ӘШІМБАЕВ РЕСМИ МӘСКЕУГЕ "СЕС КӨРСЕТТІ"...
Бүгін Парламент Мәжілісіндегі үкіметтік сағатта Орталық Азияда жаңа өңірлік одақ құру мәселесі сөз болды. Ұсынысты Мәжілістің Халықаралық істер, қоғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты.
«Егемен Қазақстан» газетінің веб-сайты осылай деп жазды. Қазақстанның су жаңа одақта ОА елдерінің көшбасшысына әм ресми гуманитарлық көмек пунктіне айналуына үлкен мүмкіндік бар көрінеді.
«Сол себепті қазір Орталық Азия елдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін не істеу керектігін ойлау маңызды. Өңірдегі көптеген проблемалар өзара түсіністік арқылы шешілуі керек. Мәселен, трансшекаралық өзендердің ресурсын пайдалану, экологиялық мәселелердің шешілуі, өңірдің транзиттік-байланыс әлеуетін арттыру, терроризм және экстремизмге қарсы күрес мәселелері. Сол себепті өңірдегі ықпалдастықты арттырып, жаңа деңгейге көтеру керек», — деді депутат. Әшімбаевтың айтуынша, аймақта жаңа өңірлік одақ құруға да қажеттілік бар.
Одақ дегеннен шығады, Орталық Азиядан ЕАЭО-ға балама ретінде жаңа одақ құру мәселесін ілгеріде жаздық. Ол – Түркі елдерінің саяси-экономикалық одағын құру идеясы болатын. Еуразиялық одақтың шаңырағы шайқала бастағаны белгілі. Армения, Қырғызстан мен Белоруссия басшылары Кремль қожайынына қарсы тұра бастағаны сол еді, Владимир Путин сенімді «сменщигі» арқылы газ бағасын желеу етіп, одақтастарға осқырынды.
ОА дегенде әуелі – Түркі тілдес елдердің ортақ экономикалық коалициясын құруды ұмытпаған абзал. Егер Түркі мемлекеттері бірігіп экономикалық одақ құрса, Ресейге қарсы үлкен күшке айналар еді.
Мәселен аталған одаққа Қазақ елінен бастап Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан Әзірбайжан сынды 6 мемлекет мүше болса, өзінің позициясын батыл қорғай алады. Оның үстіне, соңғы кездері Өзбекстанның беті бері қарап, соның арқасында түрік мемлекеттерінің қарым-қатынасына қан жүгіре бастады.
Жақында Бакуде өткен түркітілдес елдердің экономикалық форумында Түркия экономика министрі Нихат Зейбекчи осы мәлесені көтерген болатын. Рас, бұған дейін де түркітілдес мемлекеттердің одағын құру жөнінде бірнеше рет мәселе қозғалған. Түркия президенті Тұрғыт Озал, одан кейін ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтерген еді. Алайда кейбір саяси мәселелер бөгет болды ма, одақ құру туралы ой орта жолда қалды.
Түркілердің бүгінгі саны – 200 миллионға жетіп жығылады. Экономикалық одақтың орны бөлек. «Бұл елдердің Ұлттық кірісінің жиынтығы – 1,2 триллион көлемінде. Өкінішке қарай, солай бола тұрса да, түркітілдес елдердің сыртқы сауда айналымының жиынтығы небәрі 600 миллиард доллардың көлемінде қалуда. Ол үшін міндетті түрде экономикалық одақ қажет» дейді Нихат Зейбекчи.
Бастама жақсы.
Еуразиялық экономикалық одақтың алдында алған «жауапкершілік» түркі тілді елдер интеграциясына тосқауыл болуы әбден мүмкін-ақ. Десе де, Армения мен Қырғызстан тандемінен кейін Белоруссия орыспен одақтың тиімсіздігін айтып, одақтан шығуға қамданып отыр. Әуелгі үштіктің ішінде антына адал Қазақстан ғана. Қазақстан ғана одақ аясындағы олқылықтар туралы «ләм-мим» демей келеді.
Алайда өткен аптада Бішкекте болған жиында Үкімет басшысы Бақытжан Әбдірұлы саяси-дипломатиялық жолмен Белоруссия бастамасын қолдайтынын аңғартты. Осының алдында қызметінен босатылған СІМ-нің бұрынғы министрі Ерлан Ыдырысов Қырымға инвестиция салуға болмайтынын, «оның не Ресейге, не Украинаға тиесілі екені әлі анықталмағанын айтқан» болатын. Бұл да Астананың Кремль саясатына байланысты көрсетіп жатқан аз-кем қыры болса керек. Енді бүгін депутат Мәулен Әшімбаев ойын ортаға салып, бастама көтеріпті. Бұл туралы депутаттың әріптестері не айтар екен деп, депутаттарға хабарластық.
Көптен бері көзге түспей жүрген парламенттің ең қарт депутаты Владислав ақсақал Косарьевтің көмекшісі сексендегі депутаттың денсаулығы сыр бергенін айтты. «Владислав Борисович қазір ауруханада жатыр. Бір ай болды. Ол кісі бұл туралы естімеген де болуы керек» деді ол.
Мәжілісмен Амангелді Айдарұлы телефон тұтқасын өзі алды. «Бауырым, мен ол кісінің баяндамасын тыңдадым. Бірақ ондай одақ құру туралы ештеңе айтылған жоқ қой. Сондықтан мен қандай комментарий айта аламын» деді.
Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл мырзаға хабарласқан едік, ол кісі кейінірек хабарласатынын айтты. «Мен қазір больницадамын. Кеше ғана шыққан едім. Кейінірек өзім хабарласайын, жақсы ма?!».
Қысқасы, мәжілісмендерден Мәулен Әшімбаев көтерген мәселеге орай мәнді жауап ала алмадық.
Есесіне саясаткер Дос Көшім мырза түркітілдес елдердің ортақ одағын құру туралы ойын ортаға салды.
«Бұл құптарлық мәселе. Себебі осыған дейін Орта Азия немесе Түркітілдес елдер арасындағы қарым-қатынаста рухани, мәдени байланыс бірінші орынға қойылатын. Ал енді экономкиалық, экологиялық, су резерві секілді мәселелерді өз арамызда шешетін болсақ, бұл нұр үстіне нұр болады. Мысалы, су мәселесіне келгенде Ресейдің позициясынан бір мемлекетті қолдап, бір мемлекетке қарсы қою сияқты жымысқы саясатын көреміз. Ол жасырын емес. Сондықтан ондай ішкі мәселелерді өзімізбен бір бағыттағы ОА елдерінің сол саладағы мамандарымен ақылдаса отырып шешкенді құп көремін. Және бұл ЕАЭО-ға қарсы жасалып жатқан дүние, асығыс бастама деп есептемеймін. Бұл ЕАЭО-ға қосымша ұйым болуы әбден мүмкін. Ең біріншіден, бұл одақ табиғи қажеттіліктен туындап отыр», - дейді Дос Көшім мырза.
Түйін
Мәулен Әшімбаев секілді салмақты саяси тұлғаның аузымен ОА одағын құру идеясын біздің билік не үшін айтқызып отыр. Бұл ресми Мәскеуге біздікілердің көрсеткен сесі ме? Ел ішін елең еткізген жайтты "Егеменнің" іліп әкеткеніне қарағанда - жел тұрды... Артының қайырын бергей!
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz