ОҚО-да айтыскер ақындар орталығы ашылды
Шымкенттегі «Түркістан сарайы» салтанат сарайының жанынан айтыскер ақындар орталығы ашылды. Орталықтың жұмысын бастауына орай, республикаға танымал оңтүстіктің бетке ұстар ақындары Біржан Байтуов, Бекмұрат Анарбай, Нұрлан Есенқұлов, Қажымұхан Абзалов және өзге де өнер иелері дөңгелек үстел басында бас қосты.
Ақындық өнердің ұмыт бола бастаған түрлерін жандандырып, жас ақындарды анықтау, олардың өлеңдерін насихаттау және шығармашылығына қолдау көрсету мақсатында ашылған орталықтың алдағы міндеттері жайлы сөз бастаған «Түркістан» сарайының директоры К.Айдарбекова жас ақындардың сөз саптауын, әдебиетіміз бен тарихымызды терең зерттеп, ел алдында ашық ойын айта білетін деңгейге жеткізу қажеттігін түсіндірді.
Ақындар - Қажымұхан Абзалов пен Біржан Байтуов аптаның әр сейсенбі күні осы орталықта кездесіп, жұмыс атқаратындарын мәлімдеді. Сондай-ақ, «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына» орай «Түркістан» сарайында ақындар айтысын ұйымдастыруды және сол айтысқа ақындар орталығында дайындық жұмыстарының жүргізетінін айтты.
Айта кетейік, осының алдында ОҚО әкімі бір топ зиялы қауым өкілдерімен кездескенін хабарлаған едік.
Бейресми басқосуда облыстың әлеуметтік мәселелері талқыланып, оның шешу жолдары бойынша аймақ басшысы өмірден түйгені мол ел ағаларының пікірін тыңдады.
Әзірге, Оңтүстік Қазақстан облысының тыныс-тіршілігімен танысып жатқанын айтқан облыс әкімі алдағы уақытта бірлесе атқаратын міндеттердің көп екенін жеткізді.
Сондай-ақ, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған жұмыстарда әрбір саланың еңбек ардагерлерімен жеке кездесіп, кеңескісі келетініне ниет білдірді.
Кездесу соңында зиялы қауым өкілдері мен қазыналы қариялар әкімнің облысты басқарудағы жұмысына сәттілік тілеп, баталарын берді.
Жалпы облыста бүгінгі күнде 220 мыңға жуық зейнеткер тұрады. Олардың 300-і Ұлы Отан соғысының ардагері болса, 21 мыңы тыл еңбеккерлері.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі