Боқаев пен Аянов ісіне қатысты заттай айғақтар қарала бастады
Атырауда Макс Боқаев пен Талғат Аяновтың ісі бойынша басты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін барлық сарапшылардан жауап алынып бітті. Сондай-ақ, бүгінгі отырыста заттай айғақтар қарала бастады.
Бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері мен бірқатар куәгерден де жауап алынды. Аталған куәгерлер процесске екінші рет қатысты, себебі олардың алғашқы жауаптарында қарама-қайшылық туындаған болатын. Осы себептен қорғаушы тараптың өтінішімен бұл куәгерлер мен ҰҚК қызметкерлерінен жауап алынды. Олардың барлығына екі жақтан, яғни қорғаушы және айыптаушы жақтан сұрақ қойылып, қарама-қайшылықтар жойылды.
Және де бүгінгі отырыста қылмыстық іс бойынша заттай айғақтар қарала бастады. Бірінші диск көрсетілді. Ішінде іске қатысы бар материалдары бар дискіден Макс Боқаевтың мемлекеттік жер комиссиясына қатыспау себебін түсіндірген видеосы көрсетілді. Сондай-ақ, әлеуметтік желіге Талғат Аянов салған 24 сәуірде Атыраудың Исатай-Махамбет алаңында өткен митингінің видеосы назарға ұсынылды. Сот отырысында, сонымен қатар іске қатысы бар материалдар, жарияланымдар, скриншоттар, видео, фотосуреттер мен сілтемелер назарға ұсынылды.
Айта кететіні, заттай айғақтар қаралған сот отырысына ешкім қызығушылық танытпады, сот залы бос болды.
Еске сала кетсек, М.Боқаев пен Т.Аяновқа ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша айыптар тағылуда. Атап айтсақ, олар: 174 баптың 2 тармағы, яғни, әлеуметтік және ұлттық алауыздық туғызуға бағытталған қасақана іс-әрекеттер жасау, азаматтардың ұлттық намысы мен қадір қасиетіне тіл тигізу; 274 баптың 4 тармағы, яғни, қоғамдық тәртіпті бұзуға қауіп төндіретін көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату; 400 бап, яғни, заңсыз шерулерді ұйымдастыру, өткізу және оған қатысу.
Abai.kz