Сенбі, 20 Сәуір 2024
Осы ғой енді... 13614 0 пікір 10 Наурыз, 2017 сағат 02:45

ҰЛТЫМЫЗҒА ЖАНЫ ҚАС СОЛОВЬЕВ ҚАЗАҚҚА НЕ ҮЙРЕТПЕК?

Жақында Қазақстанға Ресейдің журналисті келеді екен.  "Россия-1" арнасының жүргізушісі Владимир Соловьев Алматы мен Астанада шешендігін көрсетіп, шеберлік сыныбын өткізбек көрінеді. 

"Семинар под громким названием "Жесткие переговоры, или искусство быть лидером!", по словам организаторов, позволит участникам проекта научиться "выигрывать в переговорах в любой обстановке с любыми оппонентами, "дожимать" сложных клиентов и партнеров" дегенді жазған орыс тілді ақпараттық сайттар сүйінші сұрап жатыр.

Сөйлегенде сөзден сүріндірем деп екпіндеп  келе жатқан Соловьевтің семинарына қатысудың құны 54 мың теңгеден басталады. Қалтасы қалыңдар 324 мың теңгеге билет ала алады.

Ұлыдержавалық шовинизмнің аттаншысы Соловьев Владимир Рудольфович орыс саясатының шолақбелсендісі екені әмбеге аян. 

Владимир Соловьев туралы айтқанда өткен жылғы Жер мәселесі жөніндегі жалпыхалықтық толқулар еске түседі. Орыс телеэфирінің төсектегі теоретигі "Россия" арнасында Қазақстандағы митингтер туралы талқы жасады. Сөйтіп Кремль саясаткері Евгений Сатановский "егер бұлай жалғасатын болса, Қазақстан Украинаның кебін киеді" деді. Соловьев жүргізетін бағдарламаның Қазақстандағы жер мәселесіне арналаған кезекті көрсетілімі 2016 жылдың 22 мамырында эфирге шықты.

(28-минуттан бастап Қазақстандағы жағдай талқыланады)

Айтпақшы, Владимир Соловьев - Қазақстанда діни насихатшы деп танылған тұлға. Гәп оның "Евангелие от Соловьева" және "Апокалипсис от Владимира" дейтін қос кітабында. 

Дантенің "Құдыретті комедиясы" немесе Гетенің "Фаусты" секілді Владимир Соловьев те аянбаған. Ол өзін ақырзаманнан құтқарушы әулие ретінде сипаттап, соңғы Пайғамбардың келетінін ескерту үшін теле шоу ашқан қаһарман образын сомдайды. Оның бағдарламасына РФ президенті Владимир Путиннен бастап, Рим папасына дейін болыпты. Сөйтіп адамзат баласына "ақ жолды" нұсқайды-мыс. Қысқашасы осы. Жазушы демекші, Соловьевтің тағы бір даулы кітабы - "Мы русские! С нами Бог!" деп аталады.

Міне, сөйткен Соловьев келе жатыр. Ол бірінші рет келе жатқан жоқ. Осыған дейін де семинар өткізіп кеткен. Елімізді тілдеп, шекарамызға шүйліккен Кремль шовинистері қашанғы қазаққа келіп қалталарын қампайтып кетпек? Жалқы сұрағымыз осы.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz



0 пікір