МАҒАН ҚАРСЫ "ДЕЛІҚҰЛЫЛАРҒА" ТҮКІРГЕНІМ БАР
Өткен аптада «Abai.kz» сайтында «Ұлтымызға жаны қас Соловьев қазаққа не үйретпек?» атты мақала жарияланды.
Бұл тақырып әлеуметтік желі мен бірпысыпа ақпараттық басылымдардың назарына ілініп, қызу талқы болды. Байқап қарасақ, желідегі жарыс сөз жалғасып жатқан секілді.
Тіпті, «informburo.kz» сайтына сұхбат берген Соловьев өзінің Қазақстанға сапары жайлы аз-кем баяндап беріп, жағымсыз пікір авторларын «деліқұлыға» теңеп тастапты.
Кремль пропогандасының "соловейі" туралы өткен жолы кеңірек жаздық. Дезинформатор, шовинист, діни пропогандист. Бұл кейбір «қазақстандық» аттай қалап, алдыртпақ болып отырған «сөзмер» Соловьевтің кәсиби биографиясы. Сөйткен Владимир Рудольфовичтің сұхбаты міне...
«Мына хейтерлердің (әлеуметтік желілерде өзін сынаған адамдарды айтады. - ред) барлығы дерлік – бар мен жоқтың арасындағы адамдар. Оларға уақыт шығындау дұрыс емес, оларға тек мүсіркеп қарау керек. Тағы бір нұсқасы – олар психологиялық дертке шалдыққандар. Оларға қандай да болмасын жолын тауып, көзге түсіп қалу керек. Миларын тарақан тесіп кеткендерге уақыт шығындағым келмейді», - депті Соловьев. Сөзбе-сөз орыс тілінен аудардық (Все эти хейтеры – это потерянные люди. Тратить своё время на ненависть – это плохо, этих людей остаётся только пожалеть. Это вариант психического заболевания, то есть им не важно, в какой форме, просто таким образом они пытаются быть заметными. Если человек не способен стать заметным никаким другим образом, то в таких случаях говорят "печалька". Мне глубоко до таких людей безразлично, я не трачу время на анализ тараканов в чужих головах).
Владимир Соловьевтің меңзеп отырғаны - оның, яғни, орыс телеэфирінің шолақбелсендісінің Қазақстанға келіп, шектен тыс бағада (54 мыңнан басталып 324 мыңға дейін жететін) билет сатып, семинар өткізуіне қатысты өз ойларын ашық ортаға салған Қазақстан Республикасының еркін ойлы азаматтары.
Ал Кремль шовинизмінің шынжырдағы «саяси star-ы» (саяси жұлдызы) ұлтымызды тілдегені аздай, азаматтарымызды алжыған, ақылынан ауысқан жындыға теңеді. Қазақстанның құзырлы органдары мұны бей-жай қалдырмауы тиіс! Әрі қарай Соловьев былай дейді.
«Ұйымдастырушылар бар. Олар шақырды. «Ойбай, Владимир Рудолфович, келіңіз!» деп хабарласты. Қазақстанда жазып отырған 100 адам – ол әр түрлі аккаунттармен жазып отырған 10 адам ғана. Сондықтан мен оларға бола алаңдамаймын», - дейді "тележұлдыз".
Бұл бұл ма, әрі қарай қазаққа сөз үйретпекке асыққан «саясаткер» сөзінен сүрініп, Қазақстан Президенті туралы былай дейді, анығында аңдамай айтып қалады.
«Қазақстан еркін ел. Әркімнің таңдау құқы бар. Ендеше неге бір топ басқа топтың таңдауына қарсы болып, кедергі келтіруі керек? Ал олар диктаторлық режимнің жақтаушылары болса ше? Ондай жағдайда олардың пікіріне түкіргенім бар. Жай ғана айтарым, ұнамаса келмесін. Босқа шу шығарудың не керегі бар?», - деп көсілген «көсемсөздің жүйрігі» Соловьевтің сөзінен не ұқтық?
Қазақстан Президентін құрметтейтінін ол өз сұхбатында айтады да, артыншы Мемлекет басшысын диктаторға теңейді. Бәрінен де, екі сөйлеген саясаткердің Қазақстан азаматтарының пікіріне түкіргенім бар дегені шектен шыққандық емес пе? Бұл әлгіндегі шовинизмдік сипаттың көрінісі екені анық.
«Егер кімде-кім шара кезінде бүлік шығарғысы келсе, мақұл! Қазақстанның полициясы не істеу керектігін біледі деп ойлаймын. Оның үстіне, Қазақстан Президентіне деген құрметім ерекше. Экс және қазіргі премьер-министрлеріңізге де дұрыс көзқарастамын. Мемлекеттің ішкі шаруасына килікпек емеспін, мені семинар өткізуге шақырды. Ораторлық шеберлік көрсетуімді өтінді» деп Мемлекет басшысымен жақсы қарым-қатынаста екенін білдіргісі келді ме, әлде сес көрсеткен түрі ме, әйтеуір сасқан үйрек артымен жүзедінің керін келтірді (Если кто-то хочет прийти и что-то устроить, то пожалуйста! Я думаю, что полиция Казахстана знает, как реагировать в таких случаях. Могу отметить, что у меня очень хорошее отношение к Президенту Казахстана, к экс- и действующему премьер-министрам вашей страны, к ним я отношусь с большим уважением. И я не собираюсь лезть во внутренние дела страны, меня попросили приехать и обучить людей, как вести переговоры, как овладеть ораторским мастерством).
Түйін. ҚР Ішкі істер министрлігі, Бас Прокуратура мен құзыргы органдар бұл істі басты назарға алуы керек. Себебі, Қазақ халқына тіл тигізіп, Мемлекетіміздің территориясына көз алартқан адамның Қазақстанға аяқ басуы ашық басынуы емес пе? Егер де ел ішінде "қазақтың бетіне түкірдім" деп отырған Соловьевке қарсы әлдеқандай жағдай бола қалса, оған кім жауап берер еді?.
Одан қала берді, азаматтарымызды «ақыл-есі кем» деп балағаттап, Елбасының саясатын диктаторлық жүйеге теңеген Кремль шовинизмінің шолақбелсендісін мұнша есіртпей, алда болатын жиынын тоқтатқан дұрыс па деп ойлаймыз!
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz