Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
7164 1 пікір 16 Қаңтар, 2017 сағат 02:21

ТОҚАЛҒА ҚАРСЫСЫҢ, ДЕМЕК АЛЛАНЫҢ ӘМІРІНЕ ҚАРСЫСЫҢ...

Атаңа нәлет ата жау,

Айғайлап майдан ашпасам.

Қанікейдей көріктіңді,

Тінікейдей тектіңді,

Аямай төс астына баспасым,

Жер басып тірі жүрмен-ді.

Әлпештеген ханшасын,

Түйе деген аршасын,

Аялаған аруын,

Ат көтіне мінгізіп,

Тегіннен-тегін олжа қылмасам,

Жер басып тірі жүрменді.

Ақтамберді жырау арғымағына мініп, ақ найзасын серт ұстап, үзеңгісіне шіреніп тұрып, кек пен намыс қысқанда кесіп айтқаны болар.

Не деген рух?! Не деген өршілдік?! Кешегі бабаларымыздың рухы әне сондай өр, намысы биік болғандықтан, осынау ұлан-қайыр кең даланы аттан түспей қорғап, аманатқа қалдырған. «Күлдір де күлдір кісінетіп, күреңді мінер ме екенбіз?» демекші бес қаруыңды сайлап, беліңді буып, ата жауыңмен бетпе-бет келіп, ұлт намысы жолында ұрандап бара жатқаның, интернетте өсек айтып, күңдерше күңкілдеп жүргеннен әлде қайда артық, әлде қайда даңқты еді ау, шіркін...

Ертедегі көшпенді өмірдегі дұшпанын қорлаудың ең керемет тәсілі, әлпештеген аруын аямай төс астына алу болған. Сол үшін бір ұлттың сүйегіне таңба басылып, бетімен жер басқан. Ал қазіргі қалаласқан қоғамда, тілі, діні басқа, қазақпен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, тіпті қазақ мүддесі үшін қауіпті болған ұлттардан құдалар келіп, құда түсіп жатуы «әдеттегі жағдайдай» көрініп бара жатыр. «Текті, сұлу, ақылды» деп қазақ қыздарына қызығушылар майлы етке үймелеген құрыттай қаптап келеді. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмағандықтан кей қара көз қыздарымыз қолын бір сілтеп, жат жұрттың жары атанып шыға келеді. «Айғайлай-айғайлай қасқырдан ұят болды» демекші айта-айта ауыз талды. Неге дүнген мен чешеннің қыздары басын кессе де басқа ұлтқа тимейді?! Ал қазақтың қыздары көңілшек пе, әлде махаббатқа адал ма?

Не істеу керек?

Су басынан тұнады демекші "тәрбие басы тал бесіктен басталады". «Әйелді тәрбиелегенің әлемді тәрбиелегенің» дейтін дана халқымыз «Қыз баланың жолы жіңішке» деп қызын қызғыштай қорғап, біреудің аманаты ретінде қарап, қашан құтты орынына қондырғанша көзінен таса қылмаған. Ал сіз қызыңызды қалай тәрбиелеп жатырсыз? Қай қатарға қосайын деп жатырсыз? Қазақ эстрадасына «есе» қосамыз деп естері шығып, әлем-жәлем киініп, барын көрсетіп жүрген жұлдыздарға еліктеп, ертең жұлдыз болса деп армандап жүрсіз бе? Тойлармен мектептегі мерекелік кештерде ашық-шашық кигізіп, вальс билетіп, ұятын ерте өлтіріп жатсыз ба?

Қазақы және исламдық тәрбиені қатар құлағына құйып, сүйегіне сіңірмесеңіз, қызыңыз күні ертең ақ-қараны айырмайтын, ар-иманы кемшіл, ақшаны адамгершіліктен жоғары қоятын, нан үшін намысын сататындардан болуы әбден мүмкін. Сондықтан да қызыңыз көзіңізден таса алысқа кетіп, теріс жолға түсіп, басқа ұлтпен бас құрап, бармағыңызды шайнатып кетпесін.

Әр қазақ қызының жүрегінде ар-иман, ұят, ұлтына деген терең махаббат сынды қорғаныс механизімі болса, онда ешкімде қазақ қызының арын таптап, ат көтіне мінгестіре алмайды.

Қазақ қыздарының басқа ұлыттармен үйленуінің енді бір себебі, тоқал алу туралы дұрыс көзқарастың қалыптаспауы. Тоқал алу ешқандай жаңалық емес, ата-бабаларымыздан қалған жол. Бірақ өкінерлігі бұл күнде көңілдес ұстағанның күпісі кірлемей, тоқал алғандар «талануда». Қоғамда тоқал алғандарға бір түрлі керенау көзқарас қалыптасқан. Көбінің ойлайтыны төсектің қамы деп төте түсінеді. Анығында көңілдес ұстап көше кезіп, некесіз жетім балаларды көбейткеннен, некелеп тоқал алу, Алланың да адамның да алдында бет жарық болар берекелі іс. Алайда, тоқал алуға алдымен иттей ырылдасып, абысындай күндесіп бәйбішенің қарсы тұрары анық. Алла тағала Құран Кәрімде еркектерге төрт әйел алуға дейін рұхсат берді. Сонда сіз бүкіл әлемның Раббысы болған, сізбен бізді бір тамшы судан жаратып, өлтіріп қайтадан тірілтіп алатын Аллаға қарсы шықпақсыз ба?! Қызғаныш себебінен Алланың һақарына ұшыраудан қорықпайсыз ба?!

Әрине Алла тағала бұйырған әр бір істе берекет бар. Ертеде бабаларымыз екіден-үштен әйел алғандықтан, қоғамда жезөкшелік, жетім бала, жесір әйел болмаған. Қандай қанды қырғында да қазақтың жан саны өсуін тоқтатпаған. Ал бүгін ше? Бір еркекті басы бүтін иемденгеніңізде, сізге мүйіз шықты ма? Төрт құбылаңыз теңеліп, екі дүниеңіз оңшалып кетті ме?! Айналайын үкімет ту деп жөргек ақыға дейін үйіп-төгіп, тегін дауалап, тегін оқытып жатса да, сіздің тапқан балаңыз бірнешеу ғана ғой?! Сіздің күйеуіңіз тоқалдыққа алмаған қыз, тілі, діні басқа біреуге тисе, одан туған бала ертең сіздің балаңыздың, тіліміздің, дініміздің жауы болмай ма?! Сіз неге ұлт, тіл, дін тұрғысынан ойланбайсыз?! Қазақ даласы қазаққа толмай Тәуелсіздігіміз баянды болмайтынын неге ойламайсыз?! Қыздарымыз қазаққа тоқал болудан ұялатын жалған намыстан, әйелдеріміз қызыл көз қызғаныштан арылмаса, олар- қазақтың жауы екенін ұмытпасын.

Қызмет істейміз деп мұрынын шүйіріп жүрген талайын көріп жүрміз. Азанда бала-шағасына шәйін шала ішкізіп, жұмысына жүгіріп, кеште шаршап келіп тамағын жасап, ұһ деп ұзынынан түсіп, мұрттай ұшады. Тапқан баласы бір-екеу, онан арыға шамасы келмей ме, әлде еріне ме? Әлде сұлулығын сақтағысы келе ме, өздеріне аян... Ақша тауып байып кеткен дәнеңесі жоқ, кредит төлеуден көз ашпай-ақ келеді. Өйтіп өзін қинап, өмірін өткізгенше, үйде отырып бес бала тапса, Алла Тағала үйіне берекет берер еді. Қазақ әйелдері қазақ демографиясына үлес қосамын десе, көп балалы болсын. Қазір өзіне соншама маңызды болған қызметінен бір күндері шығып кетсе, қу тізесін құшақтап қалмасына кім кепіл? Әйел адамның жұмағы өз отбасы екенін ұмытпайық. Есті еркектер үшін көп бала тауып берген әйелінен артық ешкім жоқ. Ал ессіздерге басқаша... 

Тоқал алу еркектің жасырын қабілеттерін оятады. Жауапкершілік сезімін арттырады. Жалқаулықтан еңбекқорлыққа тәрбиелейді. Бірақ тоқал алу кез-келген еркектің қолынан келмейді. «Көтере алмайтын шоқпар, басқа да, бұтқа да тиеді» демекші, егер сіз бірін алып, бірін шығаратын болсаңыз, немесе әйелдеріңізге әміріңіз жүрмейтін болса, «аш пәледен, қаш пәле»болып, бір әйеліңіздің білегінен мықтап ұстап, тоқал алғандарды күндеп күн кеше беріңіз...

«Қазақты сақтаймыз десек, қаракөз қыздарымызға ие болайық. Ұлттың өсуі мен өшуі сіз бен біздің ерлігіміз бен ездігімізге байланысты екенін естен шығармайық. Ойдағы орыс, қырдағы қытай ортасындағы шылдың үйіріндей аз ғана қазағым аман болсын.

Әр қазақ менің жалғызым!

Қастер Әкизаұлы, физика ғылымдарының магистрі

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1969