AЗАМАТТЫҚ ФОРУМ. ТАСМАҒАМБЕТОВ НЕ АЙТТЫ?
1. Биылғы жылы Қазақстанға 11 мың оралман отбасы келді
Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 6 есе көп. Бұл туралы «Азаматтық қоғам дамуының жағдайы және перспективалары» тақырыбында өткен форумның пленарлық отырысында Премьер-министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов сүйіншіледі.
«Сіздердің назарларыңызды тағы бір өзекті бағыт – Қазақстанға келген отандастарымызды әлеуметтік бейімдеу мәселесіне аударғым келеді. Мұнда да мемлекет пен ҮЕҰ өз әлеуетін дұрыс қолдана алмай отыр. Биылғы жылы елімізге 11 мың отбасы көшіп келді. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 6 есе көп. Отандастарымыз құжаттарды рәсімдеу, білім алу, әлеуметтік бейімделу тұрғысында көмекке зәру болып отыр. Дәл осы мәселеде ҮЕҰ-ның рөлі ерекше маңызды деп білемін. Өйткені, оралмандарды жаңа қоғамға әкімшілік механизмдерді қолдана отырып бейімдеуге болмайды. Мұны тек оларды бірте-бірте қоғамдық құрылымдарға тарту арқылы жүзеге асыруға болады», - деді вице-премьер.
1. Вице-премьер И. Тасмағамбетов дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде жүргендерді оңалтудың маңызды екенін атады
Астанада өтіп жатқан VII Азаматтық форум барысында діни ахуал мәселесі де қаралды. Пленарлық отырыс барысында Премьер-Министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде жүргендерді оңалту мәселесіне тоқталды.
«Дерадикализация – бұл мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың бірігіп, барынша күш салып жұмыс жасайтын сала.
Бүгінде тек 22 қоғамдық ұйым дін саласында кеңес беру және оңалту көмегін көрсетумен айналысады. Бұл жалпы ҮЕҰ санының 0,12 пайызы ғана. Ал, ресми статистика мәліметі бойынша елде 15 мың жуық адам діни жат ағымдарды қолдайды. Бұған қарамастан, тек төрт облыста (Астана, Көкшетау, Қарағанды, Тараз) екіден көп орталық жұмыс жасайды, Петропавлда бірде-бір оңалту орталығы жоқ.
Оңтүстік Қазақстан облысында үш мыңға жуық тыйым салынған діни ағымдардың ізбасарлары бар. Алайда, аталған облыста тек бір ғана үкіметтік емес ұйым («Нұр-Мұра» ҚБ)» дін саласында кеңес беру және оңалту мәселесімен айналысады», - деді пленарлық отырыс барысында вице-премьер И. Тасмағамбетов.
3. Тасмағамбетов: «Білім жүйесінің барлық желісі қайта жаңаруда» деді
Астанада VII Азаматтық форум аясында «Азаматтық қоғам дамуының жағдайы және перспективалары» тақырыбында шараның пленарлық отырысы өтіп, онда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов сөз сөйледі.
Вице-премьер бүгінгі таңда Үкімет қолға алып отырған әлеуметтік саланың бірнеше бағыттарын атап өтті және білім беру жүйесінің ерекше маңыздылығына тоқталды.
«Бүгінгі таңда осы салада жаңғыртудың жаңа кезеңі басталуда. Нақтырақ айтқанда, 2016 жылдан бастап 2019 жылға дейін орта білім ұйымдары жүйесінде кезең-кезеңімен оқытудың жаңа мазмұнына көшу жоспарланған. Жаңа оқулықтар, бағдарламалар мен оқыту әдістері механикалық оқытудан функционалдық сауаттылыққа бағытталады, яғни өз білімі мен дағдыларын логикалық қолдануға үйрететін болады», - деді өз сөзінде Иманғали Тасмағамбетов.
ҰБТ жүйесін жетілдіру бітіру емтихандары мен ЖОО түсу емтихандарын бөлуді қарастырады. Бұл бітірушілердің терең білімін, білімнің жүйелілігі, толықтығы, талдау, қорыту, жіктеу мүмкіндіктерін анықтайтын дағдыларын тексеруге бағытталады.
Кәсіптік және техникалық білім беру саласында мамандарды даярлаудың дуалды жүйесіне көшу жүзеге асты. Бұл 2017 жылдан бастап тегін жұмысшы мамандықтарын оқыту барысында теория мен практика арасындағы кемшілікті жоюға көмектеседі.
«Жоғары білім беру саласында ЖОО-ның автономдылыққа көшуі және олардың академиялық, қаржылық тәуелсіздігін кеңейту жүргізілуде. Өздеріңіз байқап отырғандай, барлық білім беру желісі жаңғыртылуда. Аталған жаңа өзгерістерді ендіруде талқылау, талдау, нақтылау процесіне сіздерді белсене қатысуға шақырамыз», - деді Премьер-Министрдің орынбасары.
5. Қазақстанда 8 мыңнан аса үкіметтік емес ұйымдар белсенді жұмыс жасайды
Қазақстанда 18 092 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олардың ішінде 8 307 белсенді жұмыс жасайды. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан VII Азаматтық форум барысында айтылды.
Қазақстанда белсенді үкіметтік емес ұйымдар желісі дамыған 5 өңірді ерекше атауға болады. Олар – Астана, Алматы қалалары, Ақтөбе, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары.
Үкіметтік емес секторда тұрақты негізде 27 мың адам жұмыс жасайды.
«ҮЕҰ-ның құрылымы біздің азаматтарды көбінесе толғандыратын проблемаларды сипаттайды. Бұл тұрғыда біз үкіметтік емес секторды қуаты мен қабылеті жағынан елдегі оң өзгерістердің қозғаушы күші бола алатын ниеттестер қауымдастығы деп білеміз», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов.
Бүгінгі ҮЕҰ қызметінің бағыттары әлеуметтік саланың барлық бөлігін қамтиды.
Олардың қатарында жастар саясаты мен балалар бастамасы, халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобын қолдау, білім және ғылым, спорт және дене тәрбиесі, салауатты өмір салтын насихаттау, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, гендерлық мәселелерді шешу, қоршаған ортаны қорғау, өнер мен мәдениетті дамыту саласында жұмыс жасайтын ұйымдар, сондай-ақ, ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтуға, тарихи-мәдени құндылықтарды қорғауға, мемлекеттік тілді дамыту, демографиялық проблемаларды шешуге бағытталған қоғамдық бірлестіктер бар.
6. Техникалық мамандықтар бойынша қосымша білім беру қызметі мүлдем аз
VII Азаматтық форумның пленарлық отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов азаматтық сектор және бизнес құрылым өкілдерін қосымша білім беру қызметіне қосылуға шақырды.
«Қазіргі уақытта әлемде бірінші орынға қосымша қабілет пен дағдыларды қоятын түбегейлі трансформация жүруде. Бүгінде қуантарлық жайт, қосымша білім беру үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бір ғана Астанада 271 дамыту орталығы жұмыс жасайды. Алайда, робототехника, компьютерлік бағдарламалау және графика сияқты техникалық мамандықтар бойынша қосымша білім беру қызметі мүлдем аз болып отыр», - деді вице-премьер.
Иманғали Тасмағамбетов Қазақстанда, әсіресе өңірлерде ниет білдіргендер жаңа білім ала алатын өзіндік ашық оқыту және танымдық ресурстар жоқтығына тоқталды. «Осы бағыттағы жобаларды әзірлеу өте тиімді болар еді деп санаймын», - деді вице-премьер.
Шәріпхан Қайсар
Абай-ақпарат