ДИДАР АМАНТАЙ. ТҰНЫҚ СӘУЛЕ
Оқырман қауымға уәде еткеніміздей, біз бүгін жазушы Дидар Амантайдың "Тұнық сәуле" ктабынан Беташар тарау мен Алғашқы таруды тұтастай беріп отырмыз. Алдағы апталардың әр сейсенбісінде де кітаптан үзінділер тұрақты түрде жарияланатынын естеріңізге саламыз.
БЕТАШАР ТАРАУ
Заман өзгереді, жақсылық қалады. Өзіңе жасаған еңбегің өзіңмен кетеді немесе ұрпағыңа жарайды, елдің мехнатын тартқан, бейнетін кешкен перзент халық қанша өмір сүрсе, сонша уақыт ұлт жадында сақталады, мәңгілік ел есінде деген осы.
Ұлтқа қызмет – ұлы қызмет. Бұл қызметтен асқан бақыт жоқ. Асудың үлкені, құздың тереңі, қашықтың қолжетпейтіндей мұраты.
Әсілі, уақыт өтеді. Рас, жыл санап, уақыт сынаптай сырғып өткен сайын керегелі әулет қанат жайып, өсіп-өнген қалың үрім-бұтақ киіз туырлықты атажұрттың орнын жайлап, елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан мерзімде ұрпақ алмасады.
Бірақ, ұлы көш мәңгілік тоқтамайды.
Сағаттың тіліне ерген уақыт керуені де дәуірден дәуірге кідірмей көшеді.
Мезгілдер ауысады, жылдың артын жыл басады. Жаңа маусымда, беймаза тіршілік, тынымсыз ізденісте жүрген сергек адамзат алға қарай тағы бір қадам жасайды, ақыл-ойды билеп-төстеп тұрған сұңғыла ой-пікір, адал бәсекеде үстем шыққан сұңғат көзқарас ілкі нұсқадан озып, әділ күресте шыныққан ұғым-түсінік сол талас-тартыста тапқан тәжірибесі мен байып, толыса түседі, ілгері ұмтылған таным қоғамдық сананы жаңғыртып, қауым алдына жаңа мақсаттар қояды, өз кезегінде – жарқын мұраттар жаңа құндылықтарды қалыптастырады.
Өзгермейтін – тағдыр-талайымызды айқындайтын, пешенемізге бұйырған, несібемізге тиесілі дүние ғана. Алайда, бұзылмайтын қағида жоқ тәрізді көрінсе де, бұл жалғанда ырыстан басқаның бәрі салыстырмалы екені тағы анық.
Ырыс көрген ризығымыз – ізгілік, кісілік, жауапкершілік. Құндылықтар (ценности) өлшемі, ар-ұят (мораль) түсінігі замандар ауысқан да, әлдебір өзгеріске ұшырауы мүмкін, алайда, жаратылыс дәуірінен бері салтанат құрмаққа талпынып келе жатқан адамгершілік (нравственность) ұғымы мәңгі-бақи сол асыл қалпында қалады. Сондықтан, ризығымыз – ізгілік, кісілік, жауапкершілік.
Әрине, ілгері талпынған әр адамға қашанда өзгеден гөрі қара басының қамы, жеке қалыптасқан дүниетанымы, маңдайына жазған тағдыр-талайы, машықтанған әдеті, үйренген дағдысы әлдеқайда қымбат әрі құнды.
Алайда, жалпы ұлттық маңызға ие айрықша баянымыз, тұлғалар сүрген қоғамдық-саяси, яғни анық халықтық өмір, мемлекет іргесін қалап, оны әлемге таныту жолында атқарылған қыруар еңбек, көрген бейнет, аса жауапты шешімдер қабылдауға қабілет-қарымы жеткен ерік-жігер – бір халық емес, барша адамзат қауымына қажет асыл тәжірибе екендігі шындық.
Кеше, елді ұшпаққа шығарамыз, бабын табамыз деген ізгі ойымызды жүзеге асырмақ мақсатта үлкен жоспар құрып, жоба дайындағанда, әуелі ата-бабамыздың жаугершілікте өткен қаһарлы қалың тарихына, жауапкершілікпен жазған қаһармандық шежіресіне үңілдік. Ер қыпшақтың жанкешті жорықтарына жүгіндік. Соңымызға ерген, сапарымызды қолдаған қарақұрым жұрт, қара орман халқымызға сендік. Мұрат жолында бізбен бірге атқа қонған, бізге қабат болашаққа аттанған жас ұрпаққа үміт арттық. Біз мемлекет құрдық. Енді ұлы құрылысымыздың мәңгі тұрғанын қалаймыз, себебі бұл халыққа жасалған, келешек буынға жолданған өсиет, ертеңіне тапсырылатын аманат, уақыт көшіне, несібе бұйырса, ілесіп жалғаса беретін – күмәнсіз тарихи игілік, бар еңбегіміз де, бар бейнетіміз де елге, жұртқа арналды.
Халық – көш. Ұрпақ – көштің жалғасы. Көштің озған тұсы.
Кітапты легі үзілмейтін керуен тартқан жұрт тың мәңгілік мұратына бағыттап жаздық. Асыл ұрпаққа, абыройы асып, беделі артып келе жат қан кең-байтақ ұлысқа қарата, Бұмын, Білге, Тоныкөк қағандар, Ер Күлтегін, Керей мен Жәнібек, Абылайдан бергі замандардан аңсаған арманымыз – қол жеткен тәуелсіздігіміздің арқасында, қазаққа әлемнің жарма есігін шал қасынан ашқан жас мемлекетіміздің арқасында – жаңа мұраттарына талпынған – жасампаз ұлтымызға арнап қалам тарттық.
Болашақты белгілеп, басымдылықтарды айқындау мақсатында, көрген-білген тәжірибеміз, халыққа жасаған қызметіміз, жиып-терген өнер-біліміміз жас талапқа үлгі-өнеге болсын деп, ел үшін ізденген қайраткер азаматқа бір септігі тисін деп, қала берді, қалың бұқара, аяулы халқымыз кешегісін, бүгінін, ертеңін анық танысын деп, осындай жазбаларға уақыт тауып, жазуға отырған едік.
Ілкіде, ақ пейіл, ізгі ниеттен туған жарқын мұрат қолжазбасы жұмыс барысында да сол ықыласынан, қамқор ойынан айныған жоқ, бәрі де ел игілігіне, ұлт, тіпті, адамзат керегіне жараса, бір жұрт өзіне қажет ой-тұжырым аңғарса, екінші жұрт қоғамына пайдалы ақыл көрсе, әлдекім оқып біткен соң өзінде, өмірін де өзгертуге талпынса, басқа біреу таныған ойдан тығырықтан шығарар жол тапса, деген тілекпен жазылды.
Әрине, тілектің қабыл болғанын қалаймыз. Десек те, бұл кітапты қолға алған аяулы оқырман бастан-аяқ түгел оқып шықсын деген шарт жоқ. Кітапты кез келген жерінен бастап оқуға болады. Себебі, бұл кітапқа арнайы жазылған тараулармен қатар, әр жылдары қағазға түскен, біраз уақыт қордаланып жатып қалған ой-толғамдар да енді. Халық игілігіне жаратсын, деп ойладық. Сөйтіп, қосылған жазбалардың реті, тұрақталған кітаптың мазмұны қалыптасты.
Әуелі, кітап прологы – мұратымызды айқындаған жеке-дара беташар тараудан басталып, эпилогы – кітаптың оқшау жазылған, дербес байланған күрмеуімен аяқталды.
Кітап күрделене бастаған соң, құрылымы елге түсінікті, мазмұны жұртқа аян болсын деп шағын тарауларға бөлдік: қазақ болмысы, дүниетаным, руханият және мәдениет, адамгершілік мектебі, түйіндемесі – мәңгілік ел. Содан кейін әр тарау өз алдына тағы бірнеше тараушаларға бөлінді. Кітап зейінді, салиқалы және өрелі қалың оқырман игілігіне айналады деген үмітіміз бар. Әсілінде, бабадан мұра, атадан мирас ең асыл зат, құнды дүние кітап, кітап сөзі деп білеміз. Халқымыз қастерлеген, еліміз төбесіне тұтқан шешендік өнер салты пікірімізге күмән сейілтер жақсы айғақ бола алады. Сан жылдар бойы қорытып, көкірегімізге тоқыған, санамызға түйіп, ел-жұртымызға сақтаған қымбат дүниемізді, екеуара тілдесуге шақырған, сұқбаттастық сипат алған ой-толғамдарымызды назарларыңызға ақті лекпен ұсынамын.
Ықыласпен оқылық, туған халқым! Тілеуқор қазақ оқырмандары!
Ниетіміз ізгі болсын, аяулы әлем халқы!
I. ҚАЗАҚ БОЛМЫСЫ
Біріңді, қазақ, бірің дос,
Көрмесең істің бәрі бос.
АБАЙ
1. АЛАШ ЕЛІ
Тегінде, халық – ұлы дария.
Көне ғасырлардан жаңа ғасырларға ауысып, көбік шашқан жас толқындар қопарыла көшіп келе жатқан ілгерідегі жал-жал алып толқындарға ілесіп, жалғасып, жағаласып, ұласып, сілемденіп бара жатқан арналар басқа кең арналарға құйылып, сай-салаға тармақталған өзен-көлдерге – атырау жарып ағып жеткен сайын – қайнарынан алыстап, жолай жиналған мол суы, түптің түбінде, үлкен теңізге немесе шексіз мұхитқа қосылып – жоғалып та, жойылып та жатады.
Бірақ, табанынан ажырамай, топырақтан толып, тік құлама жағасына байланып, Тәңірі та лайына жазған несібесі артық, бағы таймаған, ырысы ортаймаған, мәңгі жаңарып, мәңгі өмір сүретін қоғалы көлдер, қом сулар да болады.
Жарықтық піл сауырлы қара Жер секілді еш қашан жойылмайтын, ешқашан жоғалмайтын мәңгілік құбылыстар.
Иә, жаратылыстың өз уақыты бар. Уақыт – мәңгіліктің азығы. Мәңгілік, негізінде, бүкіл зат, яғни, әр нәрсенің уақытын жеп (жұтып) өмір сүреді.
Немқұрайды қарап, міз бақпай тұрған алапат ғарыш, түпсіз шыңырауға ұқсаған шексіз дүние бір орыннан тапжылмайтын, сипатынан құбылмайтын, бағыт-бағдарынан айнымайтын, тұрақтанған байтақ әлем сияқты көрініп, адам көңілінде жалған әсер қалдырады, алайда, ел-жұрттың гүлденуі мен күйреуі, қоғамның дамуы, ұлы уақиғалар, күрделі жайттар түрлі мерзімде, сан қилы қозғалып, өзгеріп жатқан кеңістік құшағында немесе аясында өтеді. Яғни, көпті көрген Мәңгілік қарт – бала уақыттың кезек көтерілетін сахнасы. Әдетте, сахнаға уақыттың даму логикасын көрсететін сабақтас тарихтар ғана шығады. Сахнаға шыққан уақыт қана тарихқа айналады. Көшеде жүрген тарих, әрі кетсе – көрермен, оны ешкім сахнаға жібермейді.
Біз таныған адамзат тарихы – Еуропа тарихы. Шеккен азабы, тартқан тауқыметі асқан, бейсауат көше кезген, жігерсіз тарих өркениет қақпасын жұлқып тартып, серпіп ашып, кіріп баруға қайраты жетпей, үнсіз жасып, сырт жағалап жүреді. Табалдырықтан аттап, төрге озбаған күйі – босағада қалады. Көше аралап, түз жортқанға уақыт төрінен орын тимейді.
Сондықтан, далада қалмас үшін әлемдік тарихтың жетегінде кетпей, дүниежүзілік дамуда жетекші рөл атқарған жөн.
Ойымызды түйіндесек, иә, жаратылыстың өз уақыты бар, ол – тарих. Немесе Жаратқанда уақыт жоқ. Мүмкін, уақыт көп.
Сырт көзден жасырын тұратын мәңгіліктің белгілері – мыңжылдықтар үзілмей жалғасып келе жатқан, ұмытылған немесе ұмытылмайтын тарихи кезеңдердің қайталанып отыратын – заңдылықтарынан көрінеді.
Адамзат шежіресіне енген жұртта, сонымен қатар, тарихы таңбаланбаған, атауы тасқа басылмаған елде – есеп жоқ. Жойылған нәсілдер, жойылмаған ұлыстар көп... Жадта – жатталғаны да, есте сақталғаны да, ойда қалмағаны да – бар.
Тұрлаусыз алмағайып дүниеден қандай береке табамыз, баянсыз алма-кезек өмірдің байлауы не?
Бірге дария кешті, от басты. Түн қатып – шөл кезді. Қайғыда да, қуанышта да қатар жүрді. Қоса мехнат шегіп, қабат бейнет көрді. Бірақ, бірі – Жер бетінен біржола жоғалды, бірі – қонған жеріне түбегейлі орнықты.
Неге?
Мәңгіліктің шарты қандай? Елдің мәңгі жасауына не кепіл?
Жаугершілікте, алашапқын замандарда, бабаларымыздың сүйінгені, тегінде, кім болды,
сүйенгені қандай құдіретті күш? Күрес әніне, жорық жырына қосып шырқаған жарқын мұраты қандай еді.
Тар есік, тар босағадан өтіп, тар жерден майдан ашып, ат үстінде – ат жалы, атан қомында, аумалы-төкпелі замандар кешті. Айнымалы уақыт, ауыспалы дәуірде – мамыражай сәт, бейбіт шақ – ауған түндей қысқа еді.
Сонау есте жоқ ескі дәуірлерден бастап көк түріктің жаужүрек қағандары азат сақара, елдік мұрат жолында бейнет кешіп, аяусыз күрес жүргізді.
Азат сақара – кейінгі замандарда да қыпшақ түрік, орда қазақтың жауһар ойы, асыл арманы болды.
Жалқы мұрат – жарқын мұрат еді.
Кезінде ата-бабаларымыз: Түркі перзенті мәңгілік ғұмыр кешсін, деп тауға барып тас тіліп, таудай тастарға терең таңбалар салған екен. Таңбалар терең бедерленіп, анық ойылып жазылған.
Расында, терең ойылған көне қаріптер – терең жазылған ойлар. Тереңдіктің арқасында, жазу да, ой да сақталды.
Терең нәрсе – мәңгіліктің бір белгісі.
Көк түріктер – терең халық еді. Бір жағынан, танық жұрт, екінші жағынан, қанық жұрт.
Сойы да, ойы да терең.
Сой – тегі, сүйек шежіресі.
Тереңдеген сайын адам баласы биіктей түседі, саяздаған сайын – аласа тартады.
Бұл таңғажайып жазулар қайталап оқығанда, неге екені белгісіз, жанымды жадыратып, көңілімді толқытады, бойыма күш-қуат береді.
Кеше, қаріп сауатын ашқан жұртты адастырмай мұратына жеткізген, бүгін, мән-мағынасына үңілген елді әурелеп жолынан адастыр ған – жұмбақ тастар, құпия жазбалар.
Баяғының халқы жақсы таныған, қазіргінің елі оқи алмайтын мәтіндер.
Тарихи уақиғалардың жылнамаларда баяндалатын желісінен басқа, аңыз-әфсаналарда, эпостық жырларда бейнеленген тағы да бір мәтіні бар.
Тегінде, тарихи деректер – тарихи уақиғалардың ұшқыны ғана. Аңыз-әфсаналарда, эпостық жырларда келтірілген жайттар іздеушіге кейде сол ресми танылған деректерге қарағанда, ақпаратты молырақ, мағлұматты көбірек береді.
Мұқият оқыған адам Күлтегін жазуында да екі мәтін бар екендігін аңғарады. Бірі – ежелгі түркі жазба ескерткішінде таңбаланған графикалық жазбалар. Екіншісі – қос бағана тастың – өзінен, жазудың таңбасынан оқылатын, Қарабаласаған қаласының қираған жұртынан – солтүстікке қарай қырық шақырым жерге, Орхон өзені бойындағы сегізінші ғасырлық Эрдени Цзу ғибадатханасының жанына орнатылған – қастерлі орнынан көрінетін, түркі тілдес елдерден басқа халық оқи алмайтын тағы бір мәтін, ол жәдігер ескерткіштерден туындайтын – асқақ рух жазбасы.
Рух жазбасы – Күлтегін жыры да, бағана тас ескерткіштері де, сақталған руналық түркі қаріптері де, оны біздің түсінуіміз де, қос жазудың түркі жұртына деген әсері де.
Ескерткіштің биіктігі – үш бүтін он бес ондық құлаш, ені – бір бүтін отыз төрт құлаш, қалыңдығы нөл бүтін қырық бір құлаш екендігі де – күні ертең аңызға, қасиетті ақпаратқа айналып, ел арасына тарайды. Біз қадірлеген тас бағана алыстан қалқиып бес бұрышты қалқан тәрізді қарауытады. Қазақта тасқа белгі түсіру әлі күнге шейін жалғасып келеді.
Бірақ, мына қалқайып көзге түсетін қос белгі тас бедері оймалап қашалып, өкпе тұстары, қаптал жақтары оймышталып әшекейлі жасалған. Тұстық қырларындағы айдаһардың сесті, қаһарлы суреттері мен ызғар шашқан қаған таңбалары ілкі дәуірдегі көк түріктердің алапат айбынын білдіреді.
Сақара санасының символдық образы – алып айдаһар мен асыл қаған таңбалары – айбынынан ай жасырынғандай айбатты, сол алапатты бізге нақ жеткізіп тұрғандай, әр сурет аса сұсты, өте зілді бейнеленген, бабаларымыздың қаһарман дығынан, елжандылығынан хабар береді.
Талай ғасырлар талайы өшіп, маңдайына жазған бақ енді жанған Күлтегін ескерткіші ту ралы адамзат ұрпағы ұзақ уақыт, неге екені бел гісіз, үндемей келді. Бірақ, бұл белгілі де жайт еді. Десек те, тек он тоғызыншы ғасырда ғана, батыс зерттеушілері өз еңбектерінде бұл таң балар туралы жаза бастады.
Түркітанушы мамандар көпке дейін жырдың інжу-маржанын оқи алмай қиналған еді.
Кейбір сәуегейлер тастағы жұмбақ жазулар ды, тіпті, моңғол немесе қалмақ-ойрат жазулары деген тұжырымдар да айтты.
Мың сегіз жүз тоқсан үшінші жылдың жиырма бесінші қарашасы – түркі жазуының бағы жанып, маңдайы жарқыраған күн.
Дания Ғылым академиясының алқалы мәжілісінде Вильгельм Томсен Орхон жазуларын оқудың кілтін тапқандығын паш етті.
Сірә, тұлғасы сұңғатты әрі жан дүниесі сымбатты, түркі әлеміне аса бір аяулы перзент, сәл сабыр етіп тоқтап, аялдап тұрып, жүзі қуаныштан нұрланып, тосын, жұмбақ шешілді, құпия ашылды деген шығар жиналған қара құрым жұртқа аса бір асқақ та салтанатты үнмен, жер-жаһанды дүр сілкіндіріп!
Сосын, мүмкін, данышпан жырлардың көне түркі тілінде жазылғандығын, алдымен оқыған сөздері ғалымның ішкі жан дүниесін төңкеріп, қопарып кеткенін, тебіренткен, толқытқан асыл сөйлемдер ұлы ұғым-түсініктер болғанын айт ты ма екен.
Рас, әуелгі тасқа түскен, мәңгіге таңбаланған сөздің әрбір қаріптік таңбасын мұқият аршып, түрлі мүмкін деген нұсқада болжаммен топшы лап оқып отырған Томсен мырза кенет "Тәңірі" деген сөз құралып шыққанда, сұмдық бір күй кешкен шығар.
Бұл жайтта – аса бір ғажап символдық мән бар сияқты: көк түріктер табынған ұлы Тәңір ақырында, адасқан тайпалы елін соңынан ертіп жүріп, түптің түбінде аңсаған Жерұйығын тапқан әулие пайғамбарлардай, бір күні түркі халқын қараңғыдан жарыққа алып шықты. Сондықтан, аршып алған екінші сөз "Түрік" деген сөз болды.
Содан кейін, түркі жұртының асыл жанашыры В.В. Радлов қолындағы мәтінді толық тәржімалады.
Әлемге – құлпытастарға қашалған жазулар – көк түріктер елі батыр таныған Күлтегін баһа дүрдің халқына жасаған еңбегі, жер қорыған қызметі туралы қаhармандық дастан екендігі жар болды.
Зират басына тұрғызылған қос ескерткіштің бірі "Кіші жазу", екіншісі "Үлкен жазу" деп аталды.
Пар ат жеккендей қатар қойылған егіз тастың екеуі де көшпелі көк түріктер елінің алғадай шерік көсемі – сайыпқыран Күлтегіннің жау жүрек жорықтарын мадақтаған, асыл жырына қосқан қаhарлы да қаһарман дастандары деуімізге болады.
Зады, "Кіші жазу" жырында, сегізінші ғасырдың ұлы перзенті, дүлдүл ақын Иоллығ тегіннің "Күлтегін" атты әскери қолбасшы туралы тарихи дастанында, әрқайсысы өз алдына дербес әрі сюжеттік тұрғыдан бір-бірімен сабақтас – сегіз топтамадан тұратын уақиғалар баяндалады.
Әрбір топтама – кейіптелген жекелеген хи каялар жағынан – оқшау, жалпы мазмұн тұрғы сынан – тақырыптас әрі біртұтас.
Беташар топтамада ер қаған туған халқына үндеу шашады.
Екіншісінде Түрік қағандығы қайырлы құт ты қоныс, шексіз шұрайлы өріс, шет-қиырсыз бетпақ даланы, түгін тартсаң майы шығатын құйқалы, жазиралы өңірді мекендеп отырғаны сөз болады. Сосын, көк түріктердің әскери жорықтарына көшеді.
Төртінші жинақта қоңсы отырған табғаш халқының аяр істері, опасыз сойы, жасаған қас тандықтары айтылады.
Бесіншісінде түркілерге табғаштардан – сақ, күмәнді қарым-қатынастан – абай бол, то сын ажалдан байқау қажет шығар, деп ескерту жасайды.
Алтыншысында түркі халқының қамсыз, қаракетсіз екендігі әңгіме ауанына айналады.
Жетіншісінде түркі халқының абыройын асырған Білге қаған жөнінде мадақ келтіріледі.
Сегізінші топтама ілкіде жүрген жайттарға оралып, шығарманы асқан пафоспен аяқтайды.
"Күлтегін” жырының "Үлкен жазуы” – көлемі жағынан төрт жүз жиырма сегіз өлең жолы нан тұрады.
Құлпытастағы руналық жазу бойынша есеп тегенде – елу үш қатар. Бұл жыр дербес алты хикаядан, яғни алты оқиғадан құрастырылған.
Бірінші хикаяда – түркі халқының ұлы ата-бабалары туралы сыр шертіледі, екінші хикая – табғаштардың түркі халқына шапқыншылығы жайлы әңгіме қозғайды.
Үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы хикая
– Елтеріс қаған, Қапаған қаған, Білге қаған, Күлтегін батыр туралы сөз өрбітеді.
Үлкен "Күлтегін" жазуы – жердің, көктің жаратылысын баяндаудан, адам баласының дү ние есігін ашқанынан басталады.
Биікте – Көк тәңірі, төменде – қара Жер, еке уінің арасында – адам баласы жаралған, деп толғайды әулие көкірек данышпан шайыр.
Содан кейін, сайын дала, шексіз ел-жұртқа Білге қаған мен Күлтегін батырдың ата-бабалары билік жүргізгені сөз болады, түркінің басын қосып, қуатты елге айналдырған Бұмын қаған мен Істемі қағанға мадақ айтылады.
"Күлтегін" жырының жыршысы Түрік қағандығы бүкіл әлемді аузына қаратты, айбарлы да абыройлы дәуір кешті, деп зор мақтанышпен толғайды.
Сосын, Бұмын қаған мен Істемі қаған дүние салған соң, түркі еліне жетесіз қағандар билік жүргізгеніне, пәтуасыз бектер мен өресіз әміршілер жарлық шашқанына күйініп, жүрегін өрт шалады, көкірегі шерге толады. "Соңындағы інісі ағасындай болмады, Ұлдары әкесіндей болмады. Біліксіз қағандар отырған екен, Жалтақ қағандар отырған екен", – дейді ақын.
Табғаш елінің қулығына еріп, жетегіне көн ген Түрік қағандығының бос белбеу, тұрлаусыз бектері өзара жанжалдасып, ел тұтастығына зиянын тигізеді.
Елден құт қашты. Сақараны берекесіздік жайлады, түз далаға нәубет келді. Қырда алауыздық туды. Түрік қағандығы қауіпті уақыт кешеді.
Есі кірген халықтың есіне алтын уақыты түседі, түркі халқы кеше ата-баба дәстүріне адал, сертіне берік заманда бостан, еркін өмір сүргеніне тоқталып, соңыра даңғыл жолдан тайып, адасқан сәттерінде, бек ұлдары – құл болды, пәк қыздары – күң болды, деп күңіренеді.
Сосын, Күлтегін батыр қол жиып, туған жерін жаудан азат етуге суыт аттанады, қиын-қыстау күн туғанда, елін қорғау үшін атқа мінген сайыпқыран ерге, дала көкжалындай жаужүрек тарханға ырза шежіреші бұл жайт тарды шынайы махаббатпен бейнелейді.
Күлтегін түркі елін шапқыншы жұрттан босатып, жауды тегіс қырып, елде бейбіт мамыражай заман орнайды.
"Бастыны – еңкейтті, Тізеліні – бүктірді".
"Жалаңаш халықты тоңды
Кедей халықты бай қылдым
Аз халықты көп қылдым
Тату елге жақсылық қылдым
Төрт бұрыштағы халықты
Бәрін бейіт қылдым
Тату қылдым"
Жыр соңында Күлтегін батырдың қазасы сипатталады.
"Бәрі маған бағынды
Ісін-күшін беріп
Осыншама ел жинап
Інім Күлтегін өзі қайтыс болды"
Қара ормандай қаптаған түркі халқының қабырғасы қайысып – қайғыдан қан жұтқаны кейіптеледі, қалың бұқара жоқтауын да, жерле уін де, қаралы салтанатын да асырғаны айты лады, жер мойны қашық дүниенің төрт бұры шынан ат арытып тегіс келген – бітімгер дел дал қауым, бекзат әулеттер, батыр тұлғалы бек задалар, ісмер өнерпаздар, ұсталар саны шексіз мол болғаны баяндалады.
"Күлтегін" жыры – ынтымақ-бірлікке ұйыған елдің қадіріне жеткен, тату жұрттың ырыс-береке, бақ-талай, бақыт-қуанышқа апаратын даңғыл жолын тапқан, туған жерге деген сүйіспеншіліктің асыл мұратын аса терең түсіне білген таңғажайып жыр.
Мәңгі ескірмейтін, сөзі көнермейтін дүние.
Қисса. Дастан.
" Күлтегін Азманағын мініп Шабуылға ұмтылды Алты ерін шанышты
Шабуылда жетінші ерін қылыштады".
Тереңнен тартылған мөлдір тарих, ұлттық эпостың қайталанбас бастауы.
Әсілі, ғасырлар қойнауында жатқан тарих біз алыстаған сайын асылдана түседі.
Кенішті қазған сайын құны артады. Терең алған кен – қашанда қымбат. Орхон-Енесай – тереңде жатқан тарих, сонысымен құнды.
Тереңге жеткен – жұмбақтың кілтін табады. Бастау – қашанда тереңде жатады. Терең ізде сең, бастауын табасың. Бастау – заттың мәні. Мән – рухтың мазмұны.
Рух – бастаудан туған құбылыс.
Сондықтан, бастау – өзек. Бар дүние өзектен – өніп шығады. Өнім – өзектің өмірін қайталайды. Өзектің жүріп өткен жолын – өзектің өзінен өсіп-өніп шыққан – өскін қайталап қайыра жүріп өтеді. Перзенттің ата-анадан айнымайтыны тәрізді. Осыған ұқсас, жекелеген әрбір адам бүкіл адамзаттың даму жолын ауытқымай сол қалпында қайталап шығады. Филогенез қысқа уақыт ішінде онтогенездің ұзақ жолын жүреді.
Елдің бастауы тереңде көмілген тарихында жатыр. Қабаттарын аршып, бастауын табамыз. Бастау – түйін. Бар нәрсе түйіннен өнеді, түйіннен өсіп шығады. Бар нәрсенің түйіні бар. Сөздің де, істің де, заттың да. Задында, дүниенің бастауы – Алапат Жарылыс. Большой Взрыв, дейді орыс қауымы. Ағылшындар Big Bang деп атайды. Бұл ұғым-түсінік барлық тілде бар. Әлем халқы, алып ғарыштың – қыл арқандай шиелеп, түйіп байлаған – түйінді жарып шыққанын жақсы біледі. Ғаламат Ғаламзат – Алапат Жарылыстан басталды. Жаратылыс бастауында – Жарылыс тұр.
Төрткіл дүние – түйіні қатты шиеден жаралды.
Шексіз нығыздалған көбе сауыт қара нүкте ден – алай-түлей шошып оянып – көбесін бұзып-жарып сыртқа қашқан космос түнекті бұрқы ратып сапырып әлі дамылсыз өсіп келеді. Бір данышпан болашақта бар әлем бір нүктеге қайта сыйып кетеді, деп топшыласа, бір ғұлама шексіз жайыла береді деп, сәуегейлік танытады. Яғни, жұлдызды ғаламның қараңғы тұлғасы – таным.
Әр тұстан аңдыздап шашыла жетіп жатқан шұғыладай, жағалай жарық шамын жаққан шырақтай – аяулы, ұлы анасы – бейберекет уа-қыт. Бастау – орнықсыз, алақабдал, соңы бұлдыр, тұман шалған көк мұнар. Тарихтың бастауы – уақыттың перзент қалпы.
Рас, аласапыран ғұмыр кешкен ата-бабала-рымыздың майданы – алапат, қол созған арманы
– азаттық еді.
Кейде, жау-жорық заманда тағдыр-талайымызды айқындаған таңбалар Тәуелсіздік таңы атарын алыстан болжағандай көрінеді...
Таңбалардың мазмұны – асқар құздай асқақ, мәні – шыңыраудай терең.
Мәңгілікті жырлаған мәңгі түскен таңбалар.
Мәңгі елдің бастауы, қайнары.
Ілкі таңбалардың айтуынша, Көк Тәңірдің де көктен хабарлағаны сол еді...
Егемендік – Мәңгілік ел қақпасының тұт қасы.
Мәңгілік елдің панасы – Тәуелсіздік.
Түз далаға тәуелсіздікпен бірге тұрақтылық та келді.
Мұрат – асыл еді.
Киіз туырлықты қазақ түрік мәңгілік ел болады. Біз мемлекетімізді Ұлы Дала елі деп атадық.
Дала – мәңгі, жұрт – мәңгі.
Біз Астананы да мәңгілік елдің астанасы деп салдық.
Abai.kz