Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Деп жатыр 3703 0 пікір 9 Ақпан, 2017 сағат 12:29

ДИМАШ ТАҒЫ ДА 3-ОРЫНДА

 Димаш Құдайберген Қытайда өтіп жатқан «I am a singer» байқауының төртінші кезеңінде үшінші орын иеленді, деп хабарлайды "КазАқпарат" ХАА-ның Қытайдағы тілшісі.

«Бірінші орынды «Сяо Цзиньтэн Шицзы» («Lion») тобы, екінші орынды - Линь Илянь, үшінші - Димаш Құдайбергенов.  «Синьхуа» агенттігі Димаш Құдайберген аталмыш байқаудың 4-кезеңінде қытай тіліндегі әнді акцентсіз айтып бергенін хабарлаған болатын. Сондай-ақ Димаш еуропалық үлгідегі пиджак пен жібек мойынорағышында тартымды көрінгені жазылған еді. Оның сымбатын қара түсті бас киімі еселей түскендей.


«I am a singer» байқауының төртінші кезеңі 2 ақпан күні жазылған еді. Ол телеарналардан 11 ақпан күні Астана уақытымен сағат 20:30-да көрсетіледі. Димаштың бұл кезең үшін таңдаған «Күзгі мұң» әнін 2013 жылы «I am a singer» байқауында қытайлық әнші Ша Баолян орындаған болатын. Кеше қазақстандық жас талант иесінің анасы Светлана Айтбаева оның аталмыш байқау барысында қазақ тілінде де ән айтатынын жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақ елінің жас дарыны Димаш Құдайберген Қытайда өтіп жатқан «I am singer» байқауына қатысып, алғашқы екі айналымда-ақ қытайлықтардың жүрегін жаулап алды.Алайда, бұл танымалдылық байқау аяқталмай жатып үлкен дау тудырып үлгерді. Алғашқыда қазақстандық белсенділер Димаштың Қытайдағы жеңісіне күдікпен қарап, саяси астар іздеумен болды. Димаштың жеңісінен астар іздегендерге әкесі жауап берді. Кейін, екінші айналымда Витастың «Опера №2» әнін орындағаны үшін Қытай жерінде ресейлік әртістің мүддесін қорғайтын компания Димаштың үстінен шағым түсірді. Авторлық құқық бойынша қазақстандық сарапшы жас әншіні даудан арашалап алмақ болып еді, Витастың продюсері қазақ дарынын «екінші сұрыпты фейк, арзанқол пираттық өнім» деп тіл тигізді.


Нұрсұлу Найманова

Abai.kz

0 пікір