Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 4880 0 пікір 23 Тамыз, 2016 сағат 14:52

МАТАЕВТАРДЫҢ ІСІ: ПРОКУРОР АЙЫПТАУ АКТІСІН ОҚЫДЫ

Бүгін Астанадағы №2 Есіл аудандық сотында Сейітқазы және Әсет Матаевтардың қылмыстық ісі бойынша басты сот отырысы басталды. Сотқа төрағалық етуші судья Ақболат Құрмантаев әуелі басты айыпталушылар – С. және Ә. Матаевтардан, олардың қорғаушыларынан қылмыстық істегі дәлелдерді алып тастауға қатысты өтінішхаттарының бар-жоғын сұрап білді. Судьяның сұрағына: «Өтінішхат жоқ» деген жауап қайтарылды. Одан әріде судья айыптау актісін оқу үшін прокурорға сөз кезегін берді.

Мемлекеттік айыптаушы Ержан Құрақбаев сот отырысында: «2011 жылдың басында «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Сейітқазы Матаев пайдакүнемдік қызығушылықпен заңсыз жолмен баюды көздеуді ойлайды. Өз қолында бар ақпараттарды талдай және салыстыра келе, С. Матаев «Қазақтелеком» АҚ-ның қаражатын қымқырудың жолын ойластырады. Осы мақсатта өзінің беделін пайдалана отырып «Қазақтелеком» АҚ-ның қызметі жөнінде жарнамалық-ақпараттық материалдарды жарыққа шығару үшін «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігі арасында келісім-шарт жасайды. Алайда кейінірек, жарыққа шыққан материалдардың қызмет құнына келгенде «Қазақтелеком» АҚ-ның қызметкерлерін жаңылыстырып, заңсыз жолмен ақша алады. Сондағы жымқырылған ақшаның көлемі – 143 млн. теңге», - деп хабарлады.

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, Сейітқазы Матаев 2010-2015 жылдар аралығында өзімен алдын-ала сыбайласқан адамдардың тобымен бірлесе отырып, мемлекеттік сатып алу саласында бюджет қаражатын қымқырған. Соның бәрінде алдау мен сенімге қиянат ету жолымен әрекет жасаған. Жарнамалық-ақпараттық қызмет саласында кәсіпкерлікпен айналысу мақсатында С. Матаев 2008 жылы 19 маусымда Алматы қаласының әділет органдарына «ҚазТАГ» халықаралық ақпарат агенттігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін тіркейді. «Өзінің қолында бар ақпараттарын талдай және салыстыра отырып, Матаевтың Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитетінің лауазымды тұлғаларының өзіне деген сеніміне қиянат ету және алдау жолымен мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге арналған бюджет қаражатын ұрлау жөніндегі арам ниеті туындайды», - деді сот отырысында Е. Құрақбаев.

Оның жария еткеніндей, Байланыс, ақпарат және ақпараттандыру комитеті мемлекеттік ақпараттық саясатты насихаттауға тендер өткізеді. Сол тендерді жеңіп алуға үміткерлердің арасында «ҚазТАГ» халықаралық ақпараттық агенттігі де болған. Алдын-ала жасалған келісім бойынша, тендерлік құжаттар бір ғана Әсет Матаев басшылық ететін «ҚазТАГ» агенттігі жеңіске жететіндей етіп жасалады. Алайда, бұл осы саладағы заңнаманы өрескел бұзу болып табылады. Келісім-шарт бойынша, «ҚазТАГ» мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты, қаржылық сала институттарын нығайту, еліміздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірі туралы көлемді материалдарды жарыққа шығаруы тиіс болған. Мәселен, 2013 жылы агенттіктен күн сайын кем дегенде 5-7 сараптамалық мақала, аптасына кем дегенде үш рет осы тақырыптарда әртүрлі сұхбаттар шығару талап етілген. Іс жүзіне келгенде бір-бір мақала, сұхбаттар ғана жарияланған. Тіпті кейде мүлдем ешқандай материал жарияланбаған. Ол аз болғандай-ақ, атқарылған жұмыстардың актілері тексерілмей, әншейін «қол қоюдан» өтіп отырған. Сайып келгенде, «ҚазТАГ» халықаралық ақпараттық агенттігі арқылы ұрланған ақшаның көлемі 169 млн. теңгені құрады.

Бұған қоса, С. Матаев 2011-2015 жылдар аралығында 216 952 683 теңгенің салығын төлемеді деп айыпталып отыр. Айта кетелік, бұған дейін мәлім болғаны – С. Матаев көрсетілген соманың шамамен 47. млн. теңгесін мемлекетке төлеп қайтарды.

Әмірлан Әлімжан

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394