Жексенбі, 24 Қараша 2024
Билік 3152 0 пікір 21 Қараша, 2016 сағат 08:42

"2050" СТРАТЕГИЯСЫН "ЖЕТІНШІ ҒАЛАМАТҚА" ТЕҢЕЙМІН

Біз  «Қозыбаев оқулары-2016: Еуразия  мәдени-өркениет үдерісінің заманауи үрдістері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысуға келген академик, экономика ғылымдарының докторы Сағындық САТЫБАЛДИН ағамызға жолығып, ғалыммен естелік теңгеге Елбасының бейнесі бедерленуіне байланысты пікірін білген едік, - деп жазады "Егемен Қазақстан".

– Аға,  «Қазақстан Тәуелсіздігіне-25 жыл: ұлттық валюта» деген тақырып­пен өткен конференцияда  Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің портреті бейнеленген мерейтойлық банкноттың  таныстырылып,  1 жел­тоқ­саннан бастап  айналымға шыға­рылатынын қазақстандықтар  жылы ілтипатпен қарсы алды. Бұл жөнінде  сіздің ой-пікіріңізді  білсек деп едік.

– Банкнотты таныстыру салтанатын­да да, осы оқиғаға қатысты «Егемен Қазақ­стан­да» жарияланып жатқан пі­кірлерде де  айтылғандай, әлем  мойын­даған тұлғаларды, қайраткерлерді  құрметтеу ежелден бар. Еліне, жұр­тына  ерекше еңбек сіңірген бас­шы­лар әспеттеліп жатса,  несі айып? Қай­та мұндай қошеметтерді  қалың жұрт­шы­лықтың шынайы  сүйіспеншілігі, риясыз кө­ңілі ретінде қабылдаған ләзім.  «Бұқара бақыты – басшыдан» деп текке айтылмаса керек. Ширек ғасыр ішінде қол жеткен ұлан-­ғайыр табыстар мен жетістіктер, дағ­да­рыстарға қарамастан, Қазақстанның ыр­ғақты, үйлесімді өсіп-өркендеуі, әлемнің озық елдері қатарына қосылу жолында сер­пінді бағдарламалардың іске асырылуы Нұр­сұлтан  Әбішұлының есімімен тығыз байланысты.

Өткен ғасырдың аяғындағы аса ауыр кезеңдер бәріміздің көз алдымызда. Өндіріс орындары бірінен соң бірі жабылып, жұмысшылар далада қалды. Ауыл шаруашылығына жанар-жағармай жеткізу мұңға айналды. Жалақы, жәрдемақы, зейнетақы айлап төленбейтін жағдай қалыптасты. Дүкен сөрелері бос жатты. Халық қолындағы рубль «пішен ақша» делініп кетті. Осындай өліара шақта  ұлт, ел тағдырын мойнына алған Елбасы халықшыл басшы екенін  сөзімен де, ісімен де дәлелдеп келеді. Оның әр күні, әр айы, әр жылы  қиындықтармен күресте шыңдалған үлкен мектеп дер едім.  Ұдайы  жеңіскерлігінің сыры мынада: ол халқын, халқының үкілі үмітіндей егемен мемлекетін  жан-тәнімен сүйеді, қандай қатерге де  дайын. Мен мұны  оның командасында жүрген ғалымдардың бірі ретінде жақсы білемін.

Сол себепті өз басым  10 мыңдық кәде­сыйлық банкноттарға Президент пор­третінің орналастырылуын  қуаттаймын.

– Бүгінде  экспорттық әлеуетіміз өсіп, қазынамыз валютамен толықты. Ілгерілеудің сыры неде?

– Батыс, Шығыс капиталистерін қаржы құюға үгіттеу, сендіру оңай шаруа емес. Олар алдымен табыс түсіру жолдарын,  ол үшін мемлекет тарапынан қолайлы  жағдайлар жасалуын  қалайды. Президенттің тікелей қолдауымен инвестиция әкелу бағытында зор  істер атқарылды.  Қазір 185 елдің арасында  35-ші орындамыз.  Теңге ұлттық экономиканы көтеруші, қозғаушы қуатты күшке айналды. Осы тұстарда Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік нарықтың сұра­нысын жете зерттей алған білімді Көшбасшы екеніне көзім жетті.

Әлі есімде, сол кездері отандық бір топ ғалымды жинап алып, Қытай және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қарқынды дамушы мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп, зерделеуді, кейін Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасын жасауды тапсырды.  Алғашқы нұсқасын оқып, танысып шыққаннан кейін  көп тұстарына өзінің ұсыныстарын қосты. Бәрінен бұрын көмірсутектері өндірісін ұлғайтуға басымдық беру керек деп шешті.  Екінші орынға өндірістік металдар орналасты. Өмір тәжірибесінде бағдарламаның дәл осылай құрылуы дұрыс екеніне куә болдық.  Мұнай мен газ өндірісіне де инвестиция құюшылар легі молая түсті. Дағдарыстарды күні бұрын болжай білуінің арқасында елді  қатерлі өткелдерден аман алып шықты.  Тіпті, 2008 жылы екінші деңгейлі банктерімізді дефолттық  жағдайдан құтқара алған ол бұл кеселді банк олигархтарынан бұрын көріп, Ұлттық қор арқылы дер кезінде көмекке барды.  Мұның өзі көреген әрі дұрыс шешімді жедел қабылдайтын  тұлға екенін дәлелдеп тұр емес пе?

Қазақстан – «Мәңгілік Ел» бо­луға ұмтылған, «2050» Стратегиясын жүзеге асырып, «Нұрлы жолға» түскен мемлекет. Ұлт  тағдырын шешер ауқым­ды бағдарламалардың авторы Нұрсұл­тан Әбішұлы екені баршаға белгілі. Осы сөзімізге қосып-аларыңыз қандай?

– Өткен ғасырдың тоқсаныншы жыл­дарынан кейін туған ұрпақ біз көргеннің бергісін де  көрген жоқ. Олай дейтінім,  1991 жылы Қазақстан Республикасының егемендігі жарияланғанда, елімізде гиперинфляция өрттей қаулап тұрған еді. Бұған жұмыссыздық деген «қызылкөз» пәле және қосылды. Президент мейлінше қысқа мерзім ішінде гиперинфляция,  девальвация, рецессия дегендерді толық ауыздықтай алған посткеңестік аумақтағы жалғыз басшы болды.  1996 жылы Қазақстан соңғы қиындықты бастан кешірді. 1998 жылы экономикада аздаған ілгерілеушілік тіркелді. Әрі қарай өсіп-өркендеу басталды.

 – Біз еліміздің даму қарқыны жайлы айтқанда,  негізінен ел ішінде жүргізілген реформаларға көбірек басымдық береміз. Иә, реформалар қажет кезде жасалды және де пайдасы да аз болған жоқ. Солай бола тұрса да, капитализм дүниесінде  бұлар онша маңызды қызмет атқармайды емес пе?

– Өте дұрыс айтасыз. Бірінші кезекте  әріптестермен сыйластық, түсіністік деген басты талап тұрады. Сондай-ақ, ел ішіндегі саяси тұрақтылыққа баса мән беріледі. Осылардың басты қажеттілік екенін Елбасы  дер кезінде дөп басып, тани білді. Бұл күндері біз – ең тілектесі көп елдердің біріміз.  Демек, ішкі-сыртқы  саясаттағы дұрыс ұстаным өркендеуіміздің  қозғаушы күшіндей жұмыс істеп тұр деген сөз.  Қазір Қазақстан әлемнің 111 мемлекетімен сауда-саттық орнатқан. Бизнес ахуалы жөнінен 180 елдің арасында  50-ші орынды иеленген. Мұның бәрі Елбасымыздың стратегиялық жоспарларының ойдағыдай жүзеге асып  келе жатқанын көрсетеді.

Ал бар болғаны 15 жылдың ішінде 33 жылдық жоспарды орындау – тарихта болмаған секіріс.  Сол себепті мен  «Қазақстан-2030» бағдарламасын Президент жасаған «төртінші ғаламат» деймін. Ал «2050» Стратегиясын қазақ­стандық «жетінші ғаламатқа» теңеймін.  30 елдің сапында болу ұлттың толық сапалық жаңғыруына әкеледі. Мұны ғаламат демей не дерсің?!

Біз Көшбасшымыздың халқын шын мәніндегі бақытты болашаққа баста­ған айрықша тұлға екенін ескерсек,  Президент бейнеленген кәдесыйлық банкноттың шығарылуы Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейлі тойына арналған  ерекше сый болары анық.

Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5604