ЛУКАШЕНКО: БҰНДАЙ ОДАҚТЫҢ КЕРЕГІ ЖОҚ
Жақында Александр Лукашенко баспасөз жиынын өткізіп, оған түрлі БАҚ өкілдерін шақырыпты. Сөйтіп, ол жерде Батька Белоруссия-Ресей қарым-қатынасы туралы, әлгі одақтар қалай құрылғаны туралы кеңінен баяндап берген.
Біз өткенде Назарбаев, Путин және Лукашенко үштігі құрған Еуразиялық экономикалық одақтың келешегі күңгірт деп жазған ек. Халықаралық саясат бірде ақ, бірде көк десек те, осы жолы Лукашенко қаһарына мінсе керек. ЕАЭО-дан да, Кедендік одақтан да шығып, тіпті Ресей мен Белоруссия қарым-қатынасына тоқтау қоюға бекінгенін айтты.
Батьканың осы мәлімдемесінен кейін, РФ мен екіарада шекара қайта орнатылды. Бұрынғыдай емін-еркін кіріс-шығыс тоқтады.
Орыспен одақ қалай құрылды?
Әуелі, интеграциялық жобалар туралы айтқан Александр Лукашенко, Кедендік одақ құру жөніндегі идея Путиннің ас үйінде қабылданғанын айтты. Рас, Назарбаев, Кучма, Лукашенко және Путин бейресми кездесу кезінде шешім қабылдап, одақ құру жобасын талқылаған.
Батьканың айтуынша, Кедендік одақ жобасында әу баста Қазақстанның мүшелігі туралы сөз болмаған. Ресейдің сол кездегі билеушісі Путин Батькадан тізерлеп отырып, көмек сұраған.
«Біздің айтқандарымызды, жоспарларымызды сол кездегі жап-жас Президент Путин тізерлеп отырып жазып алған», - деп еске алды Александр Лукашенко.
Ресейдің сол кездегі жап-жас Президенті Владимир Путин, жалынып-жалпайған соң, одаққа қосылдық дейді. Расында, Кедендік әм Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердегі экономикалық мәселелердің мәз еместігін жазып жүрміз. Тең бәсекелестіктің жоқтығынан, елдер экономикасы құлдырап, тауар айналымы төмендеген. Бұл жерде кәдімгі монополия.
«Біз қалай келдік бұл одаққа?..Бізді шақырған соң келдік. Әуелде біз бұл одақ, бұл аксиома тең құқылы болады, барлығымызға теңдей жағдай жасалады деп сендік. Егер теңдей жағдай болмаса керегі жоқ. Бұндай одақтың керегі жоқ. Міне, осы жылдар ішінде теңсіздіктің кесірінен Белоруссия 15 миллиард доллар шығынға батты. Олар тағы мойындайды осыны. Сөйтіп, бізге 5 миллиард несие берді. Бұл қалай? Бағаны өсіріп-өсіріп біздің 15 миллиардты алдап алады да, өзіміздің ақшамыздан өзімізге несие ретінде береді. Онда да үштен бірін ғана береді. Оның пайызы тағы бар», -дейді Александр Лукашенко.
Белоруссия мен Ресей арасында шекара жаблып, визасыз режім тоқтатылғанына Батька Ресей табарын кінәлайді.
«Дұрыс, терроризмге қарсы күресу керек. Бірақ, Белоруссия мен Ресейдің қайсысы террористік жағынан қауіпті? Біз Қапқазда соңыс жүріп жатқан да шекарамызда жаппаған едік. Олар кімнен қорғанып отыр? Кімнен қорқып шекараны жауып отыр? Не, бізден гөрі мықты қорғана ма? Былжыраған әңгіме. Олардың шекарашыларының сиқын білеміз»,-депті Батька.
Айтпақшы, АҚШ-тың жаңа сайланған 45-Президенті Доналд Трамтың жеңісіне екіленіп қуанған Ресей еді. Тіпті, саясаткерлері бастап, әртістері қоштап Трампты ұлықтағанда, Америкалықтар жолда қалды. Құдды жетәкелері АҚШ тағын иемденденгей мәз болды.
«Міне, АҚШ-та Трамп жеңді. Енді белорустер көп дәмелене бермесін дейді-мыс. Трампты жайына қойыңдаршы. Құдды, сол Трампты ресейліктер сайлағандай. Трамп бұл – АҚШ Президенті. Оның сайлау алдындағы ұранын көрдіңіз бе? «Біз АҚШ-ты ең қуатты ел жасаймыз!». Одан кейін Трампқа қалай ренжисің?! Президентті сендер сайладыңдар ғой. Ол да Обама сияқты жаман ба?.. Естеріңнен шығармаңдар, АҚШ халқы проамерикандық Президент сайлады. Проресейлік Президент сайлаған жоқ», - деп түйіндейді Александр Лукашенко.
Естеріңізде болса, өткен жылғы Петерборда өткен ЕАЭО саммитіне Лукашенко түрлі сылтау айтып, келмей қойған. Ол кезде ресейлік БАҚ Батькдан сатқын образын сомдады. Анығында бұл саясат еді. Жоғарыда Лукашенко келтірген деректер өте қисынды. Тең бәсекелестік жоқ одақтан шығу – саяси риторика емес, интеграциялық жаңғыру. 9 миллион нарығы бар Белоруссия 15 миллиард доллар желініп қалған. Ал біз ше?
Нұрзат Тоғжан
Abai.kz