ЕЛІМІЗДЕГІ ГЕНДЕРЛІК САЯСАТТЫҢ БАҒЫТЫ ДҰРЫС
Кеше Үкімет үйінде Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың жетекшілігімен Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысы өтті, - деп хабарлайды "Егемен Қазақстан" газетінің тілшісі.
Отырысты ашқан Мемлекеттік хатшы бірінші кезекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы 1 қыркүйекте өткен Парламент сессиясының ашылуындағы: «Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын қарсы алу – жылдың ең негізгі оқиғасы. Бізге еліміздің барлық жетістігін саралап, маңызды нәтижелерді қазақстандықтарға жеткізу өте қажет», деген сөзін еске салды. Одан әрі Г.Әбдіқалықова Ұлттық комиссия бастамасымен қолға алынған «25 пайдалы іс» атты республикалық акциясын өткізуде әйелдер қауымының үлкен үлесі бар екенін жеткізді. «Акция аясында дарынды жетім балаларды қолдау, балалар дәрігерлік мекемелерін жабдықтау, кәсіпкер әйелдерді тегін оқыту және басқа да маңызды шаралар ұйымдастырылды», - деді ол.
Бұдан кейін Жоғарғы сот, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі өкілдерінің «Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы» тұжырымдаманы жүзеге асыру, сондай-ақ, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын орындау жөніндегі ақпараттары тыңдалды.
Аталған ақпараттар бойынша, елімізде әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту ісі дұрыс жолға қойылған. Бұл мәселеде Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық рейтингінде 47-орынға ие болып отыр.
Сондай-ақ, жиында атап өтілгендей, Ұлттық комиссияға әділ төрелікке қол жеткізе алмай жүрген әйелдерден шағымдар жиі түсуде. Мысалы, 2015 жылы соттарға түскен қылмыстық істер бойынша жәбірленушілердің 43,1 пайызы әйелдер мен балаларға тиесілі болыпты.
Сонымен бірге, отырыста елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайтуға бағытталған нақты шаралар қабылданып отырғаны, құқық бұзушыларға ықпал етудің нәтижелі тәсілі заңдық тұрғыда енгізілгені, құқық бұзушылармен профилактикалық әңгіме жүргізу, қорғау ұйғарымдарын шығару жолға қойылғаны сөз болды. Бұған қоса, жиында сот алдында құқық бұзушылардың тәртібіне ерекше талаптар қою өкілеттігі берілгені, «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» Заңды қабылдаған кезден бері ішкі істер органдары қызметкерлерінің араласуымен 206 мыңнан астам қорғау ұйғарымы шығарылғаны, соттар тарапынан құқық бұзушылардың тәртібіне қатысты 22,5 мың ерекше талаптар қойылғаны айтылды.
Өз кезегінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің өкілі «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде әйелдерді жұмысқа орналастыруға қатысты қабылданып жатқан іс-шаралар туралы мәлімет берді. Бұл мәліметке қарағанда, қазіргі таңда әлеуметтік келісімшартқа 74,8 мың әйел қол қойған. Олардың 46,8 пайызы ауыл тұрғындары көрінеді. Сонымен қатар, әйелдерге ауыр жүк көтеру мен оны қозғауды шектеу нормалары қарастырылған 287 жұмыс тізімі бекітіліпті.
Отырыста Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша түзілген Қазақстан Республикасының 2030 жылдарға дейінгі отбасылық және гендерлік саясатының тұжырымдама жобасының тұсаукесері өткізілді. Айта кетейік, бұл тұжырымдама қазіргі әлемнің нақты ерекшеліктерін ескере отырып, елімізде отбасылық және гендерлік саясатты жаңа сапалы деңгейге көтеруге бағытталған.
Жиын соңында отырысты қорытындылаған Г.Әбдіқалықова қаралған мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берді.
Жолдыбай БАЗАР
Abai.kz