Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3220 0 пікір 14 Қараша, 2016 сағат 18:34

Аянов пен Боқаев ісіне қатысты заттай айғақтар одан әрі зерттелуде

Атырауда Макс Боқаев пен Талғат Аяновтың ісі бойынша басты сот отырысы жалғасуда. Бүгін №2 қалалық сотта кинолог-маманнан жауап алынып, заттай айғақтар одан әрі қаралды.

Бүгінгі сот отырысында зайттай айғақтар ретінде Макс Боқаев пен Талғат Аяновтың телефонмен сөйлесулері тыңдалды. Телефон жазбаларында сотталушылар таныстарын 24 сәуірдегі митингке қатысуға шақырған. Т.Аяновпен тілдескен азаматтардың көбі митингке түрлі аудандардан жігіттердің келетінін айтқан. Заттай айғақтарды зерттеу барысында Талғат Аянов бұл әрекетін жоққа шығармай, халықты митингке қатысуға шақырғанын тағы бір мәрте мойындады.

Бүгін сондай-ақ, қорғаушы тараптың өтінішімен сот отырысына кинолог-маман қатысты.

Атап өтсек, алдыңғы отырыста зайттай айғақ ретінде Аяновтың 50 мың доллар ақшасы, футболкасы мен сөмкесі қаралған болатын. Сол кезде Талғат «футболка менікі емес, ол Ринат Кибраевтікі. Кибраев өзін қорғап, менің аяғымнан шалғысы келді. Сондықтан, футболкаға кинолог-маманның қосымша сараптама жасауын сұраймын» , - деген еді. Судья Г.Дәулешова сотталушының өтінішін қанағаттандырып, сараптама жасайтын маманның кеңесіне жүгінуге рұқсат берді.

Сонымен, бүгінгі сот отырысына қатысқан кинолог-маман биылғы жылдың шілде айында табылған футболка мен сөмкеге иттің көмегімен сараптама жасау мүмкін еместігін айтты. Маманның мәліметінше, ол үшін зат арнайы шабаданда дұрыс сақталып, дұрыс жеткізілуі керек еді.

«Жарты жылға жуық уақыт өтіп кеткендіктен иттер анықтай алмайды. 15-20 күн болса, онда ит зат пен оның иесін мүмкін сезуші еді. Иіс ұшып кеткендіктен ешбір ит иісті ала алмайды», - деді кинолог-маман.

Еске сала кетсек, Ринат Кибраев аталған қылмыстық процеске куәгер ретінде қатысқан болатын. Кибраев өз сөзінде 3 мамыр күні Алматыда Аяновпен және тағы бір қоғам белсендісі Марлан Есілбаевпен кездескенін айтқан еді. Әңгіме барысында оған Т.Аянов митингтер өткізуге қомақты қаржының бар екенін және оны оңтүстікқазақстандық азаматтардың бергенін жайып салған. Сондай-ақ, Аянов құқық қорғаушылар оны ұстап алуы мүмкін болғандықтан қаржының бір бөлігін М.Есілбаевқа беріп қойғанын жеткізген. Ал Есілбаев «Т.Аянов меннен қаржыны уақытша сақтай тұруды өтінді. Бұл ақшаны мен Аянов ұмытып кеткен футболкаға орап, ноутбукке арналған сөмкеге салып қойдым», - деген болатын.

Атап өтсек, М.Боқаев пен Т.Аяновқа ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша айыптар тағылуда. Атап айтсақ, олар: 174 баптың 2 тармағы, яғни, әлеуметтік және ұлттық алауыздық туғызуға бағытталған қасақана іс-әрекеттер жасау, азаматтардың ұлттық намысы мен қадір қасиетіне тіл тигізу; 274 баптың 4 тармағы, яғни, қоғамдық тәртіпті бұзуға қауіп төндіретін көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату; 400 бап, яғни, заңсыз шерулерді ұйымдастыру, өткізу және оған қатысу.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5570