«ЮНЕСКО» ТОЙЫ ҮЙ ІШІНДЕ ҚАЛА МА?
Әлиханды қадірлеуіміз керек еді ғой... «ЮНЕСКО»-ның өзі әлемдік тұлға деп танып, адамзат болып Әлекеңнің 150 жылдығын тойлағалы отырғанда біздің кежегеміздің кері тартқаны не? Осы уақытқа дейінгі уағда, мәжілістегі мәміле қайда? «Дүбірлетіп тойлау керек» дегенді әкімдік те, халық та қос қолдап қолдаған. Бірақ...
Әлихан – ас бермесек аласарып қалатын тұлға емес. Ат шаптыруды да шарт демей-ақ қояйық. Бірақ, алыс-жақыннан келген қонаққа «міне, мынау Әлихан туған жер» деп топырағын көрсетіп, «Ал енді конференция» деп көки сөйлеп, «мынау ескерткіші» деп еліріп, «той осымен бітті» десек... Ұят! Әу басында «Нұр Отан» жанынан құрылған «Мирас» қоғамдық ұйымының отырысында осы мәселе талқыланып, ұтымды ұсыныс, орынды ой айтылған. Жоспар жақсы-ақ еді, іс ірігелі тұр. Әлиханның юбилейі «ЮНЕСКО»-ға керек пе?
Бұл той жалғыз Ақтоғай ауданының ғана тойы емес еді ғой. Исі қазаққа ортақ той. Қасым Аманжоловтың 100 жылдық тойы Қарағандының басында басталып, Қарқаралыда түйінделген. Әлекеңнің тойы да кем дегенде осы сценаримен өтуі керек-тін. Той басы облыс орталығында, жалғасы Ақтоғайда болса сәнді һәм мәнді болар еді ғой. Баяғыда батыр болыпты-мыс деп атасына ат шаптырып, айтыс жасап жүретін қалталы қазақтар бар. Солар жөн білсе Әлекең Алаштың атасы. Ардақтасын, құрметтесін! «Алаш» арыстарына «ит көрген ешкі көзденіп» (Абай) қарауды қашан қояды екенбіз осы біз?!
Қолымызға Ақтоғай ауданында өтетін іс-шараның бағдарламасы түсті. «Бақсақ бақа екен» дегендей, көңілге күп кірді. ««ЮНЕСКО» тойы үй ішінде қала ма?» деген сұрақ сылаңдап тұр. «Өткеніңді ойласаң өскеніңнің белгісі, бүгініңді ойласаң өшкеніңнің белгісі» деуші еді ғой ата қазақ. Біз айтарымызды айттық, әкім-қараның іші білсін.
Бағдарламасы
Ә.Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына байланысты Ақтоғай ауылында өтетін іс-шаралардың
бағдарламасы.
1 күн
(23 қыркүйек, жұма)
18:00 – 19:00 Алыстан келген қонақтардың Ақтоғай ауылына келіп жетуі, қарсы алу (Аққайыңдар бағы)
19:00-21:30 Кешкі ас (Айфар мейрамханасы)
22:00 – Демалыс (Айфар қонақ үйі)
2 күн
(24 қыркүйек, сенбі)
08:00-08:30 – Таңғы ас (Айфар мейрамханасы)
08:30 –09:30 Талды бейітке келіп жету (Шабанбай би ауылдық округі)
09:30-10:00 Талды бейіт қорымында құран бағыштау, аралап көру (Шабанбай би ауылдық округі)
10:00-10:20 «Жекежал» қыстағына келіп жету (Шабанбай би ауылдық округі)
10:20-11:00 – «Жекежал» қыстағындағы Қазақстан Республикасының қорғауындағы тарихи ескерткіш-белгітастың ресми ашылуы (Шабанбай би ауылдық округі)
11:00-12:00 Ақтоғай ауылына келіп жету
12:00-12:30 – Ә.Бөкейхан атындағы ЖББОМ алдындағы бюсттың ашылуы, мұражайды аралап көру (Ақтоғай ауылы)
12:30-14:00 – Түскі ас (Айфар мейрамханасы)
14:00-14:30 - Алаш алаңындағы «Үш арыс» ескерткішіне, «Тарих тағылымы» саябағына гүл шоқтарын қою (Ақтоғай ауылы)
14:30 –15:00 Аудандық археологиялық-этнографиялық мұражайды аралау (Ақтоғай ауылы)
15:00-17:30 «Әлемдік тұлға Әлихан Бөкейхан және Тәуелсіздік тағылымы» атты Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның басталуы (Ақтоғай ауылы, мәдениет үйі)
17:30-18:30 - «Тоқырауын толқыны» халықтық ән-би ансамблінің концерттік бағдарламасы (Ақтоғай ауылы, мәдениет үйі)
18:30-19:00 Қонақтарды шығарып салу
Жанат Жаңқашұлы
"Арқа ақшамы" газеті