КӘСІПКЕРЛЕРДІ ШЕТЕЛДІК САРАПШЫЛАР ОҚЫТУДА
Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері «Аға сарапшылар қызметі» (неміс тілінде – SES) бойынша Германия елінің тәжірибелі мамандары көмегімен өндірістегі біліктілігін арттыруда. 1 айдан 6 айға дейінгі аралықта шетелдік сарапшылар әлемдік стандартқа сай тәжірибемен бөліседі. Бүгінде Шымкент қаласына 3 шетелдік маман шақырылған. Оның екеуі керомогранит өндіретін отандық «Зерде-Керамика» зауытында қызмет көрсетуде.
Шығарылатын өнімнің сапасын арттыру және оны өңірде сұранысын жандандыру мақсатында «Зерде-Керамика» компаниясы ОҚО Кәсіпкерлер палатасы көмегімен «Аға сарапшылар» бағдарламасымен 2 шетелдік маман жұмысқа шақырды. Компанияның комерциялық директоры Артур Пазылбеков шетелдік маманның құрылыс саласын қыр-сырын ашып, зауытты әрі қарай қарқынды дамытуға көмек беретініне көз жеткізген соң аталмыш бағдарламаға қатысуға ниет білдірген.
«Өнім түрлерін арттыру және оның сапасын жоғарылату, сондай-ақ инвесторлар тарту мен шетелдік өнімге тәуелді болмау мақсатында біз «Аға сарапшылар» бағдарламасына қатысып, Германиядан білікті мамандарға ОҚО Кәсіпкерлер палатасы көмегімен сұраныс білдірдік. Бүгінде шетелдік маман зауыт қызметкерлеріне өнімді қалай сапалы әрі қолжетімді ету жолдарын үйретуде. Жылдар бойы жинаған тәжірибесін іс жүзінде көрсетуде» - деді Артур Пазылбеков.
Жоғары санаттағы шетелдік маман Ульрих Клоке бар өмірін маркетинг, бизнес идеяларды жүзеге асыру, сатылымды ұлғайту, нарықтық талдау жасау сияқты саларды зерттеуге арнаған. Аталған бағдарлама бойынша Намибия (Африка), Сербия және Болгария елдерінде мамандарды оқытқан. 1974 жылдан бері Гемания елінде құрылыс заттары дүкенін ашып, керамогранит өңдеумен айналысқан. Қазақстанға алғаш рет табан тіреген сарапшы құрылыс затын шығаратын осындай өндіріс ошағының бар екенін білмеген көрінеді.
«Мен Қазақстанға алғаш рет келдім. «Зерде-Керамика» кәсіпорының жұмысы шетелдік стандарттарға сай жүргізіледі екен. Жергілікті жердегі істің ахуалына талдау жүргіздім. Бүгінде зауыт өнімінің сапасын арттыру және оны қолжетімді ету үшін өз рецептураларымды ұсындым» - деді шетелдік аға сарапшы Ульрих Клоке.
Осындай тәжірибелі маманның бірі отандық ірі тігін фабрикасында жұмыс істеуде. «Алтын адам» маркалы тігін фабрикасы — республикамыздағы ерлер және әйелдер костюмін тігетін таңдаулы кәсіпорын. Күніне 500 костюмді сатылымға шығаратын фабрика өз өнімін еліміздің барлық өңірлеріне жеткізеді. Фабрикада жылына 26 400 дана костюм, 52 800 дана шалбар тігіліп, бүгінде 103 адам жұмыс істейді. Дуалды оқыту жүйесімен жас мамандар дайындалып, біліктілігін арттырған соң жұмысқа кіріседі. Фабрика басшылығы кәсіпорын жұмысшыларын заманауи киім үлгілерін жоғары дәрежеде тігіп үйренуі үшін шетелден маман шақыртуға бел буған.
«Біз шетелдік мамандарға әрқашан зәруміз. Себебі сән саласы бір орында тұрмайды, үнемі жаңарып отырады. Бізге шетелдік эксперт әйелдер сырт киімдерінің жаңа үлгілерін ұсынып жатыр» - деді кәсіпорын менеджері Айжан Қалмұратова.
Шетелдік сарапшы Ятта Хайдельманн Финляндия елінің тумасы. Сән саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен. Атақты Erwastil, Хиршберг, Finnkarelia Mode GmbН сән үйлерінде модельер-конструктор қызметінде жұмыс жасаған. 2014 жылдан бері «Аға сарапшылар» бағдарламасы бойынша Бангладеш елінде және Қазақсттанның өзге де қалаларында дизайнерлерді оқыта бастаған.
Аға эксперт дәстүрлі нақыштарды сақтай отырып заманауи үлгідегі сырт киімдерді қалай жасауға болатынын үйретуде.
«Адами капиталды дамыту, маркетингтік сарапатама жасау, сату мен бизнес мақсаттарды жүзеге асыру - әр кәсіпорының дамуына түрткі болатын бірден - бір себеп, - деді ОҚО Кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту бөлімі басшысы Берік Кенжебаев. ОҚО Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерді оқыту мен біліктіліктілігін арттыру, сонымен қатар бизнесті дамыту мақсатында 2013 жылдан бастап «Аға сарапшылар қызметі» бағдарламасын жүзеге асыруда. Бұл бағдарламаның басты ерекшелігі шетелден келетін сарапшылардың келіп-кету шығындарын, визалық және жалақы шығындары бағдарламамен төленеді, кәсіпкерлерден тек сарапшыға жергілікті тұратын орынмен қамтамасыз ету талап етіледі, – деді Б.Кенжебаев.
Айта кетейік, аталмыш бағдарлама көмегімен «HILLCorporation» ЖШС, «Оразалиева» ЖК, «Food Production» ЖШС, «Амангелді» ЖШС, «Arsenal sad» компаниялары және тағы басқа жергілікті өндіріс орындары шетелдік мамандар қызметіне жүгінген.
Abai.kz