Жексенбі, 24 Қараша 2024
Көк тудың желбірегені 2399 0 пікір 16 Қазан, 2016 сағат 00:00

Эндоскопиялық хирургияның болашағы зор

Ақтөбеде өткен Қазақстан эндоскопиялық хирургтері ассоциациясының VI халық­аралық съезіне еліміздегі білікті дәрігер­лермен бірге, Оңтүстік Корея, Ресей, Украина, Литва, Грузиядан жүзден астам мамандар, барлығы 500-ге жуық адам қатысты, - деп хабарлайды "Егемен Қазақстан" газеті. «Қазақстан эндохирургиясының жетістіктері мен болашағы» деген тақырыпта ұйымдастырылған съезд аясында екі күн бойы облыстық аурухана, облыстық балалар ауруханасы, облыстық жедел медициналық көмек ауруханасы және М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің базаларында 8 шеберлік-сабағы өткізіліп, 35 күрделі ота жасалды. Ғылыми сессияларда эндоскопиялық хирургияның көптеген салалары бойынша баяндамалар оқылып, озық әдістер ортаға салынды, дәрігерлер өзара ой бөлісіп, тәжірибе алмасты.

Еліміздің эндоскопиялық хирургтері ассо­циа­циясының VI халықаралық съезінің жабылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орын­басары Асқар Шериязданов дәрігерлердің, соның ішінде хирургтердің жүрек жылуы мол, қол­­дары алтын адамдар екенін атап өтті. Осы күн­­дері олардың өз кәсібінің білгірлері ретінде жа­са­ған оталары, өткізген шеберлік кластары өте пай­далы екеніне айрықша тоқталды. Бар­­лық са­ланың, әсіресе, денсаулық сақтау сала­­сы­­­ның өзара ынтымақтастық арқылы да­ми­­ты­ны­на тоқтала келіп, мұндай тәжірибе ал­ма­су­­­лар­­дың ілгерілеуге жол ашатынын жеткізді.

Медицина ғылымдарының докторы, ака­демик Намаз Ізімбергенов эндоскопиялық хи­рург­­тердің кезекті съезінің Ақтөбеде өтуі­нің реті бар екенін тілге тиек ете келіп, бұл әдісті игеру­де про­фессор, білікті хирург Влади­мир Кот­ло­бов­скийдің үлесі зор екенін айтты. Оның айтуынша, мұнайшылардың қар­жы­лай қол­дауымен 1991 жылы облыстық бала­лар ауру­ха­насына бір эндоскопиялық қон­дыр­ғы алып берілген. В.Котлобовский осы қон­дырғы­ны жетік пайдалана отырып, облыс­тық балалар ауруханасында алғашқы отаны жасайды.

– Бұл елімізде бірінші жасалған ота болатын. Қазір біздің хирург-дәрігерлеріміздің бұл саладағы шеберлігі ТМД елдеріндегі әріптестерінің көбінен артық болмаса, еш кем емес. Бұл әдістің тиімділігі сол адам денесі тілінбейді, адам қолы араласпайды, ота пышақсыз жасалады. Мұнда өзі науқасқа ота жасалғаннан кейінгі кезең де жақсы өтеді, сырқаттың тез сауығып кетуіне алғышарт жасайды, – дейді академик Намаз Ізімбергенов.

Облыстық денсаулық сақтау басқарма­сының басшысы Әсет Қалиев съезде эндоско­пияның онкологиялық, урологиялық, хирур­гиялық, бариатрикалық және басқа мәселелері бойынша талқыланғанын жеткізді.

– Облыс әкімінің қолдауымен еліміздің батыс өңіріне қызмет көрсететін медициналық кластер құру бағытында жұмыс істеудеміз. Бүгінгі съезд сол бағыттағы жұмыстардың жал­ғасы. Қазір біздің дәрігерлер бүйрек ауыс­тыруды игеріп алды. Бауыр ауыстыру орта­лықтан келетін білікті дәрігерлермен бірге жүзеге асырылуда. Бұрын зақымданған бүй­ректі алып тастайтын едік, қазір эндос­ко­пия­л­ық қондырғының арқасында органды құт­қару бағытында ота жасауға қол жеткізілді. Семіз­діктен арылтуға ота жасауды бастадық. Был­тыр 160 келі болатын адамға ота жасалып, ол 40 келі салмақ тастады, – дейді басқарма басшысы.

Съездің жабылу салтанаты барысын­да эндохиругияның дамуына елеулі үлес қосып жүрген дәрігерлерді марапаттау рәсімі болды. Президенттік іс басқармасы медициналық орталығының бас хирургі, профессор Серік Тоқпанов Қазақстан эндоскопиялық хирургтері ассоциациясының «Эндохирургияның дамуына елеулі үлес қосқаны үшін» медалімен марапатталды. Бір топ дәрігерлерге облыс әкімі бекіткен «Ақтөбе облысының эндобейнехиругиялық қызметін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі тапсырылды. Олардың қатарында облыстық балалар ауруханасының бөлімше меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Владимир Котлобовский, ҰҒА-ның академигі, профессор Намаз Ізімбергенов, ресейлік ғалым Алексей Трунов, Қарғалы аудандық ауруханасының хирургі Қайрат Бөкетов және басқалары бар.

Облыстық денсаулық сақтау басқарама­сының басшысы Әсет Қалиев өңірде эндохирур­гияны дамытуға қосқан үлесі үшін «KarlStorz» компаниясының «Алтын эндоскоп» сыйлығына ие болды. Облыс әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Қожинге облыс әкімінің 40 миллион теңге грантын тапсырды.

 Сатыбалды СӘУІРБАЙ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5606