МАКС БОҚАЕВ ПЕН ТАЛҒАТ АЯНОВ СОТ ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСУДАН БАС ТАРТТЫ
Бүгін №2 Атырау қалалық сотында биыл көктемде Атырауда «жер митингілерін» өткізген Макс Боқаев пен Талғат Аяновтың ісі бойынша басты сот отырысы одан әрі жалғасты. Бүгінгі отырыста оқиғаға қатысы бар куәгерлер – Тоқтар Төлешовтің иелігінде болған «Дархан Group» ЖШС Бас директоры іс басқармасының бастығы қызметін атқарған Нұрғали Досанбаев пен аталған ЖШС-тің тағы бір қызметкері Олжас Бекбауовтан Астана қалалық сотынан онлайн түрде жауап алынды.
Дегенмен, бүгінгі сот отырысы барысында айыпталушылар М.Боқаев пен Талғат Аянов аталған куәгерлерден жауап алуға кедергі жасап келді. Таңертеңгі сот отырысында айыпталушылардың қорғаушылары іс бойынша куәгерлер Атырау қалалық сотына келіп жауап берсін деген өтініш жасады. Бірақ, судья Г.Дәулешова куәгерлердің дәлелді себептері болып, осыған байланысты олар ресми өтініш жазғандықтан қорғаушылардың өтінішін қанағаттандырған жоқ болатын. Осыдан кейін М.Боқаев сот процесін үзу үшін ауырып тұрмын деп шу шығарғандықтан судья отырысты түстен кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады. Айыпталушыға дәрі егілгеннен кейін екі-үш сағатқа үзіліс жарияланған болатын. Түстен кейінгі отырыс та сол өтініштен басталды. Талғат Аянов егер өтініш қанағаттандырылмаса, бүгіннен бастап аштық жариялап, сотқа қатыспайтындығын және адвокаттарына да сотқа қатыспаңдар деп айтатындығын жеткізді. Макс Боқаев ондай жағдайда ол да сот отырысына қатысудан бас тартандығын жеткізді. Ал судья Г.Дәулешова куәгерлердің Атырауға келмей, онлайн-көрсетілім арқылы қашықтықтан жауап беруінде ешқандай заң бұзушылық жоқ, бұл талап қылмыстық-процессуалдық заңнаманың нормаларына қайшы келмейді деп түсіндірді. Сондықтан, судья бұл өтініш екінші рет қаралмайды деді. Т.Аянов мен М.Боқаев адвокаттарымен кеңесіп, отырысқа қатыспаймыз деп өтініш жазды. Судья айыпталушылардың бұл шешімін сотқа қысым жасау және сотқа көрсетілген құрметсіздік екендігін атап өтті. Сот залында айыпталушылардың қорғаушылары ғана отырды, бірақ олар жауап алуға қатыспады.
Атап өтсек, кешегі сот процесінде билікті күшпен басып алып, Қазақстанның Вице-Президенті болуды көздеген «сыра королі» Тоқтар Төлешов 24 сәуірде Атырауда Талғат Аянов пен Макс Боқаев өткізген заңсыз шеруді өзі қаржыландырғанын толық мойындаған болатын. Ол 2015 жылдың соңында өзінің сенімді көмекшілері арқылы 100 мың АҚШ доллары көлеміндегі қаржыны Талғат Аяновқа жібергенін айтты. Сондай-ақ, кешегі сот отырысында Т.Төлешовтың қызметкері, оның қаржылық істерін жүргізген В.Волковтан жауап алынды. Ол Т.Төлешовтің тапсырмасымен сыра зауытының «қара кассасынан» 150 мың АҚШ доллары көлеміндегі қаржыны еш құжат рәсімдеусіз Н.Досанбаевқа бергенін және оның не мақсатқа қажет екендігін білмегенін жеткізді. Сондай-ақ, сот отырысында Т.Төлешов қосымша шығындар үшін 50 мың доллар Н.Досанбаевта болғанын, ал қалған 100 мың долларды Досанбаев қолма-қол ақша түрінде Т.Аяновқа О.Бекбауов арқылы жібергенін айтқан болатын.
Осы жайлы куәгер Н.Досанбаевтың өзі әңгімелеп берді.
«Т.Төлешов Мәжіліске депутаттыққа өте алмай, ұзақ уақыт билікке «тісін қайрады». Өйткені ол сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына көп қаржы мен күш жұмсаған еді. Ол 2015 жылдан бері жер тақырыбына, соның ішінде жер заңнамасын өзгертуге, жерді шетелдіктерге беруге қызығушылық танытты», - деді Н.Досанбаев.
Куәгердің айтуынша, Т.Төлешов ғаламтор арқылы танымал қоғам белсенділерін, әсіресе, оңтүстіктен жырақтағы батыс өңірден іздеген. Көп ұзамай Төлешов БАҚ пен әлеуметтік желілердегі жарияланымдардан Атыраудағы қарсылық акцияларын өткізумен танылған қоғам белсендісі Талғат Аяновты байқап қалады. Сөйтіп, оны өз мүддесін іске асыруға пайдаланады.
«Төлешов маған атыраулық Талғат Аяновқа 150 мың долларды жіберуді тапсырды. Мен 50 мың долларын қосымша шығынға алып қалып, қалған 100 мың долларын жібермек болдым. Бастықпен арадағы әңгімеден Аяновтың Төлешовтің қандай бір жобасын іске асыратынын ұқтым. Ақшаны банкі арқылы аудару туралы ұсынысымды Төлешов қолдаған жоқ. Ол ешкім білмес үшін қолма-қол ақшаны сенімді бір адамнан беріп жіберуді бұйырды»,- деді Н.Досанбаев.
Досанбаев О.Бекбауовқа ақшаны жеткізуді тапсырғанын айтты. Досанбаевтың айтуынша, ол ақша мен конвертті Бекбауовқа 2015 жылдың желтоқсанының екінші жартысында берген. Жаңа жылдағы мерекелік демалыстан оралған соң, ол ақша мен конвертті Т.Аяновқа жеткізгенін баяндады. «Осылайша, мен Төлешовке «ақша жөнелту» операциясы сәтті аяқталғанын хабарладым», деді Н.Досанбаев. Сондай-ақ, ол сот отырысында Т.Аяновты жеке танымайтындығын және өзінде қалған 50 мың доллардың тергеу барысында өндірілгенін айтты.
Сондай-ақ, сот отырысында тағы бір куәгер – Олжас Бекбауовтан жауап алынды. Ол соттағы жауабында 2015 жылдың желтоқсан айында Атырауға барып, Талғат Аяновпен кездесіп, оған қаржы мен құжаттар жатқан пакетті бергінін растады. Ол Аяновты фотодан анық танығанын айтты.
Еске сала кетсек, 2016 жылдың сәуір айында Т.Аянов пен М.Боқаев жер заңнамасына қоғамның қызығушылығы артқан сәтін пайдаланып, «жер мәселесі» бойынша қарсылық акцияларын ұйымдастырған. Сондай-ақ, олардың Жер кодексіне енгізілген түзетулерді алып тастауға қарсылық білдіру үшін жұртты 21 мамырда қарсылық акциясына шығуға шақырғандығы анықталды. М.Боқаев пен Т.Аяновтың ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша айыптар тағылуда. Атап айтсақ, олар: 174 баптың 2 тармағы, яғни, әлеуметтік және ұлттық алауыздық туғызуға бағытталған қасақана іс-әрекеттер жасау, азаматтардың ұлттық намысы мен қадір-қасиетіне тіл тигізу; 274 баптың 4 тармағы, яғни, қоғамдық тәртіпті бұзуға қауіп төндіретін көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату; 400 бап, яғни, заңсыз шерулерді ұйымдастыру, өткізу және оған қатысу.
Abai.kz