ОҚО-ның ауылшаруашылығы Гүржі кәсіпкерлерін қызықтырып отыр
Оңтүстік Қазақстан облысы мен Грузияның шығыс және батыс аймақтары өзара байланыс түзіп, екіжақты тиімді жобаларды бірігіп қолға алуда. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Осы күндері Грузия кәсіпкерлері Оңтүстік Қазақстан облысында түрлі жобаларға қатысуда. Гүржі кәсіпкерлері негізінен Оңтүстік өңірінің ауыл шаруашылығы саласына көп көңіл бөліп, осы салада әріптестік орнатуға ниет білдіруде. «Өздеріңізге белгілі, Грузия мен Қазақстан, оның ішінде, Оңтүстік Қазақстан облысы аграрлы аймақ ретінде танымал өлкелер. Сондықтан, біздің тарап Қазақстанмен арадағы тауар айналымының артуына қызығушылық танытып отыр. Грузияның өнімдері Қазақстанға экспортталып, сәйкесінше, қазақстандық тауарлардың Грузияда импортталуына біздің ел дайын», – дейді грузиялық елшісі З.Патарадзе.
Грузиялық кәсіпкерлер қазақстандық әріптестерімен нақты жобаларды іске асыруды көздеп отыр. Соның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында дамып жатқан ауылшаруашылығына инвестиция салуға аса ықыласты екендіктерін қайталап айтумен келеді.
Грузия елшісі Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған сапары барысында қазақ-грузия ынтымақтастығы одан әрі нығайып, жандана түсетіндігін айтты. Жиын соңында З.Патарадзе Күнгейдегі шуақты өлке – Шымкенттің халқына мейманқостығы мен қонақжайлылығы үшін алғыс білдірді. «Оңтүстіктің халқы ерен еңбекқор екен» деді елші.
Абай-ақпарат