Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 12764 0 пікір 6 Ақпан, 2017 сағат 14:23

26 БАП РЕСЕЙ КОНСТИТУЦИЯСЫНАН АЛЫНҒАН

Билік тармақтарының өкілеттілігін бөлуге орай Конституцияға кезекті рет өзгерістер жасалмақ екені мәлім. Билік Ата заңға енгізілетін өзгерістер жобасын 26 қаңтарда жария етіп, 26 ақпанға дейін жалпыхалықтық талқылауға шығарған. Жобадағы Конституцияның 26 бабы әлеуметтік желі қолданушылары арасында үлкен қарсылыққа тап болып, жүздеген адам «Мен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабына өзгерту енгізуіне қарсымын!» деп өз парақшаларына жазып, азаматтық көзқарастарын білдіріп жатыр. Әлеуметтік желідегі әлеуметтің қарсылығы ескеріле ме, жоқ па ол жағы әзірге белгісіз.

Еске сала кетейік, Конституцияға енгізілетін өзгерістер жобасында 26 баптағы азаматтардың меншік құқына байланысты «Қазақстан Республикасының азаматтары» деп нақты жазылған сөзді «Әркім» деген сөзбен ауыстыру ұсынылған.

Біз өз тарапымыздан 1 ақпан күні бұл мәселеде «АТА ЗАҢҒА ЕНЕТІН ӨЗГЕРІСТЕР: ӘРКІМ – ОЛ КІМ?» деген тақырыпта материал жазып, тәуелсіз саясаткер Әміржан Қосановтың пікірімен бірге жария еткенбіз. Ал, 26 бап төңірегіндегі әлеуметтік желідегі қарсылық реакциясы арада екі күн өткеннен кейін басталды.

Осы ретте ел ішінде қызу талқыға түсіп жатқан 26 бапқа қатысты заңгер Абзал Құспанның пікірін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Абзал Құспан, заңгер: 

- Соңғы кездегі меншік құқығы, жер мәселесінде ушыққан тақырып бойынша шетел тәжірибесін зерттеп жатырмын. Әзірге төменде айтылатын елдердің Конституцияларын  қарап шықтым. Исландия, Лихтенштейн, Дания, Португалия мемлекеттерінде шетел азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар меншік құқығына ие бола алатыны, алайда олардың құқығы арнайы заңдармен шектелуі мүмкін екендігі бекітілген. Ал, Румыния, Эстония, Словакия, Литва және бір кездегі КСРО құрамында болған елдердің басым бөлігі шетел азаматтары және азаматтығы жоқ адамдардың өз елдерінде меншік құқығына ие бола алмайтынын Конституциямен бекітіп тастаған. Сонымен қатар, Европаның бірқатар елдері шетел азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар меншік құқығына ие бола алатын меншіктер қатарынан жерді алып тастаған. Жерге байланысты Қытай билігі болса жекеменшік құқығын енгізбей, тек қана мемлекеттік меншікті қалдырған. Бірақ, жер иеленушілер толықтай жеке шаруалар мен шаруа қожалықтары болып табылады.  

КСРО елдері қатарында Ресей мемлекеті өз Конституциясында «Әркім меншік құқығына ие бола алады» деп көрсеткен. Біздің енгізбекші болып отырған нұсқамыз, әдеттегідей Ресейдің Конституциясынан алынғалы отыр. Алайда, Ресей мен Қазақстанды салыстыруға мүлдем келмейді. Ресей шын мәнінде көпұлтты, федеративтік құрылымдағы мемлекет. Ал, Қазақстан болса, унитарлы мемлекет. Ресей дүниежүзіндегі кез-келген елге қарсылық көрсете алатын, армиясы күшті, әскери қуатты, империялық амбициясы бар ел.  Қазақстан өз тәуелсіздігін баянды ету жолында атқарылар шаруа әлі көп. Менің заңгер ретіндегі пікірім, бізге меншік құқығы, оның ішінде жерге байланысты қолайлы саясат, ол - Қытай ұстанған саясат! 

РЕДАКЦИЯДАН: ҚР Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда халықтық референдумда қабылданды. Бүгінгі күнге дейін Конституцияның 98 бабының 34-і пункті, 341 тармақтың 91-і пункті өзгертілген. Енді тағы да Конституцияға өзгеріс енгізу ұсынылып отыр.

Конституцияның тұрақтылығы – мемлекеттің тұрақтылығы болып есептеледі. Оның жиі өзгеріске ұшырауы мемлекеттің құқықтық құрылымына әсер етеді.

Нұра Матай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371