Сейсенбі, 29 Қазан 2024
Мәйекті 2749 0 пікір 25 Қараша, 2016 сағат 12:15

Несие алып, несiбесiн арттыруда

Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылының тұрғындары несiбесiн жерден терiп үйренген ел. Мұнда егiстiк алқабындағы шаруалардың жұмысын айтпағанның өзiнде, есiк алдындағы үйiргелiк жерде орналастырылған жылыжайлардан өнiм алып, қаланы қысы-жазы көкөнiспен қамтып отырған жандар бар. Одан бөлек мал басын көбейтiп, кәсiбiнiң шарапатын көрiп жатқандар да жетерлiк. Жергiлiктi тұрғындар ауылдағы шаруашылықтың дамуын «Яссы-Несие» кредиттiк серiктестiгiнiң жұмысымен байланыстырады. Яғни ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерi серiктестiктен егiн және мал шаруашылығы, «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларымен тиiмдi несие алып, несiбесiн арттырып отыр. Солардың бiрi – «Шахнұр» шаруа қожалығының басшысы Уәлихан Асаев.

Шаруа қожалығы 5 жылдан берi жылыжайда қызанақ, қияр, пияз бен лимон өсiруде. Дайын өнiм негiзiнен Кентау қаласының тұрғындарына сатылады. Жылыжай корейлiк үлгiде жасалған. Яғни жабуы үш қабат. Суықта да, аптап ыстықта да iшiнде жүрiп жұмыс iстеуге ыңғайлы. Әрi iшiн жылыту да, салқындату да оңай. Тамшылатып суару технологиясы мен арнайы жылыту қондырғылары орнатылған.

– «Яссы-Несие» кредиттiк серiктестiгi ашылғаннан берi бiрге жұмыс iстеп келемiн. Бүгiнгi күнге дейiн екi-үш рет несие алдым. Бүгiнде 2 миллион теңге қаражатты 5 жылға алып, өз игiлiгiме пайдаланудамын. Несиенiң шаруаларға тиiмдiлiгi көп. Бiр жыл төлемақы төлеуден босатады. Мұның өзi – үлкен жеңiлдiк. Көптеген ауыл тұрғындары «Яссы-Несие» кредиттiк серiктестiгiнiң қызметiн тұтыну арқылы жұмысын жандандырып, жағдайларын жақсартып отыр. Осы игi iстi қолға алған басшылыққа тұрғындар атынан ризашылығымды бiлдiрiп, алғысымды айтамын, –дейдi шаруа қожалығының басшысы Уәлихан Асаев.

Жылыжай 20 сотық жерде орналасқан. Әр көкөнiстен жылына екi рет өнiм алынады. Қызанақтан – 18-19 тонна, қиярдан жыл бойы 16-17 тонна өнiм жиналған. Алғашқы жыл болғандықтан, лимон 30-40 келiдей ғана өнiм берiптi.

Ал, Абдуроим Мусаев «Яссы-Несие» кредиттiк серiктестiгiнен несие алып, мал шаруашылығымен айналысуда. Жеке кәсiпкер iрi қара мал, қой өсiредi. Бүгiнде иелегiнде 450-ге жуық iрi қара мал мен 1000-нан астам уақ мал бар. Ендiгi жерде шаруа ет өндiру, мал бордақылау iстерiн де қолға алмақ.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның қолдауымен құрылған «Яссы-Несие» кредиттiк серiктестiгi 2003 жылдан бастап жұмыс iстеп келедi. Алғашында 14-15 қатысушыны тiркеп, жұмыс iстеген ұйымда қазiргi кезде 770 мүше бар. Корпорацияның өткен жылғы рейтингiлеу нәтижесi бойынша «Яссы-Несие» елiмiздегi 171 кредиттiк серiктестiк арасында ең үздiк деп танылды.

– Бiзден несие алу үшiн шаруалар кепiлге мал-мүлкi мен депозиттегi қаржысын қойса болады. Ауылдағы үйлердi де аламыз. Ал, несие 14 пайызбен, қойылған кепiлдiң бағасына қарап берiледi. Оның 7 пайызы субсидияланады деп күтiлуде. Сонда бiзден несие алған шаруа тек 7 пайызын ғана төлейтiн болады. Бүгiнде несие алушылардың барлығы да уақтылы толық төлем жасап отыр, – дейдi кредиттiк серiктестiк төрағасы Каримжан Гайбишов.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның қолдауымен қазiргi күнi елiмiздiң 13 облысындағы 163 ауданда 171 кредиттiк серiктестiк құрылған. Бүгiнде кредиттiк серiктестiк жүйесi 12 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерiнiң басын бiрiктiрiп отыр. 2015 жылы серiктестiк құрамына 2 мыңнан аса жаңа қатысушы тартылған. 15 жыл iшiнде кредиттiк серiктестiк жүйесi қатысушыларына 160 млрд. теңгеден аса қарыз берiлiп, 120 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылған.

Қайрат ЗАЙНИШЕВ

Abai.kz

0 пікір