Жексенбі, 24 Қараша 2024
Билік 3542 0 пікір 23 Қараша, 2016 сағат 12:08

«ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ» ҰБТ-ДА САҚТАЛАТЫН БОЛАДЫ

«Қазақстан тарихы» пәні Ұлттық бірыңғай тестілеуде сақталатын болды. Бұл жақсы жаңалық Б.Сағынтаевтың төрағалығымен селекторлық режимде өткен Үкіметтің кешегі отырысында жария етілді, - деп хабарлайды "Айқын" басылымы.

 Осы жиында Министрлер кабинетінің мүшелері ҰБТ-ны өткізу форматын жетілдіру мәселелерін, яғни осы сынақтың алдағы тағдырын талқыға салған болатын.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мектеп түлектерін күтетін осы үлкен сынаққа қатысты қоғамда әралуан көзқарас қалыптасқанын айтты. Бұл министрліктің өз ұстанымын қайта қарауына түрткі болды. 

– ҰБТ ағымдағы жылы 13-ші рет өткізілді. 13 жылдың ішінде 1,5 миллион­нан астам бала қатысты. Бұл ретте ҰБТ өзін түлектердің білімін тәуелсіз бағалаушы ретінде де, оларға жаңа биіктерге көтерілуге мүмкіндік беретін өзіндік бір «әлеуметтік лифт» ретінде де көрсетті. Дегенмен министрлік 10 мыңнан астам мұғалім, ата-ана, мектеп бітіру­шілер, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысқан қоғамдық сауалнама жүргіз­генде, ҰБТ-ға қатысты өте маңызды проблемалар анықталды, – деді министр.
Сонымен, біріншіден, оның айтуын­ша, қоғам ҰБТ-ны тек «жоғары оқу орнына түсу емтиханы ретінде қабыл­дай­тыны» белгілі болды. Яғни, ҰБТ «мектеп бітіру емтиханы ретіндегі өз функциясын орындамай» отыр. «Бұл тестілеуге түлектер ешқашан 100 пайыз қатысқан емес: жыл сайын оған қатыс­пайтын оқушылар саны 30 пайызға жетеді».

Екіншіден, сауалнама «ҰБТ-ның бәсі жоғары сын болып табылатынын, тиісін­ше, оның санасы қатпаған жас өскіндерге тым ауыр психологиялық салмақ түсіретінін» көрсеткен. 

– Осыған байланысты біздің ми­нистрлік екі бағытта жұмыс жүргізді. Біріншісі бойынша емтихандар «мектеп бітіруші емтиханға» және ҰБТ-ға бөлінді. Бұл жерде ҰБТ-ны жоғары оқу орын­дарына түсу емтиханы ретінде қалдыру ұсынылады. Ол мемлекеттік гранттарды бөлу жүйесі қызметін атқарады. Екіншісі бағыт бойынша ұлттық бірыңғай тес­ті­леудің құрылымы өзгертілді, – деген БҒМ басшысы ұстаздар, ата-аналар қауымымен 30-дай кеңес өткізілгенін, реформа солар қорытындысына сүйене­тінін қосты.

Осылайша бұрынғы күйдегі ҰБТ жойылып, министрлік оны қазір екі кезеңге ажыратып тастады: мектеп бітіру емтиханы рөлін «қорытынды аттестация» атқарады. Ал университеттерге түскісі келетін түлектер ҰБТ-ға құжат тапсырады. 

Қорытынды аттестация мектептерде 5 пән бойынша жүргізіледі: оның төртеуі – міндетті, ал біреуі – қалауы бойынша. Министр бұл емтиханды ЖОО-ларға түсуге құлқы жоқтар тапсыратынын нақтылады: «Сол себепті бұл салада ерекше жаңа дейтіндей ештеңе жоқ, барлығы мұғалімдерге де, оқушыларға да таныс. Тек бір өзгеріс бар: егер бұған дейін сұрақтарды облыстық білім басқармалары әзірлесе, енді екі пән бойынша тестілік сұрақтарды Ұлттық тестілеу орталығы дайындайтын болады. Тестілік сұрақтар дайын болып қалды. Біз мектептерде сынамалық тестілеуге кірісуге даярмыз» деді Ерлан Кенжеғалиұлы.

Ол ҰБТ форматы өзгеретінін мә­лімдеді. 

– Бұрын түлектер 5 пән бойынша 125 сұраққа жауап іздейтін және соның ішінде 4 пән бойынша 100 сұрақ ескерілетін еді. Ал келесі 2017 жылғы ҰБТ форматы бойынша 120 сұрақ болады және барлық 120 сұрақ ескеріледі деп көзделуде. Ең жоғарғы балл – 140 болады. Себебі, бірден 2 балдан жиюға мүмкіндік беретін сұрақтар бар. Яғни, ҰБТ ақырын-ақырын SAT-қа қарай көше береді, – деді Білім және ғылым министрі.

Түсіндіре кетейік, SAT (Scholastic Assessment Test немесе Scholastic Aptitude Test, схоластикалық қабілеттер тесті) – жалпы білім беру жүйесіндегі ЖОО-ға түсетін түлектерге арналған америкалық тестілеу түрі, ол оқушылардың базалық білімін, сондай-ақ қасаң емес, сындарлы (критикалық) ойлау машықтарын тексеруге бағдарланады. Мысалға, ондағы кейбір тесттер талапкерден мәтіннің басты идеясын анықтауды, қорытынды жасауды, сондай-ақ мағынасы бойынша сәйкес келетін сөзді таңдап, бір сөзі түсіп қалған сөйлемді толтыруды, тағы басқаларын талап етеді. Қазақстан бірте-бірте осыған келетінге ұқсайды.

Е.Сағадиев тестілеуді өткізуге қанша уақыт бөлінетінін де хабарлады: ҰБТ-ға 3 сағат 30 минут берілмек. Одан өту балы өзгермепті (120 сұрақтан ең кемі 50 балл жию керек).
– Сұрақтар 5 пән бойынша қойылады. Оның ішінде үшеуі – міндетті, қалған екеуі – таңдаған мамандығына сәйкес бейінді пән. Нәтижесінде, отандық ЖОО-лардағы барлық 175 мамандық бейінді пәндері бойынша 10 комбинацияға бөлінген. Мысалы, «математика-физика» комбинациясы бойынша тапсырса, талапкер 52 мамандық арасынан таңдауға, 4 ЖОО-ны көрсетуге мүмкіндігі болады, – деді министр.
ҰБТ-ның бұрынғы форматында «міндетті пәндер» – оқушының мектепте оқыған тілі, математика және Қазақстан тарихы болатын. Ал ұсынылып отырған жаңа форматта бұл сәл өзгереді: енді «міндетті пәндер» – Математикалық сауат­тылық (математическая грамот­ность), Оқу сауаттылығы (грамотность чтения) және Қазақстан тарихы болады.

БҒМ басшысы өздеріне бірнеше ұсыныс түскенін баяндады. 

– Ең көп айтылғаны – екі ұсыныс. Біріншісі – ҰБТ-ның міндетті пәндері арасынан «Қазақстан тарихын» алып тастау болды. Өйткені бұл пән бойынша емтихан екі рет тапсырылады: мектепте және ҰБТ-да. Біздің министрліктің ұстанымы қандай? Біз бұл пәнді қалдыру керек деп санаймыз. Өйткені қоғамның пікірі бойынша бұл өте маңызды пән және ҰБТ-да ол міндетті түрде болуға тиіс. Екінші ұсыныс – «Алтын белгі» иегерлерін және әртүрлі олим­пиадалар мен байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін ҰБТ-дан босатуды қарастырады. Біз бұл ұсынысты да қол­дамадық. Барлық талапкерлер ұлттық бірың­ғай тестілеуден өтуі керек деп санай­мыз – деп түйді министр Ерлан Сағадиев.
Өтініш қабылдау ҰБТ бойынша 10 наурыз бен 10 мамыр аралығында жүреді. Тестілеу 20 маусымнан 1 шілдеге дейін өтпек. Қайта тапсыру мүмкіндігі болады, ол 2017 жылдың 1-8 тамызында және 2018 жылдың 5-12 қаңтары аралығында ұйымдастырылады. 

Үкімет басшысының орынбасары Иманғали Тасмағамбетов мұның өте маңызды мәселе екендігіне назар аудартты және министрлікпен, қоғам өкілдерімен бірге, әлденеше рет жиын өткізілгенін, жан-жақты талқылау жүргенін растады.

– Бірақ ұйымдастыру жағынан бірқатар атқарылатын шаруа әлі де бар. Ол жұмыс­тарды алдағы уақытта толымды өткіземіз деген сенімдемін. Біз ҰБТ-ның жаңа форматын келесі жылдан бастап өмірге енгізуге дайынбыз – деді вице-премьер.

Премьер Б.Сағынтаев бұл «әрбір отбасыға қатысты мәселе» болғандықтан, оған Үкіметтің мән-маңыз беріп отырғанын атап көрсетті.

– Ендеше бұл жерде ешқандай қателікке жол беруге болмайды. Егер келесі жылы кірісетін болсақ, қазірден бастап барлық мәселелер шешілуге тиісті. ҰБТ форматын өзгертсек, оны айқай-шусыз, жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізуіміз қажет, – деген Үкімет жетекшісі осы бағыттағы жұмыстарды бақылауға алуды өз орынбасары И.Тасмағамбетовке жүктеді.

Үкімет күзде қаралған «жылыту мау­сымын лайықты өткізу» мәселесіне осы отырысында қайта оралуына тура келді. «Биылғы қараша айының аса аязды әрі қарлы болуына байланысты бірқатар өңірлерде жылу қазандықтары істен шығып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу беру тоқтап тұр» деді Премьер. Осыған орай Қарағанды облы­сының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, ШҚО әкімі Даниал Ахметов, СҚО әкімі Ерік Сұлтанов, Алматы әкімі Бауыржан Байбек және басқа да өңір басшыларының есептері тыңдалды. Өз сөздерінде олар халықты жылумен қамту, апаттық жағдайларды жою шаралары қабылданып жатқанын мәлім етті. 
Премьер-министр жылу маусымына дайын­дық мәселесі бұған дейін Үкімет оты­рыстарында бірнеше мәрте көтеріл­генін, аймақ әкімдері қысқа толық дайын­быз деп баяндағанын еске салды. Әрі бар­лық әкімдерге халықты жылумен қам­­та­масыз ету барысын қатаң қадағалауды тапсырды.

«Құрметті әріптестер, құрметті әкімдер, қыс енді басталды және жай басталған жоқ. Сол себепті, жылыту маусымын өз бақылауларыңызға алуды, қатал бақылауға алуды тапсырамын» деп нықтаған Б.Сағынтаев өзінің бірінші орынбасары А.Маминге осы жұмыстарды үйлестіруді жүктеді.
Үкімет отырысының күн тәртібі бойын­ша Әділет министрі М.Бекетаев зияткерлік меншік саласындағы қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа заң жобасын таныстырды. Оның біраз жаңалығы бар. Мәселен, Қа­зақстанда төл тауар белгісі заңсыз қолда­ныл­ған құқық иелері де сол үшін өтемақы ала алады. 

Министрдің түсіндіруінше, қазіргі «Ав­тор­лық құқық туралы» заң бойынша автор­лық туындыны заңсыз қолданғанына бай­ланысты автор құқық бұзушыдан өте­м­­ақы өндіріп ала алады. Ал заң бойынша тауар белгісінің иесі мұндай құқыққа ие бола ал­майды. Осыған байланысты, Азаматтық кодекске құқық бұзушыдан келтірілген шығынның орнына сот бекітетін 500-ден 10 000 АЕК-ке (20 миллион теңгеге) дейінгі көлемде немесе заңсыз тауар белгісі ор­на­тылған тауардың құнынан екі есе өтемақы талап ету жөнінде тауар белгісі иесінің құқығы туралы толықтырулар енгізіледі.

Сондай-ақ енді зияткерлік меншік нысандарын сараптау және тіркеу рәсімдері «бір терезе» арқылы жүргізіледі. Қазір Қазақстанда өтінімдерді және сарап­тамаларды қабылдау – сараптама ұйымдарында, ал зияткерлік меншік саласының нысандарына құқықты тіркеу – Әділет министрлігінде жүргізіледі. Яғни, әлдебір өнертабыс иесіне әр жерге шабылып, біраз жүгіруге тура келеді. Бұл жүгірісте ең қымбат нәрсе – уақыт кетеді. Сол мерзімде отандық инноватор өнімін бөгде біреулер иеленіп кетуі мүмкін және мұндай оқиғалар болған. 

Ал дамыған елдер мүше ЭЫДҰ аясында, атап айтқанда АҚШ, Португа­лия, Жапония, Швейцария, Германия, Қытай, Корея елдерінде бұл жұмыстар бір ведомствода, «бір терезе» қағидасы арқылы жүзеге асырылады. 

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында жаңа заң жобасы тауар белгілері және өнеркәсіптік меншік нысандары, сондай-ақ зияткерлік меншік саласындағы әкімшілік кедергілерді азайтпақ. Әділет министрлігінің дерегін­ше, жаңа жоба барлығы 12 заңнамалық актіге 188 түзету енгізуді көздейді. 

Айхан Шәріп

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5550