Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 15150 0 пікір 12 Маусым, 2015 сағат 10:35

АСТАНА – ПАРСЫША АҚМОЛА

 

Ресейдің бодандығынан құтылып, тәуелсіз ел болуға ұмтылған қазақ елі өз тіліне мемлекеттік тіл  статусын алып беріп, өмірдің барлық салаларында қолданыста жүрген  орыс және европа терминдерін жаппай қазақшалай бастады. Бұл үдеріс  араб-парсы текті терминдердің қолданылуына кең жол ашты. Кей жағдайда араб-парсы терминдері қазақтың төл сөздерін ығыстырып шығара бастады. КСРО кезінде  парламент мағынасындағы Жоғарғы Кеңес сөзі қолданылса, оны егеменді Қазақстанда арабтың мәжіліс сөзі ауыстырды. Ал облыстық Кеңес, аудандық Кеңес, ауылдық Кеңес тіркестеріндегі кеңес сөзінінің орнын да арабтың маслихат   сөзі басты. Терминологияға жауапты мекемелер мен ондағы тілші-мамандарға қазақтың туған, төл сөзі несімен жақпай қалды екен? Ал көрші қырғыз елі  ескіліктің қалдығы болып табылатын, Кеңес Одағын еске түсіретін бұл терминнен әлі айрылмай отыр.

Бұрын Ресейге тәуелді қазақ елінің атауы мен астанасының аты да қазақша болды. КСРО құрамында ресми түрде Қазақ Совет Социалистік Республикасы аталған егеменді қазақ елі енді парсының стан жұрнағы арқылы жасалған Қазақстан атауымен атала бастады.  Стан (ستان парсыша - эстан) жұрнағы парсы тілінде «бір нәрсенің көптігін білдіретін» сөздер тудырады, яғни Қазақстан дегеніміз парсы тілінде «қазақтар көп тұратын жер» деген ұғымды білдіреді. Әрине, кейбір ирандық ғалымдар бұл жұрнақ ел атауын жасағанда «ел»  деген ұғымды білдіреді деген пікірлер айтады. Алайда стан жұрнағы  қазақ тілінде кірме жұрнақ  болып табылады, тіпті Батыс елдерінде атауы стан-ға  аяқталатын елдерге деген жағымсыз қоғамдық пікір қалыптасқаны ешкімге жасырын сыр емес.

Еліміздің бас қаласы Астана атауы да кірме парсы сөзі. Бұл сөзге  ирандық белгілі тілші-ғалым Мохаммад Моин өзінің парсы тілінің танымал  түсіндірме сөздіктерінің бірі болып табылатын «Фарханг-и фарси» сөздігінде төмендегідей анықтама берген: آستانه (астане) 1.  Үйдің алдыңғы бөлмесі, корридор.  2.Табалдырық.  3.Қасиетті мола, зиярат орны. 4.Патша сарайы. 5. Ұлы мәртебелі  ( 1 том, 53 б.). Сөздікте берілген анықтамадан «Астана» сөзінің парсы тілінде «қасиетті мола» мағынасын беретіні көрініп тұр.  Қазіргі  Иранда Мешхедтегі (қала атауы) Имам Резаның (шиға мұсылмандардың 8-имамы) кесенесін «Имам Резаның астанасы» деп атайды. Кейбір ғалымдарымыздың  ақ  сөзі қазақ тілінде «қасиетті»  деген мағына береді, демек Ақмола сөзі «қасиетті мазар» деген ұғымды білдіреді деп жүрген пікірін еске алсақ,  «Астана» сөзі  қазақтың Ақмоласының тура парсыша аудармасы емес пе? Ақмола сөзін тура сол мағынадағы парсы сөзімен ауыстырғанда не ұттық? Тағдырдың тәлкегін қойсаңызшы.  Бұл Құдайдың жазуы ма,  әлде кездейсоқтық па?

Айман Боранбаева,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

шығыстану факультетінің аға оқытушысы.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5401