СУДЬЯНЫҢ СҮЙІКТІСІ
Өмірімнің өткен күндеріне көз жүгіртсем, «судьяның сүйіктісі» атанған–Гауһар апайды жиі еске аламын. Өзі сондай пысық әйел, кешкені қандай рахат өмір десеңізші. Өз басым бес оқу орнын бітірсем де, дәл осы Гауһар апайдай бола алмайтынымды білемін. Не бір соңғы модадағы киімдерді тауып алады, мінгені такси, машина, оның жасындағы көп адамдар секілді, «осы жерге дейін қанша болады»-деп сұрап жатпайды, соңынан шофердың айтқанына бір-екі жүз теңгені міндетті түрде қосып төлейді. Кез-келген жерде ресторан, кафелерден тамақ іше салады, асхана мен кафе тұрса, кафесіне, ресторан мен кафе тұрса, ресторанына кіреді. Жұмыста да солай, не бір қиын істердің түйінін шешу оған түк емес еді, менің де кейде сол Гауһар апайдай «деловой» болғым келеді. Себебі, білімі мен еңбекқорлығы, істің көзін тауып істейтін көрегендігі мен тәжірибесінің арқасында емес, кіммен қалай сөйлесе білу, кімге қалай, кімдер арқылы шығу, қанша беру, қандай істерді кімдер арқылы қалай шешу, тез әрі арзан бітетінін білуінің арқасында алдыңғы қатарлы адвокат болып жүр. Сол «деловойлығының» арқасында да шығар, не ішемін, не киемін демейді. Гауһардың пысықтығының арқасында ол ие болатын құндылықтар мені де қызықтырады, бірақ, бір жағынан оған ұқсаған «деловой» болғым да келмейді, әлде бір белгісіз нәрсе жирендіріп, сыртқа тебеді де тұрады. Ол мүмкін, әке-шешемнің «адал бол», «біреудің ала жібін аттама», «біреуде барды қызғанба», «дүниеге құмартпа»-деген секілді «запреттерді» жастайымнан құлағыма құйып тастағанынан болар. Әйтеуір осы Гауһар апай туралы жанымда екі ұдай сезім арпалысатын да жататын. Бірақ, «адам үш күннен кейін көрге де үйренеді»-демейді ме, менің де бара-бара етене араласа бастаған өмірдің шындығына етім үйренген, қоғамның қыз-қыз қайнаған өмірінен ешқайда қашып кете алмайтынымды түсінгенмін. Әйтеуір, стажер атанып, Гауһардай адвокатқа көмекші болып жүргеніме ешқашан өкінген емеспін. Мүмкін басқа таңдауым жоқ болғандықтан шығар. Мүмкін оның өмірін басқалармен салыстырғанда артық көрдім бе?
Иә, Гауһар апаймен алғаш таныстығым қашан басталып еді?
... Үлкен әупіріммен жүріп, адвокатураға стажер болып кірдім-ау. Ол да жездем Өмірбектің арқасы. Білдей бір университеттен, ақысын төлеп оқып, қызыл диплом алғанмен, оны құшақтап жұмыс таппай жүргеніме де бір жыл болған. Дипломды берерде, декан ағай бәрімізге: «бір жерге жұмысқа аламыз, иә жұмысқа орналастық деген анықтама әкелмесеңдер қолдарыңа дипломды бермейміз» - деген. Басқалардың қалай шешкенін білмеймін, кураторыма үшінші рет, жұмыс таба алмағанымды, «тәжірибең жоқ»-деп, алмайтынын, бірақ, жақсы жұмыс табылса басқа облыстарға кетіп қалуым мүмкін екенін, сол себепті дипломымды қолыма алып отырғым келетінін айтқанда, мені аяды ма, көмекке апайымның өзі келді.
- Қазір не көп, өндірістік кооперативтер мен жеке шаруашылық серіктестіктері көп, солардан таныстық арқылы анықтама ала сал, таныстарың жоқ болса кез-келгеніне бір коньяк апарсаң бере салады, сені соңынан жұмысқа алмаса да оларға ешқандай жауапкершілік жоқ –деген кураторыма:
- Апай, сол коньякты сізге әкелейін, дипломымды беріңізші - дедім.
- Жоқ, бере алмаймын, ертең «бізді бітіргендердің осынша пайызы жұмысқа орналасты» - деп, жоғары жаққа ақпар береміз, ондай анықтама әкелмей бере алмаймын, ректордың бұйрығы солай - деді.
Шақшадай басым шарадай болып, не істерімді білмей, қиналып, не кабинеттен шығып кете алмай тұр едім, менің амалым құрып тұрғанын түсінді ме, көмекке тағы да куратор апайымның өзі келді.
- Ертең екі мың теңге алып кел, анықтаманы өзім тауып беремін - деді.
Ертеңіне екі мың теңге алып келгенімде куратор апайым, анықтамаға басылған мөрінен ештеңе айырып болмайтын, құсқан сиясынан еш жазу оқылмайтын, бірақ, ол жерде заңгер болып жұмыс істейтіндігім жазылған бір ЖШС алынған анықтаманы көрсетіп, дипломымды қолыма берді. Рахметімді айтып, кетіп бара жатқан маған кураторым ақталғандай:
- Көбі жұмысқа орналаспаса да, осылай істеп жатыр, дипломдарын алмаған әлі бірнеше бала бар - деді. Куратор апайымның жағдайын түсінгендей болып мен басымды изедім. Содан жұмыс іздеуге кіріскенмін, бірен-саран заңгер іздеген хабарландыруларға екі өкпемді қолыма алып жетсем, «бізге опытный юрисконсульт керек» - деп мұрнын шүйіреді. Судьялық пен прокурор болуға әуел бастан нүкте қойғанмын, ол біздей қарапайым халықтан шыққандардың таңдауы емес. Анам айтпақшы «ақылы мен біліміне, не жүрек таңдауына қарай емес, соттың баласы сот, прокурордың баласы прокурор болған заман». Білетін адамдардың айтуынша ондай жұмыстар жоғарыда билікте отырғандардың балалары мен туысқандарына да жете бермейтін көрінеді. Мені судья иә прокурор қойсыншы, ол жұмыстарды дөңгелетіп әкететініме сенімім мол. Бірақ, оған апаратын баспалдақтардан өту мүмкін емес. Шағын фирмаларға бас сұққанымда «бізге іс жүргізу, кадр бөлімі мен мемлекеттік сатып алуды қоса атқаратын универсальный юрист керек» десе, енді бір жерде «заңгерлік пен бухгалтерлікті бірге істейтін заңгер керек »-дейді. Ал, өзіміздің қазекемдер отырған жерде «қай жерден келдіңнен?» басталып, ортасында «қандай рудансың?» деп, жалғасып, аяғында «Бәленшенің туысқаны емессің бе, фамилияларың бір ғой» деп, облыстағы белгілі фамилияларды атап, менің туысқандарымды түгелдегендей болады. Бір күн ауру, бір күн сау анамыз, әкем қайтыс болған соң, осы жаққа күйеуге шыққан үлкен қызы Ақайшаны сағалап, Қарағанды облысынан көшіп келгенбіз. Биыл оған тете әпкем Ақтоты да тұрмыс құрмақшы. Аудандарға барып жұмыс істеймін дегеніме анам, «қасымда бол, ана қыз да кетеді, мен жалғыз қалам ба, енді қанша өмірім қалды дейсің, сен кенжем емессің бе ?»-деген.
Сонымен бір жыл жұмыс таба алмай, сандалып жүргенімде жездем: «ертең адвокатураға, мына кісіге бар, сен туралы айтылып қойылған»- деп, бір әйелдің аты-жөнін жазып берді. Ол осы Гауһар еді. Көздері бақырайған, тәмпіш танау, қызыл шырайлы келіншек. Ол бастықтарына апарып, менің құжаттарымды өткізгеннен кейін түсінгенім, мені жұмысқа орналастырып жүрген жездем емес, Гауһар сияқты. Ол мені оңаша шығарып алып былай деді:
- Атың кім еді, а, иә, Ақерке. Менің саған қоятын талабым былай. Сенің тәжірибең жоқ, тәжірибелі заңгерлердің өзі сағат таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін отырғанда алатындары он-жиырма мың теңгенің арасы. Айына он мың теңге алатыныңа гарантия берем, бірақ, біріншіден, (Гауһар бас бармағын бүкті) менің айтқанымды бұлжытпай орындайсың, екіншіден, (сұқ саусағын бүкті) бір елі аузыңа екі елі қақпақ қоясың, үшіншіден, (ортаңғы саусағын бүкті) екеуіміздің жұмысымыз бен арамыздағы нәрселер туралы ешкімге ешқашан ештеңе айтпайсың, тіпті шешеңе де, әпкеңе де, коммерческая тайна, ұқтың ба, төртіншіден, (аты жоқ саусағын бүкті) менің екі балам бар, күйеуім жоқ әйелмін, үй жұмыстарыма да көмектесесің, ең бастысы әр бір іске үлкен жауапкершілікпен қарауың керек - деді.
Тағы қандай талаптары бар деп, оның бетіне үрейлене қарадым. Маған бұндай талаптар ұнап тұрмаса да, «айына он мың теңге аласың» дегені құлағыма жақты ма, әлде жұмыс іздеудің зары әбден өтіп, анамның өзінің дәрі-дәрмегіне жетпейтін зейнетақысына ортақтасқаным жалықтырды ма, әлде әпкем Ақайшаның балаларының аузынан жырып, бізге көмектесетіні ыңғайсыздандырып біткендіктен бе, тек басымды шұлғи бердім.
Адвокаттың көмекшісі болу онша қиын шаруа емес секілді, көбіне «барып кел, алып келмен» жүремін. Әділет басқармасы, анықтама бюросы, соттарға әр түрлі құжаттар өткізіп, аламын, почтаға хаттар тапсырамын, компьютерге Гауһардың жазған талап арыз-шағымдарын теремін, мен үшін еш қиындығы жоқ жұмыстар. Арасында Гауһардың үйіне дүкендер мен базарлардан азық-түлік апарамын, оның мектепте оқитын екі баласына да бауыр басып қалдым. Күні бойы мамаларын көрмейтін балалар мені көрсе әр түрлі сұрақтар жаудырумен болады. Кішісі: «бір жұма деген, бір апта деген сөз бе?» десе, үлкені: «бір қызды жақсы көрсең СМС жазу керек пе, хат жазу керек пе?» –дейді.
Мамам да мәз, алғашқы жалақымды алақанына әкеліп салғанда:
- Міне қызым, сен де аяғыңнан қаз тұра бастадың, енді сені де құтты орныңа қондырып өлсем арманым жоқ - деп, көзіне жас алып бір босап алды. Екі-үш ай өте бастығым менің ұқыпты екеніме көзі жете бастаған секілді, күрделі жұмыстарды да тапсыра бастады. Маған заңдарды оқы деп, арасында өзі де түсіндіріп, әр түрлі талап арыз, арыз-шағымдар жазуды үйретті. Алғашқыда оның тапсырған кейбір істері ұнамай, өзімді өзім зорлап, қиналатын кездерім болғанмен, бірте-бірте етім үйреніп кетті. Маргарет Митчеллдің Скарлеті құсап, «жоқ мен ешқандай жұмыстан қашпаймын, өзім тапқан жалақыммен өзімді асыраймын, мамама көмектесемін»-деп, іштей тас түйін болып жинақталып алдым. Алдымен бірнеше жыл жұмыс істеп, «жұмыс тәжірибесі бар» - деген атақ алмасам, маған талай есіктердің жабық болатынын түсіндім. Алдымен, Гауһардың көңілінен шығуға тырыстым. Онымен бірге сот процестеріне қатыса бастадым. Сот мәжілістерін жазғанда университеттегі лекцияны тез жазатыным пайдаға асты. Соңынан Гауһарға оқып, түзеу ғана қалатын. Көп нәрсені аңғарып, күн сайын емес, сағат сайын тәжірибе жинай бастадым.
Арада бірнеше айлар өтті, Гауһар апайым маған дән риза, жеңіл-желпі істерге жеке дара өзім де қатыса бастадым. Ақша таппасам болмайды, төлейтін неше түрлі салықтарым мен төлемдерім бар екен. Бір күні бір мейрамның алды еді, төрт адвокат отыратын кабинетте жалғыз қалыппын. Гауһар облыстық сотқа кеткен, маған бір құжаттарды рәсімдеп қоюды тапсырған. Есік қағып, іле шала шағын денелі, арық әйел ішке енді.
- Шырағым Гауһар осы жерде отырады ма?
Адвокат апайымның танысы екен деп, ойлап,
- Иә, апай. Ол кісі жарты сағат шамасында келіп қаламын деген-деп, орындық ұсынып, бәйек бола бастадым. Бұрын көрмеген кісім, егер біз қатысқан істерге қатысты адамдар болса білетін едім, кейде олар сот қаулыларын алуға ұл- қыздарын, басшылар болса қарауындағы адамдарды жіберетін, солардың бірі шығар деп ойладым.
- Сен де адвокатпысың, жап-жассың ғой. Апай арсың –гүрсің сөйлейтін адамға ұқсайды, ал денесі шағын адамға олай сөйлеген үйлеспейді екен.
- Жоқ, апай, әзірге стажер, яғни көмекші десеңіз болады.
- А, солай ма? Әй, шырағым менің күтіп отырғаным сол іздеген адамым ба, сендерде екі Гауһар бар дейді ғой, маған керегі, әлгі судьяның «сүйіктісі» деп, атайтын адвокат,ақ сары әйел деді ғой - деп бір тоқтаған. Апайымның ақсары, ал екінші адвокат Гауһардың дәу қара әйел екені де шын, әрі ол басқа кабинетте отырады.
- Судьяның сүйіктісі? Түсінбедім, апай.
- Әй, сен оның көмекшісі болсаң, бастығыңның кім екенін білуің керек қой. Иә, осы Н, қаласындағы судья Уәлихановтың сүйіктісі, өздері бұрын университетте бірге оқыған дейді. Жарты сағат әлі өткен жоқ па, күтіп қалдым ғой. Бастығыңмен жұмысты бірге істейсіңдер ме?
- Иә.
- Ендеше мен түс қайта келемін. Иә, әлгі сол судья менің жекешелендіріп алған бала-бақшамның ісін қарамақшы. Жеке кәсіпкермін. Жекешелендіріп алғаны заңсыз деп, прокуратура сотқа шығыпты, 3-4 жыл бойы шошқа тағалап жүрген бе, сол судьяға ешбір таныс арқылы жақындай алмай-ақ қойдым. Ақшаны тек осы сүйіктісі арқылы алады дейді, маған жақсы білетін адамдар айтты. Сол үшін Гауһарды адвокаттыққа алайын деп отырмын. Сонша ақша төгіп, жөндеу жұмыстарын жүргізген нәрсемді оңайлықпен бере салам ба? Ол ғимарат бұрын қандай еді, қазір қандай болды, жарқырап тұр. Сотты сатып алсам да, оны бермеймін-деп, апай төбеден түскендей дүңк еткізді. Өзінің сөйлеу мәнері солай ма, әлде оңаша екенімізді, менің жастығымды көзіне ілмегені ме, дәл солай деді.
- Соттарды сатып алуға болмайды, апай.
- Болады қалқам. Талай соттасқам. Бұрын Одақ кезінде сатып алуға болмайтын, қазір бәрін сатып алуға болады, адамды да, қызметті де, мансап-марапат пен атақты да, докторлықты да - бәрін сатып алуға болады,тек олардың әрқайсысының өз бағасы бар. Анау, әлгі «Баян-Сұлу» жақтағы мақтаулы колледждің заңды менен артық білмейтін директоры заң ғылымдары докторлығын сатып алмай қалай алды деп ойлайсың? Ал, жұмысын милициядан бастап, неше жыл финполда салық комитеттерінде бастық болған анау жұқалтаң жігіт академик атағын алып алып, енді онысын айтуға өзі ұялатын көрінеді. Олар нағыз докторлар мен академиктердің тырнағына да тұрмайтындар ғой. Соттар қарайтын істердің де бағасы бар, біреуі қымбат, біреуі арзан дегендей. Бағасы іске ғана емес, судьяның жеке басына да қатысты. Біреуінің тамағы кең, қанағаты аздау, құдайын ұмытқан, көп айтады, екіншілері «мен жалғыз алмаймын ғой, жоғарыдағылармен бөлісемін, олай болмаған күнде сот шешімінің күші жойылып кетеді» дейді, біреуі бергеніңді қанағат тұтады. Бір-екі жылдан кейін өзің де, «ісің заңды болса да, ақшасыз жеңе алмайсыз, соттарға заңды нәрсенің өзін заңды деп жазу үшін беру керек» - деп, отыратын боласың, әлі - деп, апай маған лекция оқып тастады. Бұл апай маған түк те ұнамай отыр. Әңгімесінен түсінгенім, Гауһар апайды білмейді, бірінші рет іздеп келіп тұр, басқа адвокаттарға жібергім келді.
- Апай, Гауһар апай, кейде келемін деп, басқа жақтарға жұмыс бабымен кетіп қалуы мүмкін, соты болса түс қайта да келмейді. Басқа кабинеттерде бос адвокаттар болуы мүмкін, соларға ертіп апарайын жүріңіз.
- Жоқ, шырағым, маған басқа адвокатың керек емес. Маған осы апайың керек. Талай адвокатты жолға тастайтын заңгерім бар. Сол айтты, құжаттардың аздап томпақ жерлері бар екен. Кейбір сорлылар бар ғой, «қатырамыз, бәрін заңды жасап береміз, ара тұмсығын тыға алмайтын етеміз»- дейді де, істерін шала істейді. Жекешелендіру комитетіндегі жігіттердің шалағайлығын айтам да.... Апай есіктен шығып бара жатып та сөйлеп бара жатты. Мен судья Уәлиханов жүргізген сот процестеріне бірнеше рет қатысқанымызды, біз талапкер болсақ та, жауапкер болсақ та істің біздің пайдамызға шешіліп отырғаны есіме түсті. .
Түс қайта келген адвокат апайым, мені қалалық сотқа өзі қатысқан сот мәжілісінің хаттамаларымен танысуға жіберді де, содан кешке бір-ақ оралдым. Адвокатым маған «жекешелендіру туралы заңдар мен заң актілерін көтер, ертең сотқа қатысамыз» - деді. Мен бұл әңгімеден жеке кәсіпкер әйелдің апайыма жолыққанын, және белгілі бір ортада менің бастығымды судья Уәлихановтың сүйіктісі деп атайтынын білдім.
Ертеңіне мен бірге қатысқан сот процесінде бастығымның өзін ұстаған жасандылығы маған көзге ұрып тұрғандай болды. Судья Уалихановты танымайтын адам құсап сөйледі. Кәсіпкер әйелге сотқа қатысудың қажеті жоқтығын айтқаны қандай жақсы болды. Әйтпесе, ол кісі не ойлар еді? Одан кейін мен де осы іс бойынша сот отырыстарына Гауһармен бірге қатыстым, істі қарау ұзаққа созылғанмен іс прокуратура емес, кәсіпкер әйелдің пайдасына шешілді. Мені таңдандырғаны бұл іс бойынша сот отырыстарының хаттамаларын бастығымның айтуымен болмаған, айтылмаған нәрселерді қосып мен жазып, сот шешімін судья үшін бастығымның жазғаны еді. Көп нәрселерді, соның ішінде заңды, заңсыз сот шешімдерінің қандай болатынын біліп қалған басым қобалжи бердім. Бұл жеңісіміз ұзаққа бармайтындай, себебі меніңше бұл сот шешімі ақ жіппен қара матаны көктегендей еді. Мен күдігімді жасыра алмадым.
- Ана іске қатысқан прокурор сот мәжілісінің хаттамаларымен танысып, ескертпе жазса, бізге оңай болмас.
- Таныспайды да, жазбайды да, ол прокурормен келісіп қойғанмын.
- Прокурор апелляциялық протест жазса, облыстық төралқа сот шешімін бұзып, қайта қарауға жібермейді ме?
- Жазбайды, келіскенбіз, бастығы талап етіп нағыз жазып жатса, алқамен келісіп күшінде қалдыртамын, 1-ші сатыдағы сотқа апелляцияны өз міндетіме аламын дегенмін.
- Келіскені қалай?
«Артық сұрақ қойма, дегенім қайда»-дегендей, апайым көздерін алартты. Мен қызарып төмен қарадым.
«Апелляцияны өз міндетіме аламын»- деген сөз, толықтай
айтқанда «1-ші саты сот шешімінің күшінде қалатынына гарантия беремін, апелляция алқасы оны күшінде қалдырады»-деген сөз. Осыдан кейін Гауһар апайды «деловой емес» деп көр, реті келсе, қолында сыйқырлы таяқшасы бардай прокурор мен судьяңды да шырқ айналдырып жібереді.
Осы іс бітіп, прокурордың да апелляциялық алқаға шағым беретін мерзімі өтіп, сот шешімі күшіне енді. Гауһар апайдың айтқаны дәл келіп, неге екенін білмеймін прокурор шағымданған жоқ. Менің білетінім, іс прокуратураның пайдасына шешілуі керек-ті. Бірақ, менің анық білетінім істің заңға сай шешілмегені. Ондайда Гауһар апай айтпақшы «әркім де тесік тамақ бар» -деп, өзімді жұбатқансимын. Бірақ, сот пен прокурорлардың менің көңіл төрімде тұратын образдарының бірте-бірте көмескіленіп, абыройларын жоғалтқан адамдай болып, қадірі кетіп бара жатқанына күйінемін. Әрине кімнің пайдасына шешілсе де, менің шаруам шамалы, бірақ, кейде ішімді қара мысық тырналап жатқандай болатыны несі?
Осы іс біткен соң, адвокат бастығым «өзіңе әдемі сумка аларсың»-деп, бес мың теңгені қолыма ұстата салды. Алар алмасымды білмей тұрып қалдым. Оған көңіл аударған Гауһар апай жоқ, сумкасын алып, «үйге кеттім» -деп шығып жүре берді. Көлденең келген олжамды шешеме алып келіп:
- Мама, өткендегі ақша болмай ала алмай жүрген дәріңізді алыңыз-деп едім, анам:
- Жалақыңды әкелгеніңе бір жұма болған жоқ, бұл не қылған ақша?-деп, шешем қолына салған қызыл бес мың тенгелік алақанын күйдіріп бара жатқандай үрпие қараған.
- Мама, бұл жақсы жұмысым үшін берілген сыйлық - дедім, бетіне тура қарамауға тырысып. Анам қымбат дәрісін алатын болғанына ма, қызының «премия» алғанына ма қатты қуанды. Мен бірнеше күн денем дел-сал болып, ауырып мазасызданып жүрдім, тіпті қай жерім ауыратынын да білмеймін. Бір күмәнді іске өзімнің де қатысым бары, әсіресе өтірікті шындай қылып, сотта жауап берген адамдардың жауаптарын бұрмалап, жазған хаттамаларым түнде түсіме кіріп шошып оянған кездерім де болды. Өмір парақтарының онша таза емес беттеріне кезіккендеймін.
«Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді»-демейді ме, не бір құйтырқылықтарға мен де үйрене бастадым. Адамның жаман нәрселерге еті өле бастағаны қиын екен, бірақ, оның жағымды жақтары да барма деп қалдым. Мен ешкімнің нәрсесін ұрлаған жоқпын ғой деймін, өзі келген ақша. Ол ақша келмесе мен де анамды қуанта алмайтын едім, ол қымбат дәрісін ала алмайтын еді. Мен анамды қалай болса да қуантқым келеді, әрі ол алғысы келген дәрілерін алса деймін. Сол себепті кейде ішімнен бас көтеретін екінші
Ақеркенің ойларын басып тастауға ұмтыламын.
Бұрын соттарда ақ-қара анықталып, әділдік жеңеді, өтірік өрге баспай қалады, шындық жарқырап шығады, тек әділ, адал адам ғана сот болып жұмыс істейді-деп ойлаушы ем, оған бек сенімді едім. Бірақ, кей-кезде адамына қарай заңдардың бетін басып қашып кететініне, шындықтың шырылдап, ақиқаттың ашылмай қалатынына, ашылған ақиқаттың көмілген өліктей қайта жабылатынына, істің шешілуі адвокаттың заңды қатты білетін білімділігіне емес, оның басқаша іскерлігіне байланысты екеніне көзім жете бастады. Сотта жеңіске ие болуың қаралатын істердің заңды, заңсыздығына байланысты емес, басқа да көп факторларға тәуелді екен. Былайша айтқанда әркімнің өз шындығы, заң туралы өз түсініктері бар. Бірде апайымның бір клиентке «сотпен мәселені өзің шеш, мен барынша құжаттарын дұрыстаймын, сотпен сөйлеспесең болмайды»-дегенін естігенмін. Ісі тура, заң өз жағындағы адамның жолы болмай, керісіше заңсыздықтың, өтірікші, заңды белден басқан адамдардың жолы болып кетеді екен. Әрине, ол жағдайлар сол процеске қатысушы адвокат, прокурор, судьялардың іс-әрекеті, көмегімен жүзеге асады.
Бір күні Гауһар апайдың үйіне туған күнімен екі үш-дос әйелдері құттықтап келді. Мен қонақ күтісіп, тамақтарын, шәйін кезегімен апарып, артық ыдыстарын жинап жүрмін. Тыңдамайын десең де, сөздеріне еріксіз куә болдым. Орталарындағы бір сөзшең, әдеміше келген әйел сөз арасында:
- Құрметті қыз-келіншектер, бүгін кілең бойдақтар отырып қалыппыз, алда мейрам жоқ демей, мынау күздің әдемі «бархатный сезонын» шығарып салмаймыз ба, жігіттермен жиналайық та-деуі мұң екен, бәрі қоштай кетті, тек менің бастығым ғана,
- Менде қазір поклонник жоқ, бара алмаймын деуі мұң екен, апайыммен сыйластығы бар Күләш деген адвокат:
- Е, Гауһар өтірік айтпасаңшы, ана судья махаббатың ше, соны әкел – деп, тақ ете түсті. Мен ыстық шәй әкелуге кеттім де, әңгіменің немен аяқталғанын естімедім. Гауһар апайымның өткендегі судьяның сүйіктісі екеніне сене бастадым. Бірақ, араларында бір сезім бар адамдарға ұқсамайтын секілді. Бір күні менің күдігімді тексеретін оқиға болды.
Гауһар апайдың кіші баласы аяқ астынан қатты сырқаттанып ауруханаға түсіп қалды. Жеңіл-желпі істерге сенім хатпен өзім қатынасып апайымның басшылығымен жұмыстарды істеп жаттым. Апайымның сенімін ақтаған соң, маған толықтай сенетін болды ма, әлде басқаша шарасы болмады ма, құпия, күрделі жұмыстарын да маған жүктей бастады. Кейбір адамдармен кездесіп, олардан әр түрлі құжаттар мен қарны толық конверттер алатын болдым. Біреулерге апарып беретін болдым. Арасында апайым, жалақымнан басқа «торға балық түскен күндері» маған да үш мың-бес мың ұстатып, «мамаңа дәрі аларсың»-дейді. Өткенде «алған сумкаң кәне?»-дегенде, бес мың тенгені мамама ала алмай жүрген дәрісін алуға бергенімді айтқанмын. Жұмысқа біраз төселіп қалдым, мақтанғаным емес, апайым да арасында «түйсігің бар қызсың, молодец»-деп қояды.
Бірде апайымды іздеп, отыздардағы бір мақтаншақтау бизнесмен жігіт келді.
- Гауһар апайың қашан шығады?
- Білмеймін, баласы қатты ауырып жатыр.
- Сені соның көмекшісі дейді, шын ба?
- Иә.
- Ресторанға тамақ ішуге барайық.
- Жоқ рахмет, мен бөтен адамдармен ешқайда бармаймын.
-Неге шошисың, сонша, сендей әдемі қызбен бірге отырып тамақтанғым келеді, онда не тұрған не бар, метиска емессің бе ?
- Жұмысыңызды айта беріңіз, не басқа адвокаттарға барыңыз.
- Сен Гауһарға туыссың ба?
- Жоқ, былай... не...
- Түсіндім, түсіндім. Сендер ондайды жасырасыңдар ғой. Ең алғашқы қатысқан сотымда шешесі адвокат, қызы судья, прокурор шешесінің любовнигі екен, оны соңынан білдім ғой, ал мен болсам адвокат та алмағам, солар целый спектакль қойып еді, әлі есімнен кетпейді. Все таки сен метискаға ұқсайсың, бабушка, про- бабушкаларың татарка емес пе?
Ол менің өзі айтқандай «симпатичный носигіме» қарап, өзінің жұмысынан гөрі менің шыққан тегіме басын қатырып отырғандай болып көрінді.
- Гауһардың баласы қай больницада, күндіз-түні қасында деймісің, «соткасын» өзгертіп жіберіпті ғой?
- Мен сізді білмегендіктен ештеңе айта алмаймын.
- Мен бүгін командировкаға кететін едім, Гауһарда өте тығыз жұмысым бар.
- Аты-жөніңізді, жұмысыңызды жазыңыз, апарым беремін.
- Қап мына қыздың қырсығын-ай, Мен апайыңның туысқанындай болып кеткенмін, ол менің бес ісіме қатысқан, бәрін жеңгенбіз.
- Соттағы ісіңіз тығыз болса, басқа адвокаттарға бармайсыз ба - деп, терезеге шұқшиып, одан төбеге қарадым. Апайымның тапсырмасы солай, біреулер өтірік айтып, біреулердің атынан әдейі келуі мүмкін деген, өте мұқият болуды ескерткен, ресми жауап бер, желімдей жабысатындар болады, оларды жақындатпа, ең бірінші бет-әлпетіңді билеп үйрен, басқа жұрт не қуанып тұрғаныңды, не ренжіп тұрғаныңды білмейтін болсын деген, соның айтқандарын орындап тұрғаным. Бизнесмен жігіт айналаға бір қарап алып, басын маған жақындатып, мен отырған столдың жартысын денесімен жауып, сыбырлай сөйледі.
- Ей, қарындас, сен шынымен сенбей отырғаннан саумысың, мен шынымен сенің адвокат апайыңмен туысқандай болып кеткен адаммын., соттарыңды қойшы, оларды неше мәрте сатып алып, неше мәрте қайтып сатып жібере аламын. Олардың 70-80 пайызы саудагерлер ғой. Мен бұрын былай келмейтінмін, апайыңа машина жібертіп, кафе-ресторандарда сөйлесетінбіз. Соткасы жауап бермейді, үйін білмеймін. Маған проблемамды тез «уладить» етіп беретін адам керек, тендерге қатысуым керек еді, соған кетіп барамын, ертерек бармасам болмайды.
- Ағай, мен ештеңе айта алмаймын, міне қағаз, міне қалам. Жұмысыңыз бен аты-жөніңізді жазсаңыз апарым беремін.
Менен ештеңе шықпайтынын білгендей, ол мен берген қағазға сойдақтатып асығыс бір нәрселер жазды да, қалтасынан долларлар алып, жазған қағазымен алдымда тұрған Қылмыстық кодекске салып маған ұсынды. Мен біреу байқап қойған жоқ па деп, айналама көз салдым. Алыс бұрышта отырған адвокатқа екі адам екі жағынан даурығып бір нәрселерді түсіндіріп жатыр екен, бізде жұмысы жоқ. Жалпы адвокаттар таңертеңгілікте жиналып, содан кейін әр қайсысы халқы тығыз орналасқан үлкен қаланың әр жерінде орналасқан соттарға кете бастайды. Қағаздарын үйлерінде жазып, соттарына қатысып жүрсе болды, олар ешкімге есеп бере бермейді, соты жоқ болса да таңертеңнен кешке дейін отыратындары жоқ. Тек кезекші болатын күндері толық отырса болды. Онда да адвокаттарға кездейсоқ іздеп келіп тап болатындар некен-саяқ. Олар адвокаттардың аты-жөнін айтып іздейді. Оларды адвокаттармен істес болған, яғни, бұрын сотқа ісі түскен туыстары, көршілері, достары тағы басқалары жіберіп жатады. Арасында кейбір адвокаттардың өздеріне тұрақты түрде келетін клиенттері де бар.
- Қарындас, жүр, апайыңа машинамен апарайын.
- Сізбен ешқайда бармаймын дедім ғой.
- Ендеше мынаны бүгін апайыңа апарып бер, срочно де. Байқауымша бизнесмен ағайдың даусы ашулы да, қатқыл, біртүрлі әмірлі естілді. Маған апайымның қалта телефонының номерін бермеді-деп ашуланғаны болса керек.
- Бүгін болмаса бір күні бірге тамақтанармыз, сау бол.
Ол кетіп бара жатып маған тағы бір бастан аяқ қарап шықты. Арасында қағаз бен долларлар салынған сол кодексті ұстасам шағып алатындай болса да, сумкама салып алып, дәретханаға кіріп, кабинаның есігін құлыптап, бизнесмен жігіттің жазғанын оқыдым. Егер шынымен срочно болса, жұмыс аяғын күтпей қазір баруым керек. «Іс қадағалау алқасында қаралады. Докладчик Тәңірбергенов, Рахат ЖШС-інімдікі. Мынау гонорардың жартысы, қалғаны іс біткен соң. Ордерге бөлек төленеді» Сөзімде тұратын жігіт екенімді білесіз ғой. Ініңіз Есен». Арасындағы долларларды да санап шықтым, тура алты мың екен. Кабинетіме кірместен балалар ауруханасына, апайыма тарттым.
Бизнесмен жігіттің жазғанын оқыған Гауһар апайым, тез-тез бір нәрселерді жазды да мың долларды алып қалып, қалған ақша мен запискасын алдында оқып отырған әдеби кітабының арасына салып, қолыма ұстатып, одан таксиге ақша беріп, мә «таксимен барып, тез апарып бер» - деп, мені қаладағы Н ауданындағы судья Уәлихановқа жіберді. Қалай кіріп, не айту керектігін мұқияттап түсіндірді. Мен Гауһар апайымды сол судьяның көңілдесі деп бірнеше рет естігенімді есіме алдым. Мейлі, күйеуі жоқ қой, көңілдесі болса бола берсін, маған келіп кетері жоқ деп қойғам, осы жұрттың біреуде не шаруасы бар екен? Апайымның запискасын оқығым келді, ол ешқандай конвертке салынбаған, «мені оқығың келсе, оқы» деп тұрғандай. Әрине, біреудің жазғанын оқу жақсы емес екенін білемін, тіпті ұят нәрсе. Бірақ, ішімнен тіл қатқан екінші бір Ақерке: «Одан ешкімге зиян келмейді, мүмкін саған пайдасы тиер, бұл да тәжірибе жинаудың бір түрі ғой»-деп тұрғандай. Записканың мағынасын жатқа білуім керек секілді, мысалы жоғалтып алсам қайтемін, сонда не айтып барамын? Записканың бүктеуін ашып оқысам, бар болғаны: «Надзор, аванс, Рахат»-деген үш-ақ ауыз сөз жазылған екен.
Миссис Марпл мен Шерлок Холмс туралы көп оқып едім, бірден «расшифровка» жасадым. Іс қадағалау алқасында қаралады. «Рахат» ЖШС-нің пайдасына шешілу керек. 5000 доллар жартысы, тағы осынша ақша беріледі.
Мені көрген судья:
-А-а-а, келе ғой, Гауһардың сіңлісісің бе? Жаңа ол хабарласқан соң, есік алдындағы кезекшіге айтып қойғанмын - деді судья. Гауһар апай хабарласып, құжаттар әкеледі - депті, менің жұмысым жеңілдеді. Есік жаққа біреу кіріп келеді ме деп, қауіптене көз салдым да, үн-түнсіз кітапты ұсындым.
- Қорықпа бере бер, бәрі обедке кеткен-деді, сол екі арада кітапты қайда сүңгіткенін байқамай қалдым, әйтеуір қолында жоқ, белбеуіне қыстырған секілді, себебі костюм киіп алыпты. Шығып бара жатыр едім, ол «Мен обедке кетіп барамын, аялдама алыстау ғой, оған дейін ала кетейін» - деді. Судья ағамыздың әлде көңіл күйі жақсы ма, әлде қара терге түсіп тұрған мені аяды ма, әлде басқа себебі бар ма, ол арасын айыра алмадым, меніңше судья бұлай жасамау керек еді. Аялдамаға дейін әжептәуір жер, барсам барып қалайын деп ойладым. Судьяның әппақ сұлу джипіне отырғанда ол бірден:
- Баласы қатты ауырып, Гауһарға қиын болған екен – деді, су жаңа
көлігін тасбақаша айдап келе жатқан судья үлкен жолға түсе беріп.
- Иә, күндіз-түні баласының қасында, жалғыз өзіне қиын болды.
- Жалғызы қалай, ана спортсменге күйеуге тиіп алған жоқ па ?
- Қандай спортсмен?
- Мәлікті айтам.
Өкінішке орай, машина аялдамаға тоқтап, мен рахметімді айтып түсіп кеттім.
Мәлік деген жігітті кейде апайымның үйінен көремін, кейде Гауһарды жұмыстан машинасымен алып кететін. Апай оны «туысқан інім» дейтін. Бірақ, түсініксізі кейде «Мәке» деп, еркелей үн қататын. Соңғы кезде ол көрінбей кетті. Осы оқиғадан кейін менің адвокат апайымның ешқандай соттың сүйіктісі болмағанын, олар тек реті келгенде, ара-тұра бірге «бизнес» жасайтынын түсіндім.Ал апайымның нағыз сүйіктісі түр-түсі мен дене-пошымы келіскен Мәлік екенін ұқтым. Апайымның соңғы кезде көңіл-қошы жоқ, оның сыры Мәлікте екен, ал, баласының ауырғаны қосымша жүк болған. Сонда да бір сыр бермейтін. Ол кісінің айқайлағанын, жылағанын, не қатты қуанып қандай да бір эмоцияға берілгенін көрген емеспін. Гауһар апайдың бойында мен құрмет тұтатын үлкен бір қасиеті-екі баласы үшін жаны шығатын. Аз кем уақыты болса, балаларымен айналысатын. Балаларына ойыншықтардың, киімдердің, тамақтардың неше түрін алатын. Менің білетінім ол балалардың әкесі де, шешесі де, атасы да, әжесі де өзі еді. Ол кісімен бір жыл бірге жүріп тұрғанда ол туралы өз аузынан ол кісі қай жақтан, күйеуі кім болған, ата-анасы бар ма тағы басқа жеке басы туралы бір мәлімет білген емеспін, маған сол жұмбақ әйел күйі қалды.
Менің Гауһар апайдың қасында жүріп өткізген күндерім, маған көп нәрсеге бірнеше көзқараста қарауды үйретті. Әр нәрсенің екі жағы бар секілді, ақ және қара. Қара жағын адамдар күн сайын көріп, кездесіп, оларға араласып жүрсе де ол туралы айтпауға тырысады. Көреді, елейді, әрекеттер жасайды, бірақ, айтпайды. Айтпағаны өз алдына жасырады. Аз уақытта кейбір адвокаттар мен судьялардың айтатындары мен жасайтындарының ара қашықтығы жер мен көктей екеніне көзім жетті. Менің оқып жүрген кездегі олар туралы түсінігім мен өмірде көріп жүргенім түк қабыспайды. Соттардың жәбірленушіні аяп, істі заңға сай қарап, әділ шешім шығарады деген түсінігім шашылып қалды. Әділ шешімнің барлығы заңды бола бермейді екен. Әсіресе, бір тепкені дәлелденбесе де, қылмыскердің аяғын көгертіп қойды деп, үлгілі полиция қызметкеріне бес жыл түрме берген мен адамды қорлап өлтіргені үшін қылмыскерге де де бес жыл түрме берген заңды да, сотты да өз басым қабылдай алмайды.
Соттар азаматтық істер бойынша шешім, қылмыстық істер бойынша үкім шығарғанда оларда тек бір ғана мүдде болады екен. Ол шығарған шешімдері мен үкімдерінің күшін келесі сатыдағы соттар жоймаса болды. Әділ не әділ еместігі маңызды емес. Себебі, күшін жоймаған сот шешімі әділ еместігі өз алдына жүз жерден заңсыз болса да күшін жоймағандықтан заңды болып саналады. Ал оның күшін жою үшін көптеген кедергілер бар. Бірінші сот сатысында істердің қаралу уақыты иә бір айда, иә екі айда қаралып бітуі керек болса, оларды әр түрлі, оның ішінде өтірік, яғни, қолдан жасалған себептермен 5-6 айға да созуға болады. Соттар уақтылы тағайындайды, бір процесінде жауапкер, бір процесінде талапкер, иә адвокаттары, иә куәлар келмейді. Ауырып қалады, басқа ісі бойынша жарыссөз екен дейді, не болмаса іске үнемі қатысып жүрген прокурор келмей, басқа прокурор қатысып, іспен танысуға уақыт сұрайды. Сөйтіп істің қаралуының созбалаңға салынғанына ешкім кінәлі болмайды. Сандалып жүрген талапкер ма, жауапкер ме, шаршап кетеді, жұмысынан қалып жатады, келіп-кетуі бар, ең соңында шаршап қолды бір сілтейді. Заңға деген құрметі жойылады, сотқа деген сенімі селкеу тартып, қоғамға, билік орындарына деген реніші артады. Ең басты қорқыныштысы осындай сценарийлердің кей кездерде соттың да қолымен жасалатыны.
Иә, сондай кездерде менің Гауһар апайымның іскерлігі мен тіл тапқыштығы керек-ақ. Екі бірдей істі, Гауһар апайым өзінің мүддесіне қарай, қажет етсе бір айға жеткізбей бітіре алады да, қажет етпесе, 5-6 айға дейін соза алады. Мен бұл жерде адвокаттардың да неше түрі болатынын, олардың сотқа қатысу іс-әрекеттерінің де әр түрлі болатынын ғана емес, соттар мен прокурорлардың іс-әрекеттерінің жаманды-жақсылы неше түріне қанықтым.
Бір жағынан бұндай жағдайлардың көлеңкелі жақтарының жиі кездесетінін және оларды жақыннан білгеніме өкінсем, екінші жағынан қоғамымыздағы орын алып жатқан жайсыз жағдайлармен көлеңкелі істерден қашып, басқа планетаға кетіп қала алмайтыным белгілі. Тек оларды тудыратын себеп-салдарларды жойып, іске асыратындармен күресу үшін ертерек білгенде жақсы.. Ал күресу үшін олардың жай –жапсары, қуыстарын, бөліктері мен тетіктерін білген артық емес.
Көп кешікпей, менің де стажировка мезгілім бітіп, адвокаттар коллегиясының мүшесі болып жұмысымды бастағанмен, бұрынғы сыныптас жігітім Жандосқа тұрмысқа шығып Қарағандыға кеттім. Гауһар апайға берген уәдемді орындап, арамыздағы нәрселер туралы ешкімге тіс жарған емеспін, тек күнделігімнен басқа. Гауһар апай мен кетерде қимастықпен қоштасқан, мен де оның қасында болған бір жыл ішінде біраз өмір мектебінен өткен секілдімін.
Р. Камидуллақызы
Abai.kz