Шымкенттіктер қала күні мерекесін дүркіретіп тойлауда
Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы – Шымкентте қала күні мерекесі айрықша тойланып жатыр. Апта бұрын сенбілікпен басталған мерекелік шара бүгін думанға ұласты.
Негізгі сауық-сайранды «Қазына» этнотарихи кешенінде өткізіп жатқан жұртшылық Наурыз алаңындағы монументті айналдыра ақ шаңқай киіз үйлер тікті. Ал этноауылдағы шығармашылық ұжым келушілерге концерттік бағдарлама ұсынуда.
Мұнан бөлек, қаланың өткенінен сыр шертетін сурет пен ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі де өтуде. Ең негізгісі - қолының қиюы бар шеберлер жақында ғана бекіген қаланың логотипін түрлі жеміс-жидектер мен көкөністерден жасап шығыпты.
Жалпы аумағы 117 мың гектар жерді алып жатқан Шымқала шығыс бағытта дамып келеді. Енді ғимараттары хайтек стилінде салынатын жаңа ықшамаудан бой көтеріп жатыр.
Жеті күнге созылған мерекелік шараның көрігін атшабардағы ұлттық ойындар қыздара түсті. Білекті жігіттер жамбы атып, теңге ілді һәм көкпар шапты. Қыз қуудан да құр қалған жоқ.
Шаһарлықтардың қала күнін тойлауы түнге дейін жалғаспақ. Кешқұрым елімізге белгілі өнер жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтіп, отшашулар болады деп күтілуде.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі
Abai.kz