Сенбі, 23 Қараша 2024
Не көріп жүрсіз? 3691 0 пікір 5 Тамыз, 2016 сағат 10:44

Ақсукенттен барған Акбаралы солтүстікте 15 адамды жұмыспен қамтып отыр

Алғаш естігенде таңданғанымыз рас. Тіпті, таңданудан бұрын айналасы жеті-сегіз айдың ішінде ісі ілгері басып, осынша адамға жұмыс тауып бере қоятындай қай кәсіптің құлағын ұстады екен деген көңілді күдік билегенін несіне жасырамыз. Оның үстіне, сонау солтүстікке жұмыс іздеп барып отырса... Сөйткен күдігіміз бекер болып шықты. 

Жастайынан жердің қадірін біліп өскен Акбаралы Бегалиев Сайрам ауданына қарасты Ақсукент ауылының тумасы. 26 жастағы тепсе темір үзетін жігіт былтыр Елбасының оңтүстік аймақтардан солтүстікке жұмыс күшін тарту жөніндегі бастамасын естіп, ендігі тағдырын сол жақпен байланыстыруға шешім қабылдайды. Ойы – солтүстіктің шұрайлы жерін игеріп, табыс табу. Ойланып жатпастан бірден Солтүстік Қазақстан облысына баруға таңдау жасайды. Сөздің реті келгенде айта кетейік, Қазақстанның солтүстік облыстары ішінде ең құнарлы жер Қызылжар өңірінде. Онда өсімдікпен бірге мал шаруашылығын дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсатуға қолайлы жағдай бар. Қызылжар ауданының Соколовка ауылына жайғасқан Акбаралы алдымен бос жатқан жерді жалға алып, оның төрт гектарын егістікке ыңғайлады.

- Негізі Ақсукенттегі тұрмысымыз өзгелерден көш ілгері болмағанмен, өзімізге жететін табысымыз бар-тын. Өзіңіз білесіз, онда қазір халық тығыз орналасқан. Жер болса, ол да шектеулі. Бұл жақтағыдай жерді гектарлап алып, көсіліп еңбек етуге мүмкіндік жоқтың қасы. Құдайға шүкір қазір жағдайым жаман емес. Көктем шыға лақапқа орамжапырақтың жеті түрін, қызанақ, сәбіз, қияр сынды көкөністің түрлерін ектім. Өнім сапалы болуы үшін ұрықтарды Голландиядан арнайы тапсырыспен алдырдым,- дейді бағбан. 

Жұмысы алға басқан Акбаралы жақында ата-анасы мен ағасы Өміралыны қарындасы Нафисаны осында көшіріп әкеліпті. Бір реттік берілетін демеу қаржыға да қол жеткізген. Күнгейден келгендер әзірге баспана жалдап тұрады. Маусымның ортасынан бастап 2,5 тонна қияр жинап, табиғи таза өнімді Петропавлдағы «Южный» базары мен көршілес ауылдардағы дүкендерге көтерме бағамен өткізіп жүр. Маусымдық жұмысқа жергілікті жерден 15 адамды жұмысқа тартып, оларға күніне 1500 теңгеден ақы төлейді. 

- Көктем шыққалы бері осындамын. Егістің арамшөптерін жұлып, жерді қопсытумен айналысамын. Жазда көкөністерге күтім жасап, оларды жинауға атсалысып жатырмын. Айына қырық мың теңге төлейді. Күнделікті алып тұрамын десең де болады. Үйге жақын әрі ыңғайлы, - дейді Соколовка ауылының тұрғыны Валентина Килина. 

Сөйтіп, Сайрамнан барған Акбаралы қай жерде болса да еңбек етіп, табыс табуға болатынын өз ісімен дәлелдеп жүр. Келешекте 30 бас сиыр алып, сүт және ет сатумен айналысуды да жоспарлап отыр. 

Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданына өңірімізден 16 отбасы көшіп барған. Барлығы да баспанамен, мамандығына қарай жұмыспен қамтылған.

Дәулет Тұрсынұлы

«Оңтүстік Қазақстан» газеті 

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475