Сейсенбі, 26 Қараша 2024
ШОЛУ 6729 0 пікір 28 Шілде, 2016 сағат 18:29

ТҮРКИЯДАҒЫ БҮЛІККЕ БАЙЛАНЫСТЫ 30 СҰРАҚ

Түркияда жарық көретін «Yeni Hayat» басылымының бас редакторы Вейсель Айхан 15 шілдедегі төңкеріс әрекетіне қатысты жауап іздеген бірқатар сұрақтарды көпшілік назарына тастады. Енді сол сауалдарды тізбелесек:

  1. Тарихта ешуақытта көпірді жауып тастап төңкеріс жасалмаған. Төңкерілісшілер Бұғаз көпірін жауып тастағанша, сол әскери  күштерін мемлекеттік телеарналарға жіберіп, Ердоған мен Биналы Йылдырымның халықпен байланысқа шығуына кедергі жасауларына болар еді. Бірақ бұны неге жасамады?
  2. Әлем тарихында төңкеріске талпыныс жасалып, алайда ел басшысын, премьер-министрді, тіпті үкімет мүшелерінің біреуін де қамауға алмаған төңкеріс болмады. Бұндай оғаштықты қалай түсінуге болады?
  3. Әдетте әскери төңкеріс дегеніңіз таң алдында ұйымдастырылса керек, ал бұл жолғы төңкеріс талпынысының ел-жұрт әлі ояу, ұйқыға кетпеген уақытта, прайм-тайм кезінде орын алғаны ойландырарлық емес пе?
  4. Сол оқиға кезінде көшелерде әскерлерді айтпағанда, шенділердің бірде-біреуінің төбесі көрінбеді. Солдаттар мен офицерлердің не істеп, не қоярларын білмей, тіпті өздерінің қандай жағдайда екендіктерінен бейхабар болулары қалыпты жағдай ма?
  5. Ердоған әуежайда халыққа жасаған үндеуінде «15.00-де бір қозғалыс болды» деді. Сондай-ақ, бұл туралы Ұлттық Барлау Ұйымының сағат 16.30-да Ердоғанды хабардар еткені расталды. Егер сол сағаттарда Ердоған телеарналардан сөйлесе, халықты алаңға шақырса, төңкеріске әрекет етілмес-ті, әскер де барақтан шықпас-ты, мыңдаған жан ажал құшпас-ты. Алайда ол үнсіз қалған. Неге?
  6. Халықты алаңға шақыру үшін төңкеріс әрекетін, яғни өзінің сөзімен айтсақ, «Алланың сыйын» күтті ме? Неліктен бақандай алты сағат бойынша үн қатпады?
  7. 16.30-да төңкеріс болатынын алдын-ала білген Ердоған неліктен қауіпсіз бір жерге бас сауғалап, сол жерден мәлімдеме жасауды ойламай, керісінше әскери ұшақтар ағылған Ыстамбұлға баруды шешкен?
  8.  Тура төңкеріс орын алып жатқанда әрі Ататүрік әуежайына бүлікшілердің шабуыл жасағандарын жұрттың бәрі біліп отырғанда Ыстамбұлға ұшып келуін тағы қалай түсінеміз?
  9. Ердоған ұшағының «Flightradar24.com» арқылы қашан және қайда екендігін ел жаппай көріп-біліп отырғанда, басқа бір ұшақпен емес, тағы да сол АТА ұшағымен неліктен жолға шықты?

10.  Онсыз да көзсіз тәуелкел ете тұра, АТА ұшағына ілескен F-16 әскери ұшақ ұшқыштарына қалай сенген?

11.  Өзіне қастандық жасалуынан қаралай қорқып, «мені улап қояр» деген секеммен Резиденциясында азық-түлік зертханасына дейін ашқан ол, атып түсірілуі әбден ықтимал АТА ұшағына қалайша жүрегі дауалап мінді? Бұл «Ал маған оқ жаудырыңдар» дегенін білдірмес пе еді?

12.  «NTV», «CNN Түрік», «Doğan Haber», «AA» сияқты жетекші ақпарат агенттіктерінің, құдды бір келісіп алғандай, төңкеріс әрекеті басталмай жатып, әлі ешкім ештеңенің байыбына бара алмай жатқанда «Төңкерісті Түрік Қарулы Күштері арасындағы Гүленші Террорлық Ұйымдар (FETÖ) ұйымдастырған» деген хабарды қайта-қайта эфирден таратулары, Ердоған мен Йылдырымның да екі сөздерінің бірін осы сөйлеммен бастауы таңқаларлақ емес пе?

13.   Бүлікшілердің басты мақсаттары Ердоған мен оның резиденциясы бола тұра, неліктен Түрік Ұлы Ұлттық Мәжілісі (TBMM) бомбаланды? F-16 әскери ұшақпен 450 мың шаршы метрлік Резиденциясын жара алмай, тек қана оның ауласын атқылаулары нені білдіреді?

14.  Мыңдаған қызметкері мен жүздеген суық қарулы қорғанысы бар Резиденцияға 3 офицер, 13 әскерді қосқанда барлығы 16 әскердің шабуыл жасауы және олардың кіреберістегі полиция тарапынан тұтқындалуы ақылға қонымсыз.

15.  Сағат 16.00-де  Ұлттық Барлау Ұйымынан (MİT) төңкеріс туралы есіткен Қарулы Күштер қолбасшылары қалай ғана түк болмағандай тойға барған?

16.   Төңкерілісшілер 50 әскермен «Türksat» спутниктік байланыс операторына тұтқиылдан кіріп, кез-келген көрсетілімді өшіру немесе Телекоммуникациялық Байланыс Министрлігін (TİB) басып алып, интернет байланысын ажырату мүмкіндіктері бола тұра мұны неге жасамады?

17.   Ұлттық Барлау Ұйымы төңкерісті сағат 16.00 шамасында үкімет мүшелерінің барлығын дерлік хабардар еткенмен, Түркия Радио Теледидар Мекемесі (қысқаша әрі түрікше TRT. ауд) не себепті бақылауға алынбады? Төңкерілісшілердің мәлімдемелеріне неге кедергі жасалмады?

18.  TRT-ның сол мәлімдеме жасалар-жасалмас қызметкерлер тарапынан кері қайтарылуы және тоқтатылған жерден қайтадан хабарларын тарата беруі күмән тудырады.

19.  Болмашы ғана террорлық оқиға кезінде жабыла қалатын Twitter және басқа да әлеуметтік желілер сол түні неліктен істен шығарылмады. Тіпті интернет жылдамдығында өзгеріс болмады? Неге?

20.  Болмашы ғана террорлық оқиға кезінде барлық медиаға тыйым салынғанын ескерсек, төңкеріс әрекеті сияқты оқиға орын алғанда сол шаралар неге қолданылмады?

21.  Үнемі тіксініп, қабағы ашылмай жүретін Ердоған төңкеріс әрекеті болған түні тым байсалды көрінді. Тікелей эфирде жүздеген адам көз алдында өлім құшып жатқанда, оның бұл байсалдылығын не деп түсінеміз?

22.   Әскер саласында жамағатқа жақын әрі оларды қолдайтын 100 генерал бар екен де, олар 3 жыл бойы Фетуллах Гүленнің басты қарсыласы Ердоғанды құптап, сөзіне бас шұлғып келеді екен. Сосын жамағатшыл деген барлық ұйымдар мен компаниялардың билікке өтуін күтіп жүре береді де, соңында гүленшіл барлық ұйым жабылып, елдегі жамағатқа жақын қызметкерлер таратылғаннан кейін «Ой, енді төңкеріс жасайық» дейді екен. Мысқыл ұялатады...

23.  Төңкеріс әрекетін Әділет және Даму партиясы басшысының орынбасары Шабан Дишлинің бауыры генерал-майор Мехмет Дишли сияқты базыбір шенділер жоспарлы түрде қолдап, кейін ол істерінен бас тартқан деген сахналық сценарий сізді сендіре алды ма?

24.  Төңкеріс әрекетінен кейін билік «тазарту» жұмыстарыны жүргізді. Төңкеріс әрекеті төмендегі «тазартулардың» сылтауы болғаны ма?

25.  Мәселен төңкеріс әрекетінің ертесі таңертең заңды аяқ асты етіп, Конституциялық Сот мүшесі Алпарслан Алтан мен Эрдал Тержан қамауға алынды. Жоғары соттың (Яргытай) 140 және Мемлекеттік кеңес (Даныштай) 48 мүшесі жөнінде де тергеу басталды. 2 мың 745 судья, әкімшілік сот пен прокурорға қатысты да қамауға алу шешімі шығарылды. Бұлардың төңкеріс әрекетіне не қатысы бар? Болмаса олардың тізімдері әзірленіп қойылған ба?

26.   Ішкі Істер Министрлігі, орталық және провинциялық ұйымдарында барлығы 8 мың 777 адам қызметтерінен аластатылды. Төңкеріс әрекетін құқық қызметкерлері жасады ма сонда қалай?

27.  Білім және ғылым Министрлігінде 15 мың 200 адам жұмыстарын тоқтатуға бұйрық алды. Ал жекеменшік ұйымдарда 21 мың мұғалім қызметтік лицензияларынан айрылды. Негіз ретінде «15 шілде төңкеріс әрекетінен кейін басталған зерттеулер» көрсетілді. 48 сағатта 50 мың адам қалай зерттеліп үлгерілген?

28.  Үш күнде жүз мыңдаған адамды қызметтерінен қуу үшін Атазаң ретінде Ұлттық Барлау Ұйымының құжаттары пайдаланылды ма?

29.  Бүлікшілер діттеген мақсаттарына жеткен жағдайда, осындай масштабта «тазарту» жұмыстары жүргізілер ме еді?

30.  Осы «тазарту» процесстерін ӘРЕКЕТСІЗ ТӨҢКЕРІС десек қалай болар екен?

Аударған – Рауан Мәлік

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1533
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3313
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6006