Жексенбі, 24 Қараша 2024
Дат 4195 0 пікір 10 Қазан, 2016 сағат 12:25

ХАСЕНГЕ «ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ» АТАҒЫ БЕРІЛУІН СҰРАЙМЫЗ!

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ Н.Ә. НАЗАРБАЕВҚА

ҮНДЕУ

АСА МӘРТЕБЕЛІ ЕЛБАСЫ!

Сізге үндеу жасауымызға басты түрткі – 25 жылдық Тәуелсіздігіміздің құны мен қадыры.

Қазақстан ТМД кеңістігіндегі ең соңынан тәуелсіздігін иеленсе де, бодандық бұғауынан босауға ең алғаш үндеген біздің халқымыз еді. Өзіңізге мәлім, егемен ел атануымыздың ХХ ғасыр соңындағы бірден бір жарқын көрінісі – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан бастау алады. Бұл оқиғаға өзіңіз де лайықты бағасын беріп өттіңіз.

Одан бергі кезеңде, еліміз азаттық үшін күрес жолына түсерде саяси сахнаға «Азат» қозғалысы шықты. Кезінде бірнеше жүз мың адамды қамтыған бұл ұйым  жеріміздің тұтастығына өзінің тарихи ізін қалдырғаны тағы да мәлім және оған да өзіңіз жақсы баға бердіңіз. Ол – 1991 жылғы Орал оқиғасы болатын. Соның бағасы ретінде қозғалыс басшылығында болған Жасарал Қуанышәлинге өз қолыңызбен кезінде «Парасат» орденін де табыс еттіңіз.

Десек те, ұлттың ұлық дәуіріне өз үлесін қосқан «Азат» қозғалысы тарих ғылымы тарапынан да, саяси саладан да өзінің толық бағасын алған емес. Мәселе, ұйымның тарихи рөлінің бағалануында тұрған жоқ, ең алдымен еліміздің Тәуелсіздік алуы мен оның қалыптасуына үлес қосқан күштердің тарихтан өз орнын алуы – Азаттығымыздың бағалануы, қадыры мен қасиетінің көрсеткіші екендігінде. Елдің Тәуелсіздігі өзіңіз бастаған саяси тұлғалардың жанқиярлық қайраткерлігімен бірге, Азаттық жолындағы түрлі кезеңде тарихтан орын алған ұйымдар мен қозғалыстардың, топтардың ерен ерлігімен өлшенеді.  Өкінішке орай, адамзат мойындаған бұл қағида біздің Тәуелсіз мемлекет болған 25 жылдық қысқа тарихымызда әзірге толық ескерілмей келеді. Азаткерлердің мадақсыз қалуы Азаттығымыздың бояуын солғындатып тұрғанын ескергеніңіз абзал болар еді.

Осы аталған жайттарды ескере отырып, құрметті Президент мырза, өзіндік қарапайым да шынайы бейнесімен ерекшеленетін Хасен  Кәріпжанұлы Қожахмет тұлғасына Сіздің назарыңызды аударғымыз келеді. Бұл кісі – өткен ғасырдың 70-жылдарының өзінде алаштың азаттығы жолында саяси диссиденд болған бүгінгі көзі тірі азаткер саясатшы. Хасен  Кәріпжанұлы соңғы 25 жыл бойы тынбастан ел мен ұлттың мүддесі жолында түрлі жолдардан өтіп, қайраткерлік танытып келеді. Ол – қазақ халқының азаттығы жолында ту ұстауға талпынған ХХ ғасыр соңындағы қаһармандардың бірегейі деуге әбден тұратын тұлға. Ол – Желтоқсан ереуіліне  ерекше қатысқан батыр азамат, «Азат» қозғалысының айтулы жетекшілерінің бірі.

Осы ретте біз Сізден еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейі қарсаңында Қожахмет  Кәріпжанұлы Хасенге «Халық Қаһарманы» атағын беруіңізді сұраймыз. Бұл атақ Хасен  Кәріпжанұлына деген баға емес, ең әуелі осы жолда еңбектеніп, қайраттанып, жігерлене үлес қосқан мыңдаған отандастарымыздың ішінен оның оқшау көрінген жанқиярлығы мен отаншылдығының шынайы бейнесі мен тұлғасына деген баға болатындығы сөзсіз. Сол арқылы Сіз аса қадырлы да аяулы Тәуелсіздігімізді ардақтаудың үлгісін қоғам алдында ғана емес, тарих алдында паш еткеніңіз болар еді. Бұл шешім Сіздің тарапыңыздан жалпы ұлт азаткерлеріне деген тарихи әділетті баға болары сөзсіз.

Құрметпен – «Азат» қозғалысының ардагерлері

Аралбаев Данияр

Ерғали Серік

Жайлыбай Естай

Жүсіп Сағат

Қани Арман

Қошаманұлы Нұрлыбай

Кенебай Жұмаш

Мұстафа Сейілхан

Нұрмахан Мухит

Тағы басқалары

ҚОЖА АХМЕТ Хасен Кәріпжанұлы

1949 жылы тамыз айының 9 күні Талдықорған облысы, Матай станциясында дүниеге келген. Мамандығы - музыка теориясының мұғалімі, журналист. Алматы мемлекеттік П.Чайковский атындағы музыкалық училищені және Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-ді бітірген.

1986 жылы Желтоқсан оқиғасына белсене қатысушы және ұйымдастырушылардың бірі деген айып тағылып, төрт жылға сотталды. 1989 жылы «Желтоқсан» қоғамдық комитетін құруға белсене қатысып, 1990-1994 жылдары осы комитетті басқарды. 1994 жылы АҚШ-тың Миннесота және Вашингтон қалаларында ресми жиындарға қатысып сөз сөйледі. 1995 жылы Брюссель қаласында өткен Қазақстандағы ұлтаралық жағдай тақырыбындағы конференнияға қатысты.

2005 жылы «Ұлт тағдыры» қозғалысын құруға атсалысып, оның бірінші құрылтайында қозғалыс төрағасының орынбасары болып сайланды. Сонымен қатар, 1993 жылдан «Азат» қозғалысының, 2007 жылдан «Жер мәселесін шешу» халықтық қозғалысының төрағасы қызметтерін атқарды.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1502
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3273
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5708