Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 7801 1 пікір 13 Наурыз, 2017 сағат 06:12

ЕРМЕК НҰҒЫМАНОВ ЕЛБАСЫНЫҢ ЗАҢЫНА ҚАРСЫ МА?

Осыдан біраз бұрын «Аbai.kz» сайтында Қайнар Кемелбекұлының «ҚАДЫРАЛИНАНЫҢ ПРЕЗИДЕНТ ҚОЛ ҚОЙҒАН ЗАҢДЫ БҰРМАЛАУҒА ХАҚЫСЫ БАР МА, МЫРЗАХМЕТОВ МЫРЗА?!» (http://abai.kz/post/view?id=12850 ) деген мақаласымен бірге  Ақмола облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Алмагүл Қадыралина ханымның жер сұраған оралман ағайындарға берген жауап хатының көшірмесі қоса жарияланған болатын.

Енді сол Қадыралинаның хатының "аузынан түскендей" айнымайтын хат, Ақмола облысы Ерейментау ауданының әкімі Е. Нұғымановтың қолы қойылып, аталған ауданның Олжабай Батыр ауылына көшіп келіп, шаруашылық құру үшін жер телімдерін сұраған «Оралман» мәртебесі бар қандастарымыз Өнербек Сейілқан мен Бақыт Алпыстың да қолына тиіпті.

Қадыралина мен Нұғымановтың хатына қарап отырып, Ақмола облысы жер сұраған оралмандарға жауап ретінде беретін хатты стандарттап қойған ба деген ойға қаласың. Екеуі де Жер кодексінің 46-бабындағы Оралмандарға жер учаскелерiн беру туралы нормалардан ат тондарын ала қашып, оралмандарға қатысы жоқ басқа бір заң баптарымен орағытып келіп, «... сотқа шағымдануыңызға құқығыңыз бар» деп түйіпті. Бұлардың заң жағынан сауаттылық деңгейлері сол ма, жоқ оралмандарға жер бергісі келмей ме, әлде Президенттің көші-қон саясатын атқару ниеті жоқ па, - түсініксіз. Қарап отырып, қарның ашады...

Тағы бір мәрте қайталап айтайын, Жер кодекісінің 46-бабында Оралмандарға жер учаскелерiн беру туралы бақандай 4 тармақ бар. 4-тармағында «Оралмандарға берiлетiн жер учаскелерiне осы Кодекстiң 48-бабының нормалары қолданылмайды»-деп тайға басқан таңбадай ашық жазылған. Демек, «Оралман» мәртебесі бар қандастарымыз Жер телімдерінің пайдалану құқығына конкурссыз, аукционсыз, тегін ие бола алады.

Бұл – ЗАҢ!

Елбасының ҚОЛЫ қойылған!!

Ешкімнің БҰРМАЛАУҒА хақысы жоқ!!!

Сосын екі жауап хатта да Басқарма төрайымы мен әкім «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 6 мамырдағы №248 Жарлығын» сылтауратыпты.

Ал, енді Елбасы Жарлығын оқып көрейік:

1. 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін мыналарға:

1) "Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының нормаларын қолдануға;

2) шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығын беруге;

3) жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік меншіктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiне жеке меншік құқығын беруге мораторий жариялансын.

 Айтыңызшы, мұның қай жерінде «Оралман» деген сөз тұр?!!

Мораторий Жер кодексінің даулы баптарына ғана жарияланған.

Қазір көштің қарқыны үдеп келеді. 2016 жылы 16 мың 417 отбасы немесе 33 мың 754 этникалық қазақ тарихи Отанына қайта оралып, оралман мәртебесін алды, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі. 2015 жылғымен салыстырғанда жеті есе көп. Биыл бұдан да мол оралуы мүмкін.

Сол үшін, биыл келген оралман ағайынның  Жерге қатысты мәселесін биыл шешу керек. Келесі жылға қалдырмаған жөн!

Мен Ерейментау ауданында бос жер жоқ дегенге сенбеймін, бар. Оралман отбасы сізден әлдекімдер сияқты 80 мың гектар жер сұрап отырған жоқ, 80 гектар көлемінде берілсе де қанағат тұтады. Ал, шынымен ауданда бос жер жоқ болса, жоқтығын айтып, құлақтандыру шығарыңыз. Ендігі көшіп келушілер басқа аудандарға барып қоныстансын! Сізге сеніп, жерсіз қалмасын!

Менің айтарым, жасы алпысқа келген ақсақал әкім Ермек Нұғыманов сылдыр сөзді, қоян бұлтақты қойып, заңгерлерін шақырып, Жер кодекісінің 46-бабын және «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 23-бабын дұрыстап оқысын! Оралман қандастарының басын қатырмай, уақытын алмай, Заң аясында шаруашылық құратын Жер телімдерінің пайдалану құқығын берсін! Сөйтіп, республикадағы өзімен әріптес жас әкімдерге үлгі, өнеге көрсетсін!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5420