Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Міне, әңгіме! 3678 0 пікір 13 Қараша, 2016 сағат 00:00

Қазақстанның жаңа жаһандық ахуалдағы нақты жағдайы қандай?

Елбасының кезекті «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауы –  әлемдік дағдарыстың сыртқы экономикалық әлемдік дағдарыс факторларынан өтудің жолы. Елбасы Н.Назарбаев cөз басын­да бүгінгі әлемдік ахуал күрделі кезеңмен ұштасып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ, Президент алпауыт елдер­дің өзара санкциялары дүниені тығырыққа тірегенін, қазіргі кезде жаңа мүмкіндіктер мен жаңа қатерлер ұштасқан шиеленісті де ауыр кезең туып отырғанын айтты. Жаһандық дағдарыс – тек қауіп қана емес, бұл жаңа мүмкіндіктер. Біздің қол жеткен табыстарымыздың сынға түсетін уақыты және қазақстандық мемлекеттікті нығайтатын уақыт туып отыр.

Мемлекет басшысы: «Біздің дағдарыстарды еңсеру тәжірибеміз бар. Жаңа жаһандық қатерлерге біз өзіміздің нақты мұмкіндіктеріміздің негізінде тұтас іс-қимыл стратегиясын қарсы қоюға тиістіміз» деген еді. Сонымен қатар, Елбасы мұндай аса жауапты сәтте бірліктің сақталуы аса маңызды екенін, сондай-ақ, барша қоғам ел игілігі үшін аянбай тер төгу қажеттігін атап өтті.

Жолдауда экономикалық реформалар негізінде дағдарыс жағдайындағы экономикалық өсуді қамтамасыз етуге бағытталған анық тапсырмалар бар. Бұл – жеке бастамашылық арқылы экономикалық өркендеу, 100 нақты қадам реформалары, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы және әр азаматтың әлеуметтік жауапкершілігі. Бұл дегеніміз – өз теңгемізді қолдану, қаражатымызға сәйкес өмір сүру, мемлекеттік жеке-меншік серіктестігін дамыту.Экономикалық тұрақ­сыздық ахуалында Президент бұрынғыдай басты орынға қазақстандықтардың тұрмысының жақсаруы мен әлеуметтік қорғалуын қойып отыр.

«Барлық жаһандық дағдарыстардың теріс ықпалына байланысты экономикамыз тап болған бүкіл қиындықтарға қарамастан, біз әркез қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырып келдік. Он жылда әлеуметтік салаға мемлекеттік шығындар нақты көрсеткіш бойынша 3 есеге жуық өсті. Әлеу­меттік сала мен мемлекеттік басқаруда жұмыс істейтіндердің саны 1,2 миллион адамнан асады», – деген Елбасы көп мәселеге тоқталып өткен еді. Денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау саласындағы қызметкерлердің жалақысын ұлғайтуға үлкен мән берілгені қуантады. Азаматтарға әлеуметтік қолдауды кеңейту мақсатында Президент Үкіметке 2016 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін еңбекпен қамтудың жаңа Жол картасын жасауды тапсырды. Бағдарламаларды қаржыландыру көлемі осыған дейінгі бағдарламаға қарағанда ұлғай­тылады. Бюджет қызметкерлерінің түрлі деңгейлеріне сараланған шараның қолданылуы дұрыс деп есептейді.  Президенттің әлеуметтік қолдау тек мұқтаж адамдарға, олардың нақты табыстары мен өмір сүру жағдайын бағамдау негізінде көрсетілетіні жайлы атап өтуі де орынды деп ойлаймын. Елбасының шы­найы жана­шырлығы мен қолдауынан кейін, еліміздің шығарма­шылық зиялы қауымы бұрынғыдан да зор құлшы­ныспен еңбек ететіні сөзсіз. «Мәңгілік Ел» жалпы ұлттық идеясы, «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен «Нұрлы Жол» бағдарламасы, сонымен қатар, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгіленген ауқымды міндеттерді тұтастықты нығайтуға бағытталған нақты қадамдар деп бағалауға болады.

Елбасы  әлемде қалыптасқан қазіргі ахуал елдерді тығырыққа тіреп тұрғанын айтты. Сондықтан осындай қиын-қыстау кезеңде бірлік пен ынтымақтың маңызы аса жоғары. Жолдау 5 институттық реформа идеясын шығармашылықпен дамытудың, «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарында көрсетілген міндеттерді шешудің нақты тетігі болып отыр.

Жолдаудың басты міндеті – бүгінгідей ерекше кезеңде жаңа реформалар мен жасампаз жобаларды жүзеге асыру арқылы жетістікке жететін жол көрсету. Жолдауда көтерілген бастамаларды жүзеге асыруға 7,2 триллион теңге қарастырылған. Енді тек осы қаржы­ны діттеген жеріне жеткізу міндеті тұр. Сонда ғана ел мұраты – Мәңгілік ел болу бағытына нық қадам жасай аламыз. Жолдау ҚР Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұрақты да гүлденген ел құруға, қуатты мемлекет, дамыған экономика және сали­қалы әлеуметтік саясат негізінде болашағы біртұ­тас ұлт құруға бағытталған дәйекті саяси бағдарын терең және объективті түрде көрсетеді.

Біз  бүгінгі Жолдаудың міндеттерін жүзеге асыру, орындау –  Отанымыздың әр патриотының азаматтық парызы, жауапкершілігі және ар-ожданы деп білеміз.

 

Әнуар ЖЕКСЕКОВ,

Жеке сот орындаушылар қызметін ұйымдастыру

бөлімі басшысының міндетін атқарушы.

Abai.kz

0 пікір