге тән гүрiлдеген жуан үнмен «Бiздiң комсомолды» айтатын болдық. Кеңес Одағы мен АҚШ-тың арасы ушыға келе «қырғи-қабақ соғысына» ұласып, кеңес халқы жаппай жанталаса қарулануға қарсылық танытып жатқан кезең болғандықтан, тыныш өмiр сүрудi аңсаған, соғыс атаулыдан шаршаған халықтың сол көңiл-күйiн дөп басатын дүниелерге де сұраныс аз емес-тi. Қайырмасы:

– Шырқаңдар, кел, достар әр елде

– Бейбiт күн жасасын әлемде! – деп аяқталатын «Бейбiтшiлiк сақталады» әнiнiң мектеп кештерiнде жиi шырқалуы да сол себептi едi. Бұл әндердiң де авторы кiм екенiне ол шақта онша мән бере қоймаппыз.

...Алтын ұя мектебiмiзден түлеп ұшар сәтте бала кезiмiзден қолымызға қалам-қағаз ұстатып, әлiппе жаттатқан мұғалiмдердiң қадiрiн шын түсiнгендей болдық. Үлкен өмiрге қадам басар алдында өзiмiзден кейiнгi шуылдақтардың ортасында бiзге қол бұлғап қала берген ұстаздарымызға деген қимастықтан:

– Ұстазым менiң, ұстазым,

Өзiңмен өткен қыс-жазым.

Қалдырған iзiң мәңгiлiк

Жадымда тұрар жаңғырып.

Ұстазым менің, ұстазым, – деп «Ұстазым» әнiн шырқадық. Мұны да кiм шығарғанын ойлауға мұршамыз болған жоқ.

...Жылдар өтіп, біріміз ержеттiк, біріміз бойжеттiк. Кеше тұлымшағы желбiреген көршi сыныптағы көркем қыздың шашынан тартып ойнасақ, бүгiн соның бiр ауыз лебiзiне зар болып, кешкiлiк терезенiң түбiнде телмiрiп тұратын болдық. Жәй тұрсақ мейлi ғой:

– Асқақтата салғаным жайлау әнi,

Баққан малым жайлаудың болған сәнi.

Қай жерiмнен мiн таптың, қалқатайым,

Менiң жазған хатыма жауап кәнi? – деп «Маржан қызды» айтып, маңғазданып тұрдық.

Қыздар да қарап қалмай:

– Қусаң да, жiгiт, қаншама,

Жолатпаймын маңыма.

Әуреленбе, шаршама! – деп «Қыз қуумен» немесе:

– Қызда болса үмiтiң,

Батылдау бол, жiгiтiм! – деп «Қыз әзiлiмен» жауап қататын.

Кейiн арманның жетегiнде алысқа құлаш ұрып кеткен соң сол сәттердiң өзiн сағынып:

– Әлi есiмде, әлi есiмде сол бiр кез,

Көз алдымнан кетпей қойды-ау, мөлдiр көз! – деп «Әлi есiмденi» айттық.

– Достар, достар, жүрсiң қайда?

Бiрге едi ғой жанымыз.

Еске алысып осындайда

Кел, шырқайық бәрiмiз! – деп жастық шақты аңсап, «Қайдасыңдар, достарым?» әнiн де талай әуелеттiк. Дәурен-ай десеңiзшi. Бiрақ «адамның жүрегiндегi перненi дөп басатын осы әндердiң авторы кiм екен-ей?» деп қызықпаппыз-ау тегi.

Сөйтсек, қазаққа тәй-тәй басқан бала кезiнен қайта оралмас жастық шағын сағынар қария болғанша айтар ән жазып берiп кеткен композитор – Әбiлахат Еспаев екен ғой! Кәдiмгi «қазақ вальсiнiң королi» Шәмшi Қалдаяқовтың өзi «Ешқандай комментарийдi қажет етпейтiн, аты аңызға айналған тұлға!» деп баға берген Әбiлахат! Қандай ғажап әндер жазса да, кеуде кермеген, керiсiнше, оңаша ғұмыр кешкен қарапайым Әбiлахат!

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Өмірін әнге арнаған адам

Әбілахат Еспаев 1925 жылы 25 қарашада Қостанай қаласында дүниеге келген. Әкесі Смағұл атақты Ыбырай Алтынсаринмен аталас, ағайынды адам екен. Содан болар, ол кісі де бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліпті. Анасы жастай қайтыс болған соң, ашаршылық жылдары саяси өзгерістен сескенген Смағұл алты жасар Әбілахатты ертіп, кіндік қаны тамған туған жері Қостанайдан – Меркіге, кейін Шу ауданының «Алға» ауылына қоныс  аударады. Сөйтіп, қасиетті Әулиеата жері Смағұл қария әулетінің тамыр жайған құтты мекеніне айналады.

Әбілахат мектеп бітірер жылы ұстазы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Сапақовтың өлеңіне «Туған ел» әнін шығарғанда, ауыл адамдары бірден үйреніп алып, әуелете шырқаған деседі. Көкірегінде тұнып тұрған өнер халықтың киелі үніне ұласқан Әбілахат бұғанасы қатпаса да 1943 жылы ерлермен бірге Ұлы Отан соғысына аттанады. Кейін сол жылдарды толғана еске алып, «Днепр туралы жыр» әнін шығарады. Бұл әннің өлеңін ақын Сырбай Мәуленов жазған-ды. Днепр шайқасында жарақат та алған, табиғатынан зерек, білімге құштар жігітті Могилев қаласындағы жоғары әскери училищеге оқуға жібереді. Оны 1945 жылы үздік бітіріп шығады.

1948 жылы әскерден оралған жас офицер мектепке мұғалімдік қызметке тұрды. 1951 жылы Алматы консерваториясының (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) композиторлық факультетіне оқуға түсті. 1953 жылдан Қазақ радиосында музыкалық редактор болды. Ә.Еспаев, негізінен, ән жанрында (ән, романс, хор, баллада) шығармалар жазды.

ХХ ғасырдың 50-70-жылдары отандық музыка өнерінің қарқынды дамыған кезі болды десек, ән жанрында өндірте, жемісті еңбек еткен Әбілахаттың орны ерекше еді. Оның «Аққуым» (өлеңі Ж.Молдағалиевтікі), «Ақ сәуле» (Қ.Аманжолов), «Маржан қыз» (С.Адамбеков), «Қазақ частушкасы» (М.Әлімбаев), «Шофер келді қырманға» (Т.Ысмайылов), «Қыз қуу» (Қ.Сатыбалдин), «Бейбітшілік сақталады» (Н.Шәкенов), «Республика туралы жыр» (І.Мәмбетов), «Торғай толғауы» (Ғ.Қайырбеков), «Солдат сәлемі» (Н.Шәкенов), «Толқиды Тобыл» (С.Тұрғынбеков), «Сағыныш екен бала кез» (О.Әубәкіров), «Өзің де жігіт, қызықсың» (М.Әлімбаев), «Қыз әзілі» (Қ.Шаңғытбаев), «Жігіт жауабы» (Ә.Жәмішев), «Ұстазым менің, ұстазым» (А.Шамкенов), «Қайдасыңдар, достарым» (Қ.Ыдырысов), «Орамал» (Ғ.Орманов), т.б. әндері халыққа кең тараған.

Ә.Еспаев – 240-қа жуық ән мен романстың авторы. Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуі», С.Адамбековтің «Күн мен көлеңке», Ә.Тәжібаевтың «Той боларда» спектакльдеріне және И.Байзақовтың «Ақбөпе» поэмасы бойынша радиоқойылымға музыка жазды. 1973 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ән байқауында Ж.Жабаевтың сөзіне жазылған «Одағым – бақыт ордасы» атты әні үшін жүлделі екінші орынды иеленді. Әбілахат Еспаев 1980 жылы 30 сәуірде дүниеден өтті.

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Әбілахаттай дарындар жыл сайын тумайды

Композитордың тұстастары оның расында да өмірде өте қарапайым болғанын айтады. Оның әндерiнiң кейiнгi жылдарға дейін аса көп насихатсыз, елеусiз қалуы да, бәлкiм, сол себептен болар. Мұндай бейғамдығымызға не деуге болады? Жаңғалақтық па, жауапсыздық па? Баяғы бала кездегiнi қояйық, ес бiлгеннен кейiнгi ессiздiгiмiзге не жорық? Әлде қазақта Әбiлахаттар жыл сайын туып, жырғап жатыр ма?

Рас, Ә.Еспаевтың туғанына 80 жыл толған 2005 жылы талай тамаша ән кештерін ұйымдастырып жүрген өнер жанашыры, белгілі сазгер Қалдыбек Құрманәлінің бастамасы бойынша кезінде марқұм тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылды. Қызы Гүлсім Еспаеваның көмегiмен сазгер әндерiн жинақтап, қайта жаздырып, ән сұлтаны – Әбiлахатты еске алу кешін ұйымдастырған Қ.Құрманәлі содан бері мұндай шаралардың төрт-бесеуін өткізіп үлгерді. Алдағы уақытта да сазгер әндеріне деген ел ықыласы басылмайды деген үміттеміз. Дегенмен насихат әлі де әлсіз секілді. Әсіресе жас буын Әбілахат туындыларының талайынан бейхабар күйде қалып келеді.

Ендігі ескерілер бір мәселе мынау. «Композитор кезiнде кеңес өкiметiнiң халықшылдығына, коммунистiк партияның қазақ ұлтын ұшпаққа шығаратынына шын көңiлмен сенген адам едi» дейдi онымен жақын араласқан адамдар. Ол кезде қазiргiдей емес, идеологияның қуаты күштi едi ғой. Сондықтан болар, Ә.Еспаевтың лирикалық шығармаларымен қатар пионер, комсомол, партия немесе қырман, егiн тақырыбына жазылған әндерi де аз емес. Егер солардың мәтiнiн қайта қарап, марқұмның туысқандарымен келiсе отырып, көпшiлiгiне жаңа өлең жаздыру мәселесiн ақылдассақ, ұлттық ән өнерiмiз кеңес идеологиясының салқынына ұрынғанымен қазақы қайнарын сақтаған тамаша әндердiң талайымен толығар едi-ау...

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

«Шәмші алғашқы әндерін әкеме тыңдататын»

Гүлсім ЕСПАЕВА, Ә.Еспаевтың қызы:

– Әкеміз қатты сөйлемейтін адам еді. Бір-екі сөзбен ойын жеткізетін. Бізге жақсы тәрбие  берді, «таза өмір сүру керек» дейтін. Онысы – адамгершілігің мол болып, шыншыл, тура жолдан таймай, әрдайым кісілігіңді жоғалтпауың  қажет дегені шығар. Әкеміздің бір айтатыны, «біреу есік қақса, қорықпай аш» дейтін. Онысы қиындықтан қорықпа дегені шығар деп ойлаймын. Және де бір айтқаны «адамдардың артында қалма, алдына да шығып кетпе, орташа бол» дейтін. Мен кішкене кезімде осыны түсінбеуші едім. Мұнда да үлкен философиялық ой жатыр екен-ау…

Әкем тумысынан ақжарқын адам еді. Музыканы жазып отырғанда толқып ерекше күйге түсетін…Ән келгенде ысқырып отырып нотаға түсіретін. Сосын бөлмесіне кіріп, есігін жауып, алаңсыз ән шығаруға кірісетін. Біз ешқашан бөгет болып көрмедік. Өмірімде бір рет рұқсатсыз бөлмесіне кіріп барғанда селк етіп шошып кетті. Онысы музыкаға беріліп, ой құшағына кеткен сәтінде ойын бөліп жібергендіктен де болар деп ойлаймын.

Әкем өте ұқыпты жан еді. Қағазы үнемі реттеулі тұратын. Радиода істегенде өз шығармаларын әуе толқынынан бергізбейтін. Артық әңгімені ұнатпайтын. Шәмші ағамыз әкемізден бес жас кіші болған. Ол кісі әкемізді ұстаз ретінде құрмет тұтатын. Осы үйдің үлкен ұлымын деп күліп отырушы еді. Шәмші алғашқы әндерін әкеме тыңдатып, ноталарын көрсетеді. Сонда әкеміз «қандай дарынды композитор» деп, өнеріне басын иіп отыратын. Әкемнің жан досының бірі – Нұрсұлтан Әлімқұлов еді. Екеуі көп әндерді бірге жазды.  

«Өнерімен аспанға самғайтынның өзі – осы Әбілахат!»

Мұзафар ӘЛІМБАЕВ, Қазақстанның халық жазушысы:

– Қазақ радиосының музыка редакциясының бастығы Мақсұтбек Майшекиннің кабинетінде Әбілахат Еспаевпен жақынырақ таныстым. Майдангер офицер екен. Менен бір жас кіші, үйлі-баранды, кішкентайлары бар екен. Мен әлі сүрбойдақпын. Мен оған:

– Атың қызық екен, Әбілахат… Әбілхаят.

– Сенің атың да қазақтың төл аты емес қой, – деді Әбілахат.

– Сенің атың тым айғайлап тұр екен, өміршең құдай, ғұмырлы құдірет, – дедім.

– Пай, пай, әсем ән шығаратындар, менсіз де аспанға самғайды, менсіз де… – деді ол.

– Құдай  қосса  өнерімен аспанға самғайтынның өзі – осы Әбілахат! – деді Мақсұтбек.

1954 жылға дейін жастықтың сейіл-серуенінде жиі кездесіп, дуылдасып жүргенмен «менің өлеңіме ән жазшы» деп мен де қиылғаным жоқ.

Менің Әділхан Қайыржанов деген аяулы досым болды. Соған әзілдеп шығарған өлеңім еді. Мен бұл өлеңімді досымның альбомына жазып бергем. Ол «Өзің де, жігіт, қызықсың» деген өлең. Бір күні түскі ас ішуге Әбілахат, Сыдық (Мұхамеджанов – ред.) үшеуіміз кафеге бара қалдық. Әңгіме барысында есіме түсіп, өлеңді оқып бергем. Сыдық пен Әбілахат ән жазбақшы болды. Жырым келте болған соң ортасына бір ауыз шумақ қосып алды. Екі ән осы күнге дейін айтылады. Бірі жиі, бірі сирек. Әбілахат екеуіміздің өнер ынтымақтығымыз осылай басталған-ды.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір