25 жұлдызды күннің екіншісі ұлттық рәміздерді ұлықтауға арналды
Бүгін Оңтүстік Қазақстанда «Ұлы дала елі - Тәуелсіздіктің 25 негізі» 25 жұлдызды күндерінің екіншісі – «Мемлекеттік рәміздер» күні ретінде аталып өтті. Бұл туралы «Абай ақпарат» хабарлайды.
Осыған орай, бүгін Шымкенттің белсенді жастары ерекше флешмоб ұйымдастырды. Қала орталығындағы іргелі оқу орнының бірі М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың 250 студенті қатар тұрып "Мен Қазақстанды сүйемін» деген жазу құрастырды. Мұндай шаралар барлық аудан, қалалардағы оқу орындарында ұйымдастырылды.
Сонымен бірге, «I LOVE KZ» жалпыұлттық флешмобы аясында әлеуметтік желі белсенділері мен қолданушылары Қазақстан туымен селфи жасап, рәміздер күнін ұлықтауды одан әрі жалғастырды.
Облыс көлемінде бастау алған 25 жұлдызды күннің екінші таңын 600 мыңға жуық жас бір мезетте әнұран айтып атырды. Мектептер мен жоғарғы оқу орындарында ұйымдастырылған ұлттық рәміздерімізді ұлықтау шарасы кезінде бір ғана Кентау қаласының өзінде көпшілікке көлік пен төрге ілінетін мыңға тарта ту таратылды.
Егеменді елдігіміздің нышанына айналған рәміздерді құрметтеу шаралары мұнымен аяқталған жоқ. Облыстағы барлық аудан, қалаларда «Мемлекеттік рәміздерге құрмет» атты жастар арасында дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, «Мен қазақстандықпын» шығармалар байқауы өтті.
Abai.kz