Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
Жаңалықтар 2929 0 пікір 8 Қараша, 2016 сағат 17:22

Дауылдан кейінгі жағдай Үкімет отырысында алдымен сөз болды

Үкіметтің бүгінгі отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев қарашаның басын ала соққан қатты дауылдан кейінгі ОҚО және Жамбыл облысындағы жағдайды сұрап білді. Бұл жайында www.primeminister.kz сайты хабарлады.

«Үкіметтің кезекті отырысын бастамас бұрын қатты дауылдан зардап шеккен оңтүстік өңірлердегі, әсіресе, Жамбыл облысындағы төтенше жағдайға тоқталғым келіп отыр. Табиғи апаттан инфрақұрылым нысандарына зақым келіп, бірнеше аудан жарықсыз қалды. Қатты жел ғимараттар мен үйлердің шатырларын жұлып әкетті. Мен облыс әкімдері мен тиісті мемлекеттік органдардың басшыларына шұғыл тапсырма берген болатынмын. Сондай-ақ, осы мәселені Асқар Ұзақбайұлына бақылауға алуды тапсырғанмын. Кәрім Нәсбекұлы, қалпына келтіру бойынша қандай жұмыстар атқарылды, баяндаңыз», - деп сұрады Б. Сағынтаев.

«Табиғи апаттан Тараз қаласындағы және облыстың бес ауданындағы нысандар зардап шекті. Барлығы 1 754 нысан зардап шекті, оның ішінде 454 нысанның шатырының 70% зақымданды. 53 мың абонент электр желісінен ажырап қалды, бес елді мекенде газ беру тоқтады. Шұғыл түрде ТЖ салдарын жою шараларын қабылдадық, азаматтық қорғаныс күштері мен құралдарын жоғары әзірлікке көшірдік, қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысын күшейттік. Шұғыл жұмыстар нәтижесінде сол күні, 3 қарашада газ беру қалпына келтірілді, 4 қарашада халыққа жылу беру жалғастырылды, 6 қарашада ауылдық елді мекендерде электр желісін беру қалпына келтірілді. Бүгінде Таразда жекеменшік тұрғын үй секторындағы 351 абонентке жарық беру жұмыстары жалғасып жатыр. 36 азамат медициналық көмекке жүгінді, оның 4-уі ауруханаға жатқызылды. Тараз қаласында, Байзақ, Мойынқұм және Шу аудандарында жергілікті маңызға ие ТЖ режімі енгізілді», - деп хабарлады Жамбыл облысының әкімі К. Көкірекбаев.

Өз кезегінде, ОҚО әкімі Ж. Түймебаев облыста қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Еске салайық, 3 қараша күні Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында екпіні секундына 30 метр жылдамдыққа жеткен қатты жел тұрып, соның салдарынан Жамбыл облысының Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Шу аудандары зардап шеккен болатын.  


 Абай-ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1553
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3347
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6217