ӨЗБЕК АҚЫНЫ. БІРДЕ ТҰЩЫ, БІРДЕ АЩЫ МҰҢ – КЕУДЕМДІ БҰРҒЫЛАЙ БЕРЕДІ
Сайрамым
Бабамның сартап іздері қалған,
Сарғайған күрең күз бе еді, арман?
Көкжиек асып көшкен күндердің,
Санамда өшпей, тізбегі қалған...
Кешелі-бүгін ес кірді маған:
«Хикметке» жүзін кеш бұрды ғалам.
«Армысыз?!» − деп ем,
«Бармысың?!» − деген,
Бабамның даусы естілді маған.
Тарихтан тылсым хабарым болмай,
Білте шам ғұрлы жанарым жанбай.
Қалғып та мүлгіп күн кешкен екем,
Дәремет берер дарағым қалмай.
Тереңге түпсіз шым батқан екем,
Зарым мен мұңым зіл батпан екен.
Жас сәби маған жамалын бұрып,
Иассауи бабам тіл қатқан екен!
Таусылған шақта айла-амалым,
Бағымда мен де сайрап аламын...
Сенде де, менде арман жоқ білем,
Ақ сүтін емген Сайрам-ананың!
Адам
Күндізгі у-шу басылғанда сәл тыншып,
Ай себелеп, тұрар көктен салқын сүт.
Күлгінденіп күн де ұяға батады,
Қараңғылық ұйып келе жатады.
Тіршіліктің сезіне алмай бар-жоғын,
Етек-жеңін қымтанады жан-жағың.
Бір қорқыныш билеп бойды қас-қағым,
Төңкеріліп қалатындай аспаның.
Жан-жағыңа алақтайсың үркініп,
Жүрегің де жүрдек соғар бұлқынып.
Көктем көшіп, жаз өткені білінбей,
Көкжиегің көз ұшына ілінбей,
Күрсінесің, күбірлейсің сен іштен,
Көктен түсіп, тіл қатқандай Періштең.
Әдірем қап, арман-мақсат талайы,
Көңіл-күйің тыныштықты қалайды.
Тәубеңе кеп, тағдырыңды тән алып,
Тар кепеште отырғаның қамалып.
Қусырылып тұрған шақта тәмәм жақ,
Құлдығы кем, құр мақтан да саған жат.
Тіл ұшына кеп тұрғанда ғазалың,
Сылдыр сөздің сапырмайсың қазанын.
Жарым түнде ауызға алып Алла атын,
Жаның қалап Жаратқанның жәннатын,
Тірлігіне басу айтып бүгінгі,
«Кәлимаға» сындырасың тіліңді.
Көкіректе қайта оянар бір үміт,
Атқан таңмен қайта көктеп, тіріліп...
Мен айыпты емеспін
Мен айыпты емеспін:
Ертеңгі күнді сезінсем,
Елеусіз күннен безінсем.
Есіме алып еркемді,
Елжіреп жатып көз ілсем...
Сүйгенім үшін айыптымын ба?
Сүйе білуге лайықтымын ба?
Алладан өзгенің шамасы келмес,
Бұл дерттен мені айықтыруға.
Осындай менің халім бүгінгі,
Түсіне білсең, жанымды мұңды.
Салғанмен басқа сағындыруды,
Жазбасын ием жалындыруды.
Сарғайған шақта сағыныш та Елес,
Махаббат бізге бағынышты емес.
Ұғымың болса, бұл ғалам жайлы –
Махаббат бізге құл бола алмайды.
Біз оның қайта Әміріндеміз,
Таланың ортақ. Тәңірің негіз.
Пенделік күнде – пейіліндеміз,
Періште күйде – қабіріндеміз...
Уақыт – жүйрік зырлайды күнде,
Аспанда балқып тұрмайды Күн де.
Жұлдыздар өшіп, сөнеді Ай да,
Кешегі күннің елесі қайда?
Сарғайған күздің сабағын үзген,
Махаббат, бірақ қалады бізден.
Зәнталақ мынау заманда құйын,
Қоштасу... иә, әмәнда қиын.
Болғанмен қиын жағдайым-жайым,
Жалынып саған, жалбарынбайын.
Өтінем, сен де мұңайма, жаным,
Ендігі тағдыр Құдайға мәлім.
... Мен айыпты емеспін:
Ертеңімді ерте сезінсем,
Елеусіз күннен безінсем.
Есіме алып еркемді,
Елжіреп жатып көз ілсем...
Ақын
Ақын оңашаланады,
Ұйықтатып тастап бала-шағаны.
Тіршілік тыныш табады,
Түн құшағына алып пүліш даланы.
Бұтаға байғыз қонады,
Көзінен аққан жас шемен болып.
Ақын жалғыз қалады,
Беймәлім басқа әлемге еніп.
Ән тербер мидай даланы,
Қобыздың қылындай болып.
Ақ қағаз шимайланады,
Қызылдың құмындай болып...
Күз
Үзіледі жапырақ,
Езіледі жапырақ,
Сары аурудың өңіндей,
Сарғыш тартқан атырап.
Қалықтайды жапырақ,
Құлдырайды жапырақ,
Көлдің беті буланып,
Бұлдырайды атырап.
Бөзге айналып жібегім,
Жабырқадым, жүдедім.
Аяғымның астында,
Езіледі жүрегім...
Сол қыз...
Күздің сарғыш табы тартып жүзімді,
Жүрегімнің тыныштығы бұзылды.
Ібілістің елесіндей ілмиіп,
Көз алдымда мың бір сауал тізілді.
Жазғытұрғы жапырақтай сарғайдым,
Сол қыз менің – бар бақытым, бар қайғым.
Сорлы басым салды мені сарсаңға,
Елемейді қарсы келіп қалсам да.
Жалғыздықтан жапа шегіп әр таңым,
Одан сайын өртенеді жан-тәнім.
Өмірімнің еншілеген бар мәнін,
Сол қыз менің – арзуым да арманым.
Махаббат па, машақат па, білмедім,
Бір соны ойлап, өтіп жатыр күндерім.
Жан сырымды құп ала ма, алмай ма?
Бұйыра ма, бұйырмай ма маңдайға?
Менімен бір мұң шағады Тамбұрым,
Сол қыз менің – ән-жырым да тағдырым.
Дертім меңдеп, асқынып тұр азабым,
Өзімді-өзім қалай емдеп, жазамын?
Тәңірімнен табылмаса бір амал,
Өзге жаннан дәру-дәрмен сұраман.
Жаратқаннан келген шақта құт хабар,
Сол қыз, бәлкім, мені ажалдан құтқарар...
Сен мені кешір...
Сен мені кешір:
Ерте солған көктемдерім үшін,
Шеңберімнен шыға алмай,
Шектелгенім үшін,
Шекарамнан өте алмай,
Кептелгенім үшін.
Жертөледен кете алмай,
Жер түбіне жете алмай,
Өзімді жек көргенім үшін!..
Білем де сезем...
Мен саған құдай көріндім,
Сен маған құлай берілдің.
Қызығына баттым,
Қызғалдағыңды тақтым.
Лебізіңді жұттым,
Ләззәтіңді таттым.
Шаттыққа бөледім,
Шамдалыңды жақтым.
Таңдайыңды жібіттім,
Тал бойыңды жылыттым.
Бірде жылаттым,
Бірде жұбаттым.
Бірде жерідім,
Бірде ұнаттым.
Бәрі өтті жас шағыңда,
Қас-қағымда...
Сен мені кешір:
Бүгін мен... өзім емеспін,
Күндіз көрінбейтін,
Түннен жерінбейтін,
Көзіңе Елеспін.
Басымда бүгін басқа мұң,
Бөтенмін,
Жатпын,
Басқамын...
Аларып кеткен көздерім,
Ағарып кеткен шаштарым!..
Қайда барамын?
Қайдан келемін?
Бір құдай біледі...
Бірде тұщы, бірде ащы мұң –
Кеудемді бұрғылай береді,
Бұрғылай береді!..
Одан құтылар менде дәрмен жоқ,
Не өзгеден,
Не өзіңнен жәрдем жоқ.
Сен мені кешір:
Бұл дүниеде екі-ақ адам бар:
Бірі – Сен де,
Бірі – Мен,
Күрсінетін күнімен,
Аһ ұратын түнімен...
Сенің жаның жапалы,
Көңілің қапалы.
Менің өңірім – ойран,
Өмірім қайран...
Екеуміз – екі мекенбіз,
Екі бөлек – бөтенбіз,
Енді қайтып қосыла алар ма екенбіз?..
Әй, қайдам,
Сенімім аз, күмәнім көп...
Енді ешкімді сүйіп,
Ешкімге ұнағым жоқ!..
Кешірдім
Мен бәрін де кешірдім,
Босқа өтпесін есіл күн:
Көңіліңнен көшіргін,
Өміріңнен өшіргін.
Қабыл ал да, Жаратқанның жарлығын,
Қайта баста барлығын:
Қайта гүлдеп жан-ділің,
Тауфиқ тапсын тағдырың...
Әбдірахым Пратов
Өзбек тілінен аударған: Исраил Сапарбай
Abai.kz