Ереванда «Наурыз мейрамы» тойланды
2017 жылғы 24 наурызда Ереван қаласында Арно Бабаджанян атындағы мемлекеттік филармонияда «Наурыз мейрамы» атты қазақ фольклорлық және классикалық музыкасының концерті өтті. Іс-шара Армениядағы Қазақстан және Түрікменстан елшіліктерінің ұйымдастыруымен өткізілді.
Аталған іс-шараға министрліктер мен ведомстволардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, шетелдік дипмиссиялардың басшылары және Армениядағы Қазақстанның диаспора мүшелері келді.
Концерттік бағдарламаға арнайы Алматы және Қостанай қалаларынан келген көркемөнер әртістері қатысты. Мәселен, Алматы қаласының №18 мектептің оқушысы Ашот Мхитарян «Ортеке», «Саранжап», «Балбырауын», «Әлқиса», «Әке Толғауы» және «Секіртпе» атақты қазақтың күйлерін домбрада орындады. Сондай-ақ, концерттік бағдарламада «Мен қазақтын қызымын» атты әнімен «Қазақстан-Қостанай» телеарнасының редакторы Гаяне Мартиросян, «Көзімнің қарасы» әнімен Дилижан қаласының Біріккен әлем колледжінің оқушысы Арнұр Сабет және Ғазиза Жұбанова мен Арно Бабджанянның музыкалық шығармалардың орындауымен П. Чайковский атындағы музыкалық мектептің қазақстандық оқушысы өнер көрсетті.
Концерттен кейін іс-шараның қонақтары наурыз-көженің дәмін татып, Қазақстан мен Түркменстанның дәстүрлі ұлттық тағамдарынан ауыз тиіп, қазақтың киіз үй ішіндегі бұйымдарды тамашалады.
Абай-ақпарат