БИЛІК НЕГЕ ҚАЗАҚТЫ КЕРІТАРТПА КҮШКЕ АЙНАЛДЫРДЫ?
Ресей Украинаға баса көктеп кіріп, жерін басып алды. Бұл – негатив. Енді осы оқиғаның позитив қырларын тізбелейік. Біріншіден, ыдырап бара жатқан Украинаны біріктірді, көпұлтты Украинадан – бірегей саяси украин ұлтын балқытып шығарды; Екіншіден, Украинаның құруы коррупциядан болу керек еді, бірақ Ресей бастаған соғыс пен Батыс талабы украинаның саяси элитасына бас талап пен бас мүдде ретінде коррупцияны атады; Үшіншіден, Ресейдің Украинаға агрессиясы Батысты (Европалық Одақ пен НАТО-ны) Ресейге қарсы финанстық, экономикалық және технологиялық санкциялар салумен біріктіріп, ал Украинаға қайтарымсыз экономикалық көмек бергізді;
Төртіншіден, Украина тиісті әскери реформаларды жасады, Украина әскери жаңа типті қарумен су тегін жарақтандырылды; Бесіншіден, Ресей Украинаны бағындырып, соғыста жеңіске жете алмады, соғыс Ресей үшін геосаяси және экономикалық ұтылыстарға әкелді: Ресейдің әлемдегі Жеті Ұлы державалардың ішінде абыройы төмендеді; Алтыншыдан, Ресей Ішкі Жиынтық Өнім көлемі бойынша әлемдегі сегізінші, оныншы, тіпті он бірінші орынға құлдырады десек болады; Жетіншіден, Ресей тұрақты одақтассыз қалды. Белоруссия мен Қазақстан тілазар немередей -Ресейдің айтқанын біресе орындайды, біресе өз білгенін істейді; Сегізінші, Ресейдің валюталық қор қаржысы 2018 жылға жетпейтін түрі бар, олар қазір ардагерлерге зейнетақы төлемін, мұғалімдер мен дәрігерлерге жалақысын қайдан аларын білмей абдырап қалды, жағдай мүшкіл; Тоғызыншы, Еуропа мен Украина Ресейдің газ бен мұнайының тәуелділігінен құтылды, оның үстіне мұнай мен газ бағасы қымбаттамай қойды; Оныншы, Ресей бюджеті әскери шығындарының тым өсуіне байланысты әлеуметтік бағдарламаларды қысқартып, әсіресе кейбір өлкелік бюджеттер дефицитпен орындалып, қаржысыз қалатын түрі бар.
Меніңше, Мұрат Әуезов көкемнен басқа бұл мәселені артық білетін қазақ жоқ шығар: орысыңды да, қытайыңды да ол адам жақсы біледі, бірақ саудада достық жоқ, саудада кемсінбеу керек, қолымызды идеологиялық ұстанымдармен байламау керек. Байланыстар мен қатынастарды ауқын-ауқын ревизиялау және диверсификациялау керек. Қазақстанның мәңгі одақтасы жоқ, тек өтпелі экономикалық, финанстық, саяси әріптестері мен мүдделері бар.
Осындай кезеңде шеттен «ұлтымды өзбек, қырғыз, қарақалпақ деп жазып жіберді» деп келгеннің бәрін «қазақ оралманы» деп мойындау қажет. Егер де солай деп мағлұмат берген оралман баласын орыс, не өзбек мектебіне берсе, онда ол миграциялық заңнаманы бұзғаны, жалған дерек бергені үшін депортация жасалғаны дұрыс. Бұл – халықаралық тәжірибе. Қазақтың тууы тым төмендеп барады. Сондықтан, Украинадағы жағдайлардан сабақ ала отырып, болашақта бізге миграциялық тасқындар қаупі көп болатынын ескергеніміз жөн. Яғни, кез-келген жағдайға шеттегі ағайындарды жинап алып, тас түйін дайын болу керек. Егер де олар иммиграциялық заңдарды бұзса, яғни алдаса, қазақпын деп кіріп, қазақ емес едім деп бұлтаққа салса, айталық, баласын орыс мектебіне берсе Франциядағыдай (француз қызына өзге ұлт өкілі үйленіп, ажырасатын болса, ол адам азаматтықтан айырылады. Себебі есеппен үйленген, махаббат болмаған, тек иммиграциялық заңды алдаған) азаматтықтан айыру керек.
Біз қазір қазақтың даму векторын бұзып, қазақты адастырып келеміз. Қазақшыл деген қазағың мемлекеттік тілді қорғамайды. Билік қазақты керітартпа күшке айналдырып, қазақты нарықтық принциптерге қарсы қойды. «Жер сатылмайды» деген қазақты «өзіміздегі фермерлерге де жер жекеменшікке берілмесін, ол жерді кепілдікке қойып, несие алмасын» деген пікірді айтып жатқандай атмосфера қалыптастырып отыр. Сөйте тұра, қазіргі замандағы латифундизммен күресетін түріміз жоқ. Жалпы, азиялық өндіріс түрі латифундиялар мен мемлекеттік жер меншігіне негізделетіні белгілі. Ол саяси жүйе экономиканың тынысын аштырмайды. Оның үстіне жерсіз халық амалдың жоқтығынан қала түбіне ағыла береді, оларға да жер бермесең, саяси жүйе дағдарыстан шыға алмайды. Яғни, феодализм дәуірі алдымызға айналып қайтадан келді деген сөз. Оны тірілткен жер меншігі туралы мемлекеттің ұстанымы. Бізде мемлекеттік олигархиялық капитализм қалыптасты. Солай болса да, дамуға ресурс бар және тарихи уақыт пен дамуға шанс бар.
Ол шанс латифундияларды кәмпескелеп, иеленген жерін кедей фермерлер мен үй салам деушілерге үлестіру қажет. Украина тәжірибесі көрсеткендей, Қазақстандағы ең маңызды мәселе – қазақ мәселесі. Сондықтан сол қазақтың, яғни мемлекеттік тілді атқарушы биліккке, заң шығарушы және жергілікті мәслихаттарға, сот билігіне еңгізбесек ісіміз алға баспайды. Халық қазіргі билікті пост отаршылдық әкімшілік деп бағалайды. Өз билігім демейді, сенім артпайды. Себебі қазақ тілі іс жүзінде мемлекеттік тіл болған жоқ. Қазақ ұлтшылдық өктемдікті аңсамайды, бірақ мемлекеттік тіл басымгерлігін талап етеді.
Әзімбай Ғали
Abai.kz