Сүт фермасының өнімі саудаға шығады
Оңтүстік Қазақстан облысында жыл басында тұсауы кесілген «Бөрте Милка» сүт тауарлы фермасында қазір 272 бас сүтті бағыттағы «Гольштейн» асыл тұқымды сиыр бар. Бұл туралы «Abai.kz» ақпараттық порталының Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі хабарлайды.
Алдағы уақытта тағы 200 бас сатып алынбақ. Күніне 30 литрге дейін сүт беретін әрбір сиырдан жылына 6 -7 мың литр ағарған алу жоспарланып отыр. Ферма толықтай швейцариялық құрылғылармен жабдықталған. Ферманы аралау барысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бәсекеге барынша қабілетті болу үшін өнімнің сапасына айрықша мән беру керектігін ескертіп, оны өткізу мәселесіне бірлесіп жұмыс жүргізу қажеттігіне тоқталды.
Айта кетейік, агро өнеркәсіп салалары ілгері басқан астықты өңір есептелетін Оңтүстік Қазақстан облысында осы салада биылғы жылы өндірілген өнімнің жалпы көлемі 319,6 млрд. теңгені құраса, оның ішінде мал шаруашылығында 150,3 млрд., егін шаруашылығында 168,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілді.
Оңтүстік Қазақстан облысында ауылшаруашылық секторы қарқынды дамып келеді. Оңтүстікке жасаған сапары кезінде Мемлекет басшысы арнайы тапсырмалар беріп, өңірдегі агро сектордың жұмысын жандандыруды тапсырған болатын. Әсіресе Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданының қаракөл қойлары Біріккен Араб әмірліктеріне экспортталуы және ауылшаруашылық өнімдерінің ЕО елдері нарығына шығуы қажырлы еңбектің үлкен жеңісі екені анық.
Abai.kz