АУЫР АТЛЕТТЕРДІҢ АЛТЫНЫ.... ҚАЙТАРЫЛА МА?
Бұл Ильиннің 2012 жылғы Лондон олимпиадасында кезекті рет жеңіске жеткен сәті. Сөйтіп ол алтыннан алқа таққан болатын. Енді сол алтын алқа кері қайтарылмақ. Халықаралық антидопинг қауымдастығы 18 қазан күні шұғыл алқа-қотан жиын өткізді. Сол жиынның шешімі бойынша Илья Ильин бастаған қазақстандық ауыр атлеттер медальдарынан айрылатын болды. "Подобедова, Манеза, Чиншанло және Илия Ильиндердің Лондон Олимпиадасында жеңген медальдары енді қайтадан Халықаралық Олимпиада комитетіне табысталуы тиіс" дейді ақпарат көздері.
РЕДАКЦИЯДАН: Сонымен, соңғы шешім бойынша Халықаралық комитет сан додада топ жарған толағайларымыздың алтындарын қайтарып алатын болды. Біз мәселенің мән-жайын білмек болып, ҚР Мәдениет және Спорт министрлігі, Спорт және денешынықтыру істері комитетінің баспасөз хатшысы Бақытбек Хамитке хабарластық.
"Ауыратлеттерге қатысты қандай да бір дерек менде қазір жоқ. Негізі Халықаралық комитеттің жауабы бірінші Ауыр атлетика федерациясына келеді. Сосын олар ол ақпаратты қарастырып болған соң ғана бізге жібереді. Ал қазір ондай ақпарат бізге келген жоқ. Сондықтан оның рас-өтірігін де білмеймін",-деді Спорт және денешынықтыру істері комитетінің баспасөз хатшысы.
Тіпті, Ильин бастаған ауыратлеттердің алтыннан айырылғанын естіп аңырып қалған министрлік өкілі бұл ақпараттың қайда әм қашан жарияланғанынан да бейхабар болып шықты.
Сосын біз ҚР Ауыратлетика федерациясына хабарласып, мән-жайды сұрадық.
Өзін Федерацияның кадрлық маманы деп таныстырған Айжан Арманқызы, "Қазір біздің көптеген қызметкерлер еңбек демалысында еді. Баспасөз қызметіндегі қыздар тек келесі аптада болады. Негізі ауыратлеттерге қатысты ешқандай ресми хат келіп түскен жоқ",-деді.
Abai.kz