ҒҰЛАМАЛАР КЕҢЕСІНДЕ ҒҰЛАМАЛАР БАР МА?
Ғұламалар кеңесі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы діни-ғылыми мәселелерді шешумен айналысатын консультативтік-кеңесші орган болып саналады. Бұл Кеңеске неліктен "Ғұламалар кеңесі" деген ат берілген, аты дардай осы бір кеңеске шынында ғұламалар мүше ме?.
Әрине, біз тырнақ астынан кір іздеп отырған жоқпыз. Құран Кәрімді, Пайғамбар хадисін, сүнниттік бағыттағы Әбу Ханифа мазһабы және имам Матуриди ақидасы ілімін, Қазақстан Республикасының Конституциясын, Заңдарын, ҚМДБ Жарғысын, сондай-ақ осы Кеңес ережесін басшылыққа алатын бірлестік атын дабырайтпай-ақ "қазақ ислам ғалымдарының кеңесі" деген секілді қарапайым ат қойсақ, тақиямызға тар келе ме?
Уикипедия жарықтық ғұлама сөзіне мынандай анықтама беріпті.
Ғұлама (араб.: علماء — ғұлама́, жекеше — араб.: عالم — әлім-қаз. ғалым; қаз. «білгірлер», «даналар») – білімді, оқымысты ғалымдар-әлімдер, асқан ақыл-ой иелері.
Хош. Біз ешкімнің даналығына, оқымыстылығына һәм асқан ақыл-ой иесі екеніне шек келтіре алмаймыз. Бірақ, оқымысты, білімді даналарға "ғұлама" деген атауды муфтият емес, халық бергені жөн секілді.
Қазір аталған Кеңес ислам негіздеріне сүйене отырып, қоғам өмірінде мұсылмандық ұстанымға қатысты туындап отырған өзекті мәселелерде пәтуалар шығарып, ҚМДБ-ның жалпы қызметі жүйесі және оның имамдары қызметінің негізгі бағыттарын зерттеп, уағыз тақырыптары мен жұма уағыздары мәтіндерін бекіту секілді көптеген істермен айналысады. Яғни, бір сөзбен айтқанда діни мәселелерге шариғат жолымен жөн сілтейтін маңызды бірлестік.
Осы бірлестіктің атауы ғана азаматтарға кері әсер ететінін мойындауымыз қажет. Қазір қазақ бір ғұламаға зар болып жүр. Осындай кезеңде аталған Кеңесте оннан аса "ғұлама" отыр дегенге сенесіз бе? Дұрысы Кеңесте қазақтың маңдайалды ғалымдары отыр. Ол ғалымдарды жасына жетпей "ғұлама" деп әспеттеуді доғарсақ етті.
Сіз не дейсіз?
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz