Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2291 0 пікір 20 Қараша, 2016 сағат 15:36

Шымкентті көркейтуде Анкараның тәжірибесі ұсынылды

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен облыс орталығы - Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыту мәселелеріне арналған семинар-кеңес болып өтті. Жиынға Түркия астанасы - Анкара қаласы мэрінің орынбасары Рамазан Кабасакал мен ОҚО басқарма басшылары мен олардың орынбасарлары, Шымкент қаласы әкімі Ғ.Әбдірахымов пен әкім орынбасарлары және бөлім басшылары қатысты.

Отырыста Шымкент шаһарының заман талабына сай көрікті болуы үшін әлемнің алдыңғы қатарлы қалаларымен тәжірибе алмасу маңызды екендігіне тоқталған өңір басшысы Шымкентке арнайы сапармен келген Р.Кабасакалды осы семинарға өз тәжірибесімен бөлісу үшін арнайы шақырыпты.

Ұзақ жылдар Анкараның мэриясында қызмет атқарған тәжірибесі мол қонақ Түркия астанасының кемелденген кезеңі жөнінде семинарға қатысушылар алдында баяндама жасады. Төрт мың жылдық тарихы бар Анадолы елінің астанасы соңғы ширек ғасырда әлемдегі дамуы ерекше қарқын алған қалалар қатарында. Анкараның  1923 жылы 5 мыңнан астам ғана тұрғыны болса  қазіргі таңда, ондағы халық саны 5,5 млн.ға жеткені тектен-тек емес. Семинарда Анкара муниципалитет мэрінің орынбасары аталған қаланы әлемнің озық шаһарларының қатарына қосудағы тарихын баяндады.

Ертеректе бейберекет, жоспарсыз салынған үйлерді тұрғындармен келісім жүргізе отырып, орнына көпқабатты тұрғынүйлер тұрғызу жобасының қалай жүзеге асқанын арнайы сызба кестелері арқылы түсіндірген Р.Кабасакал жобаның шығынсыз әрі барлық жағынан тиімді болғанын жеткізді. Мәселен иелігінде 330 шаршы метр жері бар жанұяға сол аумақта салынған көпқабатты зәулім үйден жер телімі есебінен 80 шаршы метр пәтер берілген. Осы тәртіп бойынша 416 шаршы метр жері барларға 100 шаршы метр, ал, 500 шаршы метр жері барларға 120 шаршы метр пәтерлер үлестірілген. Пәтерінің көлемін кеңейткісі келетіндерден қосымша қаржы талап етілген. Көпқабатты тұрғын үй айналасын абаттандыру, жол салу, яғни бүкіл инфрақұрылымдық жұмыстардың барлығын муниципалитет өз мойнына алған.

Ал сайлы аймақтарда орналасқан аудандарда жасанды көлшіктер салынып, көгалдандыру арқылы заманауи саябақтарға айнадыру жүйесі де өзінің оң жемісін берген. Туристердің молынан келіп, көрікті қаланы еркін аралауы үшін айналма жолдар жасалып, көлік кептелісі көп орын алатын аудандарда жолдар кеңейтіліп, көпірлер салу жүйесі де оңтайлы  жүзеге асырылған. Мәселен, қаладағы салынуы тиіс үш деңгейлі үлкен көпір 35 күн ішінде пайдалануға беріліпті. Жұмыстың жүйелі әрі тез жүргізілуі қала халқының қызығушылығын тудырып, ескі үйлерінің жылдам сүрілуіне тұрғындардың өзі белсене атсалысқан. Осы жүйемен қаладағы 55 аудан жаңартылған. Автобустар жүйелендіріліп, алты бағытты қамтитын метро салынған. Әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған 184 жоба жүзеге асқан.

Қазіргі таңда Анкарада аумағы 210 га болатын 1027 ғимараттан тұратын әлемдегі ең үлкен соңғы үлгідегі диснейленд салынып жатыр. Бұл да өз кезегінде туристердің артуына өз септігін тигізері сөзсіз деген қала мэрінің орынбасары, Анкара жылына 10-12 млн. турист қабылдауға мүмкіндігі бар шаһар екенін алға тартты.

Осылайша, Анкара мен Шымкенттің бауырлас қалалар болғандықтан бір-бірімен тәжірибе алмасуы керек деген Р.Кабасақал Шымкент қаласының экономикалық және әлеуметтік саласының дамуына барынша көмек қолын созуға дайындығын мәлімдеді.

Жиын барысында қос қаланың қарым-қатынасын күшейте отырып, Анкараның даму жоспарын оңтүстікке де пайдалану керектігіне тоқталған облыс әкімі арнайы делегация құрамын жасақтап, тәжірибе алмасу сапарын ұйымдастыру қажеттігін айтты.

Шымкент қаласын дамытудағы осынау ұсыныстарды оңды қабылдаған қала әкімі Ғ.Әбдірахымов тиісті ұсыныстар негізінде бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.   

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5602